Жарияланды: 600

2004-2006-жылдарда денсаулық сақтау саласындағы 63 нысанды салу және жөндеу жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен 12,3 млрд. теңге бөлінеді - ҚР денсаулық сақтау министрі

2004-2006-жылдарда денсаулық сақтау саласындағы 63 нысанды салу және жөндеу жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен 12,3 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін, 19-қаңтарда мәжілістегі "үкімет сағатында" сөз сөйлеген ҚР денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев хабарлады.

Министрдің түсініктемесіне жүгінсек, бұл қаржы "құрт ауруына қарсы күрес мекемелері, перзентханалар мен көп бағытты ауруханаларды салу және жөндеу жұмыстарына жұмсалады". Министрдің айтуынша, 2006-жылдан кейін денсаулық сақтау саласындағы 42 нысанды салу және жөндеу жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен 29,2 млрд. теңге бөлінеді. Қазақстан Республикасында ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі 2004-2010-жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес республикалық инвестициялық жоба қаржысы есебінен ауылдарда 44 денсаулық сақтау нысаны, соның ішінде 22 аудандық құрт ауруына қарсы күрес диспансері, 7 орталық аудандық аурухана және 5 перзентхана салынбақшы. Ал жергілікті бюджет қаржысы есебінен 325 ауылдық елді мекендерде дәрігерлік мекемелер салынып, 1774 елді мекенде денсаулық сақтау мекемелері күрделі және жай жөндеуден өткізіліп, 5 сүт кухнясы ашылады. Қазір ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесінде 350 аурухана және 1099 амбулаториялық-емхана мекемелері бар. Әрбір 10 мың ауыл тұрғынына шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз етілу көрсеткіші 12, ал орта маманды дәрігерлік мамандармен қамтамасыз етілу көрсеткіші 45,2-ні құрайды. Соңғы жылдарда 63 аурухана мен 29 фельдшерлік және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер ашылып, қалпына келтірілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін