«Бюджеттік саладағы жалақы 2007 жылдың қаңтарынан бастап 30 пайызға өскен. Бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақы жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты жұмыстарды жалғастыруымыз қажет»,- деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. «Білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт сияқты салалардағы мамандардың мәртебесін көтеру, мамандарды тарту және олардың әлеуетін нығайту үшін 2008 жылдың 1-қаңтарынан бастап еңбек демалысына шығу барысында қызметтік бір еңбекақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысын төлеуді енгізу қажет, деп санаймын»,- деп атап өтті мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Оның сөздеріне сүйенсек, тек 2008 жылы бюджеттен бұл мақсатқа 30,6 млрд теңге бөлінеді.
«Өткен жылдары 1998 жылдың 1-қаңтарына дейін зиянды және ауыр еңбек жағдайында еңбек сіңірген тұлғаларды әлеуметтік қамтамасыз ету туралы мәселе бірнеше рет көтерілген болатын. Бұрындары біз №1 тізім бойынша мәселені шешкенбіз, енді №2 тізім бойынша мәселені шешуіміз қажет. Мұндай қазақстандықтар саны 28 мыңнан асып жығылады»,- деп қосты мемлекет басшысы. «Біз аталмыш санат үшін 8 айлық есептік көрсеткіш көлемінде арнаулы жәрдемақыны енгізе аламыз, бұл үшін жыл сайын 3 млрд теңге қажет . Осындай қаржыны қарастырып, 2008 жылдың 1-қаңтарынан бастап №2 тізім бойынша арнаулы жәрдемақы төлей бастау қажет»,- деп тапсырды ол.
Президент 2008 жылғы барлық әлеуметтік төлемдерді өсіруге қажетті жалпы қаржы шамамен 108 млрд теңгені құрайтындығын атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті