2 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 441.44
  • 473.09
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2 қараша.  АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2 қараша. ЖҰМА

  • 2 Қараша 2012
  • 637
Фото - Caravan.kz

Қырғызстан Мәдениет қызметкерлері күні. Қырғызстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылғы 28 шілдедегі Қаулысымен бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

84 жыл бұрын (1928) Адай округі атқару комитеті төрағасының орынбасары Ералиев Шәбден жұмбақ жағдайда (суға өзі құлап кеткен деседі) қаза тапты. ОГПУ бұл оқиғаны желеу ете отырып, жергілікті басшыларды қуғынға ұшыратты. Мұның аяғы белгілі Адай көтерілісіне ұласты. Көтеріліс басылған соң 800 адам жауапқа тартылған.

65 жыл бұрын (1947) «Темиртауский рабочий» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым қазақ және орыс тілдерінде 1960 жылға дейін шығып тұрды.

13 жыл бұрын (1999) Семей университетіне ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі беріліп, университет ғимаратының алдына ескерткіші орнатылды.

11 жыл бұрын (2001) Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы ашылды. Мұражайдың басты мақсаты қуғын-сүргін құрбандары болған қоғам және мемлекет қайраткерлерінің өмірбаяндарын, суреттерін жинастыру.

6 жыл бұрын (2006) Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесіне (ЭӘК) мүше болып сайланды. 54 мүше мемлекеттен тұратын ЭӘК БҰҰ-ның 14 мамандандырылған мекемесінің, 10 функционалдық және 5 өңірлік комиссиясының жұмысын үйлестіреді, БҰҰ жүйесінің ұйымдарына және мүше-мемлекеттерге ұсыныс береді. БҰҰ Жарғысына сәйкес ЭӘК халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге көмектесу үшін, адамдардың еңбекпен толық қамтылуына, экономикалық және әлеуметтік прогреске жауап береді.

8 жыл бұрын (2004) Жамбыл облысы Амангелді газ кен орнында реттік саны 114-інші болған 14-інші бұрғылау орны іске қосылды.

8 жыл бұрын (2004) қазақстандық журналист Олег Квятковский «Российская газета» ТМД және Балтық елдері БАҚ-ның орыс тілді өкілдері арасында өткізген «Русский мир» байқауының жеңімпазы атанды. Олег Квятковский (1948-2007) — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. «Советская Чукотка», «Казахстанская правда» газеттерінің тілшісі, «Строительная газетаның» Қиыр Шығыс бойынша меншікті тілшісі, «Труд» газетінің Түркіменстан мен Қазақстандағы меншікті тілшісі, «Караван» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 2000 жылы «Кода» ақпараттық агенттігінің негізін қалап, жетекшілік еткен. Олег Квятковский — бірқатар кітаптардың авторы. Журналистер одағы сыйлығының және Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері.

8 жыл бұрын (2004) Алматының «Қайраты» Петропавлда «Есіл-Богатырь» командасымен арадағы матчта жеңіске жетіп, сол жылдың республика чемпионы атанды.

6 жыл бұрын (2006) 2-9 қарашада Алматыда II халықаралық «Қазақстандағы корпоративтік басқару және инвестициялық ахуал» конференциясы болып өтті.

6 жыл бұрын (2006) С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасының раритеттік басылымдар топтамасы тағы бір сирек кездесетін — 1914 жылы шыққан «Ресейдегі ауыл шаруашылығы кәсіпшілігі» кітабымен толықты. Бұл кітапты жиырма жыл бойы Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасын басқарған, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Анатолий Золотарев кітапханаға сыйға тартқан. Кітапта ауыл шаруашылығы ғылымын қолдана білген аграрлық сала қызметкерлерінің конференциялары мен өзге де жиындары туралы кеңінен әңгімеленіп, жағымды тәжірибелер мен жаңа жерді өңдеу технологиялары ашып көрсетілген. Құнды кітап беттерінде Ресей империясы ауыл шаруашылығының 1895-інші жылдан 1913 жылға дейінгі ахуалы туралы көптеген диаграммалар, графика мен суреттер қолданыла отырып, статистикалық мәліметтер келтірілген.

7 жыл бұрын (2005) Қырғызстанда Қазақстандық инвесторлар мен кәсіпкерлер қауымдастығы құрылды. Бұл Қауымдастық олардың заңды мүдделерін қорғап, Қырғызстандағы Қазақстан бизнесін ілгерілетуге үлес қосатын болады Қырғызстан экономикасына кеңінен таныстырылған қазақстандық кәсіпкерлердің кездесуін Бішектегі Қазақстан елшілігі ұйымдастырып отыр. Қазақстан елшілігінде өткен кездесуде Қауымдастықтың кеңесі сайланды.

5 жыл бұрын (2007) Астанадағы №6636 әскери бөлімшесінде 1995 жылдың сәуір айының 7-сінде тәжік-ауған шекарасында қаза болған еліміздің ішкі әскерінің 17 жауынгері мен 1979-1989 жылдары ауған соғысында қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылды. Естеріңізге сала кетейік, 1993 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері ұжымдық қауіпсіздік келісіміне сәйкес, ішкі әскерден арнайы жасақталған ротаны тәжік-ауған шекарасын күзетуге жіберген болатын. Ал 1997 жылдың сәуір айының 7-сінде Пшихвар шатқалында болған соғыста еліміз ішкі әскердің 17 жауынгерінен айырылды. Осыған орай өз өмірлерін өлімге тіге отырып, әскери борыштарын өтеген жауынгерлерге арнап еліміздің бірқатар әскери бөлімшелерінде ескерткіштер ашылып, олардың есімдері көшелер мен мектептерге және өзге де орындарға берілді.

5 жыл бұрын (2007) Астанада Intel компаниясының ұйымдастыруымен қазақстандық білім жүйесінде ақпараттық технологияларды дамыту тақырыбына арналған бүгінгі «дөңгелек үстел» мәжілісінде «Самғау» холдингі инновациялық-білім беру консорциумының құрылуы туралы жария етті. Консорциумның негізгі мақсаты — Қазақстанда Интернет негізінде біртұтас ақпараттық-білім беру ортасын жасау болып табылады. Консорциумның қызметі өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін зияткерлік, қаржылық, технологиялық және басқа да ресурстардың басын біріктіруге, сондай-ақ әлемдік web-кеңістіктегі қазақстандық контенттің артуына, бірінші кезекте — мемлекеттік тілдегі контенттің кеңеюіне қолдау көрсетуге негізделеді.

5 жыл бұрын (2007) Алматы облысы Қарасай ауданының Ұлан ауылында жаңа мешіт ашылды. Мешіт «Кремлевский» қызыл кірпішінен көтерілген және 220 адамға есептелген. Күмбездері тот баспайтын құрыштан жасалған.

3 жыл бұрын (2009) Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласында Словакия Республикасының Құрмет елшілігі ашылды. Қазақстан мен Словакия елдерінің арасындағы қарым-қатынас екі он жылдық бойы жалғасып келеді. Екі ел арасындығы ынтымақтастықтың себебінің бірі — атомдық энергетиканың дамуы.

Курчатов қаласынның таңдалуы бекер емес, өйткені онда атомды бейбіт мақсатында зерттеу және өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Курчатов қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы ашылды. Шығыс және Солтүстік Қазақстан арасында Курчатов қаласының орналасуы өте ыңғайлы, ол екі облыстың байланыстырып тұрған түйіні болып табылады. Бұл елшілік өңірге Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары кіреді.

3 жыл бұрын (2009) Италияда қазан айының соңғы күндері өткен шақа өнімдерінің «Виченца Палладия-2009» халықаралық сыйлығы» мен «Виценца Нумизматика» халықаралық сыйлығы» алтыншы халықаралық конкурсының ІІ жүлдесін Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің «Ұлы қолбасшылар» сериясы бойынша шығарған «Шыңғыс Хан» ескерткіш күміс шақасы жеңіп алды. Бұл нумизматикалық конкурс теңге сарайлары немесе мемлекеттік органдар шығарған ең әдемі шақаны анықтайды.

Номиналы — 100 теңгелік шақа 2008 жылы мамырдың 31-де айналымға шығарылған болатын. Монетаның бет жағында (аверсінде) оң жақ бөлігінде Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, монетаның номиналын білдіретін «100 ТЕҢГЕ» деген жазу жəне Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі, шақа басып шығарылған жылды білдіретін «2008» деген жазу бар. Сол жақ бөлігінде А.Дүзелхановтың картинкасының фрагменті — атқа мінген Шыңғыс ханның бейнесі орналасқан. Монетаны айналдыра жалпақ күңгірт жиек жүргізілген, оған бедерлеп мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» жəне ағылшын тілінде «REPUBLIС OF KAZAKHSTAN» деген сөздер жазылған. Жазулар нүктелермен бөлінген. Монета соғылған металды, оның сынамын жəне массасын білдіретін «Ag 925 31,1gr.» деген жазулар тағы бар.

3 жыл бұрын (2009) Перта қаласында (Батыс Австралия штаты, Австралия) Қазақстан Республикасының Австралиядағы Құрмет елшілігі ресми түрде ашылды. Ашылу рәсіміне ресми тұлғалар және Батыс Австралия штатының іскерлік орталарының өкілдері қатысты.

Шара аясында ресми тұлғалардың және іскерлік орталық өкілдерінің қатысуымен, еліміздің инвестициялық климатының даму мәселелері мен потенциалды салалардың түсау кесеріне австралиялық инвестицияларды тарту барысында «дөңгелек үстел» өткізілді. Батыс Австралия ең ірі австралиялық штаттардың бірі болып саналады, жасыл континенттың үштен бір бөлігін алады, ол Қазақстанның жер көлеміне сәйкес. Штаттың экономикалық қызметінің ең басты бағыттары: кен өндіру, мұнай газ өнеркәсібі және аграрлық сектор болып табылады.

ЕСІМДЕР

69 жыл бұрын (1943) жазушы, филология ғылымының докторы КӘРІБАЕВА Бақыт дүниеге келді.

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін және аспирантурасын бітірген. Алғашқы сын мақалалары республикалық басылымдарда жетпісінші жылдары жарық көре бастады. Ғалымның «Талап деңгейі», «Қазіргі қазақ лирикасының поэтикасы» кітаптары жарық көрді. Оның «Стиль сыры», «Құндылық өлшемі», «Қазақ лирикасының қайнары», «Абайтанудағы ақтаңдақтар», «Шын әдебиет енді туады», «Әуезовтанудың маңыздылығы», «Әуезов — әлемдік тұлға» т.б. мақалалары бар. «Қара өлең мен лирика», «Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму арналары» атты монографиялардың авторы.

93 жыл бұрын (1919-1983) тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы Қазақстан Ғылым академиясы сыйлығының иегері ДАХШЛЕЙГЕР Григорий Федорович дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Украинаның Одесса қаласында туған.

Одесса мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының аспирантурасын бітірген.

1946-1983 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының кіші ғылыми қызметкері, ғылыми хатшы, директордың орынбасары қызметтерін атқарған.

Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

97 жыл бұрын (1915-2006) мұғалім, Қазақ КСР Ағарту ісінің үздігі, Қазақ КСР-нің еңбегі сіңірген мұғалімі БУКОВСКИЙ Дмитрий Селиверстович дүниеге келді.

Қостанай облысы Обаған ( қазіргі Алтынсарин ауданы) ауданы Лихачевка кентінде туған. Қостанай педагогикалық институтын (қазіргі Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті) бітірген. Ұлы Отан Соғысына қатысқан.

Ленинград қаласы блокадасының қорғаушысы. Соғыс аяқталғаннан кейін Қостанай қаласында білім беру саласында көп жылдар бойы еңбек етті. Қостанайдағы саңырау балаларға арналған мектеп-интернатының мұғалімі, мектеп директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарған. Қостанай облысында білімді дамыту мақсатында көптеген еңбек сіңірген.

ІІ дәрежелі Отан соғысы , Қызыл Жұлдыз ордендерімен, «За победу над Германией» медалімен, көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған.

171 жыл бұрын (1841-1889) қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы АЛТЫНСАРИН Ыбырай (шын аты — Ибраһим) дүниеге келді.

Туып-өскен жері — Қостанай облысының Қостанай ауданы, Арқарағай ауылы. Осы өңірде, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған. 1850 ж. Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857-1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгілінеді. Ыбырайдың бүкіл өмірін арнаған ағартушылық-педагогтық қызметі осылай басталады. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады. Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868-1874), торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876-1879) қызметін атқарады. Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елді көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді. Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жатарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәіспшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды. Ыбырай орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады. Оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді. Мектеп оқуында, әсіресе, ана тіліне үйретуде К.Д.Ушинскийдің ойларына жүгінді. Қазақ балаларының таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазды. Ол орыс-қазақ училищесінде Ушинскийдің «Балалар дүниесін», Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.И.Тихомировтың «Грамматиканың қарапайым курсын» оқу құралы ретінде ұсынды. Ыбырайдің пікірінше, мектептерге арналып жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны және нақты материалдары жағынан ана тілінің және халық даналығының бай қазынасына негізделуге тиіс болды. 1879 ж. оның «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы және дидактик. оқу мәселесі жөнінде «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды. Ыбырай — жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қосқан. Ол қазақ жастарын ең алдымен оқу, өнер-білім, тех-ны игеруге шақырады («Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар»). Автор оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына мән берді. Бұған инемен құдық қазғандай ыждаһаттылық, талап пен сабырлылық қажет екенін ескертеді. Ал оқымаған надандарды ақын аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ, қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады («Оқымаған жүреді, Қараңғыны қармалап. Надандықтың белгісі — Еш ақылға жарымас»). Оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек деген мәселеге келгенде, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді («Ата-енең қартайса, Тіреу болар бұл оқу. Қартайғанда мал тайса, Сүйеу болар бұл оқу»). Жастарды өнер-білім, тех-ны игеруге үндеу ақынның «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасын тапқан. Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің талап-тілектері не секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады («Адамды құстай ұшырды, Мал істейтін жұмысты, От пен суға түсірді. Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді»). Ыбырай сондай-ақ Ушинский, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, И.Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды. Қазақстан Үкімет 1989 ж. 22 желтоқсандағы қаулысымен Ыбырайдің туғанына 150 жыл толуына орай мерейтойы өткізіліп, ұстаздың мұраларына арналған ғылыми, тарихи, педогогикалық еңбектер жарық көрді. Арқалық қаласында Ыбырай мұражайы ашылды. Тобыл бойындағы Ыбырай қыстауы жанында, мүрдесі қойылған жерде, Ыбырайға күмбезді мазар орнатылды. Қазақстанда Ыбырай атында аудан, ауылдар, жоғары оқу орындары, шың, т.б. бар. Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән береді. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы оқушыны отан сүйгіштікке, еңбекке, кісілікке — тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес. Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі қоғамдық — саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.

Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу оырндары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі

60 жыл бұрын (1952) ҚР Ә Әділет вице-министрі ҚҰСДӘУЛЕТОВ Дулат Рашитұлы дүниеге келді.

Ақмола облысы Макинский ауданының Еркіндік ауылында туған. 1992 жылы Мәскеу заң институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бiтiрдi. 1975 жылдан бастап Целиноград қаласында еңбек жолын бастады. 1975 жылдан 1994 жылға дейін Целиноград қ. облыстық әкiмшiлiгiнiң аппаратында әр түрлi қызметтерде жұмыс істеді. 1996 жылдан 2000 жылға дейін, Ақмола облысы прокуратура органдарында қызмет атқарды. 2000-2001 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында әр түрлі лауазымдарда болды. 2001-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мемлекеттiк органдары қызметiндегi заңдылықты қадағалау Департаменті бастығының орынбасары. 2005 жылғы шілде айынан қазірге дейін — Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің орынбасары.

«Құрмет» орденімен (2006 ж.), «Прокуратура озаты» 2-санатты төсбелгісімен (2002ж.), «Қазақстан темір жолына 100 жыл» (2004 ж.), «Астананың 10 жылдығы» (2008 ж) медальдарымен марапатталған.

147 жыл бұрын (1865) АҚШ-тың 29-шы президенті Уоррен Гамалиел ХАРДИНГ дүниеге келді.

110 жыл бұрын (1902-1976) кеңес театр және кино актері, режиссер, КСРО халық әртісі ЯНШИН Михаил Михайлович дүниеге келді.

74 жыл назад (1938) испан ханшайымы, Испания королі Хуан Карлос І-нің зайыбы Донья София Греческая и Датская (София Маргарита Виктория Федерика Шлезвиг-Гольштейн-Зондербург-Глюксбург) дүниеге келді.

197 жыл бұрын (1815-1864) ағылшын математигі, математикалық логиканың негізін қалаушы Джордж БУЛЬ дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар