Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын бұл дүбірлі доданың іріктеу ойындары сәуір айында басталды. Алғашқы кезеңде жасөспірімдер мектеп іші (сыныптар арасындағы), одан кейін аудандық, қалалық және облыс деңгейінде сайысқа түсті. Енді аймақ жеңімпаздары өзара күш сынасатын болады.
Биылғы жылы бесінші рет өткізілгелі отырған турнир елдегі балалардың ең көп қатысатын спорт сайысы болып табылады. Өткен көктемде «Coca-Cola Былғары Доп» жалпықазақстандық балалар мен жасөспірімдердің футбол турнирін өткізуді жалғастыру туралы кезекті үш жылдық келісімшартқа қол қойылды. Бұл спорт додасына биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 5 мыңнан астам мектептен 500 мың оқушы қатысты. Кеңес одағы тарағанан кейін 2006 жылы қайта жалғасқан «Былғары доп» турнирінде ең үздік шабуылшы атанған 19 жастағы Сергей Хижниченко қазіргі таңда ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүр.