20 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
20 қараша.  АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

20 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

20 қараша. СЕЙСЕНБІ

  • 20 Қараша 2012
  • 1092
Фото - Caravan.kz

Африканың индустриализация күні. Африка өнеркәсібі дамуының екінші онжылдығы (1989 жылғы желтоқсанның 22-дегі қарар) шеңберінде БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған.

Дүниежүзілік балалар күні. 1954 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бүкіл әлемде балалардың аман-саулығын қамтамасыз етуге бағытталған игі іс-қимылдарға арналған балалардың бүкіләлемдік бауырластығы пен өзара түсіністігі күні ретінде «Дүниежүзілік балалар күнін» мерекелеу үрдісін барлық елдерде енгізуді ұсынды. Қарашаның 20-сы — Бас ассамблеяның 1959 жылы Балалар құқы декларациясын, ал 1989 жылы — Балалар құқы Конвенциясын қабылдауымен ерекшеленеді.

Мексикада Революция күні. Революция күніне — 1910 жылғы 20 қарашада, Мексика тәуелсіздігінің 100 жылдығын мерекелеу бойынша салтанаттар өткен соң, Франциско Мадеро бастаған Диас режиміне қарсы қарулы қақтығыстар басталған күнге орайластырылған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

89 жыл бұрын (1923) күн сайын шығып тұратын, Қырғыз РКП, Қырғыз бюросы және Орынбор губерниялық комитетінің органы ретінде «Советская степь» газеті жарыққа шықты. Бас редакторы Л.Хейфец болды.

14 жыл бұрын (1998) Байқоңыр ғарыш айлағынан халықаралық ғарыш стансасының алғашқы модулі ұшырылды.

49 жыл бұрын (1963) Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы нәсілдік кемсітулердің барлық түрін жою туралы декларация қабылдады.

5 жыл бұрын (2004) Павлодарда қазақ тілін үйрететін тегін жексенбілік мектеп ашылды.

6 жыл бұрын (2006) Оралда Альфред Шнитке атындағы Саратов облыстық филармониясының «Волга-Бэнд» үрлемелі аспаптар концерттік оркестрі өнерін көрсетті. Концерт М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өтті. Шығармашылық ұжымға Саратов консерваториясының профессоры, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері Анатолий Селянин жетекшілік етеді. Сахнада сондай-ақ танымал жеке орындаушы, «Славян базары» фестивалінің лауреаты Ирина Левина өз өнерін паш етті.

3 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана-Бурабай» автомагистраль құрылысының аяқталуына байланысты салтанатты рәсімге қатысты.

Ұзындығы 224 шақырым болатын еліміздегі алғашқы үлкен жылдамдықты Астана-Бурабай автомагистралінің құрылысы 2006 жылы басталған болатын. Алты жолақты жаңа жол техникалық санаты 1-А параметрлеріне сәйкес келеді. Жолдың есепті жылдамдығы сағатына 150 шақырымды құрайды. Таратылған мәліметтерге қарағанда жобаның құны 115 млрд. теңгеге жуық қаржы көлемінде. Жобаны жүзеге асыруға 5 жол-құрылыс компаниялары қатысты. Нысандағы жұмыстарға 1,4 мың дана техника және 3,5 мың адам жұмылдырылды. Олардың 500-і шетел адамдары. Қазіргі уақытта Астана-Бурабай жолында жобаны жүзеге асыру бойынша барлық жұмыстар толық аяқталған. Жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пайдаланушы қызмет тарапынан жағдайды шапшаң бақылау және жүргізушілерге үнемі хабарлап тұру мақсатында аталған жолда ауа райы мен жол қозғалысы жағдайын бақылайтын жүйемен қамтылған соңғы буынды зияткерлік-электронды жабдықтар орнатылатын болады.

3 жыл бұрын (2009) Астанада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі және «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасы Қазақстан Республикасы Кәсіптік білім беруді қолдау қорын құру туралы меморандумға қол қойды.

Техникалық және кәсіптік білім беруді қолдау қорын құру — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы. Әріптестердің жоспары бойынша, қордың қаражаты техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға арналған жекелеген бағдарламаларға, салалардың бірі үшін кадрларды дайындау бойынша нақты тапсырмаларды шешуге және жаңа оқу бағдарламаларын жасауға жұмсалады.

3 жыл бұрын (2009) Қазақстан мен Ресей әртүрлі салалардағы бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды.

Қол қойылған құжаттар арасында: Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы үкіметтері арасында Ресей аумағындағы қазақстандық жүктерді және Қазақстан аумағындағы ресей жүктерін тасымалдауға қолайлы жағдайлар туғызу туралы келісім; «Соллерс» ЖАҚ пен «АзияАВТО» ЖШҚ арасында Қазақстан аумағында бірлескен автомобиль өндірісін құру ниеті туралы меморандум; Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы үкіметтері арасындағы Ресей мен Қазақстан бірыңғай энергия жүйесінің жарыспалы жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісім; Екібастұздық ГРЭС-2 үшінші энергия блогының құрылысын қаржыландырудың индикативтік шарттары туралы келісім; және басқа да маңызды құжаттар бар.

ЕСІМДЕР

79 жыл бұрын (1933-1994) ақын, филология ғылымының докторы, профессор АЙДАРОВ Тұрап дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. 1957 жылдан бастап 40 жылдай Ташкенттің Низами атындағы педагогика институтында қазақ тілінен сабақ берген. Ғалымның «Қазақ тілі лексикасының ерекшеліктері», «Лингвистикалық география», «Өзбекстан қазақ говорлары лексикасы және лингвистикалық географиялық мәселелері» сияқты монографиялық еңбектерімен бірге, «Жана бер жұлдызым», «Қоңыр жел», «Арайлы аспан», «Шие», «Көңіл салтанаты» сияқты өлеңдер жинағы жарық көрген.

54 жыл бұрын (1958) ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты ҚАЙЫҢБАЕВ Мәди дүниеге келді.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Жазушы» баспасында, «Жалын», «Ақ желкен» журналдарында, ҚазТАГ-та қызмет істеген. Оның «Қырық бірінші қақпа», «Каталаун қырғыны», «Үркердің Сұлусарысы», «Жарғақтағы жазбалар» атты жыр жинақтары жарық көрген.

84 жыл бұрын (1928) мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері БИЛЫК Анатолий Петрович дүниеге келді.

Украина Республикасының Днепропетровск облысында туған. Днепропетровск көркемсурет училищесін бітірген. Мүсінші негізінен, монументті және қондырғылы мүсін өнері саласында еңбек етті. Билык 1958 жылы Қарағанды қаласында қойылған Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нүркен Әбдіров ескерткіші авторларының бірі. Ол «Қаза тапқан қарқаралық жауынгерлерге», «Шахтер даңқы», т.б. ескерткіштерді жасаған. Билык портрет саласында да өнімді еңбек етіп, «Әйел бейнесі», «Кеңес Одағының Батыры М.Мамыраевтің портреті», «Шахтер. Социалистік Еңбек Ері Т.Күзембаевтың портреті», т.б. туындыларын жасаған.

73 жыл бұрын (1939) қоғам қайраткері КӘРІБАЙҰЛЫ Жандар дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы Жоғары партия мектебін, Халықаралық құқық академиясын (1999) бітірген.

Еңбек жолын Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-интернатында неміс тілі пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған. 1966-1969 жылдары — Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакциясының әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары. 1969-1976 жылдары — аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, аудандық «Шұғыла» — «Радуга» газетінің редакторы. 1976-1984 жылдары — Жамбыл аудандық партия комитетінің хатшысы. 1984-1992 жылдары — Жамбыл облыстық партия комитетінің идеология, кейіннен ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімдерінің бастығы. Жамбыл облыстық Мәдениет басқармасының бастығы болды. 1995-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды. Сенаттың Аймақтық даму және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

100-ден астам көлемді публицистикалық мақалалардың авторы. Олардың тандаулылары «Ат тұяғын қыздырған Атамекен» деген атпен жеке кітап болып шықты.

«Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Астана» медальдарымен, ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясының күміс медалімен, «Алтын Барыс» белгісімен марапатталған. Сондай-ақ бауырластықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Моңғол Халық Республикасының «Достық» орденімен марапатталған.

58 жыл бұрын (1954) тарих ғылымының докторы, профессор, Халықаралық тарих ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Баспа және полиграфия ісінің қайраткері АЯҒАН Бүркітбай Ғелманұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.

Қазақ педагогикалық институты комсомол ұйымының хатшысы, аға оқытушысы болған. 1990-1996 жылдары — Қазақ КСР-і Жоғарғы білім министрлігінде жетекші ғылыми қызметкері, Президент әкімшілігі мен Министрлер Кабинетінің баспасөз қызметінің кеңесшісі, сектор меңгерушісі, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1996-1998 жылдары — Қазақ мемлекеттік заң университетінің сыртқы байланыстар орталығының директоры. 1998-1999 жылдары — Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі БАҚ департаменті директорының орынбасары. 1999-2003 жылдары — Алматы калалық ақпарат пен қоғамдық келісім басқармасының бастығы болды. 2003-2008 жылдары «Қазақ энциклопедиясының» баспасының директоры қызметтерін атқарған. 2008 жылдың қазан айынан — Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры — Қазақстан Республикасы тарихшылары және қоғамтанушылары лигасының төрағасы.

Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы (қоғамның әлеуметтік құрылымының эволюциясы, саяси өзгерістер, халықтың демографиялық құрылымындағы өзгерістер) тарихи мәселелерін зерттеуге арналған. «Қазақстан мемлекеті: қоғамдық жүйелердің эволюциясы», «Кеңестік социализмнің шарықтау шегі мен батуы. Қазақстан полигоны», «Қызылдар мен қаралар» кітаптарының, көптеген ғылыми мақалалардың авторы. Мектеп окушылары мен жоғары оку орындарының студенттеріне арналған оқулықтарды жазуға қатысты.

«Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

92 жыл бұрын (1920-2010) ақын, аудармашы, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қарқаралы қаласының Құрметті азаматы ӨМІРБЕКОВ Жаппар дүниеге келді. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. Жамбыл мұғалімдер институтын, Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітіріп, М.Горький атындағы Әдебиет институтында және КСРО Жазушылар одағының жоғары әдеби курсында білім алған.

1944-1951 жылдары — «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Егемен Қазақстан) газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі. «Әдебиет және өнер» журналы редакциясы бөлімінің меңгерушісі. 1951-1952 жылдары ? жауапты хатшысы. 1952-1957 жылдары — «Жазушы» баспасының аға редакторы, поэзия редакциясының меңгерушісі. 1959-1965 жылдары — Алматы телевизия студиясының, Қазақ КСР Телевизия мен радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас редакторы. 1965-1977 жылдары — «Жұлдыз» журналы ғылым және өнер бөлімінің меңгерушісі. Қазақстан Жазушылар одағы балалар мен жасөспірімдер әдебиеті кеңесінің жауапты хатшысы. 1977-1981 жылдары — «Жазушы» баспасы КСРО халықтары әдебиеті редакциясының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Өлеңдері мен поэмалары орыс тілінде бірнеше рет жеке кітап болып басылып шыққан «Алғашқы сөз», «Жиырма төрт сағат», «Мың терезе», «Ерлік пен махаббат» (дастан), «Жер ұшқындары», «Атыңнан айналайын», «Шуақты күндер», «Батырдың қалыңдығы» жыр, дастан, поэмаларының, «Елеусіз», «Замандас сырласым», «Көңілімнің құстары», «Қызыл су», «Перзенттерім», «Тас түйін» атты әңгімелері мен повестерінің авторы. «Невеста героя», «Про тётю Аню», «Голубинный свет» атты еңбектері орыс тілінде жарық көрген. . Сонымен қатар Байрон, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Маяковскийдің шығармаларын қазақ тіліне аударуға қатысқан. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарымен және 2 рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

67 жыл бұрын (1945) жазушы, публицист, тарих ғылымының кандидаты, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығында ғылыми қызметкері ҚОЙШЫБАЕВ Бейбіт дүниеге келді. Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Сол жылы Байқадам селолық кәсіптік-техникалық училищесінде сабақ берді. 1969-1971 жылдар Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің республикалық «Қазауылшаруашылықтехника» бірлестігінде жаңа техника енгізу басқармасының рационализаторлық пен өнертапқыштық бойынша инженері, жаңа техника енгізу жөніндегі аға инженері қызметтерін атқарған. 1971-1975 жылдары Алматы облыстық комсомол комитеті кәсіптік-техникалық білім беру секторының меңгерушісі, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті насихат бөлімінің лекторы болған. 1975-1980 жылдары «Қазақстан пионері» (Ұлан) газетінің жауапты хатшысы, редакторы, 1980-1983 жылдары «Білім және еңбек» (Зерде) журналының бас редакторы, 1983-1985 жылдары «Социалистік Қазақстан» (Егемен Қазақстан) газетінің бөлім меңгерушісі, 1985-1987 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының аппаратында аға редактор, 1987-1988 жылдары шығармашылық жұмыста, 1988-1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде аға тілші, бөлім меңгерушісі, 1990-1991 жылдары «Денсаулық» журналының бас редакторы, 1991-1996 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қазақстан әдеби қоры басқармасының төрағасы, «Тіршілік» журналының бас редакторы. 1996-1998 жылдары — «Әдеби қор жаршысы» газетінің бас редакторы, «Zaman-Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігі Автор құқықтарын қорғау агенттігінің бас басқармасының бастығы. 1998-2001 жылдары — «Діл» газетінің тілшісі. 2002-2003 жылдары — Қазақ энциклопедиясы Ғылыми бақылау редакциясының жетекші маманы, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар орталығының басшысы, «Тарих және саясат» газеті бас редакторының орынбасары. 2003-2005жылдары — «Заңгер» журналының жауапты редакторы, 2006-2008 жылдары — «Жаңа ғасыр» журналы бас редакторының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, бас редактордың міндетін атқарушы, «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы, «Ана тілі» газетінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2009 жылдан «Алаш» тарихи-зерттеу орталығында ғылыми қызметкері қызметін атқарады.

Қоғамдық жұмыстарға қатысып, ұлттық қозғалыстар («Азат», «Ұлт тағдыры») қызметіне атсалысуда. Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басқарма мүшесі, президенті, қоғам төрағасының бірінші орынбасары. Жамбыл облысы Сарысу ауданының Құрметті азаматы

«Ленин өсиеттеріне берікпіз», «Жастардың Коммунистік интернационалы және оның революциялық дәстүрлері», «Интернационализм — біздің туымыз», «Талтүске дейін», «Ар — Қуат», публицистикаларының, «Кемпірқосақ көк аспан», «Бақытты болғым келеді», «Ай нұры», «Алтын діңгек», «Комсомол ордендері», «Киелі мұра», «Қара алтын қайдан шығады?», «Шаг к любви», «Жақсы көрем», «Жас қалам», «Дүние-кілт», «Біз табысар қиырлар», «Саттар Ерубаев», «Әлихан Бөкейханов» «Сен ғана», «1905 жыл», «Ұлт театры шаңырағын көтеруші» романдары, повестері мен әңгімелері мен «Жазықсыз жапа шеккендер», «Рух» зерттеулерінің, «Бақытжан Қаратаев», тарихи миниатюраларының, «Рух-Сарай», танымды туындылар топтамасы-3 кітабының, «Сұлтанбек Қожанов» ғұмырнамалық деректі хикаяттың авторы.

Ольга Гумирова, Татьяна Аладьиналардың, тағы басқалардың туындыларын қазақ тіліне аударған.

«Құрмет» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

65 жыл бұрын (1947) «ҚазМұнайГаздың» салынып жатқан кәсіпорындары дирекциясының» бас директоры БАЛҒЫМБАЕВ Нұрлан Өтепұлы дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Қазақстан Республикасының 1997 — 1999 жылдар аралығындағы премьер-министрі. Қазақ политехника институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген (1973). Еңбек жолын Атырау (қазіргі Маңғыстау) облысының Құрық кентінде бұрғылаушының көмекшісі (1964) болып бастаған. 1973-1977 жылдары «Маңғышлақмұнай» бірлестігінде жерасты жөндеу операторы, мұнай шығару жөніндегі оператор, скважиналарды жерасты жөндеу шебері. 1977 — 1992 жылдары Атырау облысындағы Аққыстау өндірістік қызмет көрсету базасы бастығының орынбасары, «Ембімұнай», «Ақтөбемұнай» бірлестіктерінің бас инженері, КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрігінің Бас басқармаларында бастықтың орынбасары қызметтерін атқарды. Одан кейін АҚШ-тың Массачуссетс университетінде оқып, мұнай өндірісінің әлемдік озық тәжірибелерін іс жүзінде меңгеру үшін «Шеврон» компаниясында жұмыс істеді. 1994-1997 жылдары ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрі, «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясының президенті болды. 1997 — 1999 жылдары Қазақстан Республикасы премьер-министрі қызметін атқарды. 1999 жылдан «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясының президенті, Қазақстан үкіметінің мүшесі. 2002 жындан — «Қазақстандық мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ президенті. 2007 жылдан -ҚР Президентінің кеңесшісі, Қазақстанның Каспий теңізі ресурстарын пайдалану мәселелері жөніндегі арнайы өкілі. Қазіргі қызметінде — 2009 жылдан бері. Балғымбаев — еліміздің мұнай және газ өнеркәсібін заман талабына сай дамытып, қазба байлықтарды тиімділікпен игеріп, халық игілігіне жарату жөніндегі ірі жобаларды жасау ісіне тікелей араласып, ұйытқы болған тұлға. Үкімет басшысы ретінде әлеуметтік саладағы реформаторлығымен, отандық тауар өндірушілерге мүмкіндігінше қолдау көрсету бағытын ұстануымен ерекшеленді. ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған (1999).

32 жыл бұрын (1980) қазақстандық әнші АХМАДИЕВА Ділназ Мұратқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік халықаралық тілдер университетінің ағылшын тілі факультетін бітірген. Қазірде Голливудте актерлік шеберлік курсында оқиды.

1977-2007 жылы Республикалық ұйғыр театрының әншісі. Қазір жеке әншілік қызметпен айналысуда. «Сиқырлы алма», «Көшпенділер» фильмдеріне түскен. «Әлем халықтарының билері» жобасына, Юрмаладағы «Жаңа толқын» жас әншілердің халықаралық фестиваліне қатысты. «Алмалы-98» жас әншілердің республикалық конкурсының Гран-при иегері. Ұйғыр театрының труппасы құрамында «Медивайв» өнер фестивалінде Гран-приді жеңіп алды. Қазақстандық «Алтын диск» ән фестивалі сыйлығының лауреаты. Ұлттық «А-1» сыйлығының, «7 Нот» журналы сыйлығының, Қазақстан жастар сыйлығының, «Ильһам» сыйлығының лауреаты.

87 жыл бұрын (1925) кеңестік және ресейлік әйгілі биші, балетмейстер, хореограф, педагог, КСРО халық әртісі ПЛИСЕЦКАЯ Майя Михайловна дүниеге келді.

87 жыл бұрын (1925-1968) американдық саяси қайраткер, Демократиялық партия көшбасшыларының бірі, әділет министрі, АҚШ президенті Джон Кеннедидің інісі Роберт Фрэнсис КЕННЕДИ дүниеге келді.

85 жыл бұрын (1927-2007) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, режиссер, КСРО халық әртісі УЛЬЯНОВ Михаил Александрович дүниеге келді.

84 жыл бұрын 1928) кеңестік және ресейлік актер, режиссер, сценарист және қоғам қайраткері БАТАЛОВ Алексей Владимирович дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар