Испанияның Мемлекеттік мейрамы — испан ұлтының күні. Х.Колумбтың Американы ашқан жылының құрметіне орай атап өтеді (1492). Қазақстан Республикасы мен Испан Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 11-інде орнатылды.
Экваторлық Гвинея Республикасының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні. Экваторлық Гвинея — Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Гвинея-Бисау, Сенегал, Малимен, шығысында және оңтүстік-шығысында Кот-д' Ивуармен, оңтүстігінде Либерия, Сьерра-Леонмен, батысында Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы — Конакри қаласы. Мемлекеттік тілі — француз тілі. Ақша бірлігі — гвинея франкі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
22 жыл бұрын (1991) Қазақстан Жастар одағы құрылды.
16 жыл бұрын (1997) Алматыда Ұлттық ақпарат орталығы ашылды.
15 жыл бұрын (1998) композитор Ш.Қалдаяқовтың (1930-1992) Алматыдағы зиратына ескерткіш қойылды.
8 жыл бұрын (2005) Астрахан облысы Володар ауданындағы Алтынжар селосында ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы мемлекетаралық мәдени орталық ашылды. Киіз үй пішіндес ғимаратта Құрманғазының мұражайы, қазіргі заманғы қонақүй және музыка бөлмесі орналасқан. Соңғысында домбыра, фортепьяно, баян және теориялық музыка сыныптары бар. Ал мұражайға 19 ғасырдағы қазақ тұрмысының жәдігерлері, Құрманғазының киімдері мен тұтынған заттары қойылған.
45 жыл бұрын (1968) Мехикода олимпиадалық ойындар басталды. Бұл ойындардың бұрынғыдан ерекшелігі таулы аймақта өткізілгендігінде.
9 жыл бұрын (2004) Қазақстан білім мен ғылым қызметкерлерінің үшінші съезі өткізіліп, онда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың проблемалары мен негізгі бағыттары туралы сөз сөйледі.
5 жыл бұрын (2008) қазанның 12-14 аралығында Аустрияның Федералдық Президенті Хайнц Фишердің Қазақстанға ресми сапары болды.
Сапар барысында еліміздің басшысымен келіссөздер жүргізіліп, екіжақты ынтымақтастықтың бүкіл салалары талқыланды.
12 жыл бұрын (2000) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу және беру ережесін бекіту туралы» Жарлығы жарық көрді.
4 жыл бұрын (2009) Минск қаласында өткен жылдың үздік құрылысы және жобасы халықаралық байқауында қарағандылық архитектор Рамазан Әубәкіровтің жұмысы Алтын медалімен марапатталды.
Халықаралық архитекторлар одағының қауымдастығы өткізіп отырған байқауға Қарағандыдан 5000 орындық мешіттің жобасы ұсынылды. Жұмысты орындаған авторлардың бірі Р.Әубәкіровтің айтуынша, «жоба қасиеті Қағба тасының бейнесіне келтіріліп жасалған». Авторлар куб формасындағы мұсылман мешітін, күмбезі мен мұнарасын ақ түспен жасауды және оларды шынымен қаптап қоюды ұсынды
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1923) қазақ халқынан шыққан тұңғыш сүңгуір кеме капитаны, КСРО Әскери-теңіз флотының 1-дәрежелі капитаны ИХАРОВ Қуанғали Жұмәліұлы дүниеге келді.
Ресейдің Астрахан қаласында туған. Баку қаласындағы теңізшілер техникумын, Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербор) Жоғары әскери-теңіз училищесін, Владивостоктағы командирлер курсын бітірген. Ұлы Отан соғысы жылдары Новороссийск, Тамань, Керчь, Туапсе, Армавир, Темрюк қалалары маңайындағы ұрыстарға қатысқан. Соғысты Берлинде аяқтап, 1945 жылы маусымның 24-інде Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатынасқан. Соғыстан кейінгі жылдары Тынық Мұхитта «Щука» сүңгуір қайығында, алысқа жүзетін «АТ-312» танкерінде капитан болды. Астрахан теңізшілер училищесінде, Калининград Әскери-теңіз училищесінде, Атырау теңізшілер мектебінде дәріс берді.
«Ленин», «Александр Невский», 1-2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», «Даңқ» ордендерімен, 18 медальмен марапатталған.
85 жыл бұрын (1928-2002) жазушы ЫБЫРАЕВ Жүніс дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы», республикалық «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, «Агропромышленный комплекс Казахстана» — «Қазақстан агроөнеркәсібі» журналында жауапты қызметтер атқарған. Көптеген көркем очерк кітаптарының авторы, көптеген жинақтар құрастырған. М.Слуцкистің, А.Курчаткиннің роман, әңгімелерін қазақшаға аударып, кітап етіп бастырған.
75 жыл бұрын (1938) монументші-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі НИЯЗБЕКОВ Шәкен дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Санкт-Петербор көркем өнеркәсіп институтын бітірген. 1963-1966 жылдары — Санкт-Петербордағы Электрлік пісіру жабдықтарының бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының суретші-конструкторы. 1966-1968 жылдары — Қазақ КСР халық шаруашылық жетістіктері көрмесінің суретшісі. 1969-1982 жылдары — Алматы қаласының бас суретшісі. 1982-1987 жылдары — Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы. 1983-1984 жылдары — КСРО Суретшілер одағының хатшысы. Ол «Абай», «Музыка сазы», «Аңшылық», «Құрманғазы», «Кісен ашқан», «Әли Батыр», «Сырым Датов», т.б. алюминийге, мысқа, жезге бедерленген монументтік туындылардың, Қазақстан Республикасы Туының, Алматы қаласы таңбасының авторы. Техника ғылымының докторы В.Зайчикпен бірлесіп жасаған пісіргіш машинасы Монреальдағы дүниежүзілік көрмеде көрсетілді. «Глобус» телевизорының көркемдік-конструкторлық сапасы үшін 1965 жылы Чехословакияда өткен халықаралық конкурста 1-ші дәрежелі сыйлық берілді.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
70 жыл бұрын (1943) әнші, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі БАЙМОЛДИНА Жұлдыз Әбілқайырқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Мәскеу университетін, Италияның Неаполь қаласындағы Сан Пьетро а Майелла консерваториясын, Мәскеу қаласындағы КСРО Ғылым академиясы Орыс тілі институтының аспирантурасын бітірген. 1967-1973 жылдары Неаполь қаласындағы университет жанындағы Шығыс тілдер институтында орыс тілінен сабақ берген. 1973-1977 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театры құрамында соло-әншісі болып, Сара (М.Төлебаев «Біржан — Сара»), Ажар (А.Жұбанов, Л.Хамиди «Абай»), Прилепа (П.Чайковский «Қарғаның мәткесі»), Виолетта, Валера мен Джильда (Дж.Верди «Травиата», «Риголетта»), Розина (Дж.Россини «Севиль шаштаразы»), Цермина (В.Моцарт «Дон Жуан»), т.б. партияларын орындады. 1981-1984 жылдары — Қазақ филармониясының соло-әншісі. 1983-1994 жылдары Алматы театр және кино институтында (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) ұстаздық етті. 1993 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясында итальян тілінен сабақ берді. Ол орыс тілі синтаксисіне, сондай-ақ, кәсіби әншілік дауысты игеріп қалыптастыру мәселелері жөнінде ғылыми-әдістемелік еңбектер жазды. 1984 жылы гастрольдік сапармен Францияда болды.
94 жыл
бұрын (1919-1975) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЗУБАКОВ Сергей Михайлович дүниеге келді.
Ресейдің Вологда облысында туған. Ленинград (Санкт-Петербор) технология институтын, оның аспирантурасын бітірген.
1952-1958 жылдары — КСРО Құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1954-1975 жылдары — Қазақстан Ғылым Академиясының Металлургия және кен байыту институты директорының орынбасары, директоры, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған.
С.Зубковтың негізгі ғылыми еңбектері силикат материалдары технологиясына арналған. Ол Кемпірсай хромиттерін зерттеу жұмыстарын басқарып, жоғары сапалы, отқа төзімді материалдар алуға болатынын теориялық тұрғыдан дәлелдеді, зерттеу нәтижелерін Қарағанды металлургия комбинатында өндіріске енгізді. Болат қорыту пешінің табанын жасау және жөндеудің жедел технологиясын ұсынды.
«Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
35 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары ӘБІЛДИНОВА Әлия Сапабекқызы дүниеге келді.
Астана қаласында туған. Ақмола университетін бітірген. Ақмола мемлекеттік медициналық институтының оқытушы-стажер, оқытушы, аға оқытушысы болған. 1999-2004 жылдары — Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі баспасөз ақпарат құралдары департаменті мерзімді басылым бөлімінің бас маманы; Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігі ведомстволық бақылау департаменті құрылымдық бөлімше жұмыстары жағдайының мониторингін бақылау басқармасы жинақтау-сараптамалық бөлімінің бас маманы; Ақпарат министрлігі баспа ісі және полиграфия департаменті басылым және маркетинг басқармасының бөлім бастығы; Ақпарат министрлігі баспа ісі және полиграфия департаменті басылым және маркетинг басқармасы кітап маркетингі бөлімінің бастығы. 2004-2005 жылдары — Қазақстан Республикасы адам құқығы жөніндегі Ұлттық Орталықтың экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар бөлімінің бас сарапшысы. 2005-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз-қызметінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі және бас инспекторы қызметтерін атқарды. 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарды. Қазіргі қызметінде — 2009 жылдан.
103 жыл бұрын (1910-1985) актер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі САМОЙЛИН Григорий Матвеевич дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Пенза қаласында туған. Пенза қаласында театр студиясын бітірген. 1937 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы қаласындағы Орыс драма театрында өнер көрсеткен. Оның сахнасында Долгий (Н.Ф. Погодиннің «Падь серебряная»), Миронов (Б.Войтеховтың және Л.С. Ленчаның «Павел Грековында»), Чир (К.А.Треневтың «Любовь Яровая»), Блохин (И.Ф. Поповтың және А.Н. Степановтың «Порт-Артур»), Митрофанов (Д. Салынскийдің «Барабанщица»), Роман Тимофеевич, Павел Козин (В.С. Розовтың «Неравный бой» және «Традиционный сбор»), Глоба (К.М. Симоновтың «Русские люди»), Танеке (М.О. Әуезовтың «Ночные раскаты»), Нарымбет (М.О Әуэзовтың және Л.С. Соболевтың «Абай»). Актерлік шеберлігі ерекше рөлдерде айқын көрінді.
53 жыл бұрын (1960) «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның көлік активтері дирекциясының директоры, Құрметті теміржолшы ОРАЗБЕКОВ Марат Жаңабергенұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Алматы теміржол көлігі инженерлер институтын (қазіргі М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы), және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1977 жылы аудандық қаржы бөлімінде нұсқаушы болып бастаған. 1986-1990 жылдары — Арыс қаласындағы локомотив депосында электрмашина цехының шебері, бас технологы, бас инженері. 1990-1992 жылдары — Халық депутаттары Арыс қалалық кеңесінің аға референті. 1993-2003 жылдары — Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің теміржол көлігі департаментінің бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, директордың орынбасары, директоры. 2003-2006 жылдары — Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Теміржол көлігі комитеті төрағасының орынбасары. 2006-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитеті төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде — 2008 жылдың қазанынан бастап.
«Ерен енбегі үшін» және «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған.
156 жыл бұрын (1857-1904) орыс генерал-лейтенанты, Порт-Артур қамалын қорғаушылар батыры КОНДРАТЕНКО Роман Исидорович дүниеге келді.
117 жыл бұрын (1896-1981) итальян ақыны, прозашы, Нобель сыйлығының лауреаты Эудженио МОНТАЛЕ дүниеге келді.
84 жыл бұрын (1929-1998) кеңестік актер және кинорежиссер, КСРО халық әртісі БЫКОВ Ролан Антонович дүниеге келді.
78 жыл бұрын (1935-2007) атақты итальян әншісі (тенор) Лучано ПАВАРОТТИ дүниеге келді.
74 жыл бұрын (1939-1999) кеңестік театр және кино актері ВАСИЛЬЕВ Юрий Николаевич дүниеге келді.
51 жыл бұрын (1962) 2004-2009 жылдардағы Македония президенті Бранко ЦРВЕНКОВСКИЙ дүниеге келді.
147 жыл бұрын (1866-1937) Ұлыбританияның мемлекет және саяси қайраткері МАКДОНАЛЬД Джеймс Рамсей дүниеге келді.