"16 желтоқсан - көз жасымызбен, қанымызбен, жүрегімізбен келген Тәуелсіздігіміздің тұғыры": Куәгермен сұқбат  - kaz.caravan.kz
  • $ 522.38
  • 612.6
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
15 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"16 желтоқсан - көз жасымызбен, қанымызбен, жүрегімізбен келген Тәуелсіздігіміздің тұғыры": Куәгермен сұқбат 

"16 желтоқсан - көз жасымызбен, қанымызбен, жүрегімізбен келген Тәуелсіздігіміздің тұғыры": Куәгермен сұқбат 

16 желтоқсан - Қазақстан үшін екі маңызды мағынаны біріктіреді. Ол ел тәуелсіздігінің символы және еліміздің жаңа заман тарихындағы трагедиясын еске түсіретін оқиға.

  • 15 Желтоқсан
  • 106
Фото: instagram.com/newtimes_media

Желтоқсан көтерілісінің ызғарымен келген жеңіс — Тәуелсіздік. 16 желтоқсан сол жеңістің символы ғана емес, трагедияны еске салатын күн. Caravan.kz медиа порталының тілшісі Желтоқсан оқиғасының кәугерімен сұқбаттасып, тарихшылардың пікірін білді.

Әлі де қоғамда аталмыш күнді әртүрлі қабылдап келеді. Оның мағынысы төңірегіндегі пікірталастар да бітпеді. Бірі Тәуелсіздікті Желтоқсан ызғарымен келген десе, тарихшылар бұл екі оқиғаны шатастыруға болмайды деген пікірде. 

Осы ретте филология ғылымдарының докторы, профессор, Желтоқсан оқиғасының куәгері  Зейнуллина Айман Файзуллақызының пікірін сұрадық. 

«Ол күнді біз мәңгі ұмытпаймыз. Себебі ол біріншіден, біздің көзіміздің жасымен, қанымызбен, жүрегімізбен келген Тәуелсіздігіміздің тұғыры. Сондықтан ол есімізден кетпейді. Желтоқсанда көрген қорлығымыз, ызамыз, кегіміз де жүрегіміздегі ең үлкен жара. Ал мақтанышымыз ол бүгінгі күні сол Желтоқсан көтерілісінің ызғарымен келген жеңіс. Яғни, Тәуелсіздік жеңісі. Мен ол кезде студент болдым, жасым 20-да еді. Ертіс-Павлодар өңірінде желтоқсандықтардың саны басқа өңірлермен салыстырғанда көп емес, бірақ осы жерде 7-8 желтоқсандықтар бар. Бір-екеуі жұмыс бабымен, өмір сүру харакеттеріне қарай өңірден кетті. Құманғазы Айтмұрзаев, Бақберген Маңғожаев, Тоскен Ұябаев деген актерларымыз болды. Сол кезде олар Жүсіпбек Аймауытов атындағы театрдың ашылуына келген еді. Олар біртұтас театр институтында оқып жүрген студенттер сол кезде Желтоқсан оқиғасының ұйымдастырылуына, Тәуелсіз жолында күрескен жігіттер. Павлодарлықтар да бар, қазір олардың тағдырлары жаман емес. Амантай Құдабаев,  Ырыскүл Шахаман, Гүлнәр Тойбай сынды белгілі ғалымдар, дәрігерлер. 

Біздің бір ғана мақсатымыз болды. Қазақ елінің үлкен құндылықтары — тіліміздің өмір сүруіне, салт-дәстүріміздің жаңғыруына, тарихымыздың дұрыс ашылуына, дәріптелуіне, еліміздің байлығын өз ұлтының пайдалануына, қазақ ұлтынан өз патриоты шығып, сол елімізді басқаруы үшін шыққан күрес болды. Сол күрес далаға кетпеді. Сол күрестің арқасында жабылып қалған мектептер ашыла бастады. Павлодар өңірінде бір ғана мектеп қалған еді. Баспа құралдары да жабылып жатты. Алматының өзінде қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалар түбімен жабылып жатты. Сондықтан Желтоқсан көтерілісі қазақ елін сақтап қалған маңызды бірден-бір оқиға болды деп айта аламын. Қазір біз осы Тәуелсіздіктің туын шайқап алмауымыз керек. Сондықтан Тәуелсіздікті сақтау деген көздің қарашығындай сақтайтын дүние. Осы жолда күресуіміз керек», — дейді ол.

Ал Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университеті тарих кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы екі күнді шатастыруға болмайтынын алға тартады.

«Қазақстан КО Жоғарғы Кеңесі 16 желтоқсанда тәуелсіздік туралы заң қабылдады. Бұл анық факт, оны елемеуге болмайды. Сондықтан біз 16 желтоқсанды Тәуелсіздік күні деп атаймыз. Ал Алматыдағы трагедиялық оқиғалар 16 желтоқсан емес, 17-18 желтоқсанда орын алды. Сол себепті осы екі оқиғаны шатастыруға болмайды», — дейді Қайырболат Нұрбай. 

Тарих мұғалімі Нұрлан Адамовтың пікірінше, 1986 жылғы жастардың әрекеттерін саясатқа айналдырмаймыз. 

«Кейде митинг қатысушылары тек белгілі бір этносқа қарсы шыққаны туралы айтылуы мүмкін. Шындығында бұл олай емес. Бұрын бұл тақырыптарды оқыту қиын болды, бақылау мен шектеулер бар еді. Қазір толық ашық айтуға болады. Әрине, желтоқсан оқиғалары әлі де терең зерттеуді қажет етеді, көп нәрсе әлі қаралуы тиіс», — дейді тарихшы. 

Тарихшылардың айтуынша, сол кездегі оқиғаға қатысқан жастар адал ниетпен, билікке өз талаптарын жеткізу үшін шыққан. 

«Олар барлық құпия процесстерді білмеді, салдарының көлемін бағалай алмады. Алайда таза ниетпен, мықты рухпен өз позициясын білдіру үшін шықты. Желтоқсан оқиғалары саяси реформалар мен өзгерістердің дамуына серпін берді. Қазақстаннан кейін Грузия, Балтық елдері тәуелсіздікке қадам басты», — дейді профессор.

Көптеген қазақстандықтар үшін тәуелсіздік — еркіндік. 

«Бұл басты құндылық, себебі тек тәуелсіз елде ғана азамат толыққанды еркін бола алады. Егер мемлекет басқа елдің құрамында болса, және саясатты басқалар жүргізсе, бұл өте жаман болар еді», — дейді Нұрлан Адамов. 

1986 жылғы желтоқсан оқиғаларының тарихы

1986 жылы 11 желтоқсанда Мәскеуде КОКП Орталық Комитетінің отырысында Дінмұхамед Қонаевты отставкаға жіберу туралы шешім қабылданды. Қонаев 1960-жылдардан бастап Қазақ КСР-ін басқарған және көп адамдар үшін сол дәуірдің символы болды.

16 желтоқсанда Алматыда Қазақ КП Орталық Комитетінің пленумы өтті, онда жаңа басшы ретінде Ресейлегі Ульяновск облыстық комитетін басқарған Геннадий Колбин тағайындалды. Колбин Қазақстанда жұмыс істемеген, тұрмаған, жергілікті жағдайды білмеген. Қазақстанға қатысы жоқ, сырттан келген Колбиннің ел басшысы болуы халық наразылығының тұтануына себеп болды. 

17 желтоқсанның таңында Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) адамдар жинала бастады. Негізінен студенттер мен жастар. Алғашында аздаған топтар шыға бастаған, кейін саны көбейді. Олар халықтың өз басшысын таңдау құқығын талап етті. Көптеген қатысушылар елге қарсы емес, әділетсіз шешімге қарсы шыққанын көрсетуге тырысты.

Ресми деректерге сәйкес, шамамен 8500 адам ұсталған. Нақты сан белгісіз. Шеруді тоқтату үшін милиция, ішкі әскерлер және Мәскеуден келген бөлімшелер тартылды. Ресми мәлімет бойынша екі адам қаза тапқан. Алайда зерттеушілер мен қоғамдық тұлғалардың деректері бойынша, қайтыс болғандардың саны 170-ке дейін жеткен болуы мүмкін. Ал 2000-жуығы зардап шеккен.

Жастарды жуан таяқпен ұрып-соғып, қақаған қыста мұздай су шашқан. Сол қанды күннің куәгерлері милицияның қыздардың шашынан тартқанын, алаңда болғандардың басы жарылғанын, біразы есінен танып қалғанын айтады. Ұсталғандарды автозакқа тиеп, қаланың сыртына апарып тастап кеткен. 

Оқиғалардан кейін жаза және тәртіп шаралары басталды. Әртүрлі деректер бойынша, 900 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 99 адам сотталған, шамамен 600 студент оқудан шығарылып, жүздеген адам жұмысынан айырылған.

Қайрат Рысқұлбеков, 21 жаста

«Адам өлтірді» деген желеумен оған өлім жазасы берілді, кейін 20 жылға түрме жазасына ауыстырылды. Ол 1988 жылы белгісіз жағдайда түрмеде көз жұмды. Ресми өзіне қол салды дейді. 1992 жылы толық ақталды, 1996 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді. Көп адамдар үшін Рысқұлбеков — әділетсіздікке қарсы шыққан жастардың символы.

Ләззат Асанова, 16 жаста

Чайковский атындағы музыкалық училищенің студенті желтоқсан оқиғасынан бір аптадан соң жұмбақ жағдайда қаза тапты. Жақындарына «бесінші қабаттан секіріп кетті» деген. 

Сабира Мұхамеджанова, 16 жаста

Өскемен педагогикалық училищесінің 1-курс студенті «тәртіпсіздік жасады» деп айыпталып, оқудан шығарылған. Жатақхана терезесінен секіріп мерт болған. 

Ербол Сыпатаев, 22 жаста

Алматы энергетика институтының 2 курс студенті алаңда қыздарды қорғамақ болғанда, соққыға жығылған. Алған жарақатынан ауруханада көз жұмды. Қазасына байланысты ісі жабылған. 

Биліктегілер бұл наразылықты «ұлтшылдық» деп санап, алаңда болған қазақ жастарына «бұзақы, нашақор, маскүнем» деп жала жапты. 

Бірақ бұл айыптаулар расталмады. 1989 жылы Мұхтар Шаханов басқарған комиссия оқиғаларды объективті түрде зерттей бастады. Желтоқсан оқиғасы халықтың пікірін елемеуге қарсы реакция болған.

Трагедияға толы желтоқсан оқиғаларынан бес жыл өткен соң Қазақстан тәуелсіздігін алды. Ертең, 16 желтоқсан күні елімізге 34 жыл толады.

Перейти к новостям спорта