Астананың бір бұрышында осындай дарынды баланың бар екендігін білген соң, біз оның ата-анасына хабарласуды жөн көрдік. «11 жасында 80 медаль жеңіп алды, спорттық бал биі бойынша әлем және Еуропа чемпионы. Биыл мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанды. Сурет салады, домбыра тартады. Мәнерлеп сырғанаумен 4 жылдан бері айналысуда. Басында Оқушылар сарайында дайындалып жүрген еді, өз талантымен көзге түсіп, Олимпиадалық резервке алынды. Қазір Астанадағы «Алау» мұз сарайында ұлттық командада жаттығуда. Балдық биді қатар алып жүр. Екі спорт бірін-бірі толықтырады деп айтса да болады. Себебі балдық би Нұрияның мәнерлеп сырғанауда өте жоғары деңгейдегі хореографиялық қабілет-қарымының дамуына септігін тигізді», – дейді Нұрияның әкесі Ерлан Сүлеймен.
Спортқа деген ынтасы ерте жастан байқалды, дейді ол. Қазір күн атқаннан, кеш батқанға дейін жаттығудан қолы босамайды екен. «Таңғы 07:00-ден 11:00-ге дейін «Алауда» мәнерлеп сырғанаудан жаттығулар өтеді, содан кейін, 20:00-ден 21:30-ға дейін спорттық балдық биге қатысады. Жұмасына алты күн жаттығу, оның үстіне сабағы бар, тек жексенбі күні демалады», – деп атап өтті Ерлан ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Дегенмен өз қатарынан бір бас озық туған Нұрияның тағдыры тасада қалып кете ме деген күдік те жоқ емес. «Келесі жұмада Мәскеуге мәнерлеп сырғанаудан танымал ресейлік бапкер Ольга Дмитриевна Маркованың мектебіне оқуға барады.
Енді үкімет тарапынан қолдау болса дейміз. Бір миллион теңгесін өз қалтамыздан төлеп қойдық, алайда жарыстар өтеді, жүріп-тұруы бар, сол жағынан біршама қолдау қажет. Өзім химия ғылымдарының докторымын. Нұрия қызым, әрдайым жарыстарға шығып, шетелде Қазақстан намысын сәтті қорғап жүр. Қазақстан қалаларында, Түркия, Дубай (БАӘ), Грузия, Мәскеуге, Санкт-Петербургқа барып, тек жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Жарыс болған сайын өз қалтамыздан төлеп келеміз. Адам ел көріп, жер көріп, өзгелер арқылы өзінің олқы тұстарын байқап, кемшіліктерін түзеп, тәжірибе жинақтаса – өркендей түседі. Осы жағынан алып қарағанда, мемлекет тарапынан қолдау болса дейміз.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау тек республикалық жарыстарда көрсетіледі. Ел ішіндегі қалаларға барғанда, жолын, тұратын жеріне қаражат қарастырылады, дегенмен көп ақша бөле алмайды. Көмек жоқ деп айта алмаймын. Бірақ баланың талантын жан-жақты шыңдау үшін демеу қажет», – дейді Ерлан Сүлеймен. Айта кету керек, ресейлік маман Ольга Маркова қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Абзал Рахымғалиевтің жеке бапкері болған. Қазір ол талантты жастардың жаңа толқынын тәрбиелеп шыққан жоғары деңгейлі бапкер саналады.
Мәнерлеп сырғанау – елімізде кенже дамыған спорт түрлерінің бірі. Дегенмен соңғы жылдары елімізде Элизабет Тұрсынбаева, Жансая Адыханова, Вероника Шевелева мен Айза Мамбекова сияқты спортшыларымыз үлкен додаларда Қазақстанды таныта бастады. Ал Нұрия болса, олардың орнын басатын жаңа буын өкілі. Спорттың бұл түрі кез келген спортшыларға құрық салдыра бермейтінін ескерсек, қазақтың қаршадай қызының көрсеткен жетістігі барша Алаш жұртының мақтанышы екені анық. Бүгінде болашағынан зор үміт күттіріп, жас та болса, жасындай жарқырап келе жатқан Нұрия Сүлеймен келешекте Әлем және Еуропа біріншіліктерінде атой салып, Олимпиада шыңын алатынына сенім мол.