Жарлы-жақыбайларға көмек көрсетудің халықаралық күні. Айналасындағы тұрмысы нашар жандарға атүсті қарамайтын барлық адамдар осы міндетті атқарады.
БҰҰ-ның «Оңтүстік-Оңтүстік» ынтымақтастық күні. 2003 жылғы желтоқсанның 23-інде Бас Ассамблея желтоқсанның 19-ын Біріккен Ұлттар Ұйымының «Оңтүстік-Оңтүстік» ынтымақтастық күні деп тану шешімімен қарар қабылдады. Бұл күні Бас Ассамблея дамушы елдер арасындағы техникалық ынтымақтастықты дамыту мен жүзеге асыру жөніндегі Буэнос-Айрес іс-қимыл жоспарын мақұлдады.
Энергетик күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы қарашаның 20-дағы Жарлығына сәйкес атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
82 жыл бұрын (1931) Қарағандының еңбекпен-түзеу лагері ұйымдастырылып, орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка селосында орналасты. Қарлагтың аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейін 300 шақырым, шығыстан батысқа дейін 200 шақырым жерді алып жатты. Аталмыш лагерді ұйымдастырудағы басты себептердің бірі — Орталық Қазақстанда жедел қарқынмен өсіп келе жатқан көмірлі-металлургиялық өндіріс орындары: Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған және Балқаш мыс балқыту комбинаттары үшін ірі азық-түлік базасын құру болды. Осыған орай жергілікті тұрғындарды ықтиярсыз қоныс аудартып, бос қалған жерге көптеген тұтқындар колоннасын орналастырды. Бұл колонналар басқармасы тікелей Мәскеуге және НКВД-ға бағынды және оның өзінің билігі, қару-жарағы, көлігі, поштасы мен телеграф байланысы болды. Долинканың аймағы жан-жағынан темір торлармен қоршалып, оған кіру арнаулы рұқсат қағазы арқылы жүзеге асты. Лагердің іші тағы да екі аймаққа бөлініп, әрбір бұрышына күзет мұнарасы қойылды. Жалпы Қарлаг жұмыс істеген уақытта мұнда 1 миллионнан астам адам тұтқында болды. Лагерь 1959 жылы таратылды.
17 жыл бұрын (1996) Қазақстан судьяларының бірінші съезі өтті. Съезде республиканың Судьялар одағы құрылды және судьялар этикасының кодексі қабылданды.
16 жыл бұрын (1997) Түркияның астанасында Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні атап өтілді.
22 жыл бұрын (1991) алғашқы пунктінде «КСРО одақтық-республикалық органы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің республикамыздағы құқықтық мирасқоры болып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті деп танылсын» деп көрсетілген Министрлер Кабинетінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті туралы» Қаулысына қол қойылды. Бұл егеменді мемлекеттің қауіпсіздік органдары жүйесінің құрылуының алғашқы қадамы болды.
8 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде қытайлық қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романының таныстырылымы болып өтті. Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы аталған шараны қаламгердің 80 жасқа толуына орайластырып өткізді. «Атажұрт» баспасынан жарық көрген бұл туындыны араб қарпінен кирилл жазуына көшірген Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділ.
6 жыл бұрын (2007) Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының орталығы Бескөлде жаңа мешіттің салтанатты ашылуы болып өтті.
4 жыл бұрын (2009) Семейде облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өрт сөндіру ісінің екі ғасырлық тарихына арналған көрме ашылды.
Ежелгі Семей қаласында өрт қызметінің 205 жылдық тарихы бар. Алғашқы өрт сөндіру командасы мұнда 1804 жылы құрылған. Ал басқа қалаларда мұндай қызмет жарты ғасырдан кейін ғана пайда болды. Көрмеге қойылған 400-ден астам материалдар мен суреттер өрт сөндіру қызметінің тарихын және оның ардагерлері туралы баяндайды.
ЕСІМДЕР
114 жыл бұрын (1899-1938) қазақ тілі білімінің негізін қалаушылардың бірі, түрктанушы, педагог-ағартушы, профессор ЖҰБАНОВ Құдайберген Қуанұлы дүниеге келді. Ақтөбе облысы Темір ауданында туған. Електегі (Орынбор облысы) екі кластық орыс училищесін, Орынбордағы «Хусайния» медресесін, Санкт-Петербор Шығыстану институтының толық курсын, КСРО Ғылым академиясы Тіл білімі институты аспирантурасын бітірген. Темір қаласындағы уездік оқу бөлімінің, Ақтөбе губерниялық оқу бөлімінде нұсқаушы-әдіскер және педтехникумының оқытушысы, Қазақ КСР Оқу халық комиссариатының ғылыми және оқу-әдістеме кеңесінің төрағасы, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, КСРО Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесінің сектор меңгерушісі, мемлекеттік Терминком төрағасы қызметтерін атқарған. Жұбановтың тіл білімі бойынша жазған еңбектері қазақ әліпбиі мен орфографиясы мәселелеріне арналған. «Көмекші етістіктер мен күрделі етістіктер», «Қазақ тіліндегі біріккен сөздердің жасалуы», «Қазақ тілінің ғылыми грамматикасының материалдары», «Фонетика», «Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар», «Қазақ тілі фонетикасының тарихын зерттеуге кіріспе», «Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орын тәртібі», «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан», «Буын жігін қалай ажыратуға болады», т.б. еңбектері — қазақ тіл білімі теориясын жасау және оны дамытуға қосылған үлкен үлес. Латын әліпбиіне негізделген қазақ орфографиясын жасауға қатысты. «Термин сөздердің өзіндік ерекшеліктері», «Қазақ әдеби тіл терминологиясының мәселелері» атты еңбектер жазды. Республика халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі, КСРО ҒА Қазақстан бөлімшесі төралқасының, бірнеше ғылыми кеңестер мен қоғамдардың мүшесі болған. Халық ағарту ісіндегі еңбегі үшін «Қазақстанның 15 жылдығы» белгісімен марапатталған. 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып, 1957 жылы КСРО Жоғарғы Соты Соғыс коллегиясының үкімімен ақталды.
93 жыл бұрын (1920-1942) еліміздің еркіндігін, ар намысын қорғаған ержүрек перзенттеріміздің бірі, Кеңес Одағының Батыры ТОҚТАРОВ Төлеген дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында туған.
Ұлы Отан соғысы жылдары 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы қатарында болып, 275-полктың автоматшылар ротасының жауынгері болады. Төлегеннің майдандағы ерлігін көзімен көрген, сол бөлімнің саяси жетекшісі болып істеген Кеңес Одағының батыры, белгілі жазушы Мәлік Ғабдуллин Төлеген жайында жазған естелігінде былай дейді: «1942 жылдың 9-шы ақпанында түс кезінде немістер батыл күшпен қайта шабуыл жасады. Бұл жолы немістердің шабуылына бүкіл батальон автоматшылары аттанды. Шайқас кезінде оқ дәрісі таусылған Төлеген ішінен ауыр жараланды. Төлеген «әуп» деп орнынан атып тұрды да, салбырап шыққан жаралы ішегін қарнына қысып, автоматын қолына ала жүгірген бетімен неміс офицерінің қақ басынан періп жіберді. Офицерді жайратып салып, қайта орала бергенде жаудың қайта атылған пулемет оғы оның кеудесіне тиді. Төлеген осындай ерлік көрсете отырып қаза болды. Төлегеннің сүйегі Бородиноның күн шығыс шетіндегі төбеге жерленді.
Төлеген Тоқтаровқа Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, оның ерлігі жоғары бағаланды.
Төлеген Тоқтаров туралы композиторлар Рамазан Елебаев «Жас қазақ» әнін, Ахмет Жұбанов пен Латифи Хамиди «Төлеген Тоқтаров» операсын жазды. Лениногор қаласында ескерткіші орнатылған. Алматы, Өскемен қалаларында Батыр атындағы көшелер бар.
58
жыл бұрын (1955) «ELCI Tech» компаниясының вице-президенті МІРЯКУПОВ Еділ Есімсейітұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген, экономист. 1975 жылдан — Қазақ автокөлік ғылыми-зерттеу және жобалау институтында техник. 1979-1980 жылдары — Фрунзе аудандық қаржы бөлімінің экономисі. 1980-1981 жылдары — Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің «Спутник» халықаралық жастар туризмі бюросының нұсқаушы-бақылаушысы. 1982-1984 жылдары — «Золотошахтапроходка» тресінде бухгалтер, комсомол комитетінің хатшысы. 1984-1990 жылдары — «Қазақ Кәсіподақтар кеңесінің нұсқаушысы-тексерушісі. 1990-1993 жылдары — кен-металлургия өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің бас бухгалтері. 1993-1996 жылдары — «Ирбис» сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы. 1996-1997 жылдары — «Қазақстан темір жолдары» ЖШС қаржы бөлімінің бас маманы, «Қазақстан темір жолы» РМК қайта құрылымдау және жекешелендіру басқармасының бастығы. 1997-1998 жылдары — ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің экономикалық саясат және сыртқы байланыстар департаментінің директоры, вице-министрі. 1999-2001 жылдары -»Қазальфатранс» ЖАҚ директоры. 2000-2001 жылдары — «Еркін К» ЖАҚ вице-президенті. 2001 жылғы қаңтар-маусым айларында — «Air Kazakhstan» ЖАҚ перспективалық дамфыту және корпоративтік байланыс жөніндегі вице-президенті. 2001 жылғы маусым-шілде айларында — «Air Kazakhstan Tour» ЖШС директоры. 2001-2002 жвылдпары — «Қазальфатранс» ЖШС директоры. 2002 жылғы маусым-қазан айларында — «Транс-Коммерция-Сервис» ЖШС директоры. 2002-2003 жылдары — «Air Kazakhstan» ЖАҚ басқарушы директоры — ішкі аудит қызметінің бастығы. 2003-2006 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің сектор меңгерушісі. Қазіргі қызметінде — 2006 жылғы сәуірден бері.
51 жыл бұрын (1962) ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі ПІШЕМБАЕВ Мереке Құдайбергенұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Өскеменнің жол құрылысы институтын, Қазақ мемлекеттік Басқару академиясының Нарық институтын, Ресей президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Техникалық ғылымдар кандидаты. Еңбек жолын Павлодар облыстық автомобиль жолдары басқармасының аға жол мастері болып бастаған. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары департаментінің автомобиль жолдары және жол қорын дамыту бөлімінің бастығы, Автомобиль жолдары департаменті директорының орынбасары, Солтүстік Қазақстан автомобиль жолдары облыстық мемлекеттік мекемесінің директоры болып қызмет атқарған. 2002 жылғы наурыздан 2013 жылғы қазанға дейін «Қазақавтожол» Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Бас директоры болып қызмет атқарды. 2013 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация вице-министрі болып тағайындалды.
38 жыл бұрын (1975) «Цесна» корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы ЕДЕНБАЕВ Еркеғали Серікұлы дүниеге келді.
1997 жылы «Қаржы және несие» мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, ал 2002 жылы «Халықаралық банкинг және қаржы» мамандығы бойынша Бирмингем университеті жанындағы Бизнес-мектебін аяқтаған. Е. С. Еденбаев өзінің еңбек жолын 1997 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде бастаған. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде мынадай жетекшілік лауазымдарында болған — ДБН әдіснама және талдау басқармасының талдау бөлімінің Бастығы, ДБСН әдіснама және талдау басқармасының бастығы, ДФН бақылау әдіснамасы басқармасының бастығы. 2004-2007жж. аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі Агенттігінің Стратегия және талдау департаментінің директоры қызметінде болған. 2008 жылдың ақпанынан қазіргі уақытқа дейін «Цесна» Корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы, «Цеснабанк» АҚ, «Цесна Капитал» АҚ Директорлар Кеңесінің Төрағасы, «Цесна» Корпорациясы» АҚ Директорлар Кеңесінің мүшесі, «Цесна-Астық" Концерні» АҚ, «КазАгроФинанс» АҚ Директорлар Кеңесінің мүшесі болып табылады. Салаға қосқан ерекше үлесі мен жетістіктері үшін «Цесна» Алтын белгісімен марапатталған.
161 жыл бұрын (1852 — 1931) американдық физик, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Абрахам МАЙКЕЛЬСОН дүниеге келді.
69 жыл бұрын (1944) кеңестік және ресей театр және кино актері, РСФСР халық әртісі Анастасия ВЕРТИНСКАЯ дүниеге келді.
107 жыл бұрын (1906-1982) кеңестік мемлекет және саяси қайраткері, 1964-1982 жылдардағы СОКП Орталық Комитетінің бірінші және Бас хатшысы Леонид БРЕЖНЕВ дүниеге келді.
80 жыл бұрын (1933) ресей актрисасы, режиссер, КСРО халық әртісі, «Современник» театрының көркемдік жетекшісі Галина ВОЛЧЕК дүниеге келді.
98 жыл бұрын (1915-1963) француз актрисасы және әншісі Эдит ПИАФ дүниеге келді.