«Патруль. Соңғы бұйрық» фильмі қаралымы жағынан топ жарған, шынайы мәдени феноменге айналған танымал сериалдың қорытындысы болмақ. Еске салсақ, айтулы туынды үшін НТК телеарнасының орны ерекше. Себебі, дәл осы арнада 2015 жылы 9 ақпан «Патруль» сериалының алғашқы бөлімі көрсетілген болатын. Содан бері жобаның жеті маусымы жарық көріп, полицейлердің қызықты оқиғалары Қазақстаннан тыс, өзге елдердегі көрермендердің де жүрегін жаулап үлгерді.

Жобаның сәтті шыққанын кәсіби марапаттар да дәлелдейді. 2023 жылы «Патруль» сериалы Nauryz Award сыйлығының арнайы номинациясында жеңіске жетті. Сериалды көрсету құқығын Ресей, Өзбекістан және Қырғызстан елдерінің телекомпаниялары сатып алды. Сонымен қатар, танымал ситкомды өндіру лицензиясын Польшаның жетекші продакшн-студиясы Polot Media иеленді.
Алайда ең табысты оқиғаның өзі де күндердің бір күні мәресіне жететіні анық. Сондықтан жоба авторлары сериалды толықметражды фильммен аяқтауға шешім қабылдады. Бұл фильм он жылға созылған оқиғаға әсерлі түрде нүкте қояды.

Фильмнің сюжет желісі бойынша президент Семей қаласына келуі керек. Ал бас кейіпкерлер оның кортежін алып жүруді армандайды. Бірақ бастық өз қызметкерлерінің беделін жақсы білетіндіктен, бұл жауапты міндетті басқа полицейлерге тапсырады. Соған қарамастан, жігіттер берілмей, елдің бірінші тұлғасын күтіп алуға мүмкіндік іздейді. Нәтижесінде олар түрлі күлкілі әрі күтпеген жағдайларға тап болады.
Фильм қазақстандық актерлердің ең мықты құрамын жинаған. Олар: Рүстем Омаров, Әділжан Шомбалов, Медет Аманбаев, Еділ Анарбай, Дильшат Имамдунов, Бексұлтан Пилал, сондай-ақ ресейлік актер әрі юморист Тамби Масаев және «Камызяки» командасының қатысушысы Ренат Мухамбаев. Қызықты трюктер мен ауқымды экшен-сахналарды қою жұмысы танымал каскадер-қоюшы Роберт Кунге сеніп тапсырылды. Ол әр жылдары Paramount Pictures, Universal Pictures, 20th Century Fox және The Walt Disney Company сияқты ірі голливудтық студиялармен жұмыс істеген. Соған қарамастан, фильм «Патрульдің» басты ерекшелігіне айналған шынайы атмосфера мен фирмалық юморды сақтап қалған.

НТК телеарнасының бас директоры және сериал продюсері Саида Игенбек:
«Мен алғашқы маусымнан бастап осы үлкен әрі табысты жобаның бір бөлігі болғаныма қуанамын әрі мақтанамын. Он жыл бұрын мен өз интуициямға сендім және қателеспедім. «Патруль» шын мәнінде халықтық жобаға айналды. Әр маусым сайын команданың қалай өскенін, сериалдың ауқымы мен көрермендердің сүйіспеншілігі қалай артқанын көру өте қуанышты. Ал енді — толықметражды финал. Жобаны осындай деңгейге жеткізу бұл кез келген продюсердің арманы. Мен «Патруль» командасының барлығын мақтан тұтамын».
«Патруль. Соңғы бұйрық» фильмінің премьерасы 2025 жылдың 10 сәуірінде елдегі барлық кинотеатрларда өтті. Прокатқа шыққаннан кейін картина бірден Қазақстанда жаңа кассалық рекорд орнатты. Алғашқы күні-ақ фильм 140 миллион теңгеден астам табыс жинап, қазақстандық кинематография тарихындағы ең күшті бастама болды. Жобаның халықаралық прокаты да табысты болды. Ресей елінде фильмнің кассалық табысы 270 959 долларды құрады. Ал Кинопоиск платформасында 129 916-дан астам көрермен фильмге жоғары баға берді.
«Патруль. Соңғы бұйрық» фильмінің эксклюзивті телевизиялық көрсетілімін НТК арнасынан қапы қалмаңыз.23 наурыз күні теледидарды қосыңыздар.