Ө.Түсімовтың айтуынша, өткен жылы Қазақстанда 15302 жол апаты тіркеліп, соның салдарынан 3136 адам қаза тауып, 18793 адам жараланды. Үш көрсеткіш бойынша да өсім тіркелді. Атап айтсақ, жол апаттарының саны былтырғы көрсеткіштен 9,2 процентке, қаза тапқандар саны 13,9 процентке, жараланғандар саны 10,9 процентке артты, деді ол.
Жол полициясының мәліметі бойынша, жол апаттары санының ең жоғарғы өсімі Алматы (28,4%), Қостанай ( 24,9%) және Қызылорда (23,4%) облыстарында тіркелді. Ал Астана ( 4,0%), Солтүстік Қазақстан (4,0%), Батыс Қазақстан (2,8%), Атырау (1,2%) және Ақмола (0,2%) облыстарында жол апаттарының саны керісінше азайды. Жол апаты салдарынан қаза тапқандар санының анағұрлым арту көрсеткіші мынадай облыстарда тіркелді: Қарағанды (40,3%), Маңғыстау (33,8%), Алматы (27,7%) және Оңтүстік Қазақстан (24,6%) облыстары. Ал қаза тапқандар санының үштен бір бөлігі Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарының үлесінде.
Жол апаттарының 84,8 проценті жүргізушілердің кінәсінен , соның ішінде 81,2 проценті жеке меншік көлік құралдары жүргізушілерінің терістігінен болған. Әрбір жетінші жол апатына үш жылдан артық еңбек өтілі бар тәжірибелі жүргізушілер түрткі болған. Ал жол апаттарының 15,1 проценті жаяу жүргіншілердің кінәсінен болса, балалардың қатысуымен болған жол апаттары 18,7 процентті құрайды.
Ө.Түсімовтың айтуынша, апаттар санының артуына жүргізушілік тәртіп деңгейінің осалдығы себеп. Әрбір төртінші жол апаты жылдамдықты асырудан, әрбір жетіншісі маневр ережелерін бұзу салдарынан, ал жол апаттарының 9,3 проценті жол қиылыстарынан өту ережесін бұзудан болған.
Жалпы алғанда былтыр жол полициясының қызметкерлері 1,3 млн. жол қозғалысы ережелерін бұзу оқиғаларын әшкереледі. 82 мың материал сотқа жолданып, 1,25 млрд. теңгенің айыппұлы салынып, 760,1 млн. теңгенің айыппұлы өндіріп алынды. Сонымен бірге 2004-жылы жол полициясы қызметкерлерінің қатысуымен 28,5 мың қылмыстың беті ашылды. Ал жол полициясы қызметкерлері тікелей 3,7 мың қылмысты әшкереледі.
Дейтұрғанмен, жол полициясы қызметкерлерінің қатарындағы «тәртіп ойдағыдай деңгейде болмай тұр», деді Ө.Түсімов. Мәселен, 2004-жылы 37 қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Соның ішінде қызмет бабын бас пайдасына жарату және асыра пайдалану дерегі бойынша 18 іс, пара алу дерегі бойынша 6 іс қозғалды. 47 қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Өткен жылы жол полициясы қызметкерлерінің үстінен 374 шағым түсіп, оның 76-сы расталды. 895 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, соның ішінде 107 адам түрлі деңгейдегі басшылық қызметіндегілер. 237 адам ішкі істер органынан жұмыстан шығарылды.