Жарияланды: 910

2004-жылдың ақпан айында еліміздегі тың игеру науқанының 50 жылдығына арналған шаралар өтеді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республика үкіметі мен Қазақстан халықтарының ассамблеясына 2004-жылдың ақпан айында еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының 50 жылдығына арналған шараларды өткізу жайында тапсырма берді. Бұл туралы мемлекет басшысы 23-желтоқсанда, Қазақстан халықтары ассамблеясының 10 сессиясында атап көрсетті.

"Осыдан 50 жыл бұрын Кеңес Одағының әр түкпірінен мыңдаған жастар Қазақстанға тың игеруге келген еді",- деп еске салды Елбасы. Одақ аясындағы сан алуан халық өкілдері тыңайған жерлерді игеруге үлкен үлес қосты деді Н.Назарбаев. "Тың игеруге келгендердің бір бөлігі өз отандарына оралса, қалған бір бөлігі Қазақстанды екінші отанына айналдырды. Қазақ жерінде олардың үрім-бұтақ, немере-шөберелері дүниеге келді",- деді мемлекет басшысы. Н.Назарбаев тың игеру жылдарында экономикалық және экологиялық сипаттағы қателіктер жіберіліп, ұлттық мәселеге қатысты кейбір асыра сілтеушілікке жол берілгенін мойындады. Алайда, соған қарамастан, Елбасының пайымдауынша, "еліміздегі ауылшаруашылығының өркендеуінде дәл соң тың игеру науқаны шешуші әсер етті". Сол себепті, президенттің атап көрсеткеніндей, 2004-жылы дәл осы Астанада , "бұрынғы тыңның , ал қазіргі Қазақстанның Елордасы әрі символына айналған Астанада еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының 50 жылдығына арналған шараларды өткізу қажет". "Осыдан 50 жыл бұрын тың игеруге келгендер еліміздің қалай өзгергенін өз көзімен көріп көзайым болсын, олар мен біздің Астанамыздың қалай гүлденіп-түрлене түскеніне куәгер болсын",- деді Н.Назарбаев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін