Өйткені, жыл басында-ақ дүбірлі дүние назары Қазақстанға ауды. Алғаш рет елордамыз Астана мен Алматы қалаларында ТМД мен мұсылман елдері арасында тұңғыш қысқы Азиада ойындары өтті. 27 елдің үкілеген үмітін арқалаған мыңға жуық спортшы сайыстың 11 түрінен жарыс жолына шықты. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған саңлақтарымыз қарсыластарын сан соқтырып, 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальға қол жеткізіп, барлығы 70 медальға ие болып, рекордтық көрсеткішпен аяқтады. Яғни, атлеттеріміз жоғарғы жеңістерге қол жеткізіп, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тамаша тарту жасады. Ал 13 алтын, 24 күміс, 17 қола медальмен (барлығы 54 медаль) Жапония екінші орынға табан тіресе, Оңтүстік Корея спортшылары 13 алтын, 12 күміс және 13 қола медальмен (38 медаль) үшінші орынға ие болды. Төртінші орынға 11 алтын, 10 күміс және 14 қола медальмен (35 медаль) Қытай құрама командасы жайғасты. Бір айта кетерлігі, «Алау» конькимен жүгіру орталығында Азияның 9 рекорды орнатылды. Жалпы бұл жарыстар жоғары деңгейде өтті, оған Олимпиада ойындарының 5 жүлдегері, оның ішінде 2 олимпиада чемпионы қатысты. Осылайша, Қазақстан жоғары деңгейдегі мұндай жарысты өткізуге қабілетті құрлықтық елдер қатарына қосылды.
Оның тағы бір айқын дәлелі, таяуда Брюссельде Университет спорты халықаралық федерациясы (FISU) дауыс беру қорытындысын жариялап, Алматы 2017 жылғы 28-қысқы Универсиада астанасы атанған болатын. Демек, халықаралық қоғамдастық Олимпиадалық ойынынан кейін ауқымы жағынан екінші спорттық шараны өткізуге Қазақ елінің қарымы жететіндігін толығымен мойындап отыр деген сөз. Айта кетерлігі, дауыс беру қорытындысынан кейін FISU президенті Клод-Луи Гальен: «Дегенмен универсиада — екі апталық қана шара емес. Ойындарды өткізуге үлкен даярлық жұмыстарын жүргізу қажет. Болашақта сіздер Универсиада жемістерін ұзақ жылдар бойы пайдаланатын боласыздар, одан әрі қысқы олимпиадалық ойындар өткізуге ілгері жылжи аласыздар», — деген еді.
Ұлу жылы боксшыларымыздан зор нәтиже күтеміз
Шаршы алаңның шаңын қағып, кәсіпқой бокста да, әуесқой бокста да әлемге атағы жайылған спортшыларымыз да жетерлік. Әуесқой бокста да талай биіктерді бағындырған Генадий Головкин кәсіпқой боксқа ауысқаннан бері шашасына шаң жұқтырған емес. Алғашқы жекпе-жегін 2006 жылы 6 мамырда Германиядағы Нордрхейн-Уестфаленде (Nordrhein-Westfalen) өткізіп, Габор Валогхты (Gabor Balogh) нокаутпен ұтқан бергі аралықта 22 рет шаршы алаңға шығып оның бірде-бірінде жеңіліс таппаған спортшымыз, тіпті қарсыластарының 19-ын есінен тандырғаны да көрерменге жақсы таныс. Қоян жылындағы соңғы жекпе-жегін желтоқсан айында 32 жастағы американдық Лахуан Саймонмен кездесіп, алғашқы раунда-ақ сұлатқандығы да есте. Айтпақшы, кеше ғана даңқты боксшымыз Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың қолынан «Парасат» орденін алды.
Кәсіпқой бокста өз бағын сынап жүрген тағы бір споршымыз Бейбіт Шүменов WBA нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионаты атағын қорғап қалды. Шілде айының соңғы күндерінің бірінде Лас-Вегаста өткен тартысты кездесу барысында қазақ былғары қолғап шебері қарсыласы американдық Дэнни Сантьягоны 9 раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.
Әуесқой бокста бағын сынап жүрген сайыпқыран жерлестерімізден жоғары нәтиже күткенімізбен, Қоян жылы көңіл толарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмағаны өкінішті-ақ. Нақты мысал келтірер болсақ, Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен соңғы әлем чемпионатында былғары қолғап шеберлеріміз Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетов күміс олжаласа, Ғани Жайлауов пен Иван Дычко қоржынға қола медаль салды. Сонымен қатар осы жарыс барысында Қазақстан ұлттық құрамасы келер жылы Лондонда өтетін олимпиада ойындарының 5 жолдамасын еншіледі. Есте болса, тағы 1 жолдаманы ағымдағы жылдың мамырында WSB жарыстарында Қанат Әбутәліпов жеңіп алған болатын. Айтпақшы, WSB жарыстары демекші, мамырдың 6-7 күндері Қытайдың Гуянг қаласында «Астана арландары» мен «Париж юнайтед» командалары арасында Бүкіләлемдік бокс сериясының ақтық сайысы өткен болатын. Алғашқы сында қазақстандықтар Франциядан келген қарсыластарынан 3:2 есебімен басым түсті. Онда «Астана арландарының» қоржынына грузиялық Георгий Килановты ұпай санымен ұтқан Қанат Әбутәліпов (54 кг), Стефан Невастың бапкерлерін жарысты алғашқы раундта-ақ аяқтатуға мәжбүр еткен Қанат Ислам (73 кг) және хорватиялық Сеп Хрвожеден басым түскен Рамжон Ахметов (+91 кг) 3 ұпай салған еді. 7 мамырда олардың қатарын 61 келідегі Абделкадыр Шадиді жеңген Ержан Мүсәпіров (47:48, 46:49, 48:49) толықтырды. Өкінішке қарай, қалған үміт артқан боксшыларымыз жеңіліп қалды. Мәселен Міржан Рахымжанов ирландиялық Джон Джозеф Невингтен, 73 келіде Бақыт Сәрсекбаев Мишел Таварестен, 85 келіде Марат Молдагереев Абдулкадер Бухениадан, аса ауыр салмақта өзбекстандық Сардор Абдуллаев хорватиялық Филипп Хрговичтен ұтылып қалды. Ал бірінші күнгі жекпе-жект Мерей Ақшалов Рашид Аззединге (61 кг), Руслан Мырсатаев Тони Йокаға (+91 кг) есе жіберді. Осылайша қорытынды есеп 6:4 болып аяқталып, «Париж юнайтед» Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы ұйымдастырған Бүкіләлімдік бокс сериясы жобасының алғашқы жеңімпазы атанды. Оларға WBS кубогы мен 500 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақы берілді. Ал «Астана арландары» клубы 150 мың долларды қанағат тұтты.
Енді былғары қолғап шеберлерімізден 2012 жылғы Лондон олимпиадасынан жүлделі орындардан көрінуін қалаймыз.
Қазақ ауыр атлеттерін әлем мойындайды
Ауыр атлеттеріміз де халықаралық байрақты бәсекеде ел намысын өз деңгейлерінде қорғап жүр. Ағымдағы жылы Францияның астанасы Парижде өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында екі алтын, 2 күміс медальді қанжығаға байладық. 94 келі салмақ санатында екі жаттығудың қорытындысы бойынша 407 келіні бағындырған Бейжің олимпиадасының чемпионы И.Ильин осылайша үшінші мәрте әлем чемпионы атанды. Жұлқа көтеруде 181 келі көтеріп, бесінші орынға тұрақтаған ол серпе көтеруде өзінің әлемнің үздік спортшысы екендігін дәлелдеп 226 келіні бағындырды. Айта кетерлігі, дәл осындай салмақты украиндық Артем Иванов та көтерген болатын. Дегенмен біздің спортшыдан салмағының 140 грамға ауыр болуына байланысты күміс медальді қанағат тұтты. Ал қола медаль ирандық Саид Мохаммадпур Каркараға бұйырды.
6 қараша күні жарыс жолына шыққан Қазақстан спортшысы Зүлфия Чиншанло 53 келі салмақ санатында жұлқа көтеруде де, серпе көтеруде де ең үздік спортшы екенін дәлелдеп, қоссайыс нәтижесінде әлемнің екі дүркін чемпионы атанған болатын. Зүлфия Чиншанло 2009 жылғы әлем чемпионы, Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы.
63 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан М.Манеза жұлқа көтеруде 109 келіні бағындырып кіші қола медальға, ал серпе көтеруде 139 келіні еңсеріп кіші алтын медальға ие болды. Екі сайыстың қорытындысында үлкен күміс медальды қанжығасына байлады. Өкініштісі, серпе көтеру сайысында 147 келіге тапсырыс берген қазақстандық спортшы оны еркін еңсергенімен, төрешілер тарабы есепке алмай қойды. Ал осы салмақ санатында әлем чемпионы атанған ресейлік Светлана Царукаева жұлқа көтеруде 117 келіні бағындырып, әлем рекордын жаңартты. Есте болса, дәл осы спортшы 2009 жылы Оңтүстік Кореяның Коян қаласында өткен әлем чемпионатында М.Манезамен бірдей салмақты бағындырғанымен өз салмағының біздің спортшыдан сәл ауыр болуына байланысты күміс жүлдені қанағат тұтқан еді.
Ал 69 келі бойынша жарыс жолына шыққан Ирина Некрасова 9-шы, Жазира Жапарқұл 17-ші орынға тұрақтаған болатын.
75 келіге дейінгі салмақ санатында жарыс жолына шыққан қазақстандық ауыр атлет Светлана Подобедова екі сайыстың қорытындысы бойынша 287 келіні бағындырып, күміс жүлдеге ие болды. Жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырған ол осы сайыстың кіші алтын медалін, ал серпе көтеруде 156 келіні көтеріп кіші күміс медалін қанжығасына байлады. Екі сайыстың қорытындысы бойынша үлкен алтын медаль 293 келіні көтерген ресейлік спортшы Надежда Евстюхинаға, ал қола медаль корейлік Ким Юн Жу-ға бұйырды. Осы салмақ санатында өнер көрсеткен Қазақстанның тағы бір спортшысы Анна Нұрмахамбетова 7-ші орынға табан тіреді.
Сонымен қатар 105 келі салмақта еліміздің намыс қорғаған Сергей Истомин 9-шы, ал Владимир Седов 13-орынға тұрақтады.
Жалпы санамалап айтар болсақ, қазақ спортының жетістігі бұдан да көп екендігіне еш күмәніміз жоқ. Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тауып отырған қай спорт саласын алып қарасаңыз да өрлеу үстінде екендігін байқау қиын емес. Мәселен, таяуда Бразилияның Кальдас-Новас қаласында өткен 8-18 жас аралығындағы жасөспірімдер мен қыздар арасындағы шахматтан әлем чемпионатында екі қызымыз, атап айтқанда Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік жер шарының 79 елінен келген жасөспірім шахматшылар арасында алтыннан алқа тағынды. Олимпиада бағдарламасына енбесе де, бүкіл әлемде қарқынды дамып келе жатқан кикбокстың фул-контакт жүйесі бойынша әлем чемпионатында да жерлестеріміз жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен 13 спортшы 1 алтын, 3 күміс және 4 қоланы олжалап, командалық есепте мықтылар қатарынан мығым орын алды. Хоккей, баскетбол, волейбол, үлкен теннис, қол күресі, күрес түрлері, ережесіз жекпе-жек сынды спорттардан да жүлделі орындардан көрініп жүр.
Қорыта айтқанда, қазақ спортының даму деңгейі жоғарлап келеді. Оған соңғы уақытта баспасөз беттерінде жарияланған үстіміздегі жылғы әлем чемпионаттарында мемлекеттің жеңіп алған медальдары жайындағы толық ақпарат дәлел. Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлерінен спортшыларымыз 2 алтын, 7 күміс және 6 қола медаль еншілеп, әлемнің 200-ден астам командалары арасында 22-ші орнынан көрініп отыр. Бұл Тәуелсіздігінің 20 жылдығын енді ғана атап өтіп отырған жас мемлекетіміздің зор жетістігі десек те болады.