Жарияланды: 700

1930 жылдар зобалаңына ұшыраған жазықсыз жанның бірі Е.Әбенов

Отызыншы жылдар зобалаңына ұшыраған жазықсыз жанның бірі еліміздің байланыс саласында белсенді қызмет еткен, небәрі отыз жасында оққа ұшқан Ермекқали Әбенов еді.

Орал қаласында тұратын еңбек ардагері Амангелді Құрақовтың айтуынша, Е.Әбеновтің ұрпақтары Батыс Қазақстан облысында тұрады. Бұрын Тасқала ауданы Екінші Шежін, қазір Орал қаласында тұратын ұлы Болат Өтеғалиев әкесін былайша еске алады. -Әкем Ермекқали Әбенов Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының 9-шы ауылында 1907 жылы дүниеге келген. 1925 жылы осы жердегі тұтыну кооперациясында кассир, келесі жылы дүкен меңгерушісі болған. 1928 жылы Жаңақала аудандық ауыл шаруашылығына несие беру серіктестігінің төрағасы болып тағайындалады. 1929 жылдың мамыр айынан Жаңақала аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады. Ол 1924 жылы Орынбор қаласында жасөспірімдер мектебін бітірген. Келесі жылы Орал қаласында кеңес қызметкерлерінің бес айлық курсын тәмамдаған. Бар білімі осы ғана. Бірақ оқуынан тоқуы тәуір, қызметіне адал, тындырымды болғандықтан, оны 1930 жылдың шілде айында Орал қаласындағы пошта-телеграф кеңсесіне пошта бөлімінің меңгерушісіне тағайындайды. Содан арада 14 ай өткенде ол Алматы қаласына шақырылып, КСРО Байланыс комиссариаты өкілдігінің кадр бөлімі меңгерушілігіне жоғарылатылады. Сөйтіп, әкем байланыс саласына біржола ауысады. Алматыда бес ай қызмет жасағаннан кейін оны өкілдік басшылығы Ақтөбе облыстық байланыс басқармасының бастығы қызметіне жібереді. Мен әкемнен бес жасымда, қарындастарым Сара 3 жаста, Клара 3 айлығында қалды. Біз әкемізді 1959 жылға дейін тірі деп келдік. Бірақ оны 1938 жылғы 15 ақпанда атып тастаған екен. Ақтөбе қаласының жанындағы Түйетөбе деген жерде... ҚР Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығына сәйкес 31 мамыр біздің елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілгені мәлім. Ақтөбелік профессор Зәкіридин Байдосов, журналист Аманғали Сәтер еліміздің батыс аймағындағы жазықсыз айыпталған азаматтар есімдерінің ел есінде қалуы үшін елеулі еңбек етуде. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатының №655 қорында (1-тізім, №599 іс қағаздар тігіндісі) 1932 жылдың 8 наурызы күні бірауыздан Ермекқали Әбенов облыстық байланыс басқармасы жанындағы ВКП (б) ячейкасының бюро мүшесі етіп сайланғаны жөнінде мәлімет сақталған. Бұл құжаттарды алу тек Тасқала ауданында тұратын Сара Ермекқалиқызының арқасында ғана мүмкін болды. Марқұмның нағыз ет-жақын туысқаны болмаса, бөтен адамға архивті қаратпайды екен. Енді Түйетөбе құпиясы қалай мәлім болды, соған келейік. Еліміз тәуелсіздік алған жылғы 1 мамырда Ақтөбе қаласының бір топ студенттері қала сыртындағы Түйетөбе үстіртіне барады. Жастарды бастап барған оқытушы оларға қиыршық тастардың әр түрін жинауды тапсырады. Жақында жауған жаңбырдан кейін үстірт маңы өте құлпырып, жастар мәз-мейрам болып жұмыстарына кіріседі. Өздерімен бірге алып келген ас-су мен гитара, домбыраның жанында тек екі қыз ғана қалады. Бір уақытта шыңғырған қыздың даусын естіп, мұғалім жан ұшырып жетіп келсе, қызда тіл жоқ, тек: «Әне, әне», - деп шұңқырды көрсетеді. Шұңқырға қарап мұғалім де, студенттер де өз көздеріне өздері сенбейді. Өйткені шұңқырдағы суда адамның бес-алты бас сүйегі қалқып жүр екен. Топ жетекшісі студенттерге осы маңдағы шұңқырларды түгел қаратып, тағы да екі-үш шұңқырдан екі-үш адамның бас сүйегін табады. Барша бас сүйекті қарап шыққан мұғалім олардың барлығының да қарақұсындағы тесікті аңғарады. Яғни марқұмдар жаппай қарақұстан атып өлтірілген. Дереу Түйетөбеден сол бойда қалаға оралған топ көрген-білгендерін заң орындарына, облыс басшыларына мәлім етеді. 1919-1940 жылдар арасында Қазақстанда «алашордашылар», «феодалдық заманның қалдықтары», «халық жаулары» деген желеумен 500 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Тек Батыс Қазақстан облысы бойынша 1937 жылдың өзінде ғана 853 адам қуғынға ұшырап, оның 335-і атылған. Ал қалғандары әр түрлі себеппен еңбекпен түзету лагеріне жіберілген. Атылғандардың ең жасы 18-де болса, кәрісі 80-де екен. -Әкемді ұстап алып кеткенде мен бес жаста едім. Бәрі көз алдымда. Екі қабатты үйде тұрдық. Сол үй әлі Ақтөбе қаласында бар көрінеді. Мені Ақтөбеге шақырған, бармадым. Анам Рәш 1978 жылы қайтыс болды. Клара қарындасым жастай өтті өмірден. Анам екеуміздің көрген күнімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес... Өкпем қара қазандай болғандықтан, Ақтөбеге қарындасым Сараны жібердім, - дейді Б.Өтеғалиев. Тасқалада тұратын Сара Ермекқалиқызы: «Әкемнің достары келіп, үйдің жиһаздарын қозғамай сол күйінде, есікті ашық қалдырып, бізді вокзалға апарып, пойызға машинистің қасына отырғызды. Ал машинист бізді «Орал қаласында сіздерді ұстап алады» - деп, Ресейдің Озинки станциясында (Саратов облысы) түсірді», - деп көзіне жас алды. Стансадан қарсылап алған туысы бұларды бір жыл бойы үй жылытуға дайындаған қамыстың тасасында жасырып ұстаған. Ал «үндеместің» агенттері Ермекқалидың бала-шағасын Жаңақала мен Оралдан іздесе керек... Ермекқали Әбеновтің ел үшін жасаған еңбегі, әсіресе, Қазақстанның батыс бөлігінде пошта-телеграф жұмыстарын жетілдіруге қатысты қажырлы қызметі ескерусіз қалған жоқ. Ақтөбе қаласының Некрасов көшесіндегі Әбеновтер тұрған үйге, облыстық пошта үйіне ескерткіш тақта орнатылып, ол жиынға Сара Ермекқалиқызы да қатысып қайтқан еді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін