Жарияланды: 860

2 қаңтар. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2 қаңтар СӘРСЕНБІ

Швейцарияда Әулие Бертольд күні. Жаңа жылдық мерекеден кейін - Әулие Бертольд күні - Берн қаласының қаланғанына орай атап өтеді. Елдің астанасы - Берннің 1191 жылы Бургундия үкіметінің Бесінші Церингер Бертольд герцогінің қаулы шығаруымен негізі қаланды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 45 жыл бұрын (1968) «Вечерний Алматы» қалалық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым қала әкімшілігі мен мәслихатының, қоғамдық және мәдени ұйымдарының тұрмысындағы жаңалықтарды, кәсіпкерлік, іскерлік, сауда және көлік саласындағы ақпараттарды жариялап тұрады. 21 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасының Инженерлік академиясы құрылып, оның президенті болып қоғам және мемлекет қайраткері, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академияның академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Өмірбек Жолдасбеков сайланды. 21 жыл бұрын (1992) Норвегия корольдігі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындады. 21 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымға мүше болды. 6 жыл бұрын (2007) Қазақстан Рамсар конвенциясына қол қойған 154-ші ел болды. 2007 жылғы қаңтардың 2-інде құжатқа қол қойылды, төрт айдан кейін мамырдың 2-інде күшіне енді. Қазақстанның алғашқы Рамсар объектісі - Ақмола облысындағы Теңіз-Қорғалжын көлдерінің жүйесі - халықаралық мәні бар сулы-сазды жерлер тізіміне 1976 жылы қазанда енгізілген. Рамсар кіші гранттар қорын қоса Конвенцияға бірігу жұмыстары Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасының (БҰҰДБ - ПРООН) Астанадағы өкілдері мен Халықаралық құстарды қорғау одағының көмегімен және де Ұлыбританиядағы құстарды қорғау Королдік ұйымы мен Қазақстандағы биоалуандықты сақтау қауымдастығымен жүзеге асырылды. 7 жыл бұрын (2006) Павлодарлық ақын Татьяна Окольничьейдің «Золотое мое горенье» атты кітабы жарық көрді. Автордың поэзиясымен павлодарлықтар бұрынан таныс - Татьяна көп жылдар бойы «Звезда Прииртышья» атты облыстық газеттік әдеби беттеріне шығады. Т.Окольничьейдің лирикасы бейнелі және таза. Автор өзінің көптеген өлеңдерін Ертіске, туған жерінің табиғатына арнайды. Өлең жолдарында - ескі Павлодардағы балалық шақ кезіндегі ағаштан және саманнан жасалған үйлер, мерекелерде бірге қыдырған ақкөңіл көршілер туралы еске түсірулер жазылған. 5 жыл бұрын (2008) Белгілі павлодарлық ақын Виктор Семерьяновтың жаңа кітабы жарық көрді. «Ритмы времен» атты жинаққа автордың әр жылдары жазған ең үздік шығармалары кірді. Оған енген поэмалар «Жасыбай батыр туралы жырлар», «Машһүр төбесі», «Маусым», «Қысқы кемпірқосақ». «Мен Қазақстанда тұрамын» деген поэма ақынның және Ресей мен Қазақстан халықтарының тағдырына арналған. 3 жыл бұрын (2010) Алматыда қала көшелерінің біріне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрғанбек Қатаевтың есімі берілді. Енді Абай даңғылы мен Бәсенов көшесінің арасындағы 1200 метрлік «16-шы линия» көшесінің аты Тұрғанбек Қатаевтың есімімен аталады. Тұрғанбек Қатаев - Қазақстан Республикасының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері еліміздің жоғары білім беру саласын дамытуға зор үлес қосқан еді. 1974-1983 жылдары республиканың білім министрлігін басқарды. Алматыда 2009 жылы өмірінің соңғы жылдарын өткізген үйге мемориалдық тақта қойылған болатын. ЕСІМДЕР 114 жыл бұрын (1899-1974) актер, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі ӨМІРЗАҚОВ Елубай дүниеге келді. Қостанай облысының Таран ауданында туған. Болашақ актердің талантын ерте танып, өнерге баулыған әрі оны оқуға үйреткен сол кездері ауыл ұстазы, жазушы-драматург Б.Майлин болатын. 1923-1925 жылдары Орынбор қаласындағы Қазақтың халық ағарту институтында оқыған. 1924 жылы Орынборда қойылған М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегі» мен Ж.Ерданаевтің «Малқамбайында» ол Абыз бен Малқамбай рөлдерінде ойнады. 1925 жылы Қызылорда қаласында Қазақ мемлекеттік драма театры құрылғанда А.Абдуллин, Қ.Бадыров, С.Байғожин және С.Оспановпен бірге Е.Өмірзақов та алғашқы ұлт театрының іргетасын қалап, оның өркен жаюына мол үлес қосты. 1927 жылы Мәскеу қаласында өткен этнографиялық концертке қатысты. 1931 жылы театрдың бес жылдық мерекесіне байланысты Е.Өмірзақов республиканың тұңғыш халық әртісі атағына ие болды. Ол қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрын ұйымдастырушылардың бірі, осы театр сахнасында қойылған М.Әуезов пен И.Кацыктың «Айман-Шолпан» және Б.Майлин мен Е.Брусиловскийдің «Жалбыр» сияқты музыкалық спектакльдерінде халық өкілі, тапқыр Жарас пен күзетші Қайрақпайдың рөлін орындады. 1930-1940 жылдары драма театрда ойнаумен ғана шектелмей, радио мен филармонияға эстрадалық концерттер мен кино өнерінің дамуына да қызу ат салысты, табиғи талантының әр қырынан танылды. Халық өнерінің қайнар көзінен нәр алған актер әйгілі халық батыры Амангелдінің, сондай-ақ Жарас пен Дәркембайдың бейнесін шеберлікпен сомдады. Өмірзақов ойнаған рөлдерінің саны 150-ден астам, актерлік шеберлігінің ерекшелігі сөзінен гөрі сахналық қимыл-қозғалысы мен мимикасында, ол әрбір кейіпкерінің мінезін, табиғатын ішкі сезім дүниесіне лайықтап, өзінің бүкіл дене бітімін құбылтып, құлпыртып ойнауға өте шебер сахна суреткері болды. Ол халық әндерін («Шәпибаяу», «Кербесті», «Нақ-нақ», «Қыздар-ау», «Зулатшы-ай», тағы басқа) шебер орындаушы ретінде де белгілі. 1936-1956 жылдары Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1976 жылы «Ұстаздарым - достарым» атты еңбегі жарық көрді. Алматы қаласындағы Қабанбай батыр көшесіндегі № 89 үйге мемориалдық тақта орнатылып, актер есімімен көше және Қостанай облыстық филармониясы аталды. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған. 74 жыл бұрын (1939-2002) композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері САҒАТОВ Мансұр дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Алматы консерваториясының композиторлық факультетін бітірді. 1963-1974 жылдары - Қазақ радиосы музыка редакциясының редакторы, бас редакторы. 1974-1986 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасында қызмет істеді. 1977 жылдан Алматы консерваториясында ұстаздық етті. Композитордың туындылары қазақ музыка өнерінде елеулі орын алады. Оның «Симфония», скрипка мен оркестрге арналған концерт, «Ақын толғауы», «Мерекелік кантата» кантаталары, «Диалогтар» поэмасы, «Мерген» симфониялық күйі, «Әлия» балеті, т.б. музыкалық шығармалары бар. Сондай-ақ Сағатов халық арасына кең тараған әндер мен романстардың («Домбыраға қол соқпа», «Нәзік гүл», т.б.) авторы. Көптеген спектакльдер мен фильмдерге музыка жазды. 59 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы МУСИН Аслан Есболайұлы дүниеге келді. Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1975 жылы Ақтөбе облысының статистика басқармасында бастады. 1976-1977 жылдары Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. 1977 жылғы мамыр-1979 жылғы қаңтар аралығында Ақтөбе облысының статистика басқармасында қызметін жалғастырды. 1979-1991 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінде нұсқаушыдан хатшыға дейінгі лауазымдарды атқарды. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Монополияға қарсы күрес мемлекеттік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша төрағасы. 1993 жылғы маусым - 1994 жылғы желтоқсан айлары аралығында - Ақтөбе облысы әкімшілігі басшысының орынбасары, бірінші орынбасары - облыстық экономика басқармасының бастығы. 1994 жылғы желтоқсан - 1995 жылғы қыркүйек аралығында - Ақтөбе облыстық экономика басқармасының бастығы. 1995 жылғы қыркүйек - 2002 жылғы сәуір аралығында - Ақтөбе облысының әкімі. 2002 жылғы сәуір - 2006 жылғы қазан аралығында - Атырау облысының әкімі. 2006 жылғы 4 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болып тағайындалды. 2007 жылғы 10 қаңтардан бастап осы лауазымды Қазақстан Республикасы Үкіметінің вице-премьері лауазымымен қоса атқарды. 2007 жылғы 18 тамызда кезектен тыс сайлауда «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2007 жылғы 2 қыркүйек - 2008 жылғы 13 қазан аралығында - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы. 2008 жылғы 13 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы. 2009 жылғы 15 мамырдан бастап «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің және бюросының мүшесі. 2012 жылғы 21 қыркүйектен бастап Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы. «Құрмет» (1999 ), III дәрежелі «Барыс» (2004), II дәрежелі «Барыс» (2010) ордендерімен, мерейтойлық және естелік медальдарымен, сондай-ақ «Халықтар достығы» орденімен (РФ, 2004) марапатталған. 88 жыл бұрын (1925-1999) Кеңес Одағының Батыры ҚАЙЫРБАЕВ Махмет дүниеге келді. Семей облысы Бесқарағай ауданында туған. 1942 жылы әскер қатарына шақырылды. Танкіге қарсы жоюшы-артиллерия полкінің батарея командирі болды. 1944 жылы Шауляй қаласының (Литва) түбінде болған ұрыста асқан ерліктің үлгісін көрсетті. Құрамында аға лейтенант Махмет бар 15 кеңес әскері жаудың 3 танкісін, автоматшылардың үлкен тобын жойды. Осы ерлігі үшін Махмет Қайырбаевқа 1945 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1945 жылы Дзержинский атындағы Әскери академиясы жанындағы курсты бітірген. Оның батареясының 76 миллиметрлік зеңбірегі Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы. 1946 жылы запасқа шығып, елге оралғаннан кейін аудандық атқару комитеттерінде жұмыс істеді. Ақтоғай ауданын басқарды. Павлодар облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болды. 1976-1982 жылдары Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. Ленин, Октябрь Революциясы, Александр Невский, 1- және 2-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған. Оның есімі Павлодардағы бір көшеге және Балалар спорт мектебіне берілген. 58 жыл бұрын (1955) Парламент Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА Гүлнәр Сүлейменқызы дүниеге келді. Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Тұщықұдық ауылында туған. Қазақ Химия-технология институтын, Мәскеудегі жоғары партия мектебін, Орта Азия университетін бітірген. Институтты бітіргеннен кейін 1976-1981 жылдары «Тұщықұдық» кеңшарында құрылыс шебері болып жұмыс істеген. 1981-1988 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Маңғыстау аудандық комитетінің екінші хатшысы, бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО Маңғыстау облыстық комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Бейнеу аудандық комитетінің хатшысы. 1988-1990 жылдары Мәскеу Жоғары партия мектебінде оқыған. 1990-1991 жылдары - Қазақстан Компартиясы Маңғыстау облыстық комитетінің жауапты ұйымдастырушысы. 1991-1999 жылдары - Маңғыстау аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бас инженері, Жекешелендіру жөніндегі бюро директорының орынбасары, бөлім бастығы. 1999-2005 жылдары - Маңғыстау облыстық Коммуналдық меншікті басқару жөніндегі департамент директорының орынбасары, директоры, Маңғыстау облыстық Қаржы департаментінің директоры. 2005-2007 жылдары - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары. 2007-2011 жылдары - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылғы 20 қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. 87 жыл бұрын (1926) жазушы, ақын, балалар драматургы, педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, Қазақ КСР және КСРО оқу ісінің озаты ТАБЫЛДИЕВ Әдібай дүниеге келді. Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов атындағы ауданында туған. Тараз қаласындағы педагогикалық училищені, қазіргі Абай атындағы Алматы ұлттық педагогика университетін, Ыбырай Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. 1968-1980 жылдары «Қазақ совет энциклопедиясы» Бас редакциясы Философия-педагогика редакциясының аға редакторы, Тіл-әдебиет редакциясының меңгерушісі болған. 1980 жылдан Қазақ Ұлттық университетінің жалпы педагогика және этностық педагогика кафедрасында этнопедагогика, педагогика және оқыту-тәрбиелеу әдістемелері бойынша дәріс беріп келеді. Ол 1959 жылы шыққан «Бөбекке сөз» жинағынан бастап, 2000 жылы жарық көрген «Қайырлы таң, балалар!» тандамалы жинағына дейінгі аралықта балаларға арнап 31 кітап шығарды. Сондай-ақ балаларға арналған тақпақ, ертегі, скетч, инсценировка, пьесса, интермедия, қойылым жанрларында шығарма жазып, қазақ балалар әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосты. Сатира жанрында да қалам тартып, сатиралық эпиграммалар мен скетчтер, қысқа әңгімелер жазды. Оның «Алыптардың алыбы», «Бәрекелді, Кірпі», «Ғажайып бақ» сияқты ертегі пьесалары республикалық қуыршақ театрында қойылды. Ақынның оннан аса қойылымдары республикалық теледидар, радио қорларында сақталып, үнемі күнделікті бағдарламаларда беріліп келеді. Көрнекті ұстаз негізінен ұлттық-тәрбиенің ғылыми теориялық мәселелерін зерттеумен айналысады. Оннан аса ғылыми-әдістемелік оқу-құралдары негізінен оқушыларды, студенттерді тәрбиелеу, оқыту мәселесіне арналған. Сөйтіп, ол қазақ этнопедагогикасы ғылымының негізін қалаушыларының бірі болды. «Ұлттық тәрбие иірімдері», «Қазақ этнопедагогикасы», «Қазақ этнопедагогикасы және оқыту әдістемесі», «Этнопедагогикалық оқылымдар» және басқа да оннан астам оқу құралдарында қазақ этнопедагогикасы - ұлттық мәдениетіміздің ғылыми көрсеткіші, қайнар көзі екендігін жан-жақты талдап көрсеткен. Ұлағатты ұстаздың «Әдеп әліппесі» атты оқу құралы -республиканың барлық қазақ мектептерінде жеке пән ретінде, тәрбие құралы ретінде және «Халық тағылымы», «Тағылым», «Қазақ этнопедагогикасын оқытудың әдістемесі» тағы басқа ғылыми монографиялық еңбектерін жоғары мектеп оқытушылары оқу-тәрбие ісіне кеңінен пайдалануда. Ыбырай Алтынсарин атындағы сыйлықтың иегері, Бірнеше медаль, Құрмет грамоталармен марапатталған. 77 жыл бұрын (1936) жазушы, драматург, аудармашы, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ақпарат академиясының академигі, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің Құрметті профессоры, Семей қаласының, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, СӘРСЕКЕ Медеу Сапаұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. Алматы кен-металлургия институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, біраз уақыт жұмысшы жастар бөлімін басқарды. 1959 жылы Семей цемент зауытына ауысып, қатардағы инженерден техникалық бөлім бастығына дейінгі қызметтерді атқарды. 1963 жылы Өскеменде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Егемен Қазақстан) газетінің меншікті тілшісі болып істеді. Ал 1965 жылдан бері әдеби жұмысқа біржола ауысып, Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы міндетін отыз жылдан астам уақыт атқарды. Ең алғашқы ғылыми фантастикалық повесі «Ғажайып сәуле» деген атпен 1959 жылы жарық көрген. Содан бергі уақыттарда жазған «Жетінші толқын», «От және атом», «Айшықты мезет» повестері мен әңгімелері, «Туған жердің асылы» новеллалары, «Жаңғырық», «Көмбе» романдары, орыс тілінде «Взрыв» т.б. жинақтары жарық көрген. А.Беляевтің «Қос мекенді адам» романын қазақ тіліне аударды. Драматургия саласында да жемісті еңбек етіп, «Шыңғыс хикаясы», «Жарылыс» және «Заңды неке» драмаларын жазды. Қаламгердің есімін Одаққа және шет ел оқырманына танытқан күрделі де сүбелі туындысы - «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» сериясы бойынша 1980 жылы жарық көрген «Сәтбаев» ғұмырнамасы. Ұлт аспанына жарқырап шыққан біртуар тұлға академик Қаныш Сәтбаев өмірі мен ұлы ісін ұлықтауға Медеу Сәрсеке қырық жылдан астам ғұмырын сарп еткен. Осы жолда жазушы Мәскеу, Санкт-Петербор, Томск, Ташкент қалаларының мұрағаттарын ерінбей ақтарды. Кітаптың ана тілінде жазылған алғашқы нұсқасы 1975 жылы билеуші партияның Орталық комитеті тарапынан қиянатты тежеуге түсіп, баспаханада тоқтатылғаны - кешегі әміршіл жүйенің қолдан жасаған қыспағы болды. Алайда қайсар жазушы алға ұстаған бетінен қайтпады, көкейкесті еңбегін әуелі Мәскеуде, қазақша түпнұсқасын 1988 жылы Алматыда жариялады. Содан бері ол 9 мәрте қайта басылып шықты. Кітаптың таралымы өткен жылдың аяғында 316 мың данаға жетті, оның орысша басылымы дүние жүзінің 112 еліне тараған. «Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Кенші даңқы», «Құрметті кен барлаушы» құрметті төсбелгілерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 72 жыл бұрын (1941) ақын, Махамбет Өтемісов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының ескерткіштерді қорғау қоғамының құрметті мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері НАЗАРБЕК Сайын дүниеге келді. Маңғыстау облысында туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. Атырау облысы Махамбет ауданының, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Құрметті азаматы. Шәкәрім Құдайбердиев атындағы Семей Мемлекеттік педагогикалық институтының Құрметті профессоры. 1964-1969 жылдары - В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының оқытушысы. 1975-1980 жылдары - құрылыс мекемесінің қызметкері. 1980-1989 жылдары - Алматы құрылыс техникумының оқытушысы қызметтерін атқарған. 1992-2002 жылдары - Маңғыстауда «Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде зираттық сәулет ескерткіштерін тұрғызуға кіріседі. 1992 жылы Маңғыстау өңірінде Абыл ақынға, Досан батырға күмбездер тұрғызып, 1993-1995 жылдары Шыңғыстауда «Абай-Шәкәрім» мұнарасын, Омархан - Нұржамал (Мұхтар Әуезовтың ата-анасы), Тоқтамыс батыр күмбездерін, Ділдә, Әйгерім, Ақылбай, Шәкір Әбенов сағаналарын тұрғызып, 1996-1997 жылдары Қаратау өңірінде «Домалақ ана»,1999-2010жылдары Атырау облысында «Хан Ордалы Сарайшық», Сұлтанмахмут Торайғыров кесенелерін, Жаңаөзенде «Даңқ» аллеясын салды. «Парыз», «Абай басқан Жидебай топырағы», «Шерқала» атты өлеңдер жинағы, «Абай ішіп үлгермеген у», «Махамбеттің бір күні», «Ең асыл мұра» атты драмалық шығармалары, «Абай», «Нұрым», «Ақтаным», «Сырласым бол», «Менің Ақ Ордам», «Ұлы Дала Ұлдары» атты жинақтары жарық көрген. Сондай-ақ «Адай шежіресі» атты сегіз томдық еңбектің жинақталып, жазылуына басшылық еткен. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Конститутциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Маңғыстау облысы Әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 62 жыл бұрын (1951) әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі НҰРМАҒАМБЕТОВА Сұлушаш Құлжабайқызы дүниеге келді. Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында туған. Алматыдағы эстрада өнер студиясын бітірген. 1973-1995 жылдары - «Қазақконцерттің» әншісі, 1995-1996 жылдары - «Жазира» ансамблінің әншісі, 1996-1998 жылдары - Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің құрамында өнер көрсеткен. 1998-2003 жылдары - облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншісі болды. 2003 жылдан - қазақ эстрадасының әншісі. Әншінің репертуарында қазақ композиторларымен бірге қырғыз, қарақалпақ, орыс, түрікмен халықтарының 250-ден астам әндері бар. Ол әндердің 150-і Қазақ радиосының Алтын қорында. Ол Алжирге, Өзбекстанға, Қытай Халық республикасына, Польшаға, тағы басқа шет ел қалаларына гастрольдік сапарға шығып, өнер көрсеткен. 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен қалаларында шығармашылық концерт берген. «Алтын коллекция» әндер жинағы жарық көрген. Жинаққа әншінің орындауындағы 109 ән кіргізілген. «Ерен еңбегі үшін»медалімен марапfтталған. 60 жыл бұрын (1952) Көкшетау қаласының әкімі БАТЫРХАНОВ Мұнарбек Бүркітбайұлы дүниеге келді. Көкшетау облысы Володар ауданының Володарское ауылында туған. Қазақ. Әкесі - Батырханов Б.М., дербес зейнеткер, ҰОС ардагөрі, Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы. Анасы - Батырханова К.Т., зейнеткер. Павлодар индустриялық институтын бітірген (1975), инженер-құрылысшы. Қазақ және орыс тілдерін біледі. «Нұр Отан» ХДП мүшесі (2006 жылдан). 1969 жылдың маусымынан қыркүйегіне дейін - «Целинпроект» МЖИ Көкшетау филиалының сызбашысы. 1970 жылдың тамызынан - Павлодар индустриялық институтының студенті. 1975 жылдан - «Көкшетауауылқұрылыс-4» тресі 407-ҚМК құрылыс учаскесінің шебері, жұмыстарды өндірушісі. 1979 жылдан - Кеңес Әскерінің қатарында қызметте. 1981 жылдан - «Көкшетауқұрылыс» құрылыс-монтаж тресі орталық құрылыс зертханасының аға инженері. 1983 жылдың наурызынан - «Көкшетауқұрылыс» құрылыс-монтаж тресінің «Тұрғынқұрылыс» ҚМБ өндірістік бөлімінің бастығы. 1983 жылдың қазанынан - «Көкшетауқүрылыс» құрылыс-монтаж тресінің өндірістік бөлім бастығының орынбасары. 1986 жылдан - «Көкшетауқұрылыс» тресі ТБӨ және БК зауытының бас инженері. 1987 жылдан - [[Қазақстан] Компартиясы Көкшетау облыстық комитетінің құрылыс бөлімінің нұсқаушысы. 1988 жылдан - Көкшетау қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1989 жылдан - Көкшетау қалалық жоспарлау комиссиясының төрағасы. 1990 жылдан - Көкшетау қалалық атқару комитеті Халық депутаттары қалалық кеңесі төрағасының орынбасары. 1992 жылдан - коммерциялық құрылымда қызметте. 1997 жылдың сәуірінен - Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары. 1998 жылдан - Көкшетау қаласы әкімінің бірінші орынбасары. 1999 жылдан - Ақмола облыстықӨнеркәсіп, сауда, көлік және коммуникация басқармасының бастығы. 2002 жылдан - «Наука-Восток» ААҚ президенті. 2004 жылдан - «Асар» РП Республикалық қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының хатшысы. 2006 жылдан - Ақмола облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы. 2007 жылдан - Ақмола облыстық Құрылыс департаментінің директоры. 2009 жылдан - Ақмола облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бастығы. 2010 жылдың маусымынан бері - Ақмола облысы Көкшетау қаласының әкімі. Көкшетау қалалық Халық депутаттары кеңесінің депутаты (1990-1994). «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» белгісімен марапатталған (2009). 43 жыл бұрын (1969) ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі СМАИЛОВ Жанболат Амангелдіұлы дүниеге келді. Целиноград облысы Астрахань ауданы Жарсуат ауылында туған. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын (1993), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін (2005) бітірген.Экономика ғылымдарының кандидаты. «Нұр Отан» ХДП мүшесі Еңбек жолын 1991 жылы «Автомотосервис» Целиноград облыстық кәсіпорнында экспедиторлықтан бастады. Одан кейін «Казавтомотосервис» облысаралық базасында инженер болып жұмыс істеді. 1995 жылдан бастап «Ақмолатрансагенттігі» АҚ президент болып тағайындалды. 1997 жылдан бастап «Бұланды карьері» АҚ президенті болып қызмет атқарды. 2003 жылдан 2004 жылға дейін Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болды. 2004 жылғы 20 мамырдан 2005 жылғы ақпанға дейін - Ақмола облысы Шортанды ауданының әкімі. 2005 жылғы ақпаннан 2008 жылғы мамырға дейін Ақмола облысы Степногорск қаласының әкімі. 2008 жылғы мамыр-қазан аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2008 жылғы қазаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2010 жылғы сәуірден бастап ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін