Жарияланды: 870

14 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

14 қараша. СӘРСЕНБІ

Қант диабетіне қарсы күрестің дүниежүзілік күні БҰҰ Бас Ассамблеяның 2006 жылғы желтоқсанның 20-дағы арнайы қарарында №А/RES/61/225 жарияланған. 2007 жылдан бастап, 14 қарашада жыл сайын аталып өтеді. Алғашқы рет Дүниежүзілік диабет күні 1991 жылы IDF пен ДДҰ өткізілген. Оның мақсаты дүниежүзін диабетке қарсы келтіру болды. Бұл жаһандық диабетикалық қоғамдарының бірігуінің бастауы болды. Дүниежүзілік диабет күнін жыл сайын инсулин гормонын бірлесе ашқан канадалық физиолог Фредерик Грант Бантингпен және профессор Джон Маклеодтың дүниеге келген күнге орай атап өтіледі. Бүгін дүниежүзілік диабет күні IDF мүшелері мен оның серіктестерінің қызметінің арқасында 145-тен аса әлем елдері миллиондаған адамдарды диабетикалық бірлестікте қамтып отыр. Бұл күн адамдарға диабет меселесі бар екенін естеріне түсіре отырып мемлекет пен қоғам ұйымдарын, фармацевтикалық компанияны, дәрігерлер мен емделушінің жағдайларын жақсарту керек. Россияда социолог күні. 1901 жылдың 14 қарашасында Парижде Орыс жоғарғы қоғамдық білімдер мектебі ашылады, ол әлемдік ғылым тарихындағы тұңғыш әлеуметтік факультет тәжірибесі деп есептеледі. Ресейде 1994 жылдан бекітілген осы күннен бастап Санкт-Петербор университеті социология факультетінде жыл сайын атап өтіледі. Ресейдегі тұңғыш академиялық социология да нақ осы жерде дүниеге келген. Үндістандағы Бал дивас (Балаларды қорғау күні). Атақты мемлекет қайраткері, тәуелсіз Үнді елінің тұңғыш премьер-министрі Джавахарлал Нерудің (1889 жылдың 14 қарашасында туған) туған күні бүкіл ел болып, «Балаларды қорғау күні» ретінде аталып өтеді. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 73 жыл бұрын (1939) Жамбыл облысы құрылған. Орталығы - Тараз қаласы. Облыс 10 ауданнан, үш қала Қаратау, Жаңатас, Шу аудан орталықтарынан тұрады. Соңғы жүз жыл ішінде қала аты бірнеше рет өзгертілді: Әулие-ата, Мирзоян, Жамбыл, ал 1997 жылы алғашқы Тараз аты қайтарылды. Қала территориясында X-XI ғасырлардың «Айша бибі», «Бабаджа қатын», X-XIII ғасырлардың «Қарахан», «Дәуітбек» тарихи ескерткіштері орналасқан. 17 жыл бұрын (1995) Орал қаласында халықаралық «Бөбек» қорының өкілдігі ретінде «Балдырған» қоғамдық балалар қоры ашылды. 13 жыл бұрын (1999) «Хабар» телеарнасында жаңалықтар алғаш рет ағылшын тілінде оқыла бастады - «Khabar News weekly review». Алғашқы жүргізушілер - ақын қыз Сабрина Велли мен журналист Джон Манн; жоба редакторы - тағы бір ағылшын қызы Пола Раберфорд. 6 жыл бұрын (2006) Астанада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен АҚШ Елшілігінің ресми ашылу салтанаты болып өтті. 6 жыл бұрын (2006) 14-17 қарашада Алматыда Иран тауарларының Қазақстандағы көрмесі өтті. Оған мұнай химиясы, инженерлік және техникалық қызмет, құрылыс материалдары, кілем тоқу, тағам өнімдері мен ауыл шаруашылығы, жихаз және үй жабдықтары, мата мен киім-кешек, қолдан тоқылған бұйымдар сияқты салаларда жұмыс істейтін ирандық компаниялар қатысты. Сараптамаға сәйкес, ирандық өндірушілер өнімдері қазақстандық нарықта, алыс шетелдер арасында, Қытай мен Түркиядан кейінгі, үшінші орын алады екен. 5 жыл бұрын (2007) Қостанайда әр уақыттағы жергілікті соғыстарда қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіш облыс орталығының Жеңіс саябағында орнатылды. 5 жыл бұрын (2007) Алматыда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің «Жүрегімді жұлқиды тәңір сөзі» атты таңдамалы 3 томдығының және «Жүрекжарды», «Жасыл от» туындыларының тұсаукесері болып өтті. Нұрлан Оразалин Алматы облысы Ұйғыр ауданынында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық үниверситеті) филология факультетін бітірген. Оның бірінші «Беймаза көңіл» атты кітабы 1977 жылы жарық көрді. Ақынның «Сырнайлы шақ», «Жетінші құрлық», «Ғасырмен қоштасу», «Жүрек жарды», «Жасыл от» («Зеленый огонь» орыс тілінде) сынды жыр жинақтары жарық көрген. «Азаттық айдыны» атты көркем публицистикалық эссе-толғаулар кітабы, «Қырғын» атты драмалық шығармалар жинағы да оқырман талғамына ұсынылған. Сондай-ақ пьесалары ел театрларында қойылып келеді. Ол - жүздеген әдеби көркем сын, публицистикалық мақалалар авторы. Шығармалары орыс, украин, қырғыз, болгар, түрік, молдаван, өзбек тілдеріне тәржімаланған. ЕСІМДЕР 69 жыл бұрын (1943-2003) ақын, прозаик, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Кәкімжан Қазыбаев атындағы сыйлықтың лауреаты МҰҚАНОВ Мәлік Жақыпұлы дүниеге келді. Петропавл қаласында туған. Еңбек жолын Есіл аудандық Жекекөл ауылында мектеп мұғалімі болып бастаған. 1972 жылы «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінің хат бөлімінің меңгерушісі, тілшісі; 1991-1996 жылдары «Халық кеңесі» газетінің меншікті тілшісі; 2000 жылдан өмірінің соңына дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған, облыстық маслихатқа депутат болып сайланған. Қаламгердің «Жаннат пен көкесі», «Қоңыр бұзау», «Үш тал гүл», т.б. әңгімелері, «Алуа», «Тілек», «Сенемін», «Қарт сыры», «Жалғызын күткен қария», т.б. өлеңдері жарияланған. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.. 118 жыл бұрын (1894-1957) домбырашы, педагог, Қазақстанның халық әртісі МҰХИТОВ Лұқпан дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданында туған. Халық композиторлары мен халық күйлерін біздің заманымызға жеткізіп, насихаттаған. Халық композиторы Мұхит Мералыұлының немересі. Әкесі Шоң ертеректе қайтыс болған. Атасы Мұхиттың тәрбиесінде өсіп, өнерпаздық тағлымын алған. Абыл күйшіден бергі Тазбала, Сәулебай, Кәуен, Құрманғазы шығармаларын мейлінше көп игерген. Оның «Нар ату», «Өтті-кетті», «Сән-әу», «Боз төбе», «Кербез ақжелең», «Бала қаратөс», «Жем суы», т.б. шығармаларының құндылығы жоғары. Л.Мұхитовтың 1933 ж. Алматыда өткен малшылар слетіне қатысып, өзінің домбырашылық әрі әншілік өнерін танытты. А.Жұбанов оны музыка-драмалық техникумға қызметке шақырды. Сонда жүріп композитор Е.Г.Брусиловскийге атасы Мұхиттың әндерін айтып, нотаға түсіртті, көптеген күйлер жаздырды. Музыка техникумының студенттері мен оқытушыларынан құралған домбырашылар ансамблі бүгінгі Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің негізі болды. Ол 1934 жылдан осы оркестрдің тобында домбырашы концертмейстер әрі ұстаз ретінде еңбек етті. 1936 жылы Қазақстанның Мәскеуде өткен онкүндігінде ол орындаған «Ақсақ құлан» күйі қазақ домбырасының қасиетін одаққа танытты. 2-дүниежүзілік соғыс жылдары концерт бригадасымен майдангерлер арасында өнер көрсетті. Құрманғазы оркестрінің шетелдік сапарларына қатысты. 1944-1952 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық етіп, Н.Тілендиев, Қ.Мұхитов, Ф.Сұлтанов, т.б. шәкірттерін тәрбиеледі. 83 жыл бұрын (1929-1998) этнограф, тарих ғылымының докторы МҰҚАНОВ Марат Сәбитұлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1954-1955 жылдары Өскемен қаласында тарихи-өлкетану мұражайында жұмыс істеген. 1956 жылдан этнография саласында зерттеу жүмыстарымен айналыса бастаған. 1956-1987 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының М.Мұқанов ұйымдастырған этнологиялық 6 экспедициясы Қазақстанның 9 облысында болып, онда қазақтың этногенезі мен этнографиясы және халықтың мәдени қарым-қатынастарының тарихы жөніндегі еңбектеріне мол материалдар жинады. М.Мұқановтың 40 ғылыми еңбегі, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрген. «Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза», «Қазақ жерінің тарихы», «Из исторического прошлого», т.б. кітаптардың авторы. М.Мұқанов Қазақстанның тарихи-этнология ғылымына зор үлесін қосты. 58 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Павлодар облыстық физкультура және спорт басқармасының бастығы ШНЕЙДМЮЛЛЕР Александр Викторович дүниеге келді. Павлодар облысында туған. Павлодар педагогикалық институтын бітірген. 1975-1980 жылдары спорт мектебінде жаттықтырушы-оқытушы болып жұмыс істеген. 1980-1987 жылдары - «Труд» Бүкілодақтық ерікті спорт қоғамының облыстық «Еңбек» кеңесінде бөлім меңгерушісі, төрағасы. 1987-1994 жылдары - Индустриалды ауданы физкультура және спорт комитетінің төрағасы, Павлодар трактор зауыты «Трактор» стадионының директоры. 1994-1996 жылдары - Павлодар облыстық бодибилдинг және пауэрлифтинг федерациясының төрағасы. 1996-1999 жылдары - Павлодар қаласы әкімшілігі спорт ғимараттары басқармасының бастығы. 1999-2001 жылдары - Павлодар облыстық туризм және спорт басқармасының бастығы. 2001-2003 жылдары - Павлодар облысы әкімі іс басқармасының бастығы. 2003-2005 жылдары - Павлодар облыстық туризм және спорт департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2005 жылдың қаңтарынан. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 10 жыл» және «Қазақстан Республикасының Конституциясына - 10 жыл» медальдарымен марапатталған. 102 жыл бұрын (1910-1979) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген гидротехнигі ЖОЛАЕВ Рахмет Жанғазыұлы дүниеге келді. Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туған. Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын бітірген. 1935-1945 жылдары - Шымкент, Алматы қалаларында оқытушы, ғылыми қызметкер. 1945-1956 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының Энергетика институты зертханасының меңгерушісі. 1956-1962 жылдары - осы институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1962-1973 жылдары - Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының ректоры. 1973-1979 жылдары - Қазақ мемлекеттік су шаруашылығын жобалау-зертеу институтының (Казгипроводхоз) ғылыми кеңесшісі. Оның негізгі ғылыми зерттеулері гидротехникалық құрылыс және су шаруашылығы мәселелеріне арналған. Ол тау өзендерінен су тартқыш құрылғылардың тиімді түрлерін зерттеп, олардың Қазақстан, Қырғызстан және Түрікменстанның гидротехникалық құрылыстарында пайдалануына ұйытқы болды. Сондай-ақ, күріш егістігіне су жіберуді реттеу әдістерін ұсынып, суды бөлудің теориялық негіздерін зерттеді. 15 өнертапқыштың авторы. Қазан Революциясы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 62 жыл бұрын (1950) жазушы, аудармашы СӘУКЕТАЕВ Тұрысбек дүниеге келді. Алтай өлкесінде туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1975-1989 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясында аударма фильмдер бірлестігінде аудармашы. 1989-1999 жылдары - «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. Қазір «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары қызметтін атқарады. Оның «Ұстаз» деп аталатын алғашқы өлеңі 1965 жылы Күршім ауданы «Коммунистік еңбек» газетінде жарияланған. «Сүткенже», «Айлы түн еді», «Қайыңдар, аппақ қайыңдар», «Көлеңкелер патшалығы» атты прозалық кітаптары, және «Ай қараңғысы», «Желқайық» атты романдары жарық көрді. Сонымен қатар аударма саласында да жемісті еңбек етіп, 200-ден астам киносценарий мен Ги де Мопассанның, Амброз Бирзстің новеллалары, Голдо Мейердің «Менің өмірім» атты ғұмырнамалық повесін тәржімалаған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Ерен еңбегі үшін медалімен» марапатталған. 65 жыл бұрын (1947) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Табиғатты пайдалану және аулдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі АЙТАХАНОВ Қуаныш Айтаханұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу мал дәрігерлік академиясын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Мал дәрігері, саясаттанушы. Экономика ғылымдарының кандидаты. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі он екінші шақырылымының депутаты болып сайланған. Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласы, Созақ, Сайрам және Отырар аудандарының әкімі болып қызмет істеген. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының мүшесі. Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Парламентімен, Жапония Кеңесшілер Палатасымен ынтымақтастық тобының мүшесі. «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және алты медальмен марапатталған. 105 жыл бұрын (1907-2002) әлемдегі ең танымал балалар жазушысы АСТРИД Линдгрен (Астрид Анна Эмилия Эриксон) дүниеге келді. 58 жыл бұрын (1954) АҚШ-тың 66-шы Мемлекеттік хатшысы (2005-2009) Кондолиза РАЙС дүниеге келді. 123 жыл бұрын (1889-1964) тәуелсіз Үндістанның тұңғыш премьер-министрі Джавахарлал НЕРУ дүниеге келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін