Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында мемлекеттік орман қорының аумағындағы өрт қаупі бар кезеңнің алдын ала қорытындылары талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Жамбыл облысы жер көлемінің 30,8%-ін мемлекеттік орман қорының аумағы алып жатыр, бұл 4,4 млн гектар деген сөз»,- дейді басқарма басшысы Серік Қойбақов. Оның мәліметтеріне қарағанда, өртке қарсы шараларға биыл облыстық бюджеттен 48,1 млн теңге бөлінген. «Сәуір айынан орман қорының 3,2 млн гектары әуеден бақыланып отырды. Мемлекеттік орман қорының аумағында 50 өртке қарсы күрес тобы жасақталып, оған 400-ден астам адам жұмылдырылды», — дейді басқарма басшысы. Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қоры аумағында жыл басынан бері төрт ірі орман өрті болып, 11,2 мың гектар алқапты қамтыған. «Орман өртінің туындауына жол бергені үшін Қосқұдық, Жұлын, Байзақ және Мойынқұм мемлекеттік мекемелерінің директорларына сөгіс жарияланды», — деп мәлімдеді Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов.