15 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
15 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

15 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

15 қараша. БЕЙСЕНБІ

  • 15 Қараша 2012
  • 969
Фото - Caravan.kz

Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні. Теңгенің айналымға енген күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы қарашаның 13-дегі Жарлығымен Ұлттық валюта күні, еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды. Ұлттық валютаны теңге деп атауды ұсынған — Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің кавалері Сауық Тәкежанов еді.

Палестина Мемлекетінің Ұлттық мейрамы — Палестина Мемлекетінің құрылған күні (1988). 17 жыл бұрын Алжирде өткен Палестина ұлттық кеңесінің төтенше сессиясында ООП атқару комитетінің төрағасы Ясир Арафат Израиль басып алған араб жерлерінде тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылғанын атап өтті. Қазақстан Республикасы мен Палестина мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 6-сында орнатылды.

Бельгияның Ұлттық мейрамы — Король династиясының күні (1866). Бельгия — Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Нидерландымен, шығысында Германия, Люксембургпен, оңтүстігінде және оңтүстік-батысында Франциямен, солтүстік-батысында Солтүстік теңізбен шектеседі. Астанасы — Брюссель қаласы. Мемлекеттік тілі — француз, неміс тілдері. Ақша бірлігі — бельгия франкі.

Бразилия Республикасы жарияланған күн. 1889 жылғы 15 қарашада император тағынан тайдырылып, республика — Бразилияның Құрама Штаттары жария етілді. Жыл сайын аталып өтеді.

Дүниежүзілік географиялық ақпараттық жүйе күні (Дүниежүзілік ГАЖ күні). Бірқатар американдық ірі компаниялар мен ұйымдардың (Ұлттық географиялық қоғам, USGS, Sun Microsystems, Hewlett-Packard, ESRI және т.б.) шешімімен ГАЖ күні жыл сайын аталып өтеді. Мейрам төңірегінде, апта ішінде әр түрлі мерекелік шаралар өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

71 жыл бұрын (1941) Алматы киностудиясы соғыс басталуына орай Қазақстанға көшірілген «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудияларымен қосылып, Орталық көркем фильмдер киностудиясы бірлестігі (ЦОКС) құрылды. Онда кино өнерінің шеберлері С.Эйзеншейн, Л.Трауберг, С.Юткевич, Ф.Эрмлер, Н.Черкасов, М.Жаров, Л.Орлова қызмет жасады.

21 жыл бұрын (1991) Ақмола қаласында Қазақ музыкалық драма театры Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері — Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. Театрдың ұйымдастырушысы, көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Ж.Омаров болды. Бүгінгі таңда театр репертуарында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қыз Жібек», М.Әуезовтің «Қарагөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», Ж.Мольердің «Скапенің айласы», Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш», Б.Ұзақовтың «Үміт», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн», т.б. спектакльдері бар. Театрға 1993 жылы Қалибек Қуанышбаевтың есімі берілді.

19 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы мен Кения Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

13 жыл бұрын (1999) құны бес мың теңге банкнот айналымға шығарылды.

8 жыл бұрын (2004) «Экоправда» газетінің — Қазақстандағы тұңғыш экологиялық газеттің 500-інші шығарылымы жарық көрді.

8 жыл бұрын (2004) «Қазақтелеком» АҚ-ны Халықаралық Euromoney журналы Орталық Азиядағы маңдайалды компания деп таныды.

Euromoney қаржы әлеміндегі жұмыстар жайлы жария ететін Еуропадағы ең ірі компаниялардың бірі. Ай сайын мұнда халықаралық қаржы қауымдастығы «бизнесті дамыту үшін маңызды» деп бағаланатын мақалалар шығады.

6 жыл бұрын (2006) Варшавада поляк тілінде тұңғыш рет «Қазақ далаларының аңыздары» аталған қазақ халқы ертегілерінің жинағы жарық көрді. Бұл кітапты Қазақстанда туып-өскен, қазір Польшада тұратын поляк-оралмандар — Президент жұбайының, Польшаның бірінші ледиі, пани Мария Качиньская мен Қазақстан Республикасының Польшадағы Елшілігінің қолдауымен — шығарған. Ертегілерді поляктық тіл маманы Альдона Юдина аударған, ертегілер ішіндегі түрлі-түсті безендірулерді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырған.

5 жыл бұрын (2007) Астанадағы Халықаралық баспасөз орталығында «ХХ ғасырдағы әлем журналистикасы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кітаптың авторы белгілі саяси шолушы және журналист Қуандық Шамахай.

Қуандық Шамахай — Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келді. Моңғолияның Жастар одағы және Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. 2005 жылдан бастап Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика кафедрасының доценті.

ЕСІМДЕР

94 жыл бұрын (1918-1995) жазушы ЖЫЛҚЫШИЕВ Әбжаппар дүниеге келді.

Жамбыл облысының Луговой ауданында туған. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. Жамбыл облысы, Луговой аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Келес аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Ильичев аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Георгиевка аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қызылқұм аумақтық-өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы, Алғабас аудандық атқару комитетінің төрағасы, Шымкент облыстық атқару комитетінің баға жөніндегі бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. «Ақ толқын», «Мешін жылы», «Өмір жыры», «Балжан тағдыры» атты әңгімелер мен повестердің авторы.

1-ші дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

94 жыл бұрын (1918-1994) педагогика ғылымының докторы, профессор МЕЙРАМОВ Ғабдолла Әшімханұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1954 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды университетінде аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін атқарған. Ғалым қазақ мектептерінде орыс тілін ана тіліне сүйене оқытудың жаңа әдістемелік жүйесін алғаш ұсынушылардың бірі болды. Негізгі ғылыми еңбектері осы мәселені зерттеуге арналған. Бірнеше монографиялар мен оқулықтардың, 50-ден астам мақаланың авторы.

59 жыл бұрын (1953) тарих ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры ТӨЛЕУБАЕВ Әбдеш дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО ҒА Этнография институтының аспирантурасын бітірген. 1979 жылдан Қазақ ұлттық университетінде қызмет істейді. 1983-1984 жылдары Ресейдің Орынбор, Астрахан облыстарындағы қазақтардың этнографиясын зерттеп, ондағы қазақ диаспорасы жөнінде «Орынбор қазақтары» деген еңбек жазған. Ол Тарбағатайдың терістік бөктерінде орналасқан аудандардың аумағынан, Қалба, Шыңғыстау өңірлерінен қола, ерте темір дәуірінің бұрын белгісіз 400-ден астам археологиялық кешенін ашты, оның 60-тан астамын қазып зерттеді. Нәтижесінде осы аймақтарда да беғазы-дәндібай мәдениеті, үйсін мәдениеті жәдігерлері бар екендігі, бұл өңірлердің басқа археологиялық аймақтармен мәдени байланысы, мәдени-этнографиялық ерекшеліктері анықталды. Төлеубаевтың соңғы кездегі археологиялық зерттеулерінің ірі жетістігі — Шілікті жазығынан алтын киімді сақ патшасының мүрдесін ашуы, Үйіктің ерекше көлемі мен зәулімділігі, күрделі архитектурасы, одан шыққан бай алтын қаптырмалар, түймешіктер, зерлер (барлығы 4325 дана) сақ билеушісінің ерекше салтанатын көрсетеді. Төлеубаев 4 ғылыми-зерттеу және танымдық кітаптардың, 3 оқулық, 100-ден астам ғылыми-көпшілік мақалалар мен әдістемелік құралдардың авторы.

Оның «Пережитки доисламских веровании в семейной обрядности казахов», «Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері», «Ежелгі Қазақстан тарихы» (6-сынып), «Орынбор қазақтары», «Дала көсемдерінің қазынасы» деген шығармалары бар.

64 жыл бұрын (1948) ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектебі ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі ДӘДЕБАЕВ Жанғара дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Тараз қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищені, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін, Педагогикалық шеберлікті арттыру институтын, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Біліктілікті арттыру факультетін бітірген. 1977 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, доценті, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтының (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы) директоры болған. 1993-2001 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2001 жылдан аталмыш университеттің оқу және әдістемелік істер жөніндегі проректоры болып істейді. Ғалымның 50-тан астам монографиясы, 200-ден астам оқулықтар мен оқу құралдары жарық көрген. Ғалымның жетекшілігімен 100-ге жуық ғылым кандидаты мен 12 докторы диссертация қорғаған.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

123 жыл бұрын (1889-1954) режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЛЕОНОВ-ВЕНДРОВСКИЙ Леонт Владимирович дүниеге келген.

