13 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
13 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

13 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

13 желтоқсан БЕЙСЕНБІ

  • 13 Желтоқсан 2012
  • 597
Фото - Caravan.kz

Мальта Республикасының Ұлттық мейрамы — Республика күні (1974). Мальта — Жерорта теңізіндегі Мальта, Гоцо, Комино, Кемунет, Филфла аралдарында орналасқан мемлекет. Астанасы — Валлетта қаласы. Мемлекеттік тілі — мальта және ағылшын тілдері. Ақша бірлігі — мальта лирасы.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1993) Қазақстан ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылу шешімін қабылдады.

17 жыл бұрын (1995) ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Сауд Арабстаны Корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.

17 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Сауд Арабия Корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.

8 жыл бұрын (2004) Астанада вокзал алаңында 1922 жылы шығарылған республикадағы ең ескі паровоз қойылды. Астананың теміржол вокзалында «Батыр-паровоз» ескерткішін орнату туралы Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев 2004 жылғы 6-шы тамызда теміржолдың 100-жылдығына арналған салтанатты жиналыста айтқан болатын. Паровоз Швецияда жасалған. 1922-1982 жылдар аралығында Қазақстанның темір жолдарында және басқа бұрынғы одақ республикаларының магистраль жолдарында пайдалануда болған, Ұлы Отан соғысы жылдары майдан маңындағы учаскелерге жүк тасымалдаған.

8 жыл бұрын (2004) Тараздағы Абай атындағы Орталық кітапханада электронды залдың көрсетілімі болып өтті. Электронды залда жаңа компьютерлер, сканерлер, құжаттардың бай электронды коллекциясы бар. Бұл кітапханалық жүйе Қазақстанның Ақпараттық кітапханалар консорциумының мүшесі.

6 жыл бұрын (2006) алғашқы рет Қазақстанда С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында балаларға арналған — «Мұхаммед Пайғамбар» және «Қажы» атты исламның жоралары мен құндылықтары, әлемнің ең ірі діні туралы Санйаснаин Хан кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптар «Расскажи мне о?» сериясында берілген. Олар көптеген елдерде ағылшын, орыс және басқа тілдерде шықты. Кітап бәріне түсінікті тілде жазылған және тамаша көркемделген.

6 жыл бұрын (2006) Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Золотой Икар» атты сыйлықтың иегері атанды. Сыйлықты Еуразиялық кеңістікте мәдени байланыстарды дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін «Далларко» Халықаралық мәдени қордың шешімімен қордың вице-президенті Янник Мерсье табыс етті.

7 жыл бұрын (2005) Астанада «Азия асқарлары» кітабының тұсаукесері болып өтті.

Басылымды «Ашық қоғам» институтының тәуелсіз авторлар тобы құрастырған. Кітап Түркия, Сингапур, Қытай, Малайзия және Қазақстан — азиялық бес елдің табыстары жайлы баяндайды. Сол жетістіктерге тікелей себепкер адамдардың еңбегін сөз етеді.

5 жыл бұрын (2007) Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының академигі, халық жазушы Зейнолла Қабдолов (1927-2006) тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

3 жыл бұрын (2009) Таразда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін теннис корттары ашылды. Кешен төрт ашық және екі жабық теннис алаңдарынан тұрады. Корттарды салуда итальяндық «Хард» фирмасының жабындары пайдаланылды. Жабық корттарды словакиялық «Дуол» фирмасы жасады.

ЕСІМДЕР

89 жыл бұрын (1923) жазушы НӘБИЕВ Әскен дүниеге келді.

Ақмола облысының Алексеев ауданында туған. 1941 жылы орта мектепті бітіріп, сол жылдың желтоқсанында майданға аттанды. 62-ші армия құрамында Сталинград үшін ұрыстарға қатысты. Әскерден қайтқаннан кейін мектепте мұғалім, Макинск аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып істеді. 1947 жылы журналистік қызметке ауысып, облыстық және өлкелік газет редакцияларында әдеби қызметкер, меншікті тілші және бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облыстық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі қызметтерін атқарды. Жазушының «Мұрагер», «Гүлза», «Шолпан», «Бел-белестер», «Шынығу шағы», «Алақайғы» атты шығармалары бар.

243 жыл бұрын (1769-1844) орыс жазушысы, ақын, мысалшы, Санкт-Петербор Ғылым Академиясының академигі КРЫЛОВ Иван Андреевич дүниеге келді. Мәскеу қаласында туған. Крылов орыс әдебиетінде мысал жанрын биік сатыға көтерді. Өткір де айшықты тілімен, әжуасықағымен ерекшеленетін 200-ден астам мысал жазды. Шығармаларында өмір шындығын терең бейнелеп, адам бойындағы жағымсыз қылықтарды шенеді. «Рухтар поштасы» сатиралық журнал шығарды. Көптеген пьесалар мен либреттолардың авторы. Қазақ оқырмандарын Крылов мысалдарымен алғаш рет Ы.Алтынсарин («Қарға мен түлкі»), Абай («Есек пен бұлбұл», «Шегіртке мен құмырсқа», «Піл мен қанден») таныстырды. А.Байтұрсынов Крыловтан аударған және өзі жазған мысалдардан тұратын кітап шығарса, С.Көбеев «Үлгілі тәржіма» атты кітап жазып, оған Крыловтың 37 мысалының аудармасын енгізді. Крыловтың туындылары «Мысалдар» деген атпен қазақ тілінде жеке кітап болып шыққан.

88 жыл бұрын (1924) түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ҚАЙДАР Әбдуәли Туғанбайұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет), Қазақстан Ғылым Академиясының аспирантурасын бітірген.

1954-1995 жылдары — Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі — Ғылым академиясы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ұйғыр-дүнген мәдениеті секторының кіші ғылыми қызметкері, шығыстану секторының аға ғылыми қызметкері, ұйғыр филологиясы бөлімінің меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, директоры қызметтерін атқарған. 1995 жылдан — Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі — Ғылым академиясы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының құрметті директоры. Негізгі ғылыми ізденістері қазақ және ұйғыр тілдері және жалпы салыстырмалы түркітану, сөзтану, этимология, ономастика, терминология, семасиология, фразеология, паремиология мәселелерін зерттеуге арналған. Елдегі тіл саясатына белсенді араласып, қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде қолданылуына қатысты елеулі ат салысты. Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті. Башқұртстан Ғылым Академиясының құрметті академигі. «Известия НАН РК», «Советская тюркология» ғылыми, ғылыми-танымдық журналдарының редакторы, редакциялық алқасының мүшесі. 3 дәрежелі «Даңқ», екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте «Отан соғысы», «Халықтар достығы», «Отан», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ана тілінің айбары» алтын белгісімен, медальдармен марапатталған.

77 жыл бұрын (1935) жазушы, қазақ фольклорын зерттеуші, Шыңжаң және Қытай фольклор сыйлықтарының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі ЕГЕУБАЕВ Оразанбай дүниеге келді.

Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданында туған.

1999 жылы тарихи отаны Қазақстанға оралған.

«Шыңжаң газеті», «Іле газеті», «Мұра» журналы редакциясында редактор, тілші, бөлім бастығы, бас редактордың орынбасары міндетін атқарған.

«Көктем», «Адам, ат, ит», «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар — Таңжарық Жолдыұлы», «Зерттеу материалдары», «Қазақ хиссалары — батырлық, тарихи жыр-қисса», «Қазақтың ғашықтық жырлары», «Таңдамалы шығармалары», «Тау ұлы» кітаптары басылып шыққан. 13 еңбегі қытайшаға тәржімаланған.

Шыңжаң және Қытайдың мәдениеті мен өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан қайраткер атағын алған. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

40 жыл бұрын (1972) ҚР-ның Ливандағы Уақытша сенімді өкілі КӨКСЕГЕНОВ Дархан Ақашұлы дүниеге келді.

Семей облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Әл-Миния университетін, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-дың аспирантурасын, Сауд Королі атындағы университет жанындағы араб тілі институтын бітірген, филолог-араб тілінің маманы.

Әли Бин Әбу Талибтің «1000 қанатты сөздерін» араб тілінен аударған автор. 1997 жылдан Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің араб тілі оқытушысы. 2000 жылдан — Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университететінің араб тілі оқытушысы. 2001 жылдан — ҚР СІМ аумақтық басқармаларында және департаменттерінде әртүрлі қызметтерде істеді. Қазіргі қызметінде — 2010 жылғы ақпанннан бері.

196 жыл бұрын (1816-1892) танымал неміс инженері, Siemens фирмасының негізін қалаушы Вернер фон СИМЕНС дүниеге келді.

82 жыл бұрын (1930-1990) кеңес актері, РСФСР халық әртісі РЫБНИКОВ Николай Николаевич дүниеге келді.

43 жыл бұрын (1969-2007) кеңестік, қазақстандық және ресейлік эстрада әншісі, әндер авторы НАСЫРОВ Мұрат Исмаилұлы дүниеге келді.