10 қаңтар. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 475.03
  • 517.21
+29 °C
Алматы
2024 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
10 қаңтар.  АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

10 қаңтар. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

10 қаңтар БЕЙСЕНБІ

  • 10 Қаңтар 2013
  • 833
Фото - Caravan.kz

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

21 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері туралы» Жарлығы шықты.

21 жыл бұрын (1992) Елбасының қатысуымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісінде Республикалық гвардияны құру туралы шешім қабылданды.

16 жыл бұрын (1997) Бішкек қаласында Н.Назарбаев, А.Ақаев және И.Каримов Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері арасындағы Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойды.

14 жыл бұрын (1999) Қазақстанда алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенттігіне балама сайлау өтіп, онда сайлаушылардың 79,78 % дауысын жинаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қайта сайланды.

10 жыл бұрын (2003) Өскемен қаласында «АВТОВАЗ» ашық акционерлік қоғамының техникалық көмегімен «Азия Авто» зауыты ашылды. Жаңа құрастыру кәсіпорны «Нива» автомобилін шығарады.

4 жыл бұрын (2004) «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы халыққа тәулік бойы қызмет көрсететін ақылы «169» анықтамалық-ақпараттық қызметін ашты.

89 жыл бұрын (1924) «Тілші» газетінде І.Жансүгіровтің «Кеңседе жергілікті тілді жүргізу керек» деген мақаласы жарық көрді. Онда күні бүгінге дейін өзекті мәселе болып отырған қазақ тілінің тағдыры сөз болды.

79 жыл бұрын (1934) қазақ әдебиеті мен өнеріне арналған «Қазақ әдебиеті» апталық газеті шыға бастады. Алғашқы редакторы — Б.Майлин. Газет 1940-1954 жылдары тоқтап, 1955 жылдың қаңтарынан қайта шыға бастады. «Қазақ әдебиеті» ұлтымыздың рухани айнасы, еліміздің әдеби һәм мәдени өмірін жан-жақты қамтитын басылым.

18 жыл бұрын (1995) Польшаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Марек Гавенцкий Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа Сенім грамотасын тапсырды.

16 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулысына сәйкес 1997 жылғы қаңтардың 10-да Алматы энергетикалық институттының (АЭИ) негізінде Алматы энергетика және байланыс институты (АЭБИ) құрылды. Бұл институт — Орталық Азиядағы энергетика және телекоммуникациялар саласындағы мамандандар дайындау бойынша жалғыз оқу орны.

11 жыл бұрын (2003) Өскеменде «АВТОВАЗ» АҚ-ның техникалық көмегімен құрылған «Азия Авто» зауытының ашылу салтанаты өтті. Жаңа құрастырушы кәсiпорын «Нива» автокөлiктерін өндiрiп шығарады.

7 жыл бұрын (2006) Жазушы-драматург, сыншы-журналист Қошке Кемеңгерұлының туғанына 110 жылдығы қарсаңында Алматыдағы «Алаш» баспасынан қаламгердің шығармалар жинағының алғашқы томы жарық көрді.

Бұл кітапқа жазушының «Қазақ тарихынан», «Бұрынғы езілген ұлттар» тарихи зерттеулері, «Атылып өлген қазақ жігіті», «Қазақ жеріне қолқа салушылар», «Ел газеті қандай болу керек?» деген мақалалары және т.б. танымдық еңбектері еніп отыр. Жинақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі мен Өзбекстан Мемлекеттік Орталық мұрағаттарынан, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық, Мәскеудің мемлекеттік және Омбы облыстық кітапханаларынан алынған қолжазбалардың негізінде даярланды.

5 жыл бұрын (2008) Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қарағандыдағы «Сантехөнеркәсіп» ЖШС-да құрышты жылу радиаторлар өндіретін желіні іске қосты.

«Сантехөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ТМД аумағында санитарлық-техникалық маңыздағы өнімдерді өндіретін ірі зауыттардың бірі. Зауыттың барлық өнімдері Германияның Мюллер және Лаппле жоғары технологиялық жабдықтарымен дайындалады. Ал өнімдер Қазақстанның өңірлеріне, сондай-ақ ТМД елдеріне жеткізіледі. Эмаль өнімдерінің ассортиментінде ванналар, ас үйдегі ыдыс жуғыштар бар.

ЕСІМДЕР

95 жыл бұрын (1918-1979) пианист, концертмейстер, Қазақстанның халық әртісі КОГАН Симха Бенционович дүниеге келді.

Молдава Республикасының Кишинев қаласында туған. Кишинев консерваториясын бітірген. 1942 жылы Алматыға келіп, Қазақ филармониясының солист-концертмейстері қызметін атқарған. Ол кәсіби пианист ретінде Қазақстанның музыка мәдениетінің дамуына ат салысқан.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

85 жыл бұрын (1928) дирижер, Қазақстанның, Ресейдің және Татарстанның халық әртісі, Татарстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты МАНСҰРОВ Фуат Шәкірұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы, Мәскеу консерваторияларын бітірген. Қазақ академиялық опера және балет театрының, Қазақ радиосы симфониялық оркестрінің дирижері болған. 1958 жылдан Қазақ симфониялық оркестрінің, Қазақ академиялық опера және балет театрының бас дирижері болып, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», М.Төлебаевтың «Біржан — Сара», А.Жұбанов пен С.Мұхамеджановтың «Айсұлу», т.б. опералық спектакльдерге жетекшілік еткен. 1968 жылдан Татардың опера және балет театрында, Мәскеудегі Үлкен театрда, Қазан филармониясы мемлекеттік симфониялық оркестрінде бас дирижер әрі көркемдік жетекші қызметін атқарған.

«Достық», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

65 жыл бұрын (1948-2002) суретші, мүсінші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, 2001 жылдың үздік суретшісі ТҰРСЫНОВ Амангелді дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ташкент театр-көркемсурет институтын бітірген. Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет колледжінде дәріс оқып, Халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек еткен. Оның «Сушы», «Дала тойы», «Той», «Мақташы», «Қыздар», «Көкпар», «Аударыспақ», т.б. кескіндеме саласындағы шығармалары бар. Мүсіндеме саласында «Ақпан батыр», «Қажымұқан», «Қапал батыр», «Төле би» атты монументті ескерткіштерді тұрғызған.

Медальдармен марапатталған.

65 жыл бұрын (1948) Қазақ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, экономика ғылымының докторы, профессор, А.Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты МОЛДАШЕВ Алтынбек Бәкірұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын және аспирантурасын бітірген. Қазақ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, ғалым хатшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2002 жылдан бастап істейді. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері еліміздің аграрлық-өндірістік саласын нарықтық экономика талаптарына сай жетілдіріп, ауыл шаруашылығы құрылымдарын материалдық-техникалық жабдықтау мәселелерін зерттеуге арналған. 90-нан астам ғылыми еңбектің және 4 монографияның авторы.

84 жыл бұрын (1929-1999) ақын БАЯЗИТОВ Байғожа дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Ақынның «Мақта далам», «Достар қаласы», «Өмір нұры» жинақтары жарық көрген. Қаламгер өмірінің соңына дейін Мырзашөл өңірінің гүлденуіне өзінің жырларымен лайықты үлес қосты. Казір Мырзашөл өңірінде Байғожа Баязитов атындағы түрлі өнер байқаулары тұрақты өтіп келеді.

74 жыл бұрын (1939) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ҚҰМАРБЕКОВ Мүсілім дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде ұзақ жылдар бойы қызмет істеген. «Ақ Ертіс» — «Иртыш» атты қазақша-орысша шығатын әдеби, мәдени журналда редактордың орынбасары қызметін атқарған. Қазір «Дидар» облыстық газеті редакторының орынбасары қызметін атқарады. Жазушының «Алтайдың ардагері», «Қыз күлкісі», «Асау Ертіс», «Шынар», «Алтайым — алтын бесігім», «Жастық жағалауы» атты кітаптары бар. 2003 жыл «Фолиант» баспасынан «Жар жағасындағы үй» повестер жинағы, «Базальт» баспаханасынан «Тауқымет» атты романы жарық көрді.

74 жыл бұрын (1939) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты МОЛДАБЕКОВ Шаяхмет дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу химия-машина жасау институтын бітірген. 1968-2005 жылдары Қазақ химия-технология институтында (М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысқан. 2005 жылдан Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Шымкент институтының профессоры қызметін атқарған. Негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері интенсивті масса алмастыру аппаратурасын құруға арналған. Ғалымның 300-ден астам ғылыми еңбегі және 80-ге жуық авторлық куәлігі мен патенті бар.

69 жыл бұрын (1944) медицина ғылымының докторы, профессор, республиканың бас балалар эндокринологы МӘЖІБАЕВ Қуаныш Әбдікерімұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Алматы медицина институтын (қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген. 1966-2001 жылдары қазіргі Астана, Алматы қалаларындағы балалар ауруханасында, Алматы медицина институтында, Урология ғылыми орталығында, Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында ғылыми-педагогикалық және басшылық қызметтер атқарған. 2001 жылдан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры. Негізгі ғылыми жұмыстары балалар урологиясына арналған. Ол бала уронефрологиясы тәжірибесінде алғаш рет сцинтирграфия әдісін енгізді. Осы әдіс арқылы бүйректің «мылқау» (жарамсыз) деп аталатын бөлігінің жартылай болса да 40%-дай белсенді қызмет атқара алатынын анықтады. Сондай-ақ жарықтың, тоқ ішек патологиясын емдеудің жаңаша тиімді әдістерін енгізді. Нефроптоз, гипоспадия, гидронефроз, қуық экстрофиясы аурулары және қуық-зәр жолдары рефлексін пластикалық жолмен қалпына келтіру операцияларын жасаудың өзіндік модификациясын ұсынды. Ол балалардың туа біткен обструктивті уропатиясын хирургиялық жолмен емдеуді ретроспективті тұрғыдан зерттей отырып, бұрыннан қолданып жүрген хирургиялық коррекция тәсілдерін жетілдірді. Мәжібаев — Қазақстандағы балалар урологиясының негізін қалады. Ол осы сала бойынша бірінші докторлық диссертация қорғап, профессор болған тұңғыш қазақ ғалымы. Ғалымның 150-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 2 монографиясы, 11 әдістемелік нұсқаулығы, 19 өнертабысы бар. Оның жетекшілігімен 8 ғылым кандидаты, 2 докторы диссертация қорғаған.

54 жыл бұрын (1959) жаттықтырушы, бокстан спорт шебері, республиканың үш дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ЕДІЛОВ Тұрсынғали Нұржақыпұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Ұйғыр ауданында туған. Еділовтің жетекшілігімен қазақстандықтар көптеген халықаралық жарыстардың чемпионы атанды, жүлделі орындар алды. Мысалы, Қазақстан боксшылары Хьюстонда (АҚШ) 1999 жылы өткен Әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль алса, Сиднейде (Австралия) 2000 жылы өткен 27-ші Олимпиялық ойындарда 2 алтын, 2 күміс медаль иеленді. Еділов олимпиадалық ойындардың чемпионы Е.Ибрайымовты 1990 жылдан жаттықтырды.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

54 жыл бұрын (1959-2002) ақын АСҚАРОВ Ерік дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Алматы театр институтын бітіріп, режиссер мамандығын алған. Республикалық Қазақ телевизиясының режиссері, бас редакторы, «Жазушы» баспасының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы әдеби қорының директоры қызметтерін атқарған. Оның «Қарлығаш», «Жетіген», «Аққудың көгілдірі» атты жыр жинақтары, «Біржан сал», «Петропавловск — қызылдардың қаласы» атты пьесалары бар. Сондай-ақ ол айтыскер ақын ретінде көптеген айтыстарға қатысып, жүлдегер атанған.

98 жыл бұрын (1915-1983) танымал жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері ЕСЕНБЕРЛИН Ілияс дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ақмола облысы Атбасар қаласында туған. Қазақ тау-кен және металлургия институтын бітірген.

1942-1947 жылдары — Казақстан КП ОК-нің нұскаушысы. 1947-1951 жылдары — Қазақ филармониясының директоры. 1953-1957 жылдары — Қазақстан Геология министрлігінің аға инспекторы, Ақтөбе облысындағы Берсүгір шахта басқармасының бастығы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы. 1958-1975 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы қызметтерін атқарды.

Алғашқы шығармалары баспасөз бетінде 1940 жылдан бастап жарық көрді. Ол поэзия, проза, драматургия, кинодраматургия саласында жемісті еңбек етті. Алғашында ақын ретінде танылды. «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағы, «Жұлдыздар» атты поэмалар жинағы, «Большевик туралы поэма», «Біржан сал трагедиясы», «Сұлтан», «Айша» дастандары жарияланды. 20 ғасырдың 60-жылдары проза жанрына қалам тарта бастады. «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», орыс тілінде жазылған «Адам туралы ән» повестері жарық көрді. Жазушы қазақ әдебиетінде роман жанрын дамытуға, әсіресе, тарихи тақырыпты игеруге елеулі үлес қосты. «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Қаһар», «Алмас қылыш», «Алтын құс», «Жанталас», «Көлең-кеңмен қорғай жүр», «Маңғыстау майданы», «Аманат», «Махаббат мейрамы», «Алыстағы аралдар», «Аққу құстың қуанышы» романдары, «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогиясы жарияланды. Драматургия саласында да қызмет етіп, «Таудағы тартыс» пьесасын жазды.

40-тан астам ән мәтіндерінің авторы.

Шығармалары орыс, украин, латыш, литва, өзбек, алтай, башқұрт, қарақалпақ, болгар, венгр, поляк, ағылшын, француз, қытай, неміс, араб, испан тілдерінде жарияланды.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдермен марапатталған. Атбасар қаласындағы, Алматыдағы мектептерге, көшелерге жазушының есімі берілген.

58 жыл бұрын (1955) ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор ӘЛІБАЕВ Нұрадин Нәжімединұлы дүниеге келді.

Түрікменстанда туған. Мәскеудегі К.Скрябин атындағы малдәрігерлік академиясын бітірген.

1977-2003 жылдары казіргі Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-өндіріс орталығының кіші, жетекші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2003 жылдан осы мекеме директорының ғылым жөніндегі орынбасары.

Қаракөл қойын селекциялаудың жаңа әдістерін тауып өндіріске енгізген және қаракөл қойлары эмбриондарын трансплантациялаудың ғылыми негізін салып, практикалық әдістемесін ойлап тапты.

35-тен аса ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 11 авторлық куәлік пен 5 ұсыныс бар. Қазақстан комсомолы сыйлығының және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері.

97 жыл бұрын (1916-1994) ақын ШАЛАБАЕВА Әмина дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Алматы педагогика училищесін, Алматы мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген. 1949-1956 жылдары «Қазақ елі» (Жаңа өмір) журналында, 1956-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қызмет істеген. Алғашқы бір топ өлеңі жас ақындардың «Жас қанат» жинағында жарияланған. Тұңғыш жинағы 1962 жылы «Менің қарлығашым» деген атпен шыққан.

92 жыл бұрын (1921-1944) Кеңес Одағының Батыры БЕРЕСТОВ Федор Сергеевич дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында туған. Ұлы Отан соғысында 1944 жылы маусымның 23-інде жау қорғанысына ендей кіріп, гранатамен пулемет дзотының көзін жойған. 1944 жылы қазанның 27-і күні Латвияның Перекул қаласын азат ету барысында ерлікпен қаза тапты.

Ленин, Қызыл Жұлдыз, 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған. Глубокое ауданының бір көшесіне Батыр аты берілген және ескерткіш тақта орнатылған.

77 жыл бұрын (1936) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері БАЛАБИЕВ Рақым Базаргелдіұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында туған. Кентау тау-құрылыс техникумын, Мәскеу политехникалық институтын бітірген. 1961-1978 жылдары — Кентау қалалық жүк тасымалдау мекемесінің жүргізушісі, автоколонна бастығы, бас инженері. 1978-1984 жылдары — Түлкібас жүк тасымалдау мекемесінің директоры. 1984-1988 жылдары — Кентау қалалық жүк тасымалдау мекемесінің бас инженері. 1988-2001 жылдары — Кентау қалалық жүк тасымалдау мекемесінің директоры қызметтерін атқарған. Қазір шығармашылық қызметте. Республикалық, облыстық, аудандық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Оның өлеңдері төрт ұжымдық жинаққа енген. «Жан сыры», «Төскейсаз», «Жүректерге жол іздеу», «Жел қайық», «Саңғылдар», «Аспандағы жұлдыздар», «Жырымды саған арнадым», Екі дүние нұры» атты кітаптары жарық көрген.

Кентау қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы қажылар ассоциациясының мүшесі, Кентау филиалының төрағасы, Кентаудағы «Қаратау Тәжі» шығармашылық бірлестігінің төрағасы.

Көптеген медальдармен марапатталған.

65 жыл бұрын (1948) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі МЕДЕУОВ Үсенгелді Өміржанұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Қаскелең ауданының Шамалған ауылында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген (1971 ж.). 1971-1974 жж. — Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономикалық ғылыми-зерттеу институты Энергетика және отын өнеркәсібін дамыту бөлімінің экономисі. 1974-1981 жж. — Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономикалық ғылыми-зерттеу институтының Энергетика және отын өнеркәсібін дамыту бөлімінің кіші ғылыми қызметкері. 1981-1982 жж. — Қазақ КСР Семей облысы Таскескен аудандық дайындау кеңсесінің тауартанушы-ұйымдастырушысы. 1982-1984 жж. — Қазақ КСР Семей облысы Таскескен жұмысшылар кооперативі төрағасының орынбасары. 1984-1986 жж. — Қазақ КСР Семей облысы Таскескен аудандық тұрмыстық комбинатының директоры. 1986 жылдың наурызы-тамызы аралығында — Қазақ КСР Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрлігінің еңбек жөніндегі нормативтік-зерттеу секторы бастығының орынбасары. 1986-1988 жж. — Қазақ КСР Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрінің көмекшісі. 1988-1989 жж. — Қазақ КСР Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрлігі Іс басқармасының бастығы. 1989-1991 жж. — Қазақ КСР Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрінің көмекшісі. 1991 жылдың сәуірі-маусымы аралығында — Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігі Шаруашылық қызмет көрсету басқармасының жалпы бөлімі бастығының міндетін атқарушы, бастығы, Іс басқармасының бастығы. 1992-1993 жж. — «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының атқарушы директоры. 1993-1994 жж. — «Біздің іс» шағын акционерлік кәсіпорны төрағасының орынбасары. 1994-1995 жж. — Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Бас бақылау инспекциясының мемлекеттік инспекторы. 1995 жылдың сәуірі-желтоқсаны аралығында — Қазақстан Республикасы Президентінің Аппараты Ұйымдастыру-бақылау басқармасының мемлекеттік инспекторы. 1995-2004 жж. — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2004-2005 жж. — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау жұмысы мен кадр саясаты басқармасы Мемлекеттік инспекциясының мемлекеттік инспекторы. 2005-2007 жж. — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2007-2011 жж. — төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

2012 жылғы қантардан бастап — бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және басқа алты медальмен наградталған.

43 жыл бұрын (1970) «Forbes в Казахстане» журналының бас редакторы БАЙТАСОВ Арманжан Мерекеұлы дүниеге келді.

1970 жылдың 10 ақпанында Алматы қаласында туған. 1987 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін қызыл дипломмен бітірген. Философия ғылымдарының кандидаты. 1989 жылдан бастап «Азия дауысы» фестивальдар мен байқаулар бөлімінің бас редакторы, 1991-1992 жж. — «Мұрагер» шығармашылық бірлестігі бас редакторының орынбасары. 1990-1991 жж. — Қазақ теледидары жастар редакциясының редакторы. 1992 жылдан бастап — «31 арна» Медиахолдингінің Президенті. 2000-2003 жж. — Қазақстан Республикасы Ұлттық телерадиохабарлар ассоциациясының президенті. 2001 жылдан бастап Қазақстанның Журналистика Академиясының мүшесі. 2007-2008 жж. — «Таң Медиа» директорлар кеңесінің төрағасы. 2008-2009 жж. — «Нұр-Медиа» холдингісінің бас директоры. 2009 жылдан бастап «Forbes в Казахстане» журналының бас редакторы. :

40 жыл бұрын (1973)Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданының әкімі Бекбосынов Арман Ілиясұлы дүниеге келді.

1973 жылдың 10 қаңтарында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында дүниеге келген. 1995 жылы Өскемендегі автомобиль жолдары және аэродромдар мамандығы, автомобиль жолдарының инженер — құрылысшы біліктілігі бойынша құрылыс — жол институтын бітірді.
Өзінің еңбек жолын 1996 жылы автомобиль жолдары Қазыналық кәсіпорнының пайдалану бөлімінде бірінші дәрежелі инженер болып бастады. 01997-1999 жылдары- Шығыс Қазақстан автомобиль жолдары Қазыналық кәсіпорнында пайдалану бөлімінің жетекші маманы, 1999 жылы қайта құрылуға байланысты Шығыс Қазақстан «Қазақавтожол» РМҚК филиалының бас маманы болып тағайындалды. 2000 жылы қайтара құрылған «Шығыс Қазақстан автомобиль жолдары» ММ-нің жол қозғалысы қауіпсіздігі бөліміне бас маман қызметіне қабылданды. 2000-2001 жылдары Астана қаласында Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация Министрлігінің автомобиль жолдары Комитетінің жолдарды дамыту және жол қозғалысы қауіпсіздігі бөлімі бас маманының міндетін атқарушы. 2001 жылы Көлік және коммуникация Министрлігі автомобиль жолдары Комитетінің автомобиль жолдары жүйесін дамыту басқарамасы автомобиль жолдары жүйесін дамыту және жол қозғалысы қауіпсіздгі бөлімі бастығының міндетін атқарушысы болып ауыстырылды. 2001жылы Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация Министрлігі автомобиль жолдары Комитеті автомобиль жолдары жүйесін дамыту және жол қозғалысы қауіпсіздігі бөлімінің бастығы, 2001-2002 жылдары Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация Министрлігі автомобиль жолдары Комитеті пайдалану және жол қозғалысы қауіпсізідіг бөлімі бастығы. 2002 жылы Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация Министрлігі автомобиль жолдары Комитетінің пайдалану және автомобиль жолдарын дамыту басқарамасы бастығының орынбасары, 2002 — 2003 жылдары Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация Министрлігі автомобиль жолдары Комитетнің ғылым және нормативтер басқармасы бастығының орынбасары. 2003 жылы ҚР көлік және коммуникация министрлігінің автомобиль жолдары ғылым және құқық Комитеті басқармасының бастығы. 2005 жылы құрылымының өзгеруіне байланысты көліктік инфрақұрылымды дамыту Комитетінің нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету және техникалық саясат басқарамасының бастығы. 2005 жылы Астана қаласындағы «Қазақ жол құрылысы» ЖШС-і директорының өңдіріс бойынша орынбасары. 2006 жылы көліктік инфрақұрылымды дамыту комитетінің Атырау облыстық басқарамасы бастығының орынбасары. 2007-2008 ж.ж көліктік инфрақұрылымды дамыту Комитеті Атырау облыстық басқармасы бастығының орынбасары. 22.07.2008 жылы Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация Министрлігі көліктік-коммуникациялық кешен және стратегиялық жоспарлау Департаменті автомобиль жолдарын дамыту басқармасының бастығы болып тағайындалды. 2009-2010 ж.ж Шығыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы.
2010 жылдың 15 шілде айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының әкімі қызметіне тағайындалды.
«Қазақстан Республикасы Конституциясына — 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. «Құрметті Жолшы» атты жоғары кәсіптік атаққа ие болды. «Нұр Отан» ХДП-нің мүшесі.

130 жыл бұрын (1883-1945) орыс кеңес жазушысы, граф, КСРО ҒА академигі ТОЛСТОЙ Алексей Николаевич дүниеге келді.

100 жыл бұрын (1913-1991) Чехословакия Социалистік Республикасының президенті, Чехословакия КП Орталық Комитетінің бас хатшысы ГУСАК Густав дүниеге келді.

77 жыл бұрын (1936) Ливанның бұрынғы президенті ЛАХУД Эмиль Джамиль дүниеге келді.