Санкт-Петербор қаласында туған.

Санкт-Петербор театр училищесі мен сахна өнері техникумын бітірген.

1940-1954 жылдары Семей облыстық музыка драма театрының көркемдік жағын басқарды, бас режиссерлық қызметін атқарды. Осы театрда М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысы» мен «Сын сағаттасын», Ғ.Мүсірепов пен Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібегін», Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесін», Ә.Әбішевтің «Достық махаббатын», Л.А.Юхвид пен А.Б.Александровтың «Малиновкадағы тойын», Т.Г.Шевченконың «Назар Стодолясын», У.А.Гаджибековтің «Аршин мал аланын», т.б. қойды.

118 жыл бұрын (1894-1938) ақын, жазушы, драматург МАЙЛИН Бейімбет (Бимұхамед) Жармағамбетұлы дүниеге келді.

Қостанай облысында туған.

Арғынбай қажының медресесінде, Қостанайдағы орыс-қазақ мектебінде, Уфадағы Ғалия медресесінде, Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде оқыған.

1923-1925 жылдары Қостанай губерниялық «Ауыл» газетінде, 1925-1928 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде, 1928-1932 жылдары республикалық «Ауыл тілі» газетінде әдеби қызметкер, редактор болды. 1932-1937 жылдары — «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған.

Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған жылдары татардың Ғ.Ибрагимов, М.Ғафури ақын-жазушылармен шығармашылық байланыста болды. Осы оқу орнындағы «Садақ» қолжазба журналында «Мұсылмандық белгісі» атты тұңғыш өлеңі жарық көрді. Оның алғашқы шығармалары — «Қостанай уезі, Дамбар болысы» очеркі, «Мұқтаждық», «Көңіліме» атты өлеңі, «Мал», «Шұғаның белгісі» повесі, «Болған іс» әңгімесі «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде жарияланды.

«Кедейге», «Гүлденсе ауыл — гүлденеміз бәріміз», «Жазғы жайлауда», «Наурыз түлегі», «Көк сиыр», «Біздің жастар», «Мырқымбай», «Әйт, шу… ала атым», «Қарасор», «Бер, Мырқымбай, қолыңды!», «Әй, Мырқымбай», «Байдың қызы», «Рәзия қыз», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Қанды кек», «Сексен сом», «Күлпаш», «Талақ», «Қара шелек», «Ақталған еңбек», «Сары ала тон», «Шапайдың хаты», «Арыстанбайдың Мұқышы», «Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры», «Биғайшаның хаты», «Аштық құрбаны», «Сойқанды содырлар», «Кесінділер», «Алыптарды аралағанда», «Шұғаның белгісі», «Раушан — коммунист», «Азамат Азаматыч», «Қызыл жалау», «Қоңсылар», «Тартыс» атты поэмалар, фельетондар, очерктер, повестер мен романдардың, 25 пьесаның, либретто мен сценарийлердің авторы.

78 жыл бұрын (1934) онколог ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері МҰСЫЛМАНБЕКОВ Қани Жұмкенұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған.

Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген.

1957-1972 ж. еңбек жолын Жезқазған кенішінде телімдік терапевтен бастап, Қарағанды облыстық онкология дипансерінің бас дәрігері болды. 1972 жылдан Қарағанды мемлекеттік медицина институтында (қазіргі Қарағанды медицина академиясы) онкология курсының меңгерушісі.

Негізгі ғылыми еңбектері қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды хирургиялық жолмен емдеуге арналған. Өңеш, асқазан қатерлі ісігін хирургиялық және терапевтік жолмен емдеу тәсілдерін жетілдірді. Ол өңештегі қатерлі ісікті сылып тастаудың ерекше әдісін тауып, соның нәтижесінде өңеш қатерлі ісігімен ауыратын науқастардың операциядан кейінгі өмірін ұзартуға мүмкіндік беретін нәтиже алды. Операциядан кейін науқастардың өлімін және дертінің асқынуын азайтуға мүмкіндік беретін адаптациялық, инвагинациялық, т.б. анастомоздардың түрлерін жасады.

13 өнертабыстың авторы, халықаралық деңгейдегі 2 патенті бар, 20 өнертабыстық ұсыныс енгізген.

63 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары КӨПЕЕВ Мұхамбет Жұманазарұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған.

В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, Алматы жоғары партия мектебін, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын тау-кен орнында шебер, Қарағанды облысының басқармаларындағы қызметтерден бастаған. Жәйрем-Атасу еркін экономикалық аймақ әкімшілік кеңесінің төрағасы болып сайланған. 1995 жылдың желтоқсанынан — Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты, 1999 жылдың желтоқсанынан — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжіліс төрағасының орынбасары. 2004 жылдан — Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі. 2007 жылдан — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары.

Қазақстан Республикасындағы Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның, Парламентаралық одақтың мүшесі.

«Парасат», ІІІ-дәрежелі «Барыс», «Содружество» ордендерімен, төрт медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

112 жыл бұрын (1900-1974) ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР ауыл шаруашылығы академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген ғылым қайраткері БӨРІБАЕВ Шынқожа Байекенұлы дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Орынбор жұмысшы факультетін, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылығы академиясын бітірген.

1962-1972 жылдары — Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылым жөніндегі бас басқармасының маманы, бас маманы, экономика бөлімінің бастығы болған. 1972 жылдан зейнет демалысына шыққан. Ол Қазақстанның шығыс аудандарының кең жайылымын пайдаланып, етті ірі қара шаруашылығын өркендетуге және КСРО-ға шетелдерден асыл тұқымды мал әкелуге зор еңбек сіңірген. «Нагул крупного рогатого скота», «Нагул и откорм скота в Казахстане», «Зимний откорм скота на силосе», «Комбинированный нагул и откорм крупного рогатого скота» (бірлесіп шығарған), «Интенсивный откорм крупного рогатого скота» (бірлесіп шығарған) атты ғылыми еңбектері жарияланған.

Екі орденмен және медальдармен марапатталған.

102 жыл бұрын (1910-1999) тау-кен инженері, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы БӨПЕЖАНОВ Мұхит Кұлжанұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Мәскеу түсті металл және алтын институтын бітірген. 1936-1961 жылдары — Жезқазған Кен басқармасының кезекші инженері, шахта бастығы, шахтақұрылыс мекемелерінің инженері, шахта басқармасының бас инженері, көмір шахтасының директоры, аға инженерінің орынбасары, аға инженері, директоры. 1961-1963 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылығы кеңесі төрағасының бірінші орынбасары. 1963-1965 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылығы кеңесінің төрағасы. 1965-1973 жылдары — Қазақ КСР Түсті металлургия министрінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 1973 жылдан зейнет демалысына шыққан.

97 жыл бұрын (1915-1973) педагог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты ҒАБДУЛЛИН Мәлік дүниеге келді.

Қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданында туған. 14 жасынан бастап атақты жазушы Сәбит Мұқановтың тәрбиесін алған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Институттан кейін 1935-1937 жылдары әскери борышын өтеген.

1937-1983 жылдары — «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері, «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары, КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық Филиалындағы Тіл және Әдебиет Институтының ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. 1938-1946 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспиранты болған. 1941-1945 жылдары — Генерал И.В.Панфилов бастаған даңқты 28-ші гвардия дивизиясы құрамында Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік солдаттардың біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистердің тісіне дейін қаруланған әскеріне тойтара соққы береді. Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі таңкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. алайда алған жарақатына қарамастан жауға қарсы оқ боратады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен (№ 1035) Мәлік Ғабдуллинге 1943 жылдың 30-қаңтарында Кеңес Одағының Батыры атағын беріліп, Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары ғылыми-педагогикалық салада қызмет атқарған. 1946-1951 жылдары — Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, директоры. 1951-1963 жылдары — Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ректоры, 1963 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1947 жылы «Қобыланды батыр» жырын ғылыми зерттеудің проблемалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген монографиясында халқымыздың лиро-эпосы, батырлық жырлары, ертегі-аңыздары, тұрмыс-салт өлеңдері, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, суырыпсалма өнері туралы ғылыми зерттеулер мен қорытындылар жасады. Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды.

Мәлік Ғабдуллиннің зерттеген негізгі еңбектері — қазақ халқының батырлық эпостары, мақал-мәтелдері, айтыстары, ергешілері мен халық әндері болады. Қазақ әдебиетінің көптомдық тарихын шығаруға ат салысады. Оның «Қазақтың батырлық эпостары» зерттеу еңбегі 1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 2-4-шақырылымдарының депутаты.

«Менің майдандас достарым», «Алтын Жұлдыз», «Майдандық очерктер (Фронтовые очерки)», «Будни войны», «Достар, жолдастар жайлы», «Ызғарлы жылдар (Грозные годы)» атты көркем әдеби шығармалардың авторы. Әдеби туындылары И. П. Щеголихин көмегімен орыс тіліне аударылған. Мәлік Ғабдуллиннің Алматыда тұрған үйі мен қызмет атқарған Институтында батырға арнап мемориалды тақта орнатылған. Өзі туып-өскен аудандағы мектеп пен көше аттары Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады. Көкшетауда батырға арналып арнайы мұражай ашылған. Алматы, Астана және Көкшетау қалаларындағы көшелерге есімі берілген.

Ленин орденімен, «Қызыл Ту» орденімен, Бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен және екі рет «Қызыл жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

82 жыл бұрын (1930-2000) Қазақстанның қоғам және саяси қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БЕКТЕМІСОВ Әнет Иманақышұлы дүниеге келді. Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Мәскеу тамақ өнеркәсібі технологиясы институтын бітірген.

1955-1958 жылдары — «Донпродстрой» тресті құрылыс басқармасының бөлім бастығы, прорабы, мастері. 1958-1960 жылдары — «Алматытұрғынқұрылыс» тресті учаскесінің бастығы, құрылыс-монтаждау басқармасының прорабы. 1960-1961 жылдары — Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының референті. 1961-1963 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің нұсқаушысы. 1963-1964 жылдары — Алматы облыстық партия комитеті өндіріс бөлімінің меңгерушісі. 1964-1971 жылдары — Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы. 1971-1977 жылдары — Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорны құрылысы министрінің орынбасары. 1977-1988 жылдары — Қазақ КСР-інің Құрылыс ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1988-1990 жылдары — Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс төрағасының бірінші орынбасары. 1990-1993 жылдары — Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Құрылыс және сәулет мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы. 1993-1996 жылдары — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Әкімшілік-қаржы басқармасының бастығы. 1996-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. 1997 жылдан еңбек демалысына шыққан.

Алматы қаласындағы Ақбұлақ ықшам ауданындағы көшеге Бектемісов Әнеттің есімі берілген. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 8-9 шақырылымының депутаты. Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

62 жыл бұрын (1950) жазушы, драматург, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі БОРАНБАЕВ Өмірбек дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік өнер институтының театр факультетін бітірген.

1973-1985 жылдары — Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінде, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінде жауапты қызметтер атқарған. 1985-1995 жылдары Республикалық эстрада-цирк училищесінің директоры болды. 1978 жылы «Жалын» баспасынан «Өрімтал» атты әңгімелер жинағы жарық көрді. 1989 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған. Драматург ретінде «Оң жамбас» (комедия), «Дымың ішіңде болсын» (комедия), «Бәрінен күшті — қорқақ көжек» (ертегі), «Қаңбақ шал» (ертегі), «Сотанайдың соңғы үйленуі» (водевиль), «Біздің ауылдың көктемі» (драма), «Шәукен» (комедия), «Көк бөрі» (мистикалық драма), «Дүние жалған» (фарс) сияқты екі актілі пьесалар жазған. Бұл шығармалардың барлығы республика театрларында сахналанған. Қазіргі уақытта шығармашылық жұмыстармен айналысуда. Көптеген респуликалық байқаулардың жүлдегері атанып, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

150 жыл бұрын (1862-1946) неміс драматургі, Нобель сыйлығының лауреаты Герхард ГАУПТМАН дүниеге келді.

102 жыл бұрын (1910-1997) көрнекті кеңес спортшысы, футбол жаттықтырушысы Михаил ЯКУШИН дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар