146 қызметкер аттестаттаудан өтуден бас тартты - ҚР Бас прокуратурасы
![]() |
Прокуратура органдарының 4 673 қызметкері кезектен тыс аттестаттаудан өтуге тиіс болды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті. |
«Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 8 сәуірдегі №292 Жарлығына сәйкес прокуратура органдарының 4 673 қызметкері кезектен тыс аттестаттаудан өтуге тиіс болды. Олардың ішінде жұмыстан шығуына байланысты 146 қызметкер аттестаттаудан өтуден бас тартты.
«Барлық деңгейдегі аттестаттау комиссиялары 4 501 қызметкермен әңгімелесу жүргізді, солардың ішінде 4 088 қызметкер немесе 91 пайызы атқаратын лауазымына сәйкес келеді деп танылды. Прокуратура органдарының аттестаттаудан жақсы өткен қызметкерлерінің ішінен 265 қызметкер кадр резервіне енгізуге немесе жоғары тұрған лауазымдарға тағайындауға ұсынылды», - деді ресми өкіл.
Атқаратын лауазымына сәйкес келмейді деп 413 қызметкер немесе жеке құрамның 9 пайызы танылды. Соның ішінде, 216 қызметкер лауазымын төмендетуге, 89 қызметкер - басқа қызметке (лауазымға) ауыстыруға, 108 қызметкер немесе 2,5 пайызы жұмыстан шығаруға ұсынылды.
«Сондықтан да, бүгінгі күні осы өткізілген кезектен тыс аттестаттау өзінің басты мақсатына - прокуратура органдарының жоғары білікті кадрлық әлеуетін қалыптастыруға, өз атына кір келтірген, біліксіз қызметкерлерден арылуға, кадр саясатын сапалы түрде өзгертуге және қадағалау органдарына халықтың сенімін арттыруға жетті деп айтуға болады»,-деп атап өтті Н. Сүйіндіков.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін