Биыл өндірістегі оқыс оқиғалардың басым көпшілігі өнеркәсіп және шағын бизнес саласында болды. «Шағын бизнес өкілдерінің еңбек қорғау мәселесіне баса назар аудармайтындығы, сондай-ақ, бұл мақсатқа жеткіліксіз қаржы бөлетіндігі алаңдаушылықты күшейтіп отыр» ,- дейді Қ.Есенов.
Жыл басынан бері Павлодар облыстық еңбек инспекциясы құқық қорғау органдарына өндірістердегі оқыс оқиғаларға қатысты деректер бойынша 49 материал жолдады. Олардың алтауына қатысты қылмыстық іс қозғалды. «Сондай-ақ, биылғы жылдың 10 айында облыстағы кәсіпорындардың 159 жұмыс берушілері мен мамандарына жалпы көлемі 1,4 млн. теңгені құрайтын айыппұл салынды»,- деді Қ.Есенов.
Жыл басынан бері еңбек инспекторлары облыстық кәсіпорындар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасының еңбек, халықты жұмыспен қамту және еңбек қорғау заңдарының талаптарын орындау жағдайына 600-ден астам тексерулер жүргізді. Соның нәтижесінде 5 мыңнан астам заң бұзу көрінісі, соның ішінде еңбек қорғау жөніндегі заңды бұзу оқиғасы 2699 мәрте тіркелді. Тексерулер нәтижесінде 173 станок, машина және жабдықтардың жұмысы, 20 өндірістік нысанның жұмысы тоқтатылып, 8 кәсіпорын басшысы жұмыстан босатылды.
Сондай-ақ, Павлодар облыстық еңбек инспекциясы тексерулермен бірге кәсіпорын басшылары үшін оқыту мақсатындағы семинарлар өткізеді. 2003-жылдың басынан бері облыс қалалары мен аудандарында осындай 100-ден астам семинар өтті.