2009-2011 жылдары мемлекеттік бюджеттен шығатын инвестициялар 1,5 трлн. теңгеден астамға өседі - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2009-2011 жылдары мемлекеттік бюджеттен шығатын инвестициялар 1,5 трлн. теңгеден астамға өседі

2009-2011 жылдары мемлекеттік бюджеттен шығатын инвестициялар 1,5 трлн. теңгеден астамға өседі

Астана. 26 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Тұтастай алғанда, 2009-2011 жылдары мемлекеттік бюджеттен шығатын инвестициялар 1,5 трлн. теңгеден астамға өседі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының 2007-2008 жылдары қабылданған шаралар туралы бөлімінде айтылған, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

  • 26 Қараша 2008
  • 883
Фото - Caravan.kz

Жоспарда атап көрсетілгеніндей, өткен жылдың күзінде Қазақстан қаржы дағдарысының алғашқы толқынымен бетпе-бет келді. 2007 жылдың қазанында үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі халықаралық қаржы және азық-түлік рыноктарындағы тұрақсыздықтың теріс салдарын жұмсарту үшін бірқатар бірінші кезекті шаралар қабылдады. 2007 жылдың күзінен бастап мемлекеттік бюджеттен шамамен 550 млрд. теңге бөлінді.

Меншікті немесе қарыз қаражатын үлестік құрылысқа салған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс салушыларға екінші деңгейдегі банктер арқылы 184,7 млрд. теңге бөлінді.

Шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігін қолдау үшін олардың жобаларын шамамен 155 млрд. теңге сомаға қаржыландыру қамтамасыз етілді.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 135 млрд. теңге жұмсалды.

Осы шараларға қосымша өтімділік тапшылығының проблемасы жедел шешілді және Ұлттық банк жүйесінің келесі сыртқы қауіптерге дайындығының қажетті деңгейі қамтамасыз етілді.

Бірінші кезекті шаралар кешенін іске асыруды ескере отырып, ағымдағы жылдың 9 айы ішінде ІЖӨ-нің өсуі шамамен 4%-ды құрады. Жұмыссыздық деңгейі төмен деңгейде тұр және 7%-дан аспайды. Тұтыну бағаларының өсуін тұрақтандыру мүмкін болды. Ағымдағы жылғы 10 айда инфляция деңгейі 8,8%-ды құрады, мұның өзі 10%-дан аспайды деген жылдық болжамға сәйкес келеді. Қазақстандық банктер өздерінің ішкі және сыртқы міндеттемелерін ойдағыдай орындауда. Екінші деңгейлі банктердің экономиканы несиелеуі өткен жылдың соңындағы деңгейде сақталды. Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде банктердегі депозиттер 21,8%-ға дерлік, оның ішінде, халықтың депозиті 2%-ға ұлғайды.

Ағымдағы жылдың басынан бастап үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі ішкі және сыртқы рыноктағы экономикалық жағдай мониторингін күшейтті және қосымша бірқатар шараларды қарастырды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы жүйесінің тұрақтылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әзірленіп, қабылданды, онда қаржы ұйымдарын қасақана төлем қабілетсіздігіне дейін жеткізгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары қатаңдатылды. Үкімет белгіленген пруденциалдық нормативтерді бұзып отырған қаржы ұйымдарының қызметіне араласуға қажетті нарық құралдарын ала отырып, банктің акцияларын мәжбүрлеп сатып алуға құқығына ие болады. Өз кезегінде, банктерге шығарылған облигацияларды және құрылатын Стресті активтер қорының акцияларын мерзімінен бұрын сатып алу құқығы берілді.

Банктерге деген сенімді сақтап қалу мақсатында заңда жеке тұлғалардың салымдары бойынша кепілді қайтару сомаларын бұрын көзделген 700 мың теңгеден 1 миллионға дейін, ал 2012 жылға дейін (3 жыл ішінде) — 5 млн. теңгеге дейін ұлғайту көзделген.

Ағымдағы жылдың 18 қарашасынан бастап ішкі міндеттемелер бойынша ең кіші резервтік талаптар 5%-дан 2%-ға дейін, ал өзге міндеттемелер бойынша 7%-дан 3%-ға дейін төмендетілді. Бұл банктерге олардың ресурстық базасын шамамен 350 млрд. теңге көлемінде ұлғайтуға мүмкіндік береді.

2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілетін болады, оның шеңберінде салықтық жүктемелерді, ең алдымен, экономиканың шикізаттық емес секторы үшін салықтық жүктемелерді едәуір төмендету көзделген.

Корпоративтік табыс салығы кезең-кезеңімен 2009 жылы 30%-дан 20%-ға дейін, 2010 жылы 17,5%-ға дейін және 2011 жылы 15%-ға дейін төмендейді.

Қосымша құн салығының ставкасы келесі жылдан бастап 13-тен 12%-ға дейін төмендейді. ҚҚС салынатын айналымның ең аз көлемі 2 есе, 38 млн. теңгеге дейін ұлғаяды.

Әлеуметтік салық ставкаларының регрессивті шәкілінің орнына 11% мөлшеріндегі бірыңғай ставка енгізілетін болады.

Экономиканың барлық кәсіпорындары үшін инвестицияларды жүзеге асыруға салық преференциялары көзделген. Атап айтқанда, өндірмейтін секторлар үшін жедел өтеу, мұнай өндірушілер үшін — өтеудің екі есе нормасы көзделген.

Шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді төлеу туралы талап алынып тасталады.

Сонымен қатар барлық кәсіпорындар үшін залалдар мерзімдерін 3 жылдан 10 жылға дейін ауыстыру көзделді.

Жалпы, салықтық жүктеменің төмендеуі тек 2009 жылы кәсіпорындарға 500 млрд. теңге шамасында босатуына және оларды экономиканы дамытуға жұмсауына мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жедел түрде қабылданды. Ішкі сұранысты ынталандыру және отандық кәсіпорындарды қолдау үшін мемлекеттік сатып алу тек қазақстандық өнім берушілерге басым түрде бағытталатын болады. Жедел шешімдер қабылдау, кепілдіктер, ұзақ мерзімді тапсырыстар беру есебінен отандық бизнеске нақты көмек көрсету үшін мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялар мемлекеттік сатып алуды реттейтін заңнамалар әрекетінен шығарылды.

Үкімет әлемдегі қаржы және шикізат рыноктарындағы жағдайдың нашарлау мүмкіндігіне байланысты 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қажеттілікпен қалыптастырды. Осы кезеңдегі бюджет кірістері мұнайдың бір баррелі үшін 60 АҚШ долларындағы әлемдік бағасын негізге ала отырып есептелген. Үкімет орта мерзімді кезеңде фискалдық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының параметрлерін түзетті. 2009 жылы бюджет кірістері мұнайдың әлемдік бағасының бір баррелі үшін 40 АҚШ долларына төмендеуін ескере отырып нақтыланды. Басым емес шығыстар қысқартылды, ал кейбір бағдарламаларды қаржыландыру кейінгі мерзімге қалдырылды. Бұл ретте әлеуметтік шығыстар қысқартылған жоқ.

2009-2010 жылдары республикалық бюджет тапшылығы ІЖӨ-ге 3,4-3,5% көлемінде жоспарланған, ал 2011 жылы ІЖӨ-ге 2,4%-ға дейін төмендетілетін болады.

Үш жылдық республикалық бюджет ағымдағы жағдайда экономикалық белсенділікті қолдау үшін түйінді құрал болып табылады. Жиынтықты сұраныс пен іскерлік белсенділік бірінші кезекте, басым инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды қаржыландыруға, отандық кәсіпорындардың өнімдеріне сұранысты және экономикадағы жұмыспен қамтылуды қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ адами капиталды дамытуға бағытталатын бюджет шығыстарының жоғары деңгейін сақтау есебінен қамтамасыз етіледі.

Тұтастай алғанда, 2009-2011 жылдары мемлекеттік бюджеттен шығатын инвестициялар 1,5 трлн. теңгеден астамға өседі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Соңғы жаңалықтар