«Былтыр Семей қаласында 1700 жаңа жұмыс орны құрылды, шағын және орта бизнес саласында 174 нысан іске қосылды. Кәсіпкерлік іс-қызметтен бюджетке 700 млн. теңге түсім түсті. Бұл жоспардағыдан 14 процентке артық»,- деді Т.Шәкеев.
Оның айтуынша, Семей — республикамыз бойынша шағын кәсіпкерлікке қалалық бюджет есебінен несиелер беру тәжірибесі қолданылған алғашқы қалалардың бірі болып табылады. Мәселен, 2004-жылы шағын және орта бизнесті дамытуға бюджеттен 70 млн. теңге бөлінді. Ал коммерциялық банктермен бірлесе отырып берілген несиелік ресурстардың көлемі 140 млн. теңгеден асады.
Сондай-ақ, Т.Шәкеевтің айтуынша, экономика бөлімі түрлі қорлармен белсенді ынтымақтастық орната жұмыс істеуде. Мәселен, Азиялық кредит қоры 43,5 млн. теңгеге 71 бизнес-жобаны қаржыландырса, «Кәсіпкерлікті қолдау қоры» ЖАҚ 52 млн. теңгеге 14 жобаны, Еуропалық қайта құру және даму банкі 1,9 млрд. теңгеге 2049 жобаны қаржыландырды.
«Қазір Семейде кәсіпкерлікті несиелендіруді дамыту жөніндегі жаңа бағдарлама жобасы жасалуда. Ол шағын кәсіпкерлік субьектілері өндіретін өнім мөлшерін 1,5 млрд. теңгеге дейін жеткізуді және жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді»,- деді бөлім бастығының орынбасары.
2004-жыл қорытындысы бойынша шағын бизнес субьектілері өндірген өнім мөлшері 1,32 млрд. теңгені құрады.