В.Константиновтың айтуынша, жобаның жұмыс құжаттары мен техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуді Ақтау теңіз айлағы қаржыландырды. Ал жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2,5 млн. доллар бөлінбекші.
В.Константиновтың айтуынша, қазір жұмыс құжаттары ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінде мемлекеттік және экономикалық сараптамадан өткізілуде. Жоба алдағы апталарда республикалық бюджеттік комиссияның қарауына беріліп, алдағы жылы қаржыландырылады деп күтілуде.
В.Константиновтың айтуынша, жобаға сәйкес кеме қозғалысын басқару жүйесі бар станция салу көзделген. Ол Каспийдің Қазақстандық бөлігіндегі кеме қозғалыстарын қадағалайтын болады. Алдағы уақытта станция жұмысын Ақтау теңіз айлағындағы қазір құрастырылып, іске қосуға әзірленіп қойған радиолокациялық станциямен байланыстыру межеленген.
Сондай-ақ, оның айтуынша, төтенше жағдайлар жөніндегі басқармамен бірлесе отырып үйлестіру орталығын құру жоспарланды. Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма үшін де арнаулы құтқарушы-кемелер сатып алынады. Олар адамдарды құтқару, өрт сөндіру, төгілген мұнайды бір жерге шоғырландыру жұмыстарын атқаратын болады. Болашақта бұл жүйені қорғаныс министрлігімен және шекара әскерлерімен, жағалаудағы шекарашылар қолындағы радарлық станциялармен қосу көзделген, дейді кәсіпорынның техникалық директоры.