Т.Әбілғазиннің айтуынша, биыл бұрын-соңды болмаған рекордтық мұнай тасымалдау көлеміне қол жеткізіледі. Тек биылғы маусым айында теңіз айлағы арқылы 666361 тонна мұнай және мұнай өнімдері тасымалданды. Ал өткен жылғы осы мерзімде бұл көлем 500-550 мың тоннаны құраған болатын. Қазір теңіз айлағынан жөнелтілетін мұнай және мұнай өнімдерінің 50 проценті Бакуге, 45 проценті Махачкала қаласына, 5 проценті Иранның Некка айлағына жіберілуде.
РМК директорының айтуынша, айлақ кірісінің басым бөлігін мұнай тасымалдаудан түсетін пайда құрап отыр. Биылғы жылы Ақтау сауда теңіз айлағы арқылы 6 млн. тонна мұнай және 1 млн. тоннадан астам басқа да жүктер тасымалдау жоспарланған. Ал өткен жылы айлақтан 6 млн. 345 мың 703 тонна жүк жөнелтілсе, оның 793 мың 232 тоннасы құрғақ жүктер, 5 млн. 552 мың 471 тоннасы мұнай және мұнай өнімдері болды.
Қазақстан Баку-Тбилиси-Джейхан экспорттық мұнай құбырына қосылғаннан кейін, шамамен 2008-2009-жылдарда Қазақстан мұнайын Ақтау теңіз айлағы арқылы тасымалдау ауқымын ұлғайту туралы мәселе қойылмақ. Жоба аясында Каспий теңізі пароход шаруашылығы мен «ҚазақМұнайГаз» ҰК-ның құрамындағы «Қазақтеңізкөлікфлоты» мемлекеттік компаниясының танкерлері пайдаланылмақ.
Аталмыш жоба аясында Қазақстан Ақтау теңіз сауда айлағынан қазір тасымалданып отырған 6 млн. тоннаның сыртында қосымша 5-10 млн. тоннаға дейін мұнай жөнелте алады. Ал айлақтың мұнай тасымалдау қуаты жылына 8 млн. тонна көлемінде.
Т.Әбілғазиннің айтуынша, тасымалданатын мұнай және мұнай өнімдерінің ауқымы ұлғаятынына қарамастан айлақта қосымша қуат көздерін салу туралы мәселе әзірге көтерілген жоқ. Қазір «Қазақтеңізкөлікфлоты» мемлекеттік компаниясы өз қарамағындағы 4-ші және 5-ші мұнай құятын причалдарды жаңалау жұмысын жүзеге асыруда. Соның нәтижесінде теңіз айлағы арқылы тасымалданатын мұнай көлемін 10 млн. тоннаға дейін жеткізу мүмкіндігі туады.