17 желтоқсанда «Азат рухтың алдаспандары» атты ән мен күй кеші өтеді
Желтоқсанның 17-шы жұлдызында Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі мен «Тіл» орталығы бірлесіп ұйымдастыруымен «Азат рухтың алдаспандары» атты ән мен күй кеші өтеді. |
Тәуелсіздіктің 21 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 26 жылдығына орайластырылып отырған концерттің бір ерекшелігі – мұнда азаттық жолында құрбан болған, қудаланған, жер айдалып, атылып, абақтыға жабылған композиторлардың шығармашылығы көрініс табады. Азаттықты аңсаған Махамбет, Иманжүсіп, Жаяу Мұса, Мәди, Қапез, Сары, Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Әбді, Қанапия сияқты саңлақтардың шығармаларымен қатар, Тәуелсіздік тақырыбындағы халық әндері мен күйлері, кейінгі заман композиторының туындылары сахнаға жол тартады.
Кешке Біләл Ысқақов, Жоламан Құжиманов, Сәуле Жанпейісова, Әбіиірбек Тінәлі, Ерлан Төлеутай, Тілеулес Құрманғалиев, Талғат Мұқышев, Саян Ақмолда, Еркін Шүкіманов, Мұрат Әбуғазы, Ерлан Ырысқали, Айгүл Үлкенбаева, Нүркен Әшіров, Саят Нұрғазин және тағы басқа өнерпаздар қатысады.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мен Тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен өткізіліп отырған кештің шымылдығы режиссер Сағызбай Қарабалиннің сахналауында шағын қойылыммен түріледі.
Концерт 17 желтоқсан күні сағат 14.30-де басталады. Келем деушілерге есік ашық!
Ерлан ТӨЛЕЙТАЙ, өнертанушы:
– Халқымыз азаттықтың ақ туын желбіретер Тәуелсіздігін сақтау үшін сан ғасырлар бойы жан-жақтан анталаған жаумен арыстандай алысты, жолбарыстай жұлқысты. Қазақтың кемеңгер хандары, қабырғалы билері, қас батырлары, ер ұлдары, Алаштың азаттығы жолында «күндіз отырмады, түнде ұйықтамады». Тіпті осы жолда жанын қиды, шаһит кешті. «Тарих дегеніміз тек соғыстардан» тұрады деп бір данышпан айтқандай, қазақ халқының елдік құра бастаған сонау ықылым замандардан бері, бір сәт соғыссыз күн кешкен кездері сирек. Тебінгісі терден шіріп, ат тізесінен қан кешіп, атқан оғын қардай боратып келіп тигенгенде, жауын жапырып жіберетіндей қуатқа ие болған батыр бабаларымыз осынау ұлы даланы бірнеше мың жыл уысында ұстап тұрды. Алайда осыдан үш ғасыр бұрын Алаштың басынан бақ тайды. Қазақ халқы орысқа бодан болды. «Ат жақсысы кермеде, Ер жақсысы түрмеде шіритін» заман туды. Сол кезде халықтың азаттыққа бастар рухын оятқан азаткерлік музыка дүниеге келді. Әрине, төлтума музыка өнеріміз халқымымызбен мыңдаған жылдар жасасып келеді.
Байланыс телефондары:
87713008479, 87022702102, 3888067
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін