1 шілдеден бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
1 шілдеден бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі

1 шілдеден бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі

Бұдан 4 жыл бұрын бүкіл әлемдегі мемлекеттердің экономикасын шарпыған қаржы дағдарысының қызған шағында да Қазақ елі қазынадан әлеуметтік салаға бөлінер қаржыны қысқартқан жоқ.

  • 1 Шiлде 2011
  • 753
Фото - Caravan.kz



Есте болса, 2008 жылғы 6 ақпанда Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың болжамды баяулауы және бірқатар экспорттық тауарлар бағасының төмендеуі мүмкін болған жағдайда Үкімет пен Ұлттық банкте тұрақтандырушылық іс-қимылдардың жедел жоспары болуға тиіс екендігін айта келе: «Бірінші кезекте, Үкімет уақытша, қаржы секторындағы проблемалар жойылғанға дейін, әлеуметтік саладан өзге, барлық бағыттар мен бағдарламалар бойынша мемлекеттік шығындарды қысқартуы керек», — деген болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы дәл осы Жолдауында қазақстандықтардың, Қазақстан қоғамының барлық жіктері мен әлеуметтік топтарының әлеуметтік көңіл-күйін ұдайы жақсарта түсу мемлекет саясатының алдыңғы сапында болатындығын және осылай болып қала беретіндігін атап өтіп, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен өсіру арқылы 2012 жылы 2 есе деңгейге, оның ішінде 2009 жылы 25, 2010 жылы 25, 2011 жылы 30 пайызға арттыру қамтамасыз етілуі тиіс екендігін баса айтқан болатын.

Міне, осы меженің үдесінен шыққан Үкімет әлемнің көптеген елдері ғаламдық қаржылық дағдарыс салдарынан барлық әлеуметтік шығыстарды қысқартуға, ал кейбіреуін мүлдем тоқтатып коюға мәжбүр болған кездің өзінде осы төлемдерді соңғы екі жыл қатарынан 25 пайызға ұлғайтты. Ал ағымдағы жылы 1 қаңтарда зейнетақы мен студенттердің шәкіртақысы 30 пайызға көбейіп, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақасын көтеру мәселесі кейінге шегерілген еді. Дегенмен өткен жылдың соңында-ақ қаржы қазанының құлағын ұстаған Қаржы министрі Болат Жәмішев бұл жайттың қандай жағдайларға сүйеніп жасалып отырғандығын егжей-тегжей түсіндіріп берген-ді. Оның мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылы мемлекеттік бюджет бойынша толық алғанда еңбекақы төлеу қоры 1391,9 миллиард теңгені құрады, бұл орайда қосымша қажет етілетін қаржы 196,4 млрд. теңгеге жетпек. «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің болжамы бойынша, 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға көтерген жағдайда инфляция екімәнді деңгейге (11 пайызға) жетуі мүмкін. Болашақта мұндай көтеру құнсыздануға, сонымен қатар 2007-2009 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы шаралардың экономикалық және әлеуметтік тиімділігінің төмендеуіне әкеледі», — деген еді Б.Жәмішев. Сондай-ақ ол үстіміздегі жылы жалақыны 30 пайызға көтерген жағдайда жалақы төлеу қоры 1563,5 млрд. теңгеге, бұл орайда қосымша қажеттілік 368 млрд. теңгеге артатындығын ескертті. Міне, осындай жоғарыда атап өтілген түйткілді жайттарды қаперге алған Үкімет халық мүддесін қорғау, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және инфляцияның адекватты деңгейін сақтау мақсатында бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 2011 жылғы 1 шілдеден бастап көтеру туралы шешім қабылданған еді.

Сәл артқа шегініп, сол мезеттегі әлемдік экономикалық жүйедегі және еліміздің экономикасындағы жағдайға зер салар болсақ, 2008 жылдың басында АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстан басталған жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс көптеген дамыған елдердің негізгі экономикалық көрсеткіштерінің күрт төмендеуіне әкеп соққан болатын. Сол уақыттағы көптеген сарапшылардың пайымынша, қаржы дағдарысынан Түркия мен Ресей зардап шеккен-ді. Нақтылай түссек, дағдарыс шыңы Түркияда 14,2, Ресейде 11 пайызды құраған. Батыс еуропалық елдердің арасында Германия экономикасы зардап шегіп, құлдырау 6,9 пайызға жетті. Сингапур экономикасы 9,9 пайызға, Жапония экономикасы 8,3 пайызға қысқарды. Ал Қазақ еліне келер болсақ, рейтингтік агенттіктер Қазақстан экономикасында құлдырау болатындығын алдын ала «бал ашып» болжағанымен, әлемдік қаржы дағдарысы тек Ішкі жалпы өнім өсімінің ақырындауына ғана әкеп соғып, ол 2008 жылы 3,2 пайызды құрады. 2009 жылы сарапшылар еліміздің ІЖӨ-і 3 пайызға дейін төмендейді деп болжаған еді. Дегенмен Үкіметтің дағдарысқа қарсы қабылдаған шаралары өз жемісін беріп, еліміз сиыр жылын оң нәтижемен өткерді. Одан кейінгі жылдары да ел экономикасы қарқынды даму үстінде.

Айтпақшы, 2008 жылғы 22-26 қыркүйек аралығында елімізге сапарлаған Халықаралық валюта қорының миссиясы «Үкіметке келесі жылдары зейнетақы және мемлекеттік сектордағы жалақыны одан әрі айтарлықтай ұлғайту бойынша міндеттеме алмау маңызды болар еді» деген тұжырымдарын айтып кеткен еді. Көріпкелдік танытқанмен, көрегендік болмаған бұл тұжырымға пысқырып та қарамаған Министрлер Кабинеті Елбасы жүктеген міндеттер үдесінен шығып, өздеріне жүктелген барлық тапсырманы тыңғылықты атқарып келеді. Соның дәлелін ертеңнен бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақылары 30 пайызға көтерілуінен де байқауға болады. Бұл орайда Министрлер кабинеті ҚР Үкіметінің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы арнайы құжатты да қабылдап қойған болатын. Оған сәйкес 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға, яғни 13613 теңгеден 17697 теңгеге дейін ұлғаймақ.

Соңғы жаңалықтар