11 қазан күні ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Саудабаев Астана әкімдігінің алдында өтетін Қарағанды облысының жәрмеңкесін аралайды.
11 қазанда ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов «Ядролық қарусыз әлем» форумының қатысушылары және қонақтарымен кездеседі.
11 қазанда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев «Думан» Ойын-сауық орталығында өтетін Солтүстік Қазақстан облысының жәрмеңкесіне қатысады.
11 қазан күні ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінде «Экспорттық-импорттық операциялардың бірыңғай терезесі» болатын интеграциялық ақпараттық жүйені енгізу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
11 қазан күні Парламент Мәжілісінде «Оралмандар үшін қолжетімді қызметті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік әлеуметтік саясаты» тақырыбында отырыс болады.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
11 қазан мен 13 қазан аралығында Бейжіңде Астана қаласының Мәдениет күндері өтеді.
ТМД
8-24 қазан аралығында Киевтің Brucie Collections галереясында әлемге танымал фотосуретші Говард Шатцтың көрмесі өтеді.
ҚОҒАМ
1 қаңтардан 25 қарашаға дейін ҚР Мәдениет министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының этножурналистика саласында «Шаңырақ» атты бірлескен конкурсы өтуде.
СПОРТ
22 қыркүйектен 10 қазанға дейін Бакуде бокстан XVI әлем чемпионаты өтуде.
12 қазан күні сағат 16.00-де Австриядағы «Глоггнитц» стадионында 17 жасқа дейінгі қыздар арасында футболдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатының бірінші іріктеу сатысы аясында Қазақстанның жастар құрамасы Австрия командасымен алаңға шығады.
АСТАНА
11 қазан күні «Рэдиссон» қонақ үйінде Орталық Азиядағы Есірткіге қарсы күрес бағдарламасының аймақтық жетекші комитетінің екінші отырысы болады.
11 қазанда «Нұр Отан» ХДП-ның Орталық аппаратында «Қазақстан Республикасындағы халықтың әлеуметтік-саяси көңіл-күйі» әлеуметтік зерттеуінің нәтижесі бойынша брифинг өтеді.
12-13 қазан күндері Астанада «Ядролық қарусыз әлем үшін форумы» өтеді.
10-14 қазанда Астанада Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық жастар мен жасөспірімдер театрының гастролі өтеді.
11-12 қазан күндері Астанада Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының күндері өтеді
АЛМАТЫ
11 қазанда Алматыдағы «Қазжол» қонақ үйінде Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты жағдайды сауатты жазу бойынша журналистерге арналып тренинг өтеді.
11 қазан күні Қазақстан баспасөз клубында жыл сайынғы Ұлттық қоғамдық жүлде — «Алтын жүрек-2011» жүлесінің бесінші мерейтойына арналып баспасөз мәслихаты өтеді.
11-14 қазан күндері Алматыда «KIW-2011» деген атпен ІІ қазақстандық интернет апталығы өтеді.
14-қазанда Алматыда «Жастардың үкіметтік емес ұйымдары: кім, не үшін және қалай?» деп аталатын дөңгелек үстел жиыны болады. Оны Қазақстан жастар ақпараттық қызметі ұйымдастырып отыр.
АЙМАҚ
ШҚО
12-13 қазанда Астана мен Семейде «Ядролық қарусыз әлем үшін форумы» өтеді.
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ
13-14 қазанда Ақтөбе қаласында «Қанатты әйел — 4» атты Идеялар мен тауарлар жәрмеңкесі өткізіледі.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
ҚАЗАННЫҢ 11-І, СЕЙСЕНБІ
Башқұртстан Республикасының күні
Бұл күні 1990 жылы Башқортостан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация жарияланды.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) Алматыда «Қазпошта» АҚ, «Eesti Elektronpost» компаниясы және «Astermann LLP» консалтингтік компанияларының құрылтайшы болуымен құрылған «Электронпост.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұсаукесері болды. Тұтынушыларына автоматты конверттеу, сандық басу, мәліметтерді басқару, электронды және тікелей маркетинг қызметтерін көрсететін ақпараттық логистиканы ұсынып отырған мекеме өкілдері бұндай қызметтер қазақстандық нарық үшін өте қажет екендігін айтып отыр. Электронды есеп беру мен мұрағатқа сақтау қызметін енгізу алғашқы 3 жылға жоспарланған. Маркетинг қызметі де осы мерзімде жүзеге асырылатынын айтқан ол жалпы логистикалық қызметті 3-4 жылдың ішінде енгізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
1 жыл бұрын (2010) Ташкентте бесінші рет өткен Art Week Style.uz апталығының аясында танымал LОfficiel журналының орталықазиялық нұсқасының таныстырылымы өтті.
Француздың байырғы сәндік басылымы болып табылатын LОfficiel журналы 1921 жылы Парижде жарық көрген, ал кейіннен 1938 жылы түрлі-түсті фотосуреттер жариялай бастаған әлемге танымал алғашқы сән журналына айналған. Бүгінде басылым Франция, Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия, Жапония, Араб Әмірлігі, Бразилия, Грекия, Украина, Латвия елдерінде шығады. Ал енді міне, журналдың 90 жылдығы қарсаңында LОfficiel Central Asia нұсқасы жарық көріп отыр.
LОfficiel Central Asia журналы орыс тілінде шығатын және маусым сайын жарық көретін бірегей басылымның бірі. Оның бас редакторы — дизайнер Гүлнара Каримова.
Ташкент мейрамханаларының бірінде өткен таныстырылымға басылымның иесі Мари-Жозе Сасскинд-Жалю ханым, танымал сән үйлерінің өкілдері қатысты.
«TERRA GROUP» компаниясының телерадиохабарлар тарату жөніндегі директоры АХакимовтың хабарлауынша, басылым ұжымы аймақтағы, оның ішінде Қазақстандағы сән үрдістерімен таныстырмақ.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1946) «Абай» халықаралық клубының президенті, жазушы, Бүкіләлемдік өнер академиясының академигі СЕЙСЕНБАЕВ Роллан Шәкенұлы дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институттын, Мәскеу әдеби институттын бітірген.
1967-1973 жылдары — Семей облыстық студенттік құрылыс отрядының командирі, Қазақстан лениндік коммунистік жастар одағы Семей облысы комитетінің спорт және бұқаралық қорғаныс жұмыстары бөлімінің меңгерушісі, 1973-1974 жылдары — Семей қаласы Киров аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1975-1991 жылдары — КСРО Жазушылар Одағының қазақ әдебиеті жөніндегі жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. 1991-2000 жылдары — шығармашылық жұмыста болды. 2000 жылдан бастап — қазіргі қызметінде.
Алғашқы повесі 1975 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта «Аңсау», «Өзімді іздеп жүрмін», «Сағынып жеткен жаз еді» повестері, «Өмір сүргің келсе егер», «Тау басында түйіскен жол», «Ібіліс тағы», т.б. романдары жарық көрген. «Өзімді іздеп жүрмін» пьесасы 1975 жылы жас драматургтердің бүкілодақтық байқауында жүлдеге ие болған. оның пьесалары республикалық театр сахналарында қойылып келеді. Жазушы Абайдың қара сөздерін орыс тіліне аударуға ат салысып, Англияда Абай үйін ашуға өз үлесін қосқан.
Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достастығы, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Қазақстан комсомолы сыйлығының, КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Колумбия университеті сыйлығының лауреаты.
40 жыл бұрын (1971) Кеден қызметінің полковнигі, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің бастығы ЖАҢАБАЕВ Ұлықбек Жақсылықұлы дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. Қазақ химия-технология институттын, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Ресей кеден академиясын бітірген.
Еңбек қызметін 1993 жылы Оңтүстік-аймақтық кеденнің инспекторы ретінде бастады. 1999-2000 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Бас кеден басқармасының кедендік төлемдер мен валюталық бақылау бөлімінің бастығы, 2000-2002 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Бас кеден басқармасы бастығының орынбасары, 2002-2003 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Кеден басқармасының бастығы, 2003-2008 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. 2008 жылдың қаңтар айынан бастап — қазіргі қызметінде.
«Құрмет» орденімен және «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
40 жыл бұрын (1971) «Сезон» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі АЙЫМБЕТОВА Жәмилә Жомартқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Халықаралық бизнес академиясын бітірген.
1993-1998 жылдары — «31 канал» телерадиокомпаниясы Жаңалықтарының шеф-редакторы, «В стиле БИТ», «Тет-а-тет», «Бизнес-блокнот» бағдарламаларының авторы және жүргізушісі, 1996-1998 жылдары — «Сезон» бағдарламасының авторы, 1997-1998 жылдары — «Сезон» шығармашылық бірлестігінің бас директоры қызметтерін атқарған. 1998 жылдан бастап — қазіргі қызметінде.
«Алтын Жұлдыз-1995» республикалық байқауының лауреаты.
ҚАЗАННЫҢ 12-І, СӘРСЕНБІ
Испанияның ұлттық мейрамы — Испан ұлтының күні
Х.Колумбтың Американы ашқан жылының құрметіне орай атап өтеді (1492). Испания Корольдігі — Еуропаның оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Пиреней түбегінің көп бөлігін және Жерорта теңізіндегі Балеар, Питиус аралдары мен Атлант мұхитындағы Канар аралдарын иеленеді. Ресми тілі — испан тілі. Астанасы — Мадрид қаласы. Мемлекет басшысы — король. Заң шығарушы органы — екі палаталы парламент.
Қазақстан Республикасы мен Испан Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 11-інде орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
1 жыл бұрын (2010) Украинаның Львов қаласында өткен украина диаспораларының үшінші халықаралық конгресінде «Украиндықтар Қазақстанға» қауымдастығының төрағасы Михаил Парипсаға диплом және «Украина патриоты» төсбелгісі табыс етілді.
Павлодарлық украиндық бұл құрметке украин мәдениетін кеңінен таныстыру жөніндегі ұзақ жылдық еңбегі үшін, Украина мен Қазақстан халықтарының достығын нығайтуға қосқан қомақты үлесі үшін ие болып отыр. Ол еліміздегі республикалық және облыстық украиналық қоғамдық бірлестіктерді құрудың бастамашысы және ұзақ жылдар бойғы төрағасы.
1 жыл бұрын (2010) Загребтегі «Мимара» мемлекеттік мұражайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандық жол» кітабының хорват тіліндегі нұсқасының тұсаукесері болып өтті.
Хорват тіліндегі кітапқа алғысөз жазған елдің бұрынғы президенті (2000-2010) Степан Месич құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктерін, Президент Н.Назарбаевтың бастамасы негізінде БҰҰ Бас Ассамблеясының тамыздың 29-ын Ядролық сынақтарға қарсы күрестің Халықаралық күні ретінде атап өту туралы қарар қабылдағаны және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі үдерісін қоса алғандағы Астананың сыртқы саяси бастамаларын атап өтті.
1 жыл бұрын (2010) Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы орталық көшелердің біріне Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов аты берілді.
Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов 1923 жылы Жаңақорған ауданы Өзгент ауылында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын комсомол органдарында бастап, Шиелі аудандық партия комитетінің МТС аймағындағы хатшысы, кейін Шиелі ауданының бірінші хатшылығына дейін көтеріледі. 1957-1972 жылдар аралығында Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандарында партия комитеттерінің бірінші хатшысы болды.
1962 жылы Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. Көп ұзамай Жалағаш ауданының бірінші хатшысы қызметіне келген ол күндіз-түні кірпік ілмей ауданның өрлеуі жолында танбай еңбек етеді. Жалағаш ауданы Кеңес Одағы тұсында Исатай Әбдікәрімовтың қажырлы еңбегінің арқасында күрішті көп егіп, мол өнім жинайтын ырысты өлкеге айналады. Сол кезде білікті басшының еңбегі ескеріліп 1971 жылы И. Әбдікәрімовке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол 1972 жылдың сәуір айында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болады. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат ұйымдастыру, ұйытқы болу тізгінін алты жыл бойы өз қолында ұстады. Исатай аға басқарған жылдары облыс егіншіліктен эканомикасы ілгерілеген аймаққа айналда. Осы кезеңде өнеркәсіп дамыды. Тоқылмайтын маталар фабрикасы, күріш шаруашылығы машиналарын жасау зауыты қатарға қосылды.
Қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағалығы қызметіне дейін жоғарылатылады. Отан алдындағы сіңірген еңбектері үшін И.Әбдікәрімов бірнеше ордендермен, медальдармен марапатталды. Екі рет Одақтың, Республикалық Жоғары Кеңестің депутаты болып сайланған. Партия сьездеріне қатысып, Орталық комитет мүшесі болған.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1951) «Semser Security» ЖШС бас директорының кеңесшісі, милиция полковнигі ПРИХОДЬКО Николай Иванович дүниеге келді.
Алматы облысының Талғар ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1975-1984 жылдары — Ленин аудандық Ішкі істер бөлімі Қылмыстық іздестіру бөлімінің учаскелік инспекторы, бастығының көмекшісі, аға инспекторы, 1984 жылы — Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі инспекция бөлімінің аға инспекторы, 1984-1987 жылдары — Ленин аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары, Алматы қалалық атқару комитеті Ішкі істер басқармасының қоғамдық тәртіпті сақтау бөлімі бастығының орынбасары, 1987-1989 жылдары — Мәскеу аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы, 1989-1990 жылдары — КСРО Ішкі істер министрлігі академиясының тыңдаушысы, 1990-1993 жылдары — Алматы қаласының Мемлекеттік ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, 1993-1995 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қоғамдық тәртіпті сақтау бас басқармасының бастығы, 1995-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әкімшілік қызмет бас басқармасының бастығы, 1997-1999 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция департаментінің бастығы, 1999-2001 жылдары — Маңғыстау облысы Ішкі істер басқармасының бастығы, 2001-2002 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көліктегі мемлекеттік ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, 2002 жылы — Көліктегі орталық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап — қазіргі қызметінде.
2-ші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
ҚАЗАННЫҢ 13-І, БЕЙСЕНБІ
Халықаралық табиғи апаттар қаупін азайту күні
БҰҰ Бас Ассамблеясы, 1989 жылы № 44/236 Қарарында «Халықаралық табиғи апаттар қаупін азайту жөніндегі онжылдық» жариялап, қазанның екінші сәрсенбісін Халықаралық табиғи апаттар қаупін азайту күні деп белгіледі және оны 1990-1999 жылдары жыл сайын атап өтуге қаулы етті.
2001-інші жылы Бас Ассамблея өзінің 56/195 қарарында табиғи апаттардың алдын алуды, оның зардаптарын жеңілдету мен оған дайын болуды қамтамасыз етуді қоса ескергенде — табиғи апаттар қаупін азайту мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдесетін құралдардың бірі деп есептей отыра — осы күнді жыл сайын атап өтуге қаулы шығарды.
Бүкіләлемдік көз көруі күні
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының ұсынысы бойынша жыл сайын қазанның екінші бейсенбісінде атап өтіледі. Бұл күн қоғамдастық назарын соқырлық мәселесіне аударуды, көре алу қабілетінің құндылығы туралы ойлануға және мүмкіндігінше барлық мұқтаж адамдардың окулист-дәрігерлер қызметіне қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді.
Бүкіләлемдік көз көруі күнін өткізуге көздің көруі бұзылуының алдын алу және көз көруін қайта қалпына келтіру саласындағы барлық әріптестер қатысады. Сондай-ақ бұл күн соқыр болып қалудың алдын алу және ДДҰ мен Соқырлықтың алдын алу халықаралық агенттігі құрған «Көру 2020: Көз көру құқығы» соқырлықтың алдын алу жөніндегі жаһандық ұсыныстың негізгі ақпараттық-насихаттық мәнісі болып табылады.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) Орал қаласының бірқатар көше, аудандарына жаңа атаулар берілді. Орал қалалық мәслихаты мен қалалық әкімдігінің бірлескен шешіміне сәйкес Оралдың 7-шағын ауданына — Астана, 9-шағын ауданына Жаңа орда атаулары берілді. Шаған кенттік округінде — Болашақ, Деркөл кенттік округінде Үміт атты жаңа ауылдар пайда болды. Сондай-ақ қаланың «Солтүстік-шығыс» шағын ауданындағы Достық пен Светлаяның арасындағы көшеге — облыс аудандарында басшылық қызметтер атқарған Есет Тоқсановтың, Литовская мен Кавказскаяның арасындағы көшеге ғалым, академик Ғақаш Бияшевтің есімі берілді.
5 жыл бұрын (2006) Алматыда «Қазпошта» АҚ «Мерейтой және ұмытылмас даталар» сериясы бойынша Ахмет Жұбановтың 100 жылдығына арналған жаңа пошта маркасын айналымға енгізді. 50 мың данамен шығарылған бұл марканың суретін салған Данияр Мұхамеджанов. Ол Бейжің қаласындағы пошталық төлем белгілері фабрикасында (ҚХР) басылған. «Бұл ел өміріндегі маңызы зор үлкен оқиға. Өйткені жаңа пошта маркасы арқылы қазақтың кәсіби музыкасының негізін салушы, публицист, қоғам қайраткері Ахмет Жұбановтың есімін республикаға ғана емес күллі дүние жүзіне паш етудің бір жолы», — дейді Д.Өткелбаев.
Жұбанов Ахмет Қуанұлы (1906-1968) — қазақтың кәсіби музыка мәдениетінің негізін қалаушы, көрнекті ғалым-фольклоршы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының тұңғыш ректоры, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрінің негізін қалаушы, композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Ақтөбе облысының Темір ауданында дүниеге келді. Жасынан музыка өнеріне бейімділігін байқатып, домбыра, скрипка аспаптарында ойнауды меңгерді.
5 жыл бұрын (2006) Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық ғылымның дамуына қосқан үлесі мен сіңірген еңбегі үшін ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының алғашқы алтын медалімен марапатталды. Елбасына медальді өз қолымен табыс еткен ҚР ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов Н. Назарбаевтың отандық ғылымның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалай келе: Отандық ғылымды әлемдік талаптарға жауап бере алатындай етіп көтеру үшін мол қаржы бөліп қана қоймай, оған мемлекет тарапынан қамқорлық та қажет. Ал бұл орайда сіздің атқарып жатқан еңбегіңізді ескермеу мүмкін емес?, — деді.
3 жыл бұрын (2008) Қазақстанда жаңа холдинг — «Самұрық-Қазына» Ұлттық игілік қоры құрылды. Бұл туралы бүгін Үкіметтің Астанада өтіп жатқан кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. «Біздің барлық мемлекеттік активтерімізді бір ортаға біріктіру үшін мен бүгін екі ірі «Қазына», «Самұрық» мемлекеттік холдингтерін біріктіру және олардың базасында жаңа холдинг «Самұрық — Қазына» Ұлттық игілік қорын құру туралы Жарлыққа қол қойдым», деді кеңейтілген мәжілісте Мемлекет басшысы. Елбасы ірі мемлекеттік активтерді біріктіру мәселесін біржолата шешу үшін «Қазынаның» белсенді инвестициялық ұстанымын «Самұрықтың» стратегиялық ресрустарымен біріктіре отырып, біз әлемдік деңгейдегі мемлекеттік қор құрудамыз. Ол кез келген ауқымдағы жобаларды жүзеге асыруға қабілетті бола алады», деп атап көрсетті Президент. Елбасы жаңа холдингтің әлемдегі табысты мемлекеттік холдингтердің үлгісінде жұмыс ітеуі қажеттігін қадап айтты.
3 жыл бұрын (2008) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі кейбір шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
ЕСІМДЕР
35 жыл бұрын (1976) Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі НӘЛІБАЕВ Нұрлыбек Мәшбекұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық Заң университетін бітірген.
1997-1999 жылдары — «Казахойл-коммерция» ЖШС мұнай және мұнай өндірісі сарапшысы, «Бұлақ» ЖШС директорының орынбасары, 1999-2002 жылдары — «Стандарт ОйлБейс» ЖШС директоры, «Стандарт ОйлТрейдинг» ЖШС директоры, «СтандартГаз» ЖШС директорының орынбасары, 2002-2005 жылдары — «ХаррикейнОйлПродактс» шағын акционерлік қоғамының Қызылорда қаласындағы бөлімшесінің директоры, «ҚызылордаМұнайСервис» ЖШС бас директоры, 2005-2007 жылдары — Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, 2007-2008 жылдары — Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған. 2008 жылдың ақпан айынан бастап — қазіргі қызметінде.
ҚАЗАННЫҢ 14-І, ЖҰМА
Дүниежүзілік жұмыртқа күні
Әлемнің көптеген елдерінде қазанның екінші жұмасында Дүниежүзілік жұмыртқа күні (World Egg Day) атап өтіледі. Бұл мейрам — жұмыртқаны, омлетті және қуырылған жұмырқаны жақсы көретіндердің мейрамы. Мейрамның тарихы мынандай: 1996 жылғы Венадағы Халықаралық жұмыртқа комиссиясында (International Egg Commission) дүниежүзілік «жұмыртқа» мейрамын қазанның екінші жұмасында өткізілуін жариялады. Комиссияның айтуынша көптеген елдерде жұмыртқа күнін тойлаудың көптеген себебтері бар, әсіресе жұмыртқа өнімін өндіретін ұйымдар мейрамды тойлауға дайын екенін айтты. Соңғы оңжылдықта жұмыртқа туралы көптеген жағымсыз пікірлер айтылды, соңғы ғылым зерттеулерінің бойынша жұмыртқаны пайдаланудан қашпау керек. Оның ішінде көптеген ағзаға пайдалы заттар, витаминдер мен минералдар бар, антиоксиданттар кейбір ауруларға көмектеседі. Жұмыртқа холестерин деңгейін көтермейді. Сондықтан да, күніне бір жұмыртқа жеуге әбден болады.
Халықаралық стандарттау күні
1946 жылғы қазанның 14-інде Халықаралық стандарттау ұйымын құру туралы шешім шықты.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2008) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстандағы тұңғыш Астана-Щучье автобаны бойынша алты жолақты жол қозғалысының ашылу рәсімі болды. Еліміз үшін мұндай автожолдар қажет, деп атап айтты Президент журналистермен болған сұхбатта. Елбасының айтуынша, мұндай автожолдың бір шақырымының құны 3-4 млн. долларға жетеді, бірақ бұл 20-25 жылдық кепілдік сапасымен өтеледі.
Естеріңізге сала кетейік, Астана-Щучье автожолының ұзындығы 224 шақырым, оның ішінде алты жолақты жолдың ұзындығы ? 215 шақырым. Жобаның жалпы құны 115 млрд. теңге.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1916-1997) ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЕРҒАЛИЕВ Хамит дүниеге келді.
Атырау облысының Махамбет ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1945-1950 жылдары — «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдеби қызметкері. 1950-1957 жылдары — Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі. 1958-1959 жылдары Қазақстан мемлекеттік әдебиет баспасы поэзия секциясының меңгерушісі болған. Ақынның 30-ға тарта жыр жинақтары, «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Жылдар, жылдар» атты поэмалары бар. Ақын поэзиясында Азамат соғысының отты жылдары, Украин халқының ұлы ақыны Т.Шевченко тағдыры, академик, композитор А.Жұбанов бейнесі, дәуіріміздің басқа да өзекті мәселелері көркем бейнеленген. Сонымен қатар оның қаламынан туған әңгімелер мен естеліктер, әдеби мақалалар мен эсселер де бар. Ол Д.Байронның, П.Неруданың, Н.Хикметтің, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, А.Некрасовтың, В.Маяковскийдің, Р.Ғамзатовтың, А.Сурковтың кейбір поэзиялық туындыларын, Шекспир сонеттерін қазақ тіліне аударған. Қырғыз халқының «Манас», қарақалпақ халқының «Қырық қыз» эпостарын қазақ тіліне тәржімалауға ат салысқан. Ақынның өз шығармалары да бірқатар шет ел тілдеріне аударылған.
Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», 1-2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.
80 жыл бұрын (1931-2002) құрылыс инженері, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы ҚУАТБАЕВ Қуанғали дүниеге келді.
Атырау облысында туған. Ленинград технология институтын бітірген. 1954-1962 жылдары — Қазақстан Ғылым Академиясы Құрылыс және құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу институты мен Қазақстан Құрылыс және сәулет академиясы Қазақ филиалында, 1962-2002 жылдары — Алматы құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу және жобалау институтында қызмет еткен. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері силикат пен құрылыс материалдарының химиялық технологиясына арналған. Оның ғылыми ұсыныстары Ақтөбе, Астана, Қостанай, Орал, Семей, Павлодар, Теміртау, Қырғыстанның Иваново, Өзбекстанның Жизақ, Ресейдің Қиыр Шығыс зауыттарындағы силикат материалдарына енгізілді. Қуатбаевтың 500-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 10 монографиясы бар. Еңбектері ағылшын, неміс, венгр, румын тілдерінде жарияланған. Оның тікелей араласуымен құрылысқа қатысты 35 нормативтік құжат әзірленген. Ол 100-ге тарта авторлық куәліктің иесі.
«Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.
ҚАЗАННЫҢ 15-І, СЕНБІ
Халықаралық ауыл әйелдері күні
2008-інші жылдан бастап жыл сайын қазанның 15-інде атап өтіледі. БҰҰ Бас Ассамблеясының «Ауылдық жерлердегі әйелдердің жағдайларын жақсарту» қарарында (2008-інші жылғы ақпанның 12-сіндегі № A/RES/62/136 қарар) жарияланды.
Бас Ассамблеяның бұл шешімі ауылдық жерлердегі әйелдердің жағдайларын жақсартуға тікелей арналған және 2001-інші жылдан бастап екі жыл сайын қабылданып отырған (№№ 56/129, 58/146, 60/138) бұдан бұрынғы қарарларды қарастыру аясында қабылданды.
Бүкіләлемдік қол жуу күні
Біріккен Ұлттар Ұйымы, соның ішінде БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), қазанның 15-ін Бүкіләлемдік қол жуу күні деп жариялады.
Қолды сабынмен жуу — жыл сайын 3,5 миллион балалар өмірін қиятын түрлі аурулардың алдын алудағы неғұрлым тиімді және үнемді дауалардың бірі.
Бүкіләлемдік қол жуу күні санитарлық тазалық пен гигиеналық дағдыларға шақырады.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2008) Қордайлық кәсіпкер Базарбай Ұзабаев үлкен жаңалық ашты. Ол ұнның құрамындағы йодты сақтап қалу әдісін тапты. Мемлекеттік қызметтегі жұмысын тастап, Қордай ауданына — топырағы құнарлы, егін шаруашылығы дамыған ауданға қоныс тепкен Базар Ұзабаев ұн тартудың жаңа бірегей әдісін енгізу жөніндегі өз идеясын жүзеге асыруға кірісті. Термогидроөңдеу барысында ұндағы жойылып кететін барлық пайдалы заттарды сақтап қалуға негізделген жаңа тәсіл бүгінде нәтиже беріп те отыр. Кәсіпкер ауданда жұмыссыз тұрған нан-тоқаш және басқа да азық-түлік өнімдері цехының базасында жаңа бірегей диірмен ашып, «Қордай нан» кәсіпорнын іске қосты. Бір жылдан астам уақыттың ішінде Қордай ауданында ұн тарту және тәулігіне 3,5 мың бөлке нан пісіру қуаты бар өндіріс пайда болды. Бұл жерде нан тек бидай ұнынан ғана емес, жүгері, бұршақ, соя, құмық, күріш және т.б. дәнді дақылдардан тартылатын композитті ұннан пісіріледі. Сондай-ақ аудан орталығында «Қордай нан» фирмалық дүкені ашылды. Таразда да бір ауысымда 8 мың бөлке пісіретін нан цехы мен фирмалық дүкен ашу жоспарда бар. Тағы бір айта кететін жайт, қордай ұны жоғары сұрыпты кәдімгі қазақстандық ұннан 10-20 пайызға арзандау. «Қордай нан» фирмалық брэнді бүгінде Таразда ғана емес, Алматыда да танылуда. Ресейлік кәсіпкерлер де Базар Ұзабаевқа Ресейде йодпен байытылған ұн шығаратын және сондай ұннан нан-тоқаш өнімдерін пісіретін ірі өндіріс ашуды ұсынды. Бірақ кәсіпкер бұл ұсыныстан бас тартты. Б. Ұзабаевтың айтуынша, құрамындағы пайдалы заттары сақталған композитті нанды республикалық Тағам академиясы жоғары бағалап отыр. Кәдімгі нанға қарағанда, нанның бұл түрінде пайдалы микроэлементтер — йод, темір, аминоқышқылдардың барлық түрлері, витамин мол.
1 жыл бұрын (2010) Оралда «Әдеби әлем» www.adebiet.kz порталының таныстырылымы болды.
«Мемлекеттік тіл саясаты: жаңа кезең мен жаңа міндеттер» атты ІІІ халықаралық конференцияға жиналғандар алдында «Жайық Пресс» ЖШС-нің Бас директоры Шыңғыс Мұқан тың жобаның басты ерекшеліктеріне тоқталып, көрнекі түрде баяндап берді. Экран арқылы «Әдеби әлемді» тамашалаушылар шынайы ұлттық порталдың дүниеге келгеніне көз жеткізді.
Заманауи техниканың мүмкіндіктерін пайдаланып, алыс-жақын шетелдегі бауырларымызға дейін енді еліміздегі аты танымал қаламгерлердің шығармаларымен таныса алады. Алғашқы бетінде әліпби тізбегімен берілген кез келген әріпті басып, сол әріптен басталатын ақын, жазушының аты-тегін табуға болады. Одан әрі оның қысқаша өмірбаяндық дерегі мен шығармалар атауының тізбегі берілген. Ал екінші қатардағы әліпби тізбекте олардың шығармалары берілген. Ұлы Абайдан бастау алып, Махамбеттей батырдың жалын жырын оқырманға жеткізген бұл бағдарламада қалымды қаламгерлердің біршама өлең-дастаны мен повесть, т.б. еңбектері енгізілген.
1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Өтеусіз әскери көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1911-1966) әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЫСМАЙЫЛОВ Есмағамбет Самұратұлы дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1934-1938 жылдары — «Қазақстан коммунисі» журналының жауапты хатшысы. 1939-1966 жылдары — Қазақстан коммунистік журналистика институтының, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының, Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, профессоры, Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі болған. Ғалымның негізгі ғылыми зерттеу еңбектері әдебиет сынына, теориясына, тарихына және фольклортану мәселелеріне арналған.
«Вопросы теории и литературы», «Казахская литература начала XX века», «К новому рубежу» атты ғылыми жұмыстарының авторы.
Ақмола облысының Степногорск қаласындағы бір көшеге, туған жеріндегі орта мектеп пен кітапханаға оның есімі берілген.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
95 жыл бұрын (1916-1963) актриса, Қазақ КСР-інің халық әртісі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі ҚОЙШЫБАЕВА Рахия Рысбайқызы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Сахнадағы өнер жолын Қарағандының Жұмысшы жастар театрынан (қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры) бастап, 1938 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрының құрамына қабылданған. Алғашқы рөлін Асқар Тоқмағанбетовтың «Әзірет сұлтан» қойылымындағы күтуші кемпірден бастап, Зере (Мұхтар Әуезов «Түнгі сарын», «Шекарада», «Абай»), Мақпал, Дәмелі (Ғабит Мүсірепов «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқты»), Меңсұлу (Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»), Зейнеп (Сәбит Мұқанов «Шоқан Уәлиханов») сияқты күрделі бейнелерді сахнаға шығарды. Классикалық драматургиядан Н.Гогольдің «Ревизорында» Анна Андреевнаның, А.Островскийдің «Шындық жақсы, ал бақыт одан да артық» және «Таланттылар мен табынушыларында» Мавра Тарасовна мен Долина Пантелеевнаның, Ж.Мольердің «Скапеннің айласы» мен «Сараңында» Зарбинетта мен Фрозинаның, т.б. рөлдерін сомдады. 1940 жылдан бастап «Райхан», «Абай әні», «Алтын мүйіз», «Махаббат дастаны», «Біздің сүйікті дәрігер», «Егер біздің бәріміз де» фильмдеріне түсті. Сонымен қатар актриса халық әндерін нақышына келтіре орындаушы ретінде де ерекше көзге түсті.
Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.
80 жыл бұрын (1931-1994) актриса, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ИІСОВА Тұратай дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын бітірген. 1956 жылдан өмірінің соңына дейін Семей қаласындағы Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театрында актриса болып қызмет атқарған. Оның театр сахнада жасаған бейнелері ірі де сан қырлы. Солардың ішінде: М.Әуезовтың «Қара Қыпшақ Қобыландысында» — Қарлыға, «Еңлік — Кебегінде» — Еңлік, «Абайда» — Әйгерім, Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері — Ақтоқтысында» — Ақтоқты, «Қозы Көрпеш — Баян сұлуында» — Мақпал, Ш.Айтматовтың «Жәмиләсында» — Жәмилә, «Ана-Жер анасында» — Әлиман, Б.Майлиннің «Шұғасында» — Күлзипа, А.Штейннің «Толасында» — Тата Нерадова, Д.Исабековтің «Әпкесінде» — Әпке, т.б. көптеген, классикалық, трагедиялық, комедиялық, психологиялық, драмалық бейнелер бар.
ҚАЗАННЫҢ 16-Ы, ЖЕКСЕНБІ
Дүниежүзілік азық-түлік күні
1979-ыншы жылы Ұлттар Ұйымының жыл сайынғы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымдары конференциясы (FAO) қоғам назарын бүкіләлемдік азық-түлік мәселесіне аудару және әлемдік қоғамдастықты аштықпен, қайыршылықпен және кедейшілікпен күресте ынтамақтастығын нығайту мақсатында жарияланған.
Дүниежүзілік анестезиологтар күні
Анестезия — жүйке сезімталдығының жоғалуы. Жасанды анезтезияны хирургиялық операцияны ауыртпау жасау үшін қолданады. Анестезия жалпы, жергілікті және жұлын-ми сұйықтығы анестезиясы болып бөлінеді. Тарихтың айтуынша 1846 жылғы қазанның 16-ында Томас Мортон тіс дәрігері эфир наркозымен операция өткізді. Бұл күнді дүниежүзі Анестезиолог күні деп есептейді.
Бастық күні (Босс күні)
1958 жылы Патриция Хароски американ хатшысы жаңа мейрам — Бастық күнін — ұсынды. 1962 жылы Иллинойс штатының губернаторы бұл мейрамды ресми түрде бекітті. Бұл дәстүрді көптеген елдер қолдады және мейрам дүниежүзіне тез тарады.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) Мәскеуде көпке танымал «Өнегелі адамдар өмірі» сериясының кезекті 1206-шы басылымы — Мұхтар Әуезов туралы кітаптың таныстырылымы өтті. «Өнегелі адамдар өмірі» сериясын 1890 жылы Ф. Павленков құрған. Жаңа басылым — мәскеулік оқырмандар көптен күткен туынды. «Молодая гвардия» баспасының өмірбаяндар сериясы Николай Анастасьев шеберлікпен жазған қазақтың ұлы жазушысы және ғалымы Мұхтар Әуезов туралы кітаппен толықты (автор қазақтың тағы бір атақты жазушысы Ә.Нұрпейісов туралы кітабымен белгілі). Шара Ресей мемлекеттік кітапханасының Шығыс әдебиеті орталығының мәжіліс залында өтті. «Мұхтар Әуезов — әдебиеттің алтын ғасыры классикалық реализмінің заңды мұрагері», — деп есептейді Николай Анастасьев. Басқосуда бұл кітаптың шығуы Қазақстан мен Ресей арасындағы беки түсіп отырған мәдени ынтымақтастықтың тағы бір елеулі қадамы екені аталып өтілді.
Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) — қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Шығыс Қазақстан облысында туған. Семей қаласында медреседе, онан соң бес кластық орыс мектебінде, ал 1915-1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік ? Кебек» пьесасын жазады. Бұл қазақ ұлттық драмасының қарлығашы еді. Осы пьесасы мен 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Сол жылдарда Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты басқа да белгілі әдебиет және мәдениет қайраткерлерімен танысады. «Абай» журналын шығаруға атсалысады. Әуезовтің озық ойы, таным-парасаты қолдау тауып отырған. Жазушы суреткерлігіне тәнті болған шет ел жазушылары мен әдебиетшілері де оның шығармаларында қазақ қоғамының өзіндік сипаты мол, қайшылыққа толы өмір-тұрмысы, әдет-салттары әсерлі бейнеленетіне ерекше көңіл қойған. әлем әдебиеттерінің өкілдері Әуезовтің шығармашылығын жоғары бағалаған. «Абай жолы» роман эпопеясына Луи Арагон «20 ғасырдағы ең ұлы шығармалардың бірі» деп баға берген. 1961 жылы 27 маусымда қайтыс болғаннан кейін, республика үкіметінің қаулысымен Қазақ КСР ҒА Әдебиет және өнер институтына, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді. Жазушының әдеби-мемориалдық музейі ашылды, Алматы қаласының бір ауданы, бірқатар мектептер, көшелер қаламгер есімімен аталады. Туғанына 100 жыл толуына орай мерекесі ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті.
5 жыл бұрын (2006) Алматыда қыз-келіншектерге арналған «Аяулым» журналының сүйінші данасы жарық көрді. Түрлі-түсті сапалы қағазға басылған 96 беттік осынау журналдың сүйінші данасы баспадан шықты. Олжас Сүлейменовтың 90-ға келген анасы Фатима әжейдің батасымен ашылған жаңа журналдан «Қасиетті Домалақ ана рухы күзетіп шыққан түн», әнші Қарақат Әбілдинаның «Мен үшін ән төресі — «Аяулым» сұхбаты мен «Әке өнегесін ұстанған қыз қор болмайды» деген мақалаларды оқуға болады. Журналдың алғашқы кезектегі таралымы — 5 мың дана.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1931-1980) ақын, аудармашы МҰХАМЕДЖАНОВ Шәміл дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1956-1974 жылдары — «Әдебиет және өнер» (қазіргі «Жұлдыз») журналынның әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасынның редакторы қызметтерін атқарған. 1974 жылдан бастап шығармашылық жұмыста болған.
Оның алғашқы топтама өлеңі жас ақындардың «Жас қанат» жинағында 1959 жылы басылған. Бұдан кейінгі жылдары ақын қаламынан оннан астам өлең-дастан жинақтары, балаларға арналған кітапшалары жарық көрді. Аударма саласында М.Лермонтовтың, Я.Райнестің, Л.Украинканың, Т.Шевченконың, Р.Ғамзатовтың, Я.Смеляковтың, т.б. шығармаларын қазақ тіліне тәржімалауға қатысты.
40 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары АЛПЫСБАЕВ Аманжол Әлиханұлы дүниеге келді.
Қостанай облысының Амангелді ауданында туған. Алматы технология университетін, Қарағанды экономикалық университетін бітірген.
1995-1997 жылдары — «Қостанай спирт-арақ зауыты» акционерлік қоғамының оқушы реттеушісі, жабдықтау реттеушісі, 1997-1999 жылдары — «Сағжан» ЖШС-ының Есіл бөлімшесі тазалау цехының операторы, шебер-реттеушісі, 1999-2002 жылдары — «Әулет» ЖШС-ының спирт сақтау қоймасының шебері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің Алкоголь өнімдерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік бақылау жөніндегі комитетің Солтүстік Қазақстандық басқармасының бас маманы, бөлім бастығы, бастығы, 2002-2005 жылдары — Қостанай облысы бойынша Салық комитетінің бөлім бастығы, басқарма бастығы, 2005-2006 жылдары — Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қостанай облысы бойынша Басқарма бастығы, 2006-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының кеңесшісі, Телекоммуникация және аэронавигация аясындағы қызметті бақылау және реттеу жөніндегі департамент директорының орынбасары, Стратегиялық жоспарлау және құрама таудау департамент директорының орынбасары, директоры, 2008-2010 жылдары — Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақмола облысы бойынша Департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2010 жылдың маусым айынан бастап — қазіргі қызметінде.