ҚР әділет министрлігінің санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетінің төрағасы Марат Әйкеновтың айтуынша, әлемдік экономикалық форум әзірлеген 2004-2005-жылдардағы бәсекелестікке шолу қорытындысы бойынша Қазақстан 117 елдің ішінде 61-ші орында болған. Ал макроэкономикалық даму деңгейіне қарай 40-шы орынға шығып, бұрынғы КСРО елдерін жаппай артта қалдырды. 2006-2007-жылдарға арналған бәсекелестік қабілет индексіне сәйкес Қазақстан 56-шы орынға көтерілді.
М.Әйкеновтың айтуынша, 1990-шы жылдардың басында Қазақстан аталмыш рейтингте небәрі 109-шы орында болған. «Қазірде ТМД елдерінен Ресей мен Украина тиісінше 75-ші және 84-ші орынға табан тіреді»,- деді ол. «Бұл деректер Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу стратегиясы табысты жүзеге асырылып жатқанынан хабар береді»,- деп санайды М.Әйкенов.
Оның пікірінше, «республика жаңаша даму кезеңінің табалдырығы алдында тұр». «Ең ауыр әрі өтпелі кезең артта қалды. Қазір біз өз елімізді келешекте әлемдік геосаясаттың маңызды бір сегментіне айналған мүлдем жаңа ел боламыз деп ауыз толтырып айта аламыз»,- деді М.Әйкенов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті