Жарияланды: 880

10 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

10 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

10 желтоқсан ДҮЙСЕНБІ

Адам құқықтарының халықаралық күні. 1948 жылғы желтоқсанның 10-ында БҰҰ Бас Ассамблеясы Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясын қабылдады. Барлық елде 1950 жылдан бастап атап өтіледі. Таиланд корольдігінің Ұлттық мейрамы - Конституция күні. Бүгінде Таиланд - конституциялық монархия. 1932 жылдан бастап, бүгінгі монарх - Ұлы мәртебелі король - Пумипон Адулядетқа (1946 жылдан бері басқарып отыр, 9-шы Рама) өз билігін Ұлттық Ассамблея, атқарушы билікті Министрлер Кабинеті, сот билігін - сот арқылы жүзеге асырады. Дүниежүзілік футбол күні. БҰҰ-ның шешімімен атап өтіледі. Миллиондаған адамға тек ойын ғана емес, өмір стиліне айналған спорттың бұл түріне халықаралық қоғамдастық ерекше құрмет көрсетуде. Футбол ойыны туралы алғашқы ескертпені тарихшылар біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтағы қытай деректерінен тапқан. Ол Цу Чю деп аталған, «аяқпен итеру» деген мағынаны білдіреді. Футбол ойыны қытай жауынгерлеріне дене формасын қалыпты сақтауға септігін тигізген. Ал кейбіреулер футболдың ізашары деп 8-ші ғасырда Англияда өмір сүрген саксондардың жабайы ойынын таниды. Олар ұрыстан кейін шайқас даласында дұшпанының шабылған басын тепкілеп ойнаған. Футболды біздің заманымызға дейінгі екі жарым мыңжылдықта Ежелгі Грекияда, Римде де ойнаған. Грекияда бұл ойын жауынгерлік қимылдардың барлық мүмкіншілігін пайдалана отырып ойналып, «доп үшін шайқас» деп аталған. Нобель сыйлығын тапсыру күні. Белгілі ғалым А.Нобельдің туған күніне байланысты, жыл сайын Норвегия королінің қатысуымен Осло университетінің үлкен залында және Швецияның Стокгольм қаласында Нобель сыйлығын тапсыру салтанаты өтеді. 1900 жылы құрылған Нобель қорының бастапқы капталы 31 миллион швед кронасы болды. Алғашқы Нобель сыйлығы 1901 жылғы желтоқсанның 10-ында табыс етілді. Физика, химия, физиология және медицина бойынша сыйлықтар Стокгольмде, ал бейбітшілік сыйлығы Осло қаласында беріледі. 2004 және 2005 жылдардағы ақшалай сыйлықтың көлемі 10 миллион швед кронасын құрады. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 21 жыл бұрын (1991) Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев республика халқына Ант берді. Анттан кейін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Президент өз қызметіне кірісті деп есептелінді. 21 жыл бұрын (1991) Алматыда ашылған Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясында Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атауға шешім қабылдады. 21 жыл бұрын (1991) Алматы қаласында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мамандыққа бағдарланған арнаулы мектеп-интернатта батырдың ескерткіш мүсінінің ашылу салтанаты өтті. Қызыл лентаны қию рәсіміне Кеңес Одағының батырлары С.Нұрмағамбетов, Т.Бигелдинов, халыққа білім беру министрі Ш.Шаяхметов, мектеп әкімшілігі мен оқушылар, батырдың ұрпақтары мен жерлестері қатысты. 21 жыл бұрын (1991) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың республиканың Алмас қорын құру туралы Жарлығы жарық көрді. 19 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының «Жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заңы қабылданды. 15 жыл бұрын (1997) Ақмола қаласы (қазіргі Астана) Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. 7 жыл бұрын (2005) Астанада Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қырғызстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жұмағұл Сааданбековтың «Нұрсұлтан Назарбаев. Көшбасшылық заңдары» атты шығармасының тұсаукесер рәсімі өтті. Дипломаттың бұл еңбегінде Елбасы саяси-әлеуметтік, әкімшілік реформалардың көшбасшысы ретінде қарастырылып, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы орасан еңбегі жайлы баяндалады. Жаңа туындының таныстырылымында Грузия мен Беларус Республикаларының елшілері, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары өз пікірлерін білдірді. 209 жыл бұрын (1803) Петербордың Бержа зауытында алғашқы кеме құрылысы аяқталды. «Елизавета» деп аталатын бұл ағаш кеменің ұзындығы 18 метр, 4 аттық күші және дөңгелек ескегі бар болатын. 13 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысындағы №2 Сарыағаш орта мектебіне қазақтың белгілі жазушысы Асқар Сүлейменовтің есімі берілді. 4 жыл бұрын (2008) Фонтенблода (Франция) «Н.Назарбаев - ұлысаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жасаушы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Мерекелік шараға қаланың саясаткерлері, іскерлер мен академиялық ортаның өкілдері, қоғам қайраткерлері, өнер мен ғылым тұлғалары және қазақ диаспорасының өкілдері мен қазақ студенттері қатысты. 7 жыл бұрын (2005) 10-13 желтоқсан аралығында Астанада І Халықаралық «Астана - Жас скрипкашы» байқауы болып өтті. Байқау «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Қазақ ұлттық музыка академиясының ұйымдастыруымен өткізілді. Шараға арнайы музыка мектептерінен келген төменгі топтағы 10-12 жас және жоғары топқа жататын 13-15 жастар аралығындағы оқушылар қатысты. Бас жүлдеге Қазақ ұлттық музыка академиясы жанындағы музыкалық мектеп оқушысы Лейла Ахметова мен Қырғызстаннан келген Айзада Болатбекқызы ие болды. 5 жыл бұрын (2007) Алматының «Алтын бесік» ықшамауданының бір көшесіне Әнет баба есімі берілді. Әнет баба Кішікұлы (1626-1723) - Тәуке ханның уәзірі, «Жеті жарғыны» жүйелеушілердің бірі. Бұхар медресесін тәмамдаған. Әнет баба билер институтын қалыптастыруда үлкен белсенділік танытқан. Туған жерінің азаттық пен бостандығы үшін, туған елінің бірлігі мен татулығы үшін күрескер болған. Өзінің бес ұлымен қатар жоңғар шапқыншылығы кезінде қаза тапқан. 3 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға және Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес процессуалдық заңнамаға келтірілген, елімізде үш буынды сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған. ЕСІМДЕР 214 жыл бұрын (1798-1877) Петербор көркемсурет академиясының академигі, сәулетші БРЮЛЛОВ Александр Павлович дүниеге келді. Ол Петербордағы Михайлов театрының, Пулков расытханасының, Сарай алаңындағы Гвардия экипажының, Нева даңғылындағы Петр мен Павел лютеран шіркеуінің ғимаратын салған. 123 жыл бұрын (1889-1970) ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО География қоғамының құрметті мүшесі, Қазақстанда гляциология ғылымының негізін салушылардың бірі ПАЛЬГОВ Николай Никитич дүниеге келді. Ресей Федерациясында туған. Мәскеу құрылыс училищесін, Бүкілодақтық сырттай оқыту институтын бітірген. Қазақстан Ғылым Академиясы география секторының меңгерушісі, КСРО География қоғамы қазақ бөлімшесінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты - мұздықтардың пайда болуы, олардың көлемін, қуатын анықтау. Іле Алатауы жоталарындағы мұздақтардан бастау алатын өзендердің гидрогеографиясын және гидрологиялық режимін зерттеуге елеулі үлес қосты. Жетісу, Сырдария облыстары жерін алғашқылардың бірі болып топографиялық картаға түсірді. Тянь-Шаньдағы екі мұздық, Полюстік Оралдағы бір мұздық Пальгов есімімен аталады. 103 жыл бұрын (1909-1999) ғалым-педагог, филология ғылымының кандидаты, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, республиканың жоғарғы мектебіне еңбек сіңірген қайраткері АҚМҰРЗИН Сәрсен дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған. Батыс Қазақстан облысы Сламихин (Жалпақтал) педагогикалық техникумын бітірген. Орал қаласындағы қазақ орта мектебінің (№11 мектеп-интернат) директоры, Батыс Қазақстан педагогикалық институтының оқытушысы, ректоры, проректоры, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 28 ғылыми еңбектің авторы. Негізгі ғылыми еңбектері жоғары оқу орындары мен орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдісін жүйелеуге, қазақ әдебиетінің даму тарихын қарастыруға арналған. Қызыл Жұлдыз, 1-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 102 жыл бұрын (1910-1971) қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген шахтері СЕРҒАЗИН Файзолла дүниеге келді. Ақмола губерниясының Атбасар уезінде (Ақмола облысы) туған. Мәскеу тау-кен институтын, КСРО көмір өнеркәсібі академиясын, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын бітірген. 1929-1931 жылдары - Қазақ АКСР НКВД істері меңгерушісі. 1936-1950 жылдары - шахта телімі бастығы, «Қарағандыкөмір» тресінің инженер-диспетчері, шахтаның бас инженері, «Қарағандыкөмір» комбинаты ашық жұмыстары басқармасының бас инженері. 1952-1957 жылдары - «Ленинкөмір» тресінің басқарушысы. 1957-1963 жылдары - Қарағанды ауыл шаруашылығы кеңесі төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары. 1963-1964 жылдары - Қарағанды облыстық өндірістік атқару комитетінің төрағасы. 1964-1967 жылдары - Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы. 1967-1970 жылдары - Қазақ КСР Көмір өнеркәсібі басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1970-1971 жылдары - «Қарағандыкөмір» комбинаты бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 2-дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталған. 67 жыл бұрын (1945) әскери қайраткер, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі АЛТЫНБАЕВ Мұхтар Қапашұлы дүниеге келді. Қарағанды қаласында туған. Армавир әуе қорғанысы жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Г.К.Жуков атындағы Әуе қорғанысы әскери академиясын бітірген. Әскери ұшқыш-инженер. Армия генералы. Саяси ғылымдарының кандидаты. Әуе қорғанысы авиациялық истребительдік полкының ұшқышы, аға ұшқышы, Перм облысындағы Әуе қорғанысы авиациялық истребителдік полкы авиациялық звеносының командирі, авиациялық эскадрильясы командирінің орынбасары, командирі, Самарқан қаласындағы Әуе қорғанысы дивизиясы командирінің орынбасары, командирі, Мары қаласындағы Әуе қорғанысы дивизиясының командирі, Алматы облысы Борандай поселкесіндегі Әуе қорғанысы корпусының командирі, Әскери-әуе күштерінің басшысы - Қорғаныс министрінің орынбасары, Әскери-әуе күштерінің басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштерінің басшысы, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Штаб басшылары Комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен екі рет Қорғаныс министрі болып тағайындалған. 2010 жылдың сәуір айынан Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған. «Отан ордені» және Алтын жұлдызбен, ІІ дәрежелі «Барыс», «КСРО Әскери күштерінде Отанға қызметі үшін», Ресей Федерациясының «Дружбы народов», «Петр Великий» ордендерімен және жиырма алты медальмен марапатталған. 57 жыл бұрын (1955) «Ардфильм» компаниясының директоры, кинорежиссер, продюсер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ӘМІРҚҰЛОВ Ардақ Жамансарыұлы дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематографистер институтын бітірген. Темірбек Жүргенов атындағы Алматы көркем театр институтының (Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) оқытушысы, профессоры. 1988-1992 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері. 1992-1996 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының бас директоры қызметтерін атқарған. 1996 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. Ол түсірген «Отырардың күйреуі» фильмі Монреалда (Канада) өткен Халықаралық кинофестивальда ФИПРЕССИ сыйлығына, Фигейра да Фошта (Португалия) өткен Халықаралық кинофестивальда «Серебряная пластина» сыйлығына, Ашхабатта (Түркменстан) өткен Халықаралық кинофестивальда «Серебряный полумесяц» сыйлығына ие болып, Алматыда өткен «Қазақ киносы -бүгін» байқауында Гран-приді жеңіп алды. 1997 жылы режиссердің «Абай» атты фильмі Ташкент қаласында өткен Халықаралық кинофестивальда «Ұлттық дәстүрлерді сақтағаны үшін» номинациясы бойынша «Серебряный Семург» сыйлығына ие болды. 2008 жылы «Қош бол, Гүлсары» кинофильмі Астанада өткен V Халықаралық «Еуразия» кинобайқауында Гран-приді жеңіп алған. «Шанхай» кинофильміне продюссер болып, «Абай», «Записи Рустема с картинками», тағы басқа фильмдерді түсірген. «Құрмет» орденімен марапатталған. 52 жыл бұрын (1960) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адам ресурстары департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор ТЕЛЕУОВ Мұрат Қойшыбайұлы дүниеге келді. Ақтөбе облысында дүниеге келген.1982 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмәмдаған.1984 жылы Мәскеу Ленин орденді мемлекеттік медицина институтын «дәрігер - емдеуші» мамандығы бойынша тәмәмдаған. 1990 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық хирургия ғылыми орталығында «хирургия» мамандығы бойынша білім алған. 2008 жылы «Қайнар» Университетінде «Экономика» мамандығы бойынша білім алған. Өзінің еңбек жолын 1983 жылы Мәскеу қаласындағы 1 қалалық ауруханасының урология бөлімшесінде мейіргер қызметінен бастаған. 1984-1988 жылдар аралығында Ақтөбе облысы Алға аудандық ауруханасында хирург-ординатор болып жұмыс атқарды. 1991-1992 жылдар аралығында Ақтөбе облысы Алға аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары. 1993-2000 жылдар аралығында А.Н. Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері. 2000-2001 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау істері агенттігінің хирургиялық көмек бөлімінің бастығы. 2001-2007 жылдар аралығында Семей мемлекеттік медицина академиясының ректоры. 2008-2009 жылдар аралығында Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының бас директоры. 2009-2011 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ректоры. 2011 жылдан осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры. «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы қызметі үшін» Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің кеуде белгісімен, «Қазақстан конституциясына 10 жыл» және «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. 66 жыл бұрын (1946) ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы хатшылығының меңгерушісі СУПРУН Виктор Васильевич дүниеге келді. Көкшетау облысында туған. Свердлов тау-кен институтын бітірген, кен инженері. 1964 жылдан - Көкшетау облысының Красноармейск ауданында 8 жылдық мектептің мұғалімі. 1965 жылдан - Якут мемлекеттік университетінің, Свердлов тау-кен институтының студенті. 1970 жылдан - Киров облысындағы Верхнекамск фосфорит руднигінде кен учаскесінің ауысым бастығы, кен цехы бастығының орынбасары, директордың өндіріс жөніндегі көмекшісі, директордың көлік және өндіріс жөніндегі орынбасары. 1979 жылдан Брянск фосфорит зауытының бас инженері. 1984 жылдан - Ақтөбе облысындағы Шилісай фосфорит руднигінің директоры, 1990 жылғы мамырдан бас технологы, бас кеншісі, жетекші кен инженері. 1991 жылдан Октябрь аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1995 жылдан - Алға аудандық әкімшілігінің әкімі. 1995 жылғы қазаннан - Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық экономика басқармасының бастығы. 1996 жылдан - Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2002 жылдан - Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2006 жылғы қазаннан - ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі. 2007 жылғы қыркүйектен - ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты жетекшісінің орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2008 жылғы қазаннан бері. «Құрмет», «Достық», Орыс православ шіркеуінің ІІІ дәрежелі Серафим Саровский, ІІІ дәрежелі Даниил Московский ордендерімен, 3 медальмен марапатталған. 191 жыл бұрын (1821-1878) орыс ақыны, әдебиет қайраткері НЕКРАСОВ Николай дүниеге келді. 111 жыл бұрын (1901-1983) клоун, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері РУМЯНЦЕВ Михаил Николаевич (Карандаш) дүниеге келді. 108 жыл бұрын (1904-1975) чех және словак саяси қайраткері, 1957-1968 жылдардағы Чехословакия президенті, 1953-1968 жылдардағы Чехословакия Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы НОВОТНЫЙ Антонин дүниеге келді. 94 жыл бұрын (1918-1995) еңбек сіңірген спорт шебері (1949); КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы; мәскеулік ЦСКА командасының (1947-1975) және КСРО құрамасының (1958-1960, 1962-1972) жаттықтырушысы ТАРАСОВ Анатолий Владимирович дүниеге келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін