Жарияланды: 1200

1921- 1954 жылдары Кеңес Одағында 3 миллион 777 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған

Ертең Алматы облысының Талғар ауданындағы Жаналық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған гүл қою рәсімі өткізіледі.

ҚР-ның «Жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы» 1993 жылдың 14 сәуірінде енгізілген заңы егемендік алған жылдары Қазақстанда ең алғаш қабылданған заңдардың бірі болды. Ресми деректерге жүгінсек, 1921 жылдан бастап 1954 жылға дейін Кеңес Одағында 3 миллион 777 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Оның ішінде Қазақстаннан 100 мыңдаған адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңы атылу жазасына кесілген. Осы жантүршігерлік кесапатты ұйымдастырудың салдарынан қазақтардың жартысына жуығы аштықтан қырылып, миллионнан астамы шет аумақтарға қоныс аударуға мәжбүр болды. Өткен ғасырдың үрейлі трагедиясы 4 миллионға жуық қазақстандықтардың тағдырына ауыртпалығын тигізді. Дәл сол жылдары лагерлерде қазақ халқының көрнекті мәдениет, ғылым және оқу-ағарту мен саясат қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұханбетов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Мағазы Масанчи, Левон Мирзоян, Санжар Асфендияров, Тұрар Рысқұлов және Жаһанша Досмұхамбетов сынды қазақстандық зиялы қауым өкілдері ату жазасына ұшыраған болатын. Бірақ олар келешекке өшпестей етіп ерлік пен елдіктің, теңдік пен еркіндіктің үлгісін қалдырды, бүгінгі біз таңдаған Тәуелсіздік жолында жанын қиды. Сол ерлердің есімі егемен Қазақстанның тағылымды тарихында алтын әріптермен өрнек таппақ. Жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырату - Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі. ХХ ғасырдың 30-50-ші жылдары қазақ халқының ерекше кезеңі еді. Тоталитарлық жүйе біржолата қалыптасып күшейген, әміршілдік-әкімшілік басқару жүйесі кең қанат жайған шақ болатын. Қатыгездікке толы саяси қуғын-сүргін, ғаламдық шаруашылық - экономикалық тәжірибе - бұның барлығы алаш жұртының тарихында және қазақ елінің жадында өшпейтін қайғы мен қансыраған жараның орнын қалдырғаны анық. Осы орайда салтанатты гүл қою рәсіміне Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Сейдуманов, Алматы облысы әкімінің орынбасары С.Мұқанов, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы К.Матыжанов, ҚР саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Ж.Ашуұлы, «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Б.Қойшыбаев, сондай-ақ саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстарының қатысады деп жоспарлануда.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін