Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі таңда жалпы сомасы 149,6 млрд теңгені құрайтын 1000-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің өтінімі қабылданды.
Ерте қаржыландыру аграрлық сала өкілдеріне келер жылғы егіс маусымына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бұл жанар-жағармайды тиімді бағамен сатып алуға, тыңайтқыш алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және тұқым қорын қалыптастыруға жағдай жасайды. Ауыл шаруашылығы саласы үшін дәл осы кезеңде қаржылық ресурстарға қолжетімділік — көктемгі егіс науқанын табысты өткізудің басты шарттарының бірі.
Бағдарлама бойынша жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады. Алынған қаражатты егіске дайындық жұмыстарын жүргізуге, егін жинауға және маусымдық шығындарды өтеуге бағыттауға болады.
Кепіл мәселесінде қиындықтары бар фермерлер үшін қосымша қолдау қарастырылған: қарыз сомасының 85%-ына дейін «Даму» қорының кепілдігі беріледі.
Қаржыландыру Аграрлық несие корпорациясының өңірлік филиалдары және серіктес қаржы институттары арқылы жүзеге асырылады. Бұл тәсіл аймақтар арасындағы айырмашылыққа қарамастан фермерлер үшін қолдаудың қолжетімді әрі жедел болуын қамтамасыз етеді.
Аграрлық несие корпорациясының кешенді шаралары аграрлық сектордың тұрақтылығын арттыруға және маусымдық дала жұмыстарының уақытылы атқарылуына оң ықпал етеді.