Адамдар ынтымақтастығының халықаралық күні. Кедейшілікті жоюмен күрес жөніндегі БҰҰ-ның бірінші онжылдығы шеңберінде 2005 жылғы желтоқсанның 22-інде Бас Ассамблея жыл сайын желтоқсанның 20-ы Адамдар ынтымақтастығының халықаралық күні деп шешім шығарды. Бұл шешімді қабылдау кезінде Бас Ассамблея Мыңжылдық декларацияда ынтымақтастық XXI ғасырдағы халықаралық қатынастар негізі болып табылатын түпкілікті және салалы құндылық деп танылғанын еске салды.
Ресей Федерациясының қауіпсіздік органы қызметкерлерінің күні.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
59 жыл бұрын (1953) Ақмола-Павлодар темір жол желісі пайдалануға берілді.
21 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңы қабылданды.
10 жыл бұрын (2002) Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен БҰҰ-ның мемлекеттік қызмет күні бекітілді.
7 жыл бұрын (2005) Шығыс Қытай теңізінің үстіне салынған құрлық пен аралды қосатын әлемдегі ең ұзын көпір құрылысы аяқталды. «Дунхай» деп аталатын көпірдің жалпы ұзындығы Шанхай қаласының шетінен Шэнсы аралы архипелагына дейінгі 32,5 шақырымды алып жатыр. Көпір құрылысы Шанхай қаласының қаражатына салынған. Жобалаушылардың айтуынша, көпір 12 балдық тайфун күшіне төтеп береді және автөліктер сағатына 80 шақырымдық жылдамдықпен жүре алады.
6 жыл бұрын (2006) Румыния елордасында Бухарест университетінің, Экологиялық университетінің және Спиру Харет университетінің профессоры А.Караджидің «Қазақстан — Орталық Азияның барысы» атты кітабының таныстырылымы өтті. «Михай Эминеску» Халықаралық баспа қоры Қазақстанның Бухарестегі дипломатиялық миссиясының қолдауымен шығарылған кітапта Қазақстан, оның туристік жетістіктері туралы мәліметтер, сондай-ақ республиканың байырғы кезеңнен қазіргі дәуірге дейінгі қысқаша тарихы берілген.
6 жыл бұрын (2006) Астанада Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшілігінің ресми ашылу салтанаты өтті.
24 жыл бұрын (1988) Вена қаласында өткен нашақорлықпен күрес жөніндегі халықаралық конферецияда БҰҰ-ның есірткі заттарды заңсыз таратуға қарсы күрес туралы конвенциясы қабылданды.
18 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының үлкен залында Орта Азияның көрнекті ғалымы Ұлықбек Мұхаммед Тарағайдың 600 жылдығына (1394-1449) арналған ғылыми конференция болып өтті.
3 жыл бұрын (2006) Алматыда олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы кітаптың таныстрылым салтанатты өтті. Бекзат Саттарханов (1980-2000) — 2000 жылғы Сиднейдегі Олимпиада ойындарының чемпионы, «Барыс» орденінің бірінші дәрежедегі кавалері. Кітап «Қазығұрт» баспасында басылып шыққан, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Отбасылық мұрағаттан алынған суреттер және көптеген спорт журналистерінің фото суреттері пайдаланған. Фотоальбом чемпионның спорттағы «шыңға жеткен» жеңістері хроникаларынан басталады. Кітаптың таралымы — 3000 дана.
4 жыл бұрын (2008) Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, балалар хирургиясы мен педиатрия институтының директоры, медициналық ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі Қамал Ормантаевқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
42 жыл бұрын (1970) Сұлтан Қожықовтың қазақтың ұлттық кинематографиясы алтын қорының мұрасына айналған әйгілі кинотуындысы «Қыз Жібек» экранға шықты.
Фильм кезінде бір-бірімен жауласқан қазақ тайпаларынан шыққан жігіт пен қыздың трагедиялық махаббаты жөніндегі қазақ халық эпосына негізделген. Туынды көпшілік қауымның көзайымы, нағыз халық киносына айналды және әлемнің 70-тен астам елінде тамашаланды.
Туындының басты рөлдеріндегі Төлеген мен Қыз Жібектің рөлдері сол уақытта небәрі 17-ге толған жас актерлер Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешоваға бұйырды. Фильм Алматы облысының Күрті ауданында, Іле өзенінің жағасы мен Жаркентте түсірілді. Қазақтың ең танымал фильмдерінің бірін шығарғаны үшін режиссер Сұлтан Қожықов Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Үздік кинотуындының сценариін жазған Ғабит Мүсірепов болатын.
7 жыл бұрын (2005) Елбасы «Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы шеңберінде құпия ақпараттарды сақтауды өзара қамтамасыз ету жөніндегі Келісімді бекіту туралы» Заңға қол қойды. Онда Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымына қатысушы мемлекеттердің қызметінде пайдаланылатын құпия ақпараттарды қорғау саласындағы ынтымақтастықтың құқықтық негіздері айқындалады. Мемлекет басшысы сонымен қатар «Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі Үкіметі арасындағы халықаралық жолаушылардың автомобильдік тасымалы және жүктер туралы Келісімді бекіту туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасында қосарланған салық салуды болдырмау жөніндегі және кіріс пен капиталға салынатын салықты төлеуден жалтаруды жою туралы Конвенцияны бекіту туралы» Заңдарға да қол қойды.
5 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекттік шекараны күзету жүйесін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау деңгейін арттыруды қарастырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамту және еңбек мәселелері жөніндегі өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Елбасы сондай-ақ 1994 жылғы сәуірдің 15-індегі «Еңбек миграциясы және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы бекіту туралы» және «Қазақстан Республикасының үкіметі мен Польша Республикасының үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді бекіту туралы» Заңдарға қол қойды.
3 жыл бұрын (2009) Алматыда белгілі журналист-зерттеуші, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлының «Шоқан» атты кітабы жарық көрді.
Жарылқап Бейсенбайұлы 1969-1990 жылдары «Жас Алаш» газетінде қызмет істеді. 1990-1997 жылдары — «Ана тілі» газетінің тұңғыш бас редакторы. 1997-2010 жылдары — «ҚазАқпарат» ҰК» акционерлік қоғамы Қазақ редакциясының бас редакторы қызметтерін атқарған. 2010 жылдан бастап — «ҚазАқпарат» ҰК» акционерлік қоғамы Төте жазу сайтының жетекшісі.
Оқырман қауымға ол «Буырқанған бояулар», «Әдеп әлемі», «Қазақ шежіресі», «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» атты кітаптарымен таныс.
ЕСІМДЕР
99 жыл бұрын (1913-1989) актер, Қазақстанның халық әртісі, Жамбыл облыстық драма театрының негізін қалаушылардың бірі СӘКИЕВ Шәріпбай Қашқынбайұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысының Байзақ ауданында туған. Ташкенттің театр-көркемсурет институтының режиссерлық бөлімін бітірген. Сахналық өнер жолын 1936 жылы бастаған. Жамбыл облыстық драма театрының сахнасында ойнаған рөлдері қатарында Кебек, Есен, Еспембет, Жантас, Тәнеке, Қобыланды, Жабай, Арыстан (М.Әуезов «Еңлік — Кебек», «Түнгі сарын», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қарагөз», «Айман — Шолпан»), Қодар, Қозы, Ақан, Амангелді (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқты», «Амангелді»), Алдар көсе (Ш.Құсайынов «Алдар көсе»), Жәңгірхан (М.Ақынжанов «Исатай — Махамбет»), Абай (М.Әуезов пен Л.Соболев «Абай»), Ипполит, Дудукин (А.Островский «Мысыққа күнде той бола бермес», «Жазықсыз жапа шеккендер»), Фердинанд (Ф.Шиллер «Зұлымдық пен махаббат»), Скапен (Ж.Мольер «Скапеннің айласы»), т.б. бар. Режиссурамен шұғылданып, бірқатар спектакльдер қойған. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
84 жыл бұрын (1928-1988) жазушы, филология ғылымының докторы ДҮЙСЕНОВ Мырзабек дүниеге келді.
Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетін, Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасын бітірген. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы жанындағы М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі болған. Қазақ кеңес әдебиеті тарихының очеркін, қазақ әдебиеті тарихын жазуға белсене қатысқан. М.Қаратаевпен бірге орта мектептің орыс сыныптары үшін «Қазақ әдебиеті хрестоматиясын» құрастырған. «Мен қалай торғай болдым?», «Жолың болсын», «Қалыңдық», «Ана махаббаты», «Гүлжан сүйеді», «Меймандар», «Ант», «Үміт», «Біз күн перзентіміз», «Әдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігі», «Ілияс Жансүгіров», «Ақын мұраты», «Ұлы Октябрь шуағы» (Т.Кәкішевпен бірігіп), «Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты», «Бір аспанның астында», «Ғасырлар сыры» әңгімелер жинағының, 10-нан астам повестердің, монографиялардың авторы. «Гүлжан», «Ана махаббаты» повестері орыс тіліне, «Емтихан» повесі өзбек тіліне аударылған.
84 жыл бұрын (1928-1994) филология ғылымының докторы ӘБДІРАХМАНОВ Айтым дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1954-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, ономастика бөлімінің меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкері болған. 100-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 4 монографияның авторы. Еңбектері негізінен топонимика және терминология мәселелеріне арналған.
74 жыл бұрын (1938) ақын СЕКСЕНБАЕВА Әдия дүниеге келді.
Шығыс Түркістанның Шәуешек қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педогогикалық институтының филология факультетін бітірген. «Білім және еңбек», «Қазақстан әйелдері» журналдарының аға әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1980-1994 жылдары «Жазушы» баспасының редакторы, аға редакторы, бөлім меңгерушісі болған. 1994 жылы зейнет демалысына шыққан. 1969 жылы «Жас керуен» жинағына ақынның бір топ өлеңдері енген. 1983 жылы оның жырлары «Шуақ» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Көркем аударма саласында монғол, қарақалпақ, татар, башқұрт, түрікмен, орыс, латын, қырғыз ақын-жазушыларының әңгімелері мен өлеңдерін, татар жазушысы И.Салаховтың «Емендер тамыр жайғанда» романын қазақ тіліне тәржімалаған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған.
98 жыл бұрын (1914-1979) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актер ТҰРСЫНОВ Жүсіпбек дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Павлодар облысында туған. 1937-1951 жылдары Ақтөбе мен Жамбыл облыстық драма театрларында қызмет еткен. 1952 жылдан — Шымкент облыстық драма театрының актері. Махамбет (М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет»), Жантық, Жағыпар (Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» және «Амангелді»), Арыстан, Көбей, Керім (М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» және «Еңлік-Кебек», М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай»), Боқай (С.Адамбековтің «Біздің үйдің жұлдыздары»), Базарбай (Ә.Ордабаев пен Қ.Шаниннің «Сенім күші»), Қатай (С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал»), Қарасай (Б.Майлиннің «Шұға»), Әли (Р.Ғамзатовтың «Тау қызы»), Подколесин (Н.Гогольдің «Үйлену») сияқты күрделі де қиын образдарды сомдады. Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған.
84 жыл бұрын (1924-1975) ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор БЕРЖАНОВ Қартбай Бекемұлы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқытушысы, доценті, проректоры, Алматы облыстық білім беру бөлімінің меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты — революцияға дейінгі Қазақстандағы оқу-ағарту ісі мен жаңа кезеңдегі (1917-1941) Қазақстан мұғалімдерінің қоғамдық, мәдени-ағарту қызметі. «Педагогика тарихы» атты жоғарғы оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы.
112 жыл бұрын (1900-1970) Қазақ КСР-нің саяси және қоғам қайраткері ГОГОСОВ Владимир дүниеге келді.
Грузияда туған. Новочеркаск авиациалық институтын бітірген.
1920-1928 жылдары Қырымда партия, комсомол ұйымдарында қызметтер атқарған. 1932-1936 жылдары — КСРО Ауыр өнеркәсібі Халық комиссариаты авиациалық зауыттарды жобалау институтының инженері, зауытың аға шебері. 1936-1939 жылдары — Рыбинск авиациалық институтының директоры. 1939-1943 жылдары — Ярослав облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы. 1943-1947 жылдары -Кемеров облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1947-1951 жылдары — Бүкілодақтық Коммунистер (большевиктер) партиясының инспекторы. 1951-1955 жылдары — КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік штаттар комиссиясы төрағасының орынбасары, РФ Қаржы министрлігі штаттар басқармасының бастығы. 1955-1957 жылдары — Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы. 1956-1957 жылдары — Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары. 1957-1959 жылдары — Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Мемлекеттік ғылыми-техникалық комитеті төрағасының орынбасары. 1959-1970 жылдары — КОКП жанындағы Жоғары партия мектебінің оқытушысы, КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономикалық ғылыми-зерттеу институының аға ғылыми қызметкері.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің 2-шақырылымының, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 4-шақырылымының депутаты болған.
«Основные направления технического прогресса в Казахстане», «Экономическое стимулирование научно-технического прогресса» (бірлесіп шығарған) атты кітаптарының авторы.
Еңбек Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
52 жыл бұрын (1960) Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының директоры — көркемдік жетекшісі ӘБДІРАХМАНОВ Сәкен Сейітқалиұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Күләш Байсейітова атындағы Республикалық орта-арнайы музыка мектебін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.
1982-1998 жылдары — «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің әртісі, директоры. 1998-1999 жылдары Астана қаласы Мәдениет департаменті өнер бөлімінің бастығы. 1999-2002 жылдары — «Жастар» сарайының директоры, Конгресс-Холлдың көркемдік жетекшісі. 2002-2006 жылдары — Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының бас директоры. 2006-2008 жылдары — Астана қаласы Мәдениет департаментінің директоры. 2008 жылдан бастап — қазіргі қызметінде.
Әбдірахмановтың қолдауы және ұйымдастыруымен «Наз» халық би театры, жас өспірімдер театры, Астаналық балет компаниясы сияқты жаңа ұжымдар пайда болды. «Астана самалы» атты үрлемелі оркестрлер фестивалі, «Серпер» халық аспаптарының халықаралық фестивалі, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» музыкалық фестивалі, «Шашу» халық би фестивальдарының бастамашысы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» «Астана» медальдарымен марапатталып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісіне ие болған.
59 жыл бұрын (1953) ҚР Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары ТҮСІПБЕКОВ Әміржан Нұрышұлы дүниеге келді.
1981 жылы Алматы халықшаруашылығы институтын бітірді. Еңбек жолын 1972 жылы шілдеде Целиноград облыстық қаржы бөлімінде аға экономист болып бастады. 1972 жылғы қазаннан 1974 жылғы желтоқсанға дейін — Кеңес әскерлері сапында мерзімді қызмет атқарды. 1974 жылғы желтоқсаннан 1978 жылғы қазанға дейін — Целиноград облысы бойынша ҚМ Қаржы-бақылау басқармасының бақылаушы-ревизоры, аға бақылаушы ревизоры. 1978 жылғы қазаннан 1986 жылғы қаңтарға дейін — «Целингазификация» ӨБ және облыстық нан өнімдері басқармасының аға бухгалтер-ревизоры, Целиноблсельхозтехниканың бақылау-ревизия бөлімінің бастығы. 1986 жылғы қаңтардан 1992 жылғы қарашаға дейін — Целиноград облыстық агроөндірістік кешеннің облыстық шаруашылық есепті бақылау-ревизия басқармасының бастығы. 1992 жылғы қарашадан 1997 жылғы маусымға дейін — Астана қаласы бойынша Мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің бөлімше бастығы. 1997 жылғы маусымнан 2003 жылғы маусымға дейін — Ақмола қалалық қаржы басқармасының бастығы, Астана қаласы қаржы департаментінің бастығы. 2003 жылғы маусымнан 2006 жылғы ақпанға дейін — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті төрағасының орынбасары. 2006 жылғы ақпаннан 2006 жылғы қыркүйекке дейін — Астана қаласы бойынша Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығы. 2006 жылғы қыркүйектен 2007 жылғы қарашаға дейін Астана қаласы қаржы департаментінің директоры. 2007 жылғы қарашадан 2009 жылғы тамызға дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі қазынашылық комитетінің төрағасы. 2009 жылғы 25 тамызда Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары болып тағайындалды
«Құрмет» орденімен, екі мерейтойлық медальмен, омырау белгісі қоса берілетін ҚР Президентінің құрметті грамотасымен марапатталған
85 жыл бұрын (1927) Корея Республикасының бұырнғы президенті (1993-1998) Ким Ён Сам дүниеге келді.