Жас түлектер үшін көптен күткен күн де келді. Бүгінгі салтанатқа жиналған бойжеткендер мен бозбалалардың көңіл-күйлері де, киген киімдері де ерекше. Дегенмен олардың әрқайсысынан алтын ұя — мектептеріне деген қимастық сезімдерін де байқау қиын емес. Алматылық мектеп бітірушілердің ата-аналарын қала әкімі Ахметжан Есімов те құттықтады.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
— Құрметті ата- аналар! Бәріміздің мәпелеп өсірген балғындарымыз бүгін үлкен өмірге қадам басып отыр. Енді олар қоғамдық өмірге белсене араласып, өз бақыттарын өздері жасау жауапкершілігіне ие болды. Сол ұлы сапарға жастарға ақ жол тілейік!
Биылғы түлектер үшін 20 санының орыны ерекше болып тұр. Ел Тәуелсіздігіне 20 жыл, яғни биылғы мектеп бітірушілер егемен елдің 20-сыншы түлектері. Осыны көрсету үшін ерекше шара ұйымдастырылды. Яғни, 20 байкер, 20 күнге еліміздің 20 қаласына байк-фест шеруіне аттанды. Бұдан басқа 148 жас түлекке «Алтын белгі» мен 15 түлекке Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарына білім гранттарының арнайы сертификаты берілді.
Айдана Құсманова, мектеп бітіруші:
— Көңіл-күйім керемет! Бұндай шараға қатысқанымызға өте ризамыз!
Жалпы, биыл Алматыда 8042 түлек мектептерімен қоштасты. Түлектерді қазақ эстрадасының жұлдыздары да құттықтады. Фестиваль соңы,әдеттегідей,мектеп бітірушілер кешіне ұласты.