Жарияланды: 690

11 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

11 қараша. ЖЕКСЕНБІ

Ангола Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975). Ангола - Африканың оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде және шығысында Конго Демократиялық Республикасымен, шығысында Замбиямен, оңтүстігінде Намибиямен, батысында Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Луанда қаласы. Мемлекеттік тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - жаңа кванза. Польша Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Польша - Орталық Еуропадағы, Висла мен Одра өзендерінің аумағындағы мемлекет. Солтүстігін Балтық теңізі шайып жатса, батысында Германиямен шектеседі, оңтүстік-батысында Чехиямен, оңтүстігінде Словакиямен, оңтүстік-шығысында Украинамен, шығысында Белоруссиямен, солтүстік-шығысында Литвамен және Ресеймен шектеседі. Астанасы - Варшава. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы орган - екі палаталы парламент (Сейм мен Сенат). Әкімшілік бөлінісі - 16 воеводство, повяттар, гминдер. Ресми тілі - поляк тілі. Ақшалай бірлігі - злотый. Бельгияның мемлекеттік мейрамы - Татуластық күні (1918). 1918 жылдың 11 қарашасындағы Антанта мен Германия арасындағы татуластық келісіміне қол қойылуының кезекті жылдығына орай аталып өтеді және қаза тапқан барлық француз және бельгиялық солдаттарды еске алу күні болып есептеледі. Латвияның мемлекеттік мейрамы - Лачплесис күні (1919). 1919 жылғы осы күні Бермонт әскерлерінің Ригаға шабуылдарын жас латвиялық әскери құрылымдары қайтарған. Осы оқиғаға байланысты 1919 жылдың 11 қарашасында Лачплесис жауынгер ордені бекітілген. 1920 жылғы 18 қарашада орденнің жарғысы және оның «Латвия үшін» ұраны қабылданды. Канадада Еске алу күні. Жыл сайын 11-інші айдың 11-і күні сағат 11-де бүкіл Канада қалыпты ырғағын тоқтатып, екі минут үнсіз қалады. Осы екі минут тыныштықтарында канадалықтар өз өмірлерін ұлттың жарқын болашағы үшін қиған отандастарын еске алуға арнайды. Бұл дәстүр 1919 жылдан, Бірінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталуына бір жыл толуына орай, Король V Георг «Империяның барлық халықтарына» өмір сүру құқығы мен отандастарының бостандығы үшін өмірлерін құрбан еткендерді мәңгі есте қалдыруға шақырған үндеу арнауымен басталған еді. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 16 жыл бұрын (1996) ҚР Білім және ғылым министрлігінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты құрылды. 14 жыл бұрын (1998) астанадағы Перинаталдық орталық жанынан Республикалық ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. 8 жыл бұрын (2004) Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының IV Құрылтайы өтті. Бұл шараға барлық облыстардан делегаттар, қазақ қоғамдастығының шет елдердегі өкілдері де қатысты. Мемлекеттік тілдің қолданылуы мен дамуы, оның мәртебесін арттыру, сондай-ақ республикадағы ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды. 8 жыл бұрын (2004) 11-13 қарашада Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Н.Тілендиев атындағы I Республикалық дирижерлер конкурсы өтті. Оны атақты композитордың өз атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестр ашты. 8 жыл бұрын (2004) Алматыда «Таза алау жағамыз» деп аталған «Күміс кітап» сериясының тұңғыш томы жарық көрді. Кітап әдеби жанрлардың - тарихи зерттеу, саяси эссе және тіпті шытырман оқиғалы әңгімелеу тәрізді синтезден құралған. Басылымның негізгі арқауының бірі - сондай термин қалыптаспай тұрып-ақ, кең-байтақ Далада өз бетінше-ақ әлеуметтік-экономикалық құбылыс болып қалыптасқан Евразия ұғымының көне бастауларын ашып көрсету. 6 жыл бұрын (2006) Павлодар облысының Баянауыл ауданында көрнекті энциклопедияшы-ғалым, ағартушы және әдебиетші Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесінің ашылуы болды. Кешенді кесене сары алтын түсті кірпішпен тұрғызылған, кесененің өзіне 73 баспалдақпен көтеріледі - Мәшхүр Жүсіп осынша жыл өмір сүрген. Ғимараттың ішінде мұсылман діни ұстанымдары негізінде екі бөлме - зиратхана мен гурхана бар. Біріншісі намаз оқып, келушілердің еркін әңгімелесуіне арналса, гурханада сандықтас орналасқан. Ол қордайлық граниттен көне түркілік үлгіде, адам өмірінің кезеңдеріне сәйкес, үш деңгейде орындалған. Алтынмен апталған кіреберіс есікті көркем өрнектеп, әсем әшекейлеген ең үздік қазақстандық зергерлердің бірі - Қырым Алтынбеков. 14 метрлік екі күмбезге Алланың 99 аты жазылған. Көрікті кешеннің авторлары - Бек Ыбыраев пен Сәдуақас Ағытаев. ЕСІМДЕР 109 жыл бұрын (1903-1987) актер және режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ДЬЯКОВ Виктор Иванович дүниеге келді. Харьков қаласында туған. Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) сахна өнері техникумында оқыған. 1937 жылдан режиссурамен айналысып, Қазақстандағы Ұйғыр музыкалық драма театрында, Қазақ және Орыс драма театрында қызмет еткен. 1953-1963 жылдары Қазақ телестудиясының бас режиссері болған. 1934-1941 жылдары Қазақ академиялық драма театры студиясында және Алматы театр училищесінде педагогикалық қызметпен шұғылданған. Ол театр сахнасында Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», Ш.Сәлиевтің «Отанды сүю», Ә.Әбішевтің «Бір семья», М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» пьесаларын қойған. «Қызыл Жұлдыз», 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 64 жыл бұрын (1948) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі МҰХАМЕДЖАНОВ Орал Байғонысұлы дүниеге келді. Қостанай қаласында туған. Новосибирь кооперативтік сауда институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1971 - 1974 жылдары Қостанай қаласында облыстық тұтынушылар одағында, мәуіті-шұға комбинатында, облыстық комсомол комитетінде жұмыс істеген. 1974 - 1992 жылдар аралығында комсомол және партия органдарында әртүрлі лауазымдарда, халық депутаттары Торғай облысы облыстық кеңесінде еңбек етті. 1992 - 1994 жылдары Торғай облысы Амангелді аудандық әкімшілігінің басшысы болып жұмыс істеді. 1994 жылы - ХІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Экономикалық реформа комитеті төрағасының орынбасары. 1995 - 1997 жылдары - Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі. 1997 - 2004 жылдар аралығында - Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары, меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2004 жылғы қыркүйектен бастап ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2004 жылғы қараша - 2007 жылғы маусым аралығында - ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы. 2007 жылғы қыркүйекте төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып қайта сайланды. Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. 2008 жылғы ақпаннан бастап «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының Мәжілістегі Фракциясының басшысы. 2008 жылғы қазанда ІV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып сайланды. Бір мезгілде «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының Мәжілістегі Фракциясының басшысы. 2012 жылғы қаңтарда Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының тізімі бойынша V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, Достық Орденімен (Ресей Федерациясы), «За трудовую доблесть», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. 69 жыл бұрын (1943) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі ҚҰНАНБАЕВА Сәлима Сағиқызы дүниеге келді. Алматы облысында туған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. 1972-1992 жылдары - Алматы шет тілдері педагогикалық институтының оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, доценті, проректоры. 1992-1998 жылдары - Қазақ мемлекеттік әлем тілдері институтының бірінші проректоры, оқу ісі жөніндегі проректоры. 1998-1999 жылдары - Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ректоры, бірінші проректоры, оқу ісі жөніндегі проректоры. 50-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 3 моноргафияның авторы. 88 жыл бұрын (1924-1985) ақын, жазушы АМАНШИН Берқайыр Сәлімұлы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) бітірген. Атырау, Жамбыл облыстарында әр түрлі жауапты қызметтер атқарған. 1952-1953 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК-нің нұсқаушысы. Республикалық газет-журналдар мен баспа орындарында жұмыс істеді. Алғашқы «Өлеңдер» жинағы 1954 жылы жарық көрді. «Жылқылы ауылда» (1956), «Бұтақтағы бұлбұлдар», «Жетісу - Жайық», «Ақбота», «Менің өмірбаяным», «Маңғыстауым менің», «Ақ жүректер», «Жайық желі», «Құтты мекен» атты өлеңдер мен поэмалар жинақтарының, «Жар мұңы», «Көкжар», «Гүл көтерген» әңгімелер мен повестердің, «Махамбеттің тағдыры» романының авторы. «Исатайдың семсері», «Таныстық керек», «Жылама, Дәмеш» (М.Гершпен бірге), «Маңғыстау оқиғасы» пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылған. Махамбет, ЬІ.Шөреков шығармаларын жинастырып, жүйелеп бастыруға елеулі еңбек сіңірді. Л.Н.Толстой, А.С.Пушкин, С.Юлаев, т.б. шығармаларын, көне орыс әдебиеті ескерткіші - «Игорь жорығы туралы жырды» қазақ тіліне аударған. 38 жыл бұрын (1974) Қызылорда облысы әкімінің аграрлық мәселелер жөніндегі орынбасары ЖАХАНОВ Бақыт Дүйсенұлы дүниеге келді. Қызылорда қаласында дүниеге келді. 1992 жылы Ыбырай Жахаев атындағы Қызылорда политехникалық институтына түсіп, 1996 жылы экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірді. 1997-2001 жылдар аралығында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы департаментінің экономикалық бағдарлау, нарықтық қатынастар және мониторинг бөлімінің жетекші маманы, және бөлім бастығы, стратегия, мониторинг және реформалар бөлімінің жетекші маманы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маркетингтік зерттеу және өнімді тиімді сату жұмыстарын үйлестіру бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 2002 жылдың сәуір айы мен қазан айы аралығында Қызылорда облыстық экономика басқармасының ақпараттық талдау жұмыстары және бақылау бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 2002-2004 жылдар аралығында Қызылорда облысы әкімі аппаратының бас инспекторы қызметін атқарды. 2005-2008 жылдар аралығында Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаменті директорының орынбасары және 2008-2011 жылдар аралығында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметінде болды. 2011 жылдың шілде айынан қыркүйек айына дейін Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы қызметін атқарды. 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап осы күнге дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқаруда. 78 жыл бұрын (1934) дәрігер-оториноларинголог, медицина ғылымының докторы, профессор ШАЙЫҚОВ Задаш Шайықұлы дүниеге келді. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын (қазіргі Қарағанды мемлекеттік медициналық академия), КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің Орталық дәрігерлер білімін жетілдіру институтының аспирантурасын бітірген. Қарағанды мемлекеттік медициналық институты кафедрасының ассистенті, меңгерушісі, профессоры, Целиноград медициналық институтының (қазіргі Ақмола мемлекеттік медициналық академиясы) кафедра меңгерушісі, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері оториноларингология мәселелеріне - көмей ісік ауруларының клиникасы мен емі, құлақ микрохирургиясы, танау, кеңірдек ауруларына арналған. 269 жыл бұрын (1743-1828) швед ғалымы-натуралисі Карл Петер ТУНБЕРГ дүниеге келді. 191 жыл бұрын (1821-1881) ұлы орыс жазушысы ДОСТОЕВСКИЙ Фёдор Михайлович дүниеге келді. 38 жыл бұрын (1974) американдық актер Леонардо Ди Каприо дүниеге келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін