Жарияланды: 560

2004-жылдан бастап Қазақстанда ЖОО студенттерін аралық аттестаттаудан өткізу тәртібі енгізіледі

2004-жылдан бастап Қазақстанда жоғары оқу орындарының (ЖОО) студенттерін аралық аттестаттаудан өткізу тәртібі енгізіледі. Осы жөніндегі қаулыға ҚР білім және ғылым министрі 2004-жылдың 9-қаңтарында қол қойды. Ал бүгін, 27-қаңтарда Алматыда өткізілген баспасөз мәслихатында алдағы білім тексеруінің егжей-тегжейі туралы министрлік өкілдері журналистерге тәптіштеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

ҚР білім және ғылым министрінің орынбасары Геннадий Гамарник ЖОО студенттерінің игерген білімін мемлекет тарапынан қадағалаудың маңызына тоқталды. "Біз әрбір студенттің білім игеру жағдайын, оның материалды қаншалықты терең меңгергендігін, диплом алуға лайықтығын тексеруді көздеп отырмыз",- деді Г.Гамарник. Оның айтуынша, студенттердің білімін аралық аттестаттау үрдісі әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанда да қолданысқа енгізілген. Г.Гамарник аралық аттестаттау шарасы кешенді тестілеу түрінде дәрігерлік мамандықтар бойынша 6, қалған мамандықтар бойынша 5 пәннен өткізілетінін жеткізді. Оған жоғары оқу орындарының 2-курс студенттері қатысады. Ал дәрігерлік мамандықтар бойынша білім игеруші студенттер 3-курстан кейін аралық аттестаттаудан өтеді. Министрлік осыған сәйкес тестілеу барысында тиісті мөлшерде (межелік деңгейде) балл жинай алмаған студенттерге қатысты қолданылатын шараларды айқындады. Ондай студенттер оқудан шығарылады, немесе екінші жылға қалдырылады, яки, колледжге оқуға жіберіледі. Межелік деңгейде балл жинай алмаған грант немесе кредиттік негізде білім алатын студенттер одан әрі оқуын тек ақылы түрде ғана жалғастыра алады. Г.Гамарниктің айтуынша, аралық аттестаттау шарасына меншік немесе ведомстволық бағыныштылық түріне қарамастан, мемлекеттік және жеке меншік барлық ЖОО студенттері жаппай қамтылады. 2004-жылдың маусым айында заң, педагогикалық, экономикалық және дәрігерлік мамандықтар бойынша күндізгі бөлімдерде оқитын студенттер білім алушылардың аралық аттестаттау (БААА) шарасына қатысады. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Тахир Балықбаевтың хабарлауынша, биыл еліміздегі 213 ЖОО-ның 32,5 мың студенті аралық аттестаттаудан өтеді. Қазіргі жағдаймен 57 мың тест тапсырмалары әзірленген. Олар сараптаудан кейін министрлікте бекітіледі. Т.Балықбаев сондай-ақ, тест тапсырмалары мен технологиясын сынап көру үшін ақпан айында 21 ЖОО-да байқау мақсатында аралық аттестаттау шарасын өткізуге министрлік шешім қабылдағанын хабарлады. Оған 10 мыңға жуық студент қатысады. Тексеру қорытындысы жазғы аралық аттестаттау шарасына дайындық барысында ескерілмекші.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін