20 жастағы жігіт бүйрегін баспанаға айырбастамақ
![]() |
Баспаналы болуы үшін адам неге болса да әзір бұл күні. Осыдан біраз бұрын Қарағандыда балалар үйінің тәрбиеленушісі үй алу үшін өзінің бүйрегін сататындығы туралы ғаламторға хабарландыру бергені жұрттың жағасын ұстатты, |
деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.
Евгений есімді 20 жастағы жігіт бұл әрекетке әйелі мен баласын үймен қамтамасыз ету үшін барып отырғандығын айтыпты...
«БлоGпост» хабарына берген сұхбатында Евгений «Бүйректі қажет еткен адамдар хабарласты. Телефон соқты. Бір анығы - олар шетелден я Ресейден болып отыр. Мұндай қадамға саналы түрде шешім қабылдадым. Бұл аса қауіпті екенін де білемін. Маған ең бастысы, баламды аяғына тұрғызу. Ол ер жеткенде қолында үйі болса деймін. Басымда баспанам тұрса, мұндайға бармас едім. Қазір де бәрі баспана мен ақшаға тіреліп тұр» депті.
Қарапайым халық үшін үй алу - арман болғалы қай заман?! Бүгінде баспана мәселесі - елдің ең бір жанды тұсы. Үй туралы әңгіме қозғасаңыз, ашық тұрған жарасына біреу тұз салып жібергендей қиналады. Оның үстіне, ақжем болған тақырып. Баспанасыз елдің қазіргі сиқы - тап бір қарны ашқан баланың жылап, ақыры ешкім тамақ бермеген соң, жетім қозыдай маңырап-маңырап, қыстығып, булыққан кейпін елестетеді. Енді ше? Біреулер Айға ұшып, одан үлес алып жатыр. Қарапайым жұрттың жердегі үйге қолы жетпей жүр. Алдағы уақытта да үй алу сол арман күйінде қала беретін түрі бар.
«КазРиэлт-Недвижимость» ақпараттық порталының мәліметтеріне сүйенсек, қараша айында Қарағанды қаласындағы тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы 156 742 теңге болыпты. Сөйтіп, орташа есеппен екі бөлмелі пәтер шамамен орташа 6 миллион теңге. Айлығы 40-50 мыңнан басталатын қарапайым адамға үй арман болмай, қайтсін? Егер 40 мың айлығыңызды ішпей-жемей жинасаңыз, үй бағасы бүгінгі құнымен сізді күтіп тұрса, онда алдағы 15 жылдан соң, екі бөлмелі пәтеріңіз болады екен. Арман болмағанда, несі қалды?!
Деректерге жүгінсек, Қарағанды облысында 15638 азамат мемлекеттік тұрғынүй қорынан үй алу кезегінде тұр. Бұл азаматтарды үймен толық қамту үшін жылына орташа 80 мың шаршы метр баспана бой көтеруі тиіс. Сөйтіп, 2020 жылға дейін қаржыландырудың барлық көзінен жалпы аумағы 3 млн шаршы метр болатын баспана тұрғызу көзделуде.
Соның ішінде, Қарағанды қаласында үй кезегінде тұрған адамның саны ресми деректерде бүгінде 6 мыңнан асады. Ол 358 мың шаршы метрді құрайды екен. Жалпы, жергілікті билік бірнеше бағыт бойынша 2020 жылға дейін тұрғынүй кезегі толықтай жойылады деген мәлімдеме жасаған еді бір кезде. Мүмкін. Бірақ бұл үмітін әлі де үзбей, кезекке тұрғандар үшін. Ал күнде ауылдан ағылып келіп жатқан, я тіркеуде, я басында паналар шатыры жоқ ағайынға қайтпек керек? Үкімет тікелей мұрындық болып отырған «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасының игілігі жалпақ жұртқа толық жете ме? Бұл да - бір күрмеулі мәселе.
Демек, «мәдениетті бомждардың» алдағы уақытта да баспаналы болуы неғайбыл. Ғайыптан тайып, лотереядан мол ақша ұтып алмасаңыз, немесе бір байшыкештің рақымы түсіп, бір үй сатып әпермесе, еңбекақыңызбен баспаналы боламын деу - ит тірлік. «Айлықпен байыған адам жоқ» (Қадыр Мырза-әлі). Ең болмағанда, төрт қабырғасын қалқайтып, лашық салып алатын ұлтарақтай жер алу да - қиямет. Жергілікті биліктен жер емес, жанын сұрап отырғандай зар илейді. Жұрт жөн-жосықсыз өсе беретін үйдің бағасына наразы. «Қорқыт дегенде, осылай қорқыт» дедім бе?» дегеннің кебін киіп отыр.
Ертеректе ғой, ел әйтеуір бір үй аламыз деп үміттенетін. Осы күні халық үзілген үмітін қалай жалғарын білмей дал. Ең сорақысы, атпалдай азаматтар ертең баласына бомждықты мұра етіп кетуі кәдік. Өйткені жылжымайтын мүлік нарығында қарапайым жұрттың асығы түгел емес. Қайтпек керек мұндайда?! Осы бір теңдеуі бар, бірақ шешуі жоқ есептен жұрт шаршап-ақ тұр
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін