Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл Шымкентте көктемгі әскерге шақыру науқаны 17 наурызда басталған. Екі аптаға жуық уақыт ішінде Шекара қызметіне 100-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтеу үшін жол тартты. Олар Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарына жіберілді.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаевтың айтуынша, наурыз-маусым айларында қала бойынша 1200-ден астам азаматты әскерге шақыру жоспарланған.
– Оның 150-ге жуығы ҰҚК Шекара қызметіне, 20 азамат Мемлекеттік күзет қызметіне, 700-ге жуық адам Қарулы күштер қатарына жіберіледі. Сонымен қатар ТЖМ мен ІІМ Ұлттық ұлан қатарына 18-27 жас аралығындағы азаматтарды шақыру көзделген. Келесі аптада Шекара қызметіне шақыру аяқталып, Қарулы күштерге қабылдау басталады, – деді ол.
Спикердің айтуынша, әскерге шақыру енді тек қағаз түрінде емес, SMS хабарлама немесе электронды үкімет порталы арқылы да жіберіледі. Белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады, ал әскерден қасақана жалтарғандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
– Көктемгі әскери шақыру аясында 1 қаңтардан 28 ақпанға дейін зерделеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда тізімдегі 4033 азаматпен жұмыс атқарылып жатыр. Келмегендерді іздестіру полиция департаментіне жүктеледі. Оларды табу, үйіне бару және жинақ бекетіне жеткізу – полицияның міндеті. Мұндай жағдайда азаматтар әкімшілік жазаға тартылып, Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес жауап береді, – деді Әбдіғабит Шегебаев.
Сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткергендерге мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, олар жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болады және несие төлемдерін кейінге шегере алады. Қазіргі таңда Шымкенттен әскерге аттанған 80-ге жуық жас елдің әр өңірінде ҰБТ-сыз жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.