Осы мерзімде кеденшілер 86 кило есірткі тәркіледі. Оның 27,5 килосы героин. Дегенмен, Б.Сапарбаев осы мерзімде Қазақстан шекарасы арқылы өткен есірткі көлемі кеденшілер мен шекарашылар әшкерелей алған көлемнен әлдеқайда артық екенін мойындады. «Қазақстан — шекарасы іс жүзінде ашық-шашық жатқан транзиттік мемлекет»,- деп атап көрсеткен комитет төрағасы «кеден қызметі республика шекарасын жаппай қамти алмай отыр»,- деп өкініш білдірді.
Сонымен бірге Б.Сапарбаевтың пікірінше, есірткі контрабандасына қатысты деректерді әшкерелеу жұмыстарының нәтижесіне кеден бекеттерінің материалдық-техникалық жабдықталу деңгейінің төмендігі де кесірін тигізіп отыр. «»Қорғас» немесе «Жаңажол» кедендік бекеттеріндегідей сканерлеуші жабдықтармен бәрі бірдей қамтамасыз етіле қоймағандықтан, біз бүгінде жүктерді толыққанды тексере алмай отырмыз. Ал еліміз бойынша 160 кедендік бекет бар. Қалған кедендік бекттерде қарапайым аспаптар мен қызметкерлердің тәжірибесіне ғана жүгінуге тура келуде»,- деді ол.