1 желтоқсанда еліміз Тұңғыш Президент күнін атап өтеді
|
Ертең қазақстандықтар жаңа мемлекеттік мереке - Тұңғыш Президент күнін атап өтеді. Бұл мейрамның пайда болуына былтыр бір топ Сенат депутаттары себепші болған еді. Қазір Елордада осы атаулы күнге орай дайындық қызу жүріп жатыр.
Биыл алғаш рет тойланатын тұңғыш Президент күніне Астана сақадай-сай дайын. Бірнеше күннен бері мұнда түрлі байқаулар өткізілді. Білім ордалары сынаққа түсті. Қатарлары сиреп бара жатқан ардагерлерге 20 мың теңгеден көмек берілген. Тізе берсе мұндай іс-шаралар өте көп. Солардың ішінде Астана жұртына жасалған ең басты сыйлық - жаңадан ашылатын емханалар мен балабақшалар екені даусыз. Балаға қажетті заттардың бәрі мұнда қойылған. Алайда су жаңа балабақша ішінде әзірге тек журналистер мен білім басқармасындағылардан басқа ешкім жоқ. Өйткені, ғимараттың негізгі иелері - 240 бала бұл жерге қаңтар айында ғана кіреді.
Әсима Бимендина, Астана қалалық Білім басқармасының бастығы:
- Тәрбиешілерді біз қабылдадық. Маусым айында жасақтаған кезде, балаларға жолдама берілді.
Ал ертеңгі тағы бір қызық - шенеуніктер арасында шахматтан өтетін командалық жарыс. Дәл сол жерде Әлихан Бәйменов пен Әсет Исекешов арасындағы жекпе-жекті көруге болады. Бұл тартыс та осы мерекеге арналған. Сондай-ақ, Тұңғыш президент мұражайының есігі де бұл күні бәріне ашық. Мұнда елбасының жеке қорынан алынған, эксклюзивті фотосуреттер қойылған. Мемлекет басшысының қойын дәптерінен жеке жазбалары да бар. Мұражай жас тұрғындардың да тартуымен толығып отыр.
Ратмир Кличов, балабақша тәрбиеленушісі:
- Ел үшін, еңбек еткен,
- Еңбегі-еткен ерен!
- Өзім салған суретімді,
- Нұр атама ұсынам, шын жүректен!
4 жастағы бала осылайша өлеңдетіп өз қолымен салған суреттерін сыйласа, Тілектес Ерасыл тіпті «Қазақ елі» монументін жасауға 1 ай уақытын жұмсаған.
Ерасыл Тілектес, мектеп оқушысы:
- Бұл Қазақстан Республикасының Елбасына арнап жасалынған сый. Бұны жасау үшін арнайы техникалық станоктармен жұмыс істедім. Сосын желіммен жапсырдым. Бұны 200 есе кішірейтілген масштабпен істедім.
Тұңғыш Президент күніне орай марапаттаулар да көп болмақ. Мысалы, әуежай қызметкерлері 2 миллионыншы жолаушыны гүл беріп қарсы алса, Ішкі Істер министрінің атынан Ақтөбе мен Астананың үздік полицейлеріне сыйлықтар табыс етілді.
Қалай десек те, ең ауыр жұмыс осы құқық қорғаушылар иығына түспек. Өйткені, 1-інші желтоқсан күні синоптиктер Астанада 27 градус аяз болады деп болжайды. Бұл күні суыққа қарамастан полицейлер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеді. Қала тұрғындарымен сұрақ-жауап сайыстары да ұйымдастырылмақ. Ең белсенді қатысушыларға кәдесыйлар дайындалған.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін