Отырысқа қатысушылар Кеңеске мүше елдердің темір жолдарының биылғы және өткен жылдардағы жұмыс қорытындысын қанағаттанарлық деп тапты.
Мәжілісте отарбалар қозғалысының кестесін жасау қорытындысы, жүк отарбалары мен контейнерлі вагондарды құру жоспарлары, халықаралық тасымалдың 2004-2005-жылдарға арналған вагондар ағынын реттеу тәртібі қаралды. Жүк вагондары санағының алдын-ала қорытындысы мен 2004-жылғы контейнерлер санағына дайындық жұмыстары, темір жол әкімшіліктері арасындағы есеп-қисап ережелері мен тәртібін жетілдіру жолдары тиянақталды.
Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар ТМД және Балтық жағалауы елдері темір жол мекемелері арасындағы бірқатар келісімдерге өзгерістер енгізу мәселесін қарады.
Бүгін, 10-маусымда отырыс аясында темір жол көлігін реформалау жөніндегі ғылыми-тәжірибелік бас қосу өтеді. Оған теміржолшылар мен теміржол құрылысшыларының кәсіподақ ұйымдарының халықаралық конфедерациясының өкілдері қатысады. Кездесу 11-маусымда аяқталады.