Жарияланды: 800

2 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2 желтоқсан ЖЕКСЕНБІ

Құлдықты жою үшін күрестің халықаралық күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен атап өтіледі. 1949 жылғы желтоқсанның 2-інде БҰҰ БА 4-ші сессиясы адам сату және үшінші тұлғаны жезөкшелікке пайдаланумен күрес туралы конвенция қабылдады. Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық мейрамы - БАӘ құрылған күн. 1971 жылғы желтоқсанның 2-інде жеті жеке әмірліктерден құрылған жаңа мемлекет қалыптасты. Біріккен Араб Әмірліктеріне кіретін әр әмірліктің өз үкіметі мен оған бағынышты әкімшілік органдары бар. Мемлекет басшысы - Президент. Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 1-інде орнатылды. Лаос Халықтық Демократиялық Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Республика күні (1975). XIV-ғасырдың ортасы мен XVII-ғасырдың аяғына дейін Лаос Республикасының орнында Лансанг - «миллион пілдер корольдігі» мемлекеті жайлаған болатын. 1883 жылы бұл жерлер Францияның қол астына еніп, франциялық Үндіқытайдың бір бөлігіне айналды. XX ғасырдың 50-ші жылдарында Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Франция үкіметі биліктен тайып, Солтүстік Лаос үкіметі коммунист көтерілісшілерінің қолына көшті. 60-70-ші жылдары Вьетнамда болып жатқан кескілескен соғыс Лаосқа да өз әсерін тигізбей қала алмады. 1975 жылы Вьетнам соғысы аяқталғаннан кейін Лаос билігі коммунистерге түпкілікті көшті. Бүгінгі күндерде Лаос саясатына вьетнам коммунистері өз ықпалын жүргізіп отыр. Қазақстан Республикасы мен Лаос арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1997 жылғы қыркүйектің 19-ында орнатылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 20 жыл бұрын (1992) Мәскеуде Халықаралық инженерлік академияның жалпы жиналысы өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев аталмыш академияның академигі болып сайланды. 4 жыл бұрын (2008) Астанада Мәдениет пен діндердің халықаралық орталығы ашылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.А.Назарбаевтің Дүниежүзілік басшылары мен дәстүрлі діндердің ІІ съезінде айтылған бастауымен құрылды. 4 жыл бұрын (2008) Алматыда «САГА» баспасында Серікбол Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясы» атты кітабы басып шығарылды. 7 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстандағы алғашқы пиротехникалық өнімдерді сынақтан өткізу орталығының таныстырылымы болды. Ұйымдастырушысы - «Қазақжарылысөнеркәсіп» акционерлік қоғамы. Жаңа орталық пиротехникалық құралдарды қауіпсіздік, экологиялық жағынан таза және стандарттарға сай екендігін анықтай алады. Қазақстан заңдары бойынша барлық пиротехникалық бұйымдар міндетті сертификаттауға жататыны белгілі. 7 жыл бұрын (2005) Алматыда қоқысты қайта өңдеуге арналған сынақ алаңы ашылды. Өзге алаңдармен салыстырғанда шағын полигон тәуліктік сақтау камераларымен, торлы столдар мен қалдықтарға арналған бункермен жарақтандырылған. Алаң 300 шаршы метр аймақты алып жатыр. Ол демеушілердің есебінен салынып, құны 4 миллион теңгені құрады. 5 жыл бұрын (2007) Алматыда орыс тілінде жазылған тарихи роман «Сақтар» кітабының қайта басылып шыққандығына байланысты салтанатты рәсім болып өтті. Болат Жандарбеков (1932-1991) тарихшы, жазушы, көптеген әңгімелердің авторы, ғалым, теледидар мен кино режиссері болған. «Сақтар» атты тарихи кітап ішіндегі «Томирис» және «Ширактың ерлігі» деген атпен оқушы қауымға белгілі. Кітапты көркемдеуші - суретші Дана Мұқанова-Хуршудян. 3 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарифтік квоталарды қолданудың шарттары мен тетігі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Елбасы сонымен қатар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қорғаныс министрліктерінің радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайды бақылау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 3 жыл бұрын (2009) Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеруге бағытталған «Парыз» конкурсының жеңімпаздарын марапаттады. 3 жыл бұрын (2009) Қарағандыда өрт құрбаны болған өрт сөндірушілерге ескерткіш ашылды. Ескерткіш «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі үйінің жанында орнатылды. Ол облыс төтенше жағдайлар департаментінің және оның бөлімшелері қызметкерлерінің ерікті қайырымдылық қаражатына салынды. ЕСІМДЕР 83 жыл бұрын (1929-1994) жазушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты ҚҰТТЫБАЕВ Қаратай дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1955-1960 жылдары - «Жұлдыз» журналының редакциялық алқа мүшесі, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі. 1960-1990 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының доценті қызметтерін атқарған. «Син Як Чен» атты алғашқы әңгімесі 1952 жылы жарық көрген. «Мақтагүл», «Шындық пен шығарма», «Сыр көктемі», «Оның ұрпағы», «Шындық пен шеберлік» атты әңгімелер, повестер, әдеби-сын мақалалар авторы. М.Горькийдің, Н.Зарудныйдың, В.Баныкиннің, Н.Поповтың, Ю.Балтушистің шығармаларын қазақшаға аударған. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталған. 63 жыл бұрын (1949) спортшы, еркін күрестен спорт шебері ЖАРҚЫНБАЕВ Жұмабек Әубәкірұлы дүниеге келді. Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Мектеп оқушылары арасындағы бүкілодақтық спартакиаданың чемпионы. Жастар арасындағы КСРО біріншілігінің, Кубада, Моңғолияда өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы. 1969-1973 жылдары - Қазақстанның бес дүркін чемпионы. 1973 жылы - КСРО кәсіподақтары біріншілігінің қола жүлдегері. 72 жыл бұрын (1940-2005) ақын, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері ҚЫЗЫҚБАЙ Тоқтарбек дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында туған. 1958-1962 жылдары - «Совет туы» аудандық газетінің тілшісі. 1962-1975 жылдары - облыстық «Коммунизм туы» газетінің әдеби қызметкері, бас редактордың бірінші орынбасары. 1975-1994 жылдары - республикалық «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің бөлім меңгерушісі, «Қазақстан коммунисі» («Ақиқат») журналының бөлім меңгерушісі. 1994-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің аға референті, консультанты қызметтерін атқарған. 1998 жылдан - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік тіл жөніндегі бас маманы. Республика баспаларынан әр жылдары «Қыр гүлдері», «Алтай әуендері», «Темір тізгін», «Парыз», «Арайлы шақ», «Зайсан», «Өмір-сапар», «Көңіл қоңырауы», «Жүрек оты», «Жусан исі» атты жыр жинақтары жарық көрген. «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. 52 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасының Индонезиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі ОРАЗБАЙ Асхат Тұтқышбайұлы дүниеге келді. Ташкент мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері факультетін бітірген. 1985-1990 жылдары - Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Телерадио комитетінің редакторы. 1990-1992 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің оқытушысы, факультет деканының орынбасары. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс департаментінің екінші хатшысы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің көмекшісі. 1994-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі екі жақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары. 2001-2002 жылдары - БҰҰ арнайы миссиясының Исламабад қаласындағы Ауғанстан жөніндегі саяси кеңесшісі. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Африка, Таяу Шығыс және Азия департаментінің директоры. 2003-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы қызмет жөніндегі ұлттық үйлестірушісі қызметтерін атқарған. 2008 жылдан - Түркіменстандағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі. Қазіргі қызметінде 2012 жылғы шілдеден бері.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін