2011 жылғы 1-3 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2011 жылғы 1-3 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

2011 жылғы 1-3 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

28 маусым мен 3 шілде аралығында Мәскеу қаласындағы Бүкілресейлік көрме орталығында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің Мемлекетаралық көрмесі өтеді.

  • 1 Шiлде 2011
  • 1875
Фото - Caravan.kz

1 шілдеден «Жеке мақсатта пайдалану үшін жеке тұлғалардың жеңіл автокөліктерді тасымалдау мәселелері туралы» ҚР Үкіметі қаулысының мерзімі аяқталады.

1 шілдеден бастап елімізде «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы жүзеге аса бастайды.

АСТАНА

1 шілде күні Астанада Қазақстан қолөнер шеберлерінің «Шебер-2011» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталады.

1 шілдеде Тұңғыш Президент мұражайында «Астана, туған күніңмен!» балалар мерекесі өтеді.

1 шілдеде «Жастар» сарайында Каратэ-шинкиокушинкайдан «Astana Cup-2011» ашық халықаралық турнирі өтеді.

1 шілдеде Бейбітшілік және келісім сарайында Экшн-фильмдердің «Astana-2011» ІІ халықаралық кинофестивалінің ұйымдастырушыларымен баспасөз мәслихаты болады.

АЛМАТЫ

Алматыдағы Орталық көрмеде 25 мамыр — 2 шілде аралығында «Kazakhstan Art Week» қазақстандық өнер апталығы өтуде.

1 шілдеде Қазақтың С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетінде министр С.Қайырбекованың қатысуымен Денсаулық сақтау министрлігі алқасының көшпелі отырысы өтеді.

1 шілдеде Достық үйінде Орталық Азиядағы тағаттылық мәселелеріне арналған Азаматтық форум өтеді.

1 шілдеде «Интерконтиненталь-Анкара» қонақүйінде «Қазақстандағы саяси партиялар және Парламент» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.

1 шілдеде Ұлттық кітапханада «Астана — Отанымыздың жүрегі» кітап көрмесі ашылады.

1 шілдеде Польша консульдығында баспасөз мәслихаты өтеді.

1 шілдеде Қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясында Жапониядағы зілзала мен цунамиден зардап шеккендерді қолдауға арналған қайырымдылық концерті өтеді.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

2011 ЖЫЛДЫҢ ШІЛДЕ АЙЫНДА:

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

90 жыл бұрын (1921) Орынборда (1920-1924 жылдардағы Қазақстанның астанасы) Қазақстан комсомолының бірінші өлкелік конференциясы өтті. Конференцияны ұйымдастырған сол кездегі Түркістан комсомол ұйымы Орталық комитетінің бірінші хатшысы — Ғани Мұратбаев (1902-1924) еді.

Ғани Мұратбаев — қоғам қайраткері, Орта Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, БЛКЖО мен Коммунистік жастар интернационалының қайраткері. Қазалыдағы орыс-қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін, Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын, Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін бітірген. Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырды, Жетісу облыстық және Ташкент, Самарқанд, Верный қалалық комсомол ұйымдарының негізін қалауға ат салысты. Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене кірісіп, олар үшін ұйымдастырылған интернаттың директоры болды. 1921 жылы Ташкенттен шығатын «Жас алаш» газетінің бас редакторы болды. 1921 жылы алдымен Самарқанд өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы Комсомол ұйымы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1922-1924 жылдары Ресей Коммунистік жастар одағының (РКЖО) 5-съезінде Ресей Коммунистік жастар одағы Орталық комитетінің мүшесі, Коммунистік Жастар одағы Орталық комитеті Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы болып сайланды.

Ғани Мұратбаевтың қысқа ғұмыры туралы Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Жұбан Молдағалиев сынды ақындар жыр арнаған. Қоғам қайраткерінің есімі Алматы, Қызылорда, Астана, Ақтөбе, тағы да басқа қалалардағы көшелерге берілген. Алматы қаласында оған ескерткіш орнатылып, Республикалық оқушылар сарайына Ғани Мұратбаев есімі берілген, Қазалы қаласында мемориалды мұражай ашылған. 2002 жылы Ғани Мұратбаевқа арналған Қазақстанның пошта маркасы айналысқа енді. Көрнекті қоғам қайраткері туралы «Біздің Ғани» көркем фильмі, «Осындай қысқа ғұмыр» деректі фильмі түсірілді.

70 жыл бұрын (1941) Ақтөбе қаласында 312-інші атқыштар дивизиясы жасақталып, қолбасшылыққа полковник Александр Федорович Наумов тағайындалды. Дивизияның құрамына жалпы саны 11347 адам кірді. Ол 4460 орыс, 3556 қазақ, 2012 украин, 212 өзбек, 184 татар, 86 тәжік, 74 түрікмен, 23 беларус жауынгерлерінен жасақталды.

Дивизия құрамына Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Қызылорда және Ақтөбе облыстарынан әскер қатарына шақырылғандар кірді. Дивизия алғашқы майданды Новгород, Борок, Заречье және Демьянск жерлерінде бастаған болатын. Төрт полктен тұратын дивизияның қатысуымен болған шайқастардың көпшілігі жеңіспен аяқталған. Қысқа мерзімде дайындықтан өткен дивизия қайта жасақталып, сол жылғы қазан айының 11-інде Мәскеу үшін болып жатқан шайқасқа араласты. Майдан даласында ерлік көрсеткен дивизия құрамындағы көптеген жауынгерлер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Дивизия кейінірек 43-ші армия құрамында Варшава шоссесін қорғады. Осыдан кейін дивизияның аман қалған жауынгерлерінен 12-інші атқыштар полкі жасақталып, 53-інші дивизия құрамында Малоярослав, Харьков және Румынияны азат етуге қатысты. Ақтөбе қаласындағы бір көше 312-атқыштар дивизиясы атымен аталады.

53 жыл бұрын (1958) бастауыш сынып балаларына арналған «Балдырған» әдеби-көркем журналының алғашқы саны жарық көрді. Айына бір мәрте шығатын журнал бетінде қазақ халқының тарихына қатысты шағын ақпараттар, балалардың ой-өрісін кеңейтетін, тілін ұстартып, сөздік қорын байытатын өлең-тақпақтар, ертегі-аңыздар, жаңылтпаштар мен жұмбақтар тұрақты жарияланып келеді.

53 жыл бұрын (1958) «Парасат» қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журналының алғашқы саны жарық көрді. Бастапқыда «Мәдениет және тұрмыс» деген атаумен шыққан. Қазіргі атауымен 1990 жылдан бастап жарық көріп келеді. Журнал бетінде тарих пен әдебиет, мәдениет пен өнер, руханият мәселелері көтеріледі. Айына 1 рет жарық көретін басылымның «Ойтолғақ», «Жаңғырық», «Тарих-тағдыр», «Таным», «Дерек пен дәйек», «Ғұмырдария» «Салауат», т.б. тұрақты айдарлары бар.

46 жыл бұрын (1965) Алматы мақта-мата комбинаты алғашқы өнімін шығара бастады. Комбинат Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі болып табылады, мақта талшықтарынан жіп иіріп, мата тоқумен айналысады.

45 жыл бұрын (1966) Атырау облыстық филармониясы құрылды. Кезінде филармония жанынан құрылған «Атырау-Жайық» фольклорлық ансамблі бүкіл республикамызға, шет елдерге де танымал болды. Сондай-ақ оның құрамында «Нарын» фольклорлық-этнографиялық ансамблі бар. Филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері — Ұ.Қарақұлова, М.Төрешев, халықаралық байқаудың лауреаты — Сембек Жұмағалиев, республикалық байқаудың лауреаты — Шәрипа Жаменовалар қызмет істейді. Филармонияға 1991 жылы Нұрмұхан Жантөриннің есімі берілді.

20 жыл бұрын (1991) республикалық ақпараттық-жарнамалық апталық «Караван» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Экономикалық, әлеуметтік-саяси сипаттағы ақпаратпен хабардар етіп отырады. Газет апталық және қосымшаларын қоса алғанда шамамен 500 мыңға жуық данамен шығады.

Қазіргі кезде «Караван» апталығының бас редакторы — Ыбыраев Әділ. Өскемен қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. ҚазТАГ ақпараттық агенттігінде тілші, «Ленинская смена» газетінің бас редакторының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың қарашасынан істейді.

18 жыл бұрын (1993) қазақ халқының төл тарихына арналған ғылыми-әдістемелік, педагогикалық басылым ретінде «Қазақ тарихы» журналы «Қазақстан мектебі» журналына қосымша ретінде шыға бастады. 2003 жылдан дербес басылымға айналды. Басылым алғашқы санынан бастап қазақтың арғы-бергі тарихын, оның атауының шығу тегін, жазу-сызуының пайда болған уақытына қатысты материалдарды, Кеңес империясы тұсындағы саяси өмір тынысын, экономикасын, мәдениетін жүйелі жариялап келеді, орта, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында қазақ тарихын оқыту тұжырымдамалары, әдіс-тәсілі, оқулықтары талқыланады. Қазақ тарихына қатысты Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан пікірлерімен таныстырады.

11 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада жаңа алаңның, Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының ашылу салтанаты өтті.

6 жыл бұрын (2005) Астана қаласында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайының ашылу рәсімі өтті. Мұражай Мемлекет басшысының бұрынғы резиденциясында орналасқан. Бірегей жиһаздары мен бүтін бір кешенді құрастыратын ішкі көрінісі сол қалпында сақталған. Мұражайдың алғашқы жәдігерлері ел президентіне тарту етілген кітаптардан, суреттерден, сувенирлерден бастау алады.

Бүгінде мұражай коллекциясында 60 мың данадан аса дүниелер бар. Олар — мұрағаттық-жазба, басылым материалдары, кино және суретті құжаттар, бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнер туындылары, қару-жарақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке заттары және құжаттары, Мемлекет басшысы марапатталған сыйлардың бірегей коллекциясы.

ЕСІМДЕР

180 жыл бұрын (1831-1867) батыр, Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына қатысушы, Тойшыбек бидің баласы ТОЙШЫБЕКҰЛЫ Байсейіт дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Ол Патшалық Ресейдің Жетісудағы үстемдігіне қарсы күресті. 1854 жылы әкесімен бірге орыстар үстемдігі орнаған Іле өңіріне жорықтар ұйымдастырды. Ұзынағаш шайқасына қатысқан. 1862 жылы бауыры Керімбекпен бірге Жетісудағы патшалық Ресей билігін мойындауға мәжбүр болды. Ресейдің Әулиеатаға жасаған жорығына қатысып, қоқандықтар қолына тұтқынға түсті. 1863 жылы тұтқыннан қашып құтылу кезінде ауыр жарақат алды. Оның ерліктерін халық ақындары жырға қосқан.

ШІЛДЕНІҢ 1-І, ЖҰМА

Канада Республикасының Ұлттық мейрамы — Канада күні (1867). 1867 жылдың наурызында ағылшын парламенті қабылдаған акт, сол жылы шілденің 1-інде өз күшіне енді. Бұл акт бойынша Канада Ұлыбританияның өзін-өзі басқаратын доминионына айналды.

Қазақстан мен Канада арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 10-ында орнатылды.

Бурунди Республикасының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1962). Бурунди — Орталық Африкада орналасқан мемлекет. Мемлекеттік шекарасы Конго Демократиялық Республикасымен, Руандамен және Танзаниямен шектеседі. Астанасы — Бужумбура қаласы. Ресми тілі — француз және кирунди тілдері. Ақша бірлігі — бурунди франкі.

Руанда Республикасының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1962). Руанда — Орталық Африканың шығыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Угандамен, шығысында Танзаниямен, оңтүстігінде Бурундимен, батысында Конго Демократиялық Республикасымен шектеседі. Астанасы — Кига-ли қаласы. Ресми тілі — француз және киньяруанда тілдері. Ақша бірлігі — руанда франкі.

Сомали Демократиялық Республикасының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1960). Сомали — Шығыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Джибутимен, оңтүстік-батысында Кениямен, батысында Эфиопиямен шектеседі. Астанасы — Могадиши қаласы. Мемлекеттік тілі — сомали және араб тілдері. Ақша бірлігі — сомали шиллингі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

82 жыл бұрын (1929) Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Алғаш «Сыр бойы» аталған газет 1932 жылы «Ленин туы», 1938 жылдан «Ленин жолы» деп атауы өзгерген. 1991 жылдың 24 қыркүйегінен ежелгі атауымен қайта қауышты. Газет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған, Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын, Қазақстан Республикасы Президентінің грантын жеңіп алған. Негізгі тақырыбы — саясат және экономика, әлеуметтік сала, мәдениет және өнер, денсаулық сақтау мен білім және спорт. Таралымы — 12 000 дана. Газеттің бас редакторы — танымал журналист Ақсақалов Жолдасбек Әленұлы.

1956 жылы 27 қазанда Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1983 жылдан облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің корректоры, тілшісі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2008 жылы облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары, 2010 жылдан «Облыстық «Сыр бойы» газеті редакциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бас редакторы.

76 жыл бұрын (1935) Қазақ КСР үкіметі «Колхоз-совхоз театрларын ұйымдастыру туралы» қаулы қабылдады.

47 жыл бұрын (1964) Солтүстік Қазақстан облысында Ебіней Бөкетов атындағы облыстық ғылыми-техникалық кітапхананың негізі қаланды.

Ебіней Арыстанұлы Бөкетов (1925-1983) — көрнекті ғалым, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, КСРО Жазушылар одағының мүшесі.

Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) металлургия факультетін бітірген. Еңбек жолын өз оқу орнында оқытушы болып бастаған ол кейіннен ғылыммен түбегейлі айналысты. 1972-1980 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарған. Ол химия саласындағы жаңа бағыттың — халькогендер мен халькогенидтердің химиясы мен технологиясының негізін салған. Ғалым мыс-электролиттік шламдардан селен, теллур элементтерін бөліп алудың пиро- және гидрохимиялық әдістерін жасап, Дмитрий Менделеев жасаған Элементтердің периодтық жүйесіндегі химиялық элементтер аналогтарының жіктеліміне түзетулер енгізді. Металлургиялық тотықсыздандырғыштар арқылы көмірді сутектендіру мүмкіндігін дәлелдеді. Ебіней Бөкетов сонымен қатар белгілі жазушы әрі аудармашы болды, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Шоқан Уәлиханов Дмитрий Менделеев туралы естеліктер жазған. «Шесть писем другу», «Человек, родившийся на верблюде», «Грани творчества», тағы да басқа повестердің авторы.

Петропавл қаласындағы бір көшеге есімі берілген, Қарағанды мемлекеттік университеті ғалымның есімімен аталады.

44 жыл бұрын (1967) «Алматымәденитұрмысқұрылыс» ашық акционерлік қоғамы құрылды. Аталмыш мекеме Алматы қаласында бірқатар құрылыс нысандарын салған. Олардың қатарында аэровокзал ғимараты, Мемлекеттік мұражай, Үкімет үйі, Цирк ғимараты, Әбілхан Қастеев атындағы Өнер мұражайы, «Қазақстан», «Алматы» қонақ үйлері, Оқушылар сарайы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кешені, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі ғимараты, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы, Студенттер сарайы, «Медеу» сел бөгеті бар. Сонымен қатар Астана, Атырау қалаларындағы бірқатар ғимараттарды қайтадан қалпына келтірген.

43 жыл бұрын (1968) Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты құрылды. Кәсіпорынның негізгі міндеті — тұтынушыларды электр энергиясымен, отынмен, дистилятпен және сумен жабдықтау. 1973 жылғы шілденің 16-сынан комбинаттың натрийлі жылу жеткізгіші бар шапшаң нейтрондарға негізделген өнеркәсіптік атом реакторы жұмыс істей бастады.

23 жыл бұрын (1988) «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірін жазып көрсетеді.

18 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы мен Катар мемлекеті арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы Біріккен коммюникеге қол қойылды.

18 жыл бұрын (1993) Тұрар Рысқұлов атындағы Республикалық қордың ашылу салтанаты өтті.

Рысқұлов Тұрар (1894-1938) — қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. Бұрынғы Жетісу облысы, Верный уезінің Шығыс Талғар бекетінде туған. 1910 жылы Рысқұлов Пішпектегі 1-ші дәрежелі ауылшаруашылық мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1918 жылы шілдеде Әулиеата уездік кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Уездік кеңестің сан түрлі қызметін ұйымдастыра отырып, Рысқұлов бұрынғысынша негізгі күш-жігерді ашаршылықпен күрес ісіне бағыттады. Сырттан келер көмектің жоқтығы оны тек ішкі резервтерді тиімді пайдалана білуге мәжбүр етті. Рысқұлов Әулиеата қаласының 52 орыс капиталисіне ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына 3 миллион сом салық төлеттірді. 1918 жылы қыркүйекте Рысқұлов Түркістан АКСР-інің денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалды. Бұл комиссариатқа денсаулық ісімен шұғылданумен қатар аштықпен күресу міндеті де тапсырылған еді. Аштықпен күресуге Денсаулық сақтау халық комиссариатының күш-қуаты мүлдем жеткіліксіз болатын. Сондықтан да ол аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына түрлі комиссариаттардың өкілдері кіретін арнайы ұйым құруды талап етті. Осыған орай 1918 жылы қарашаның 28-інде ерекше Орталық Комиссия ұйымдастырылып, оның төрағасы болып Рысқұлов тағайындалды. Комиссия Түркістан АКСР-інің 19 уезінде 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын ашты. 1919 жылы наурыздың 14-інде Түркістан АКСР-і Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. Осы жылы наурыздың 14-31-і аралығында Ташкент қаласында өткен Түркістан Компартиясының 2-ші конференциясында Орталық комитет жанынан Мұсылман бюросын құру туралы шешім қабылданды. Оның жетекшілігіне сайланған Рысқұлов Мұсылман бюросы қызметін жандандыра түсу мақсатымен ұйымдастыру, редакция-баспа, мәдени-ағарту және әскери бөлімшелерін құрды. 1920 жылы қаңтардың 21-інде Түркістан АКСР-і орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол атқару комитетін Түркістанның тарихи-объективті жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналдырды, сондай-ақ оны жергілікті халықтардың құқын қорғайтын ұйым дәрежесіне көтерді. Төраға ретінде ол орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларының теңестірілуіне, орыс шаруалары мен қазақтардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін кері қайтаруына қол жеткізді.

Рысқұлов Түрксіб темір жолын салуда үкімет комиссиясының төрағасы болып, оны 6 жылда аяқтау орнына 3 жылда пайдалануға берілуін ұйымдастырды. Маманданған қазақ жұмысшыларын қалыптастыруға, қазақ жастарын Ресей және шет ел оқу орындарында көптеп оқытуға көп көңіл бөлді. Қазақ өлкелік БК(б)П комитетін басқарған Филипп Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан төңкерісін жасау» идеясына ашық қарсы шықты. Кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылық апатынан халықты құтқару жайында Иосиф Сталинге нақты ұсыныстар жасады. 1937 жылы мамырдың 21-інде Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшырап, Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды. Рысқұловтың әйелі Әзиза да кеңестік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешті. Ескендір есімді ұлы түрмеде қайтыс болды. Рысқұлов КСРО Әскери алқасы Жоғарғы Сотының шешімімен 1956 жылы желтоқсанның 8-інде ақталды. Қазіргі кезде Жамбыл облысының бір ауданына Рысқұловтың есімі берілген. Тараз қаласында Рысқұлов есімімен аталатын демалыс бағы бар, оның орталық алаңына ескерткіші орнатылған. Алматы қаласындағы Басқару академиясына, бір көшеге Рысқұлов есімі берілген. Көрнекті қазақ жазушысы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» (1-2-кітабы), «Жұлдыз көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» атты роман хамсасында Рысқұлов келбеті сомдалған. 2006 жылдан бастап Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде дәстүрлі Рысқұлов оқулары өтеді.

17 жыл бұрын (1994) қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев бортинженер ретінде «Мир» ғарыш стансысына сапар шекті. Сапар 176 тәулікке созылды. Бұл Қазақстанның меншігіне айналған «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған екінші зымыран болатын.

17 жыл бұрын (1994) Алматы қаласында Райымбек батыр кесенесінің ашылу салтанаты өтті.

РАЙЫМБЕК ТҮКЕҰЛЫ (1705-1785) — жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда атамекенін жаудан азат еткен батыр әрі әулие, қолбасшы. Батыр қазіргі Алматы облысында туған.

Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанған. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы «Ойрантөбе» деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түскен. Бадам өзені туралы естігендер көп. Бірақ, соның Райымбек батырдан жеңілген қалмақ нояны Бадам-бахадүрдің есімімен байланыстырылатынын көп адам біле бермейді. Райымбек батыр 1729 жылы Аңырақайдағы шайқаста Наурызбай, Өтеген, Қабанбай, Бөгенбай сынды қазақ ерлерімен үзеңгі түйістіре отырып, Сары Мыңжаның әскерін талқандаған. Ал, Итембес өзенінің бойында Шона Доба жасағы жер жастанған. 1758 жылы Райымбек батыр Наурызбай, Бөлек, Өтеген, Малай батырлармен тізе қоса отырып, Жоңғар империясының соңғы күшін қазіргі Сүмбе шекарасынан асыра қуып, Жетісу жерінен ығыстырып, Текестің Құйғаны мен Іленің басталар тұсынан әрі қарай Жұлдыз ойпатына дейін ығыстырып тастаған ерлігі жұртқа аян. 1733 жылы Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі албан тайпасының ұранына айналғанын да білуге болады. Көзі тірісінде «көріпкел», «әулие» атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген. Алматы облысында Райымбек есімімен аталатын жер-су аттары көп кездеседі. Торайғыр тауындағы Айырлы асуының маңында «Райымбек бастауы» бар. Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандары бірігіп, қазірде Райымбек атымен аталады, онда батырға ескерткіш орнатылған.

17 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия мемлекеттері қауымдастығын құру жөніндегі ұсынысының жобасы Біріккен Ұлттар Ұйымында Бас ассамблеясының құжаты ретінде таратылды.

15 жыл бұрын (1996) Щучье қаласында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері құрамына кіші командирлер кадрын дайындау мақсатында Кадет корпусы ашылды. 2000 жылы осы оқу орнына қазақтың ұлы ғалымы, ориенталист, тарихшы, этнограф, географ, фольклоршы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлиханов есімі берілді.

13 жыл бұрын (1998) Алматы қаласының ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық ретіндегі ерекшеліктерін негізге ала отырып, оның ерекше мәртебесін айқындаған құқықтық негіздерді қаржымен, экономикалық және әлеуметтік жағынан ынталандыру шараларын белгілеу арқылы оның бұдан былайғы даму кепілдіктерін белгілеген Қазақстан Республикасының «Алматы қаласының мәртебесі туралы» Заңы қабылданды.

2 жыл бұрын (2009) Қазақстанда Халықаралық дағдарысқа қарсы бағытталған есеп-тауарлық орталығы ашылды.

Бұл тауарлардың тізбегін алмастыру шарты бойынша таңдау және анықтау бойынша компьютерлік жүйе. Резервтегi есептеу жүйесі отандық өнеркәсiптердің өнiмдерін өткiзуге кеңейтілген мүмкiндiк бередi. Автоматтандырылған компьютерлік жүйенің ақпаратандырылған өрісі кәсіпкерлерге шикізатты қайдан сатып алатынын және дайын өнімді қайда сататынына көмек көрсетеді. Осындай орталық жүйесі Украина мен Ресейде ойдағыдай жұмыс iстейдi. Қызметтiң төлемі мәмiле iске асқаннан кейiн барып төленеді.

1 жыл бұрын (2010) Алматы облысындағы Іле ауданының Чапаев кентінде «Сарыбұлақ» компаниясы ЖШС-ның соя өңдейтін зауыты іске қосылды. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа телекөпір кезінде таныстырылған инновациялық жобалардың бірі. Зауыт соямен қатар жүгері мен рапсты, күнбағыс тұқымын өңдейді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 75 мың тоннаға дейін өнім шығара алады. Жобаның құны — 825 млн. теңге. Кәсіпорынды салу және жарақтандыру өз қаражаттары есебінен жүргізілді. Мұнда 60 жұмыс орны ашылды, орташа еңбекақы — 50 мың теңге. Бүгінде кәсіпорын облыстың шаруа қожалықтарымен және Жамбыл облысы фермерлерімен өнім жеткізуге шарт жасасты, оларды тұқыммен, тыңайтқышпен және жанар-жағармайымен қамтамасыз етіп отырады.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1911-1953) заңгер-ғалым, Қазақстанда құқықтық білім беру мен заң ғылымын дамытуды алғашқы ұйымдастырушылардың бірі, заң ғылымының кандидаты, доцент КҮЛТЕЛЕЕВ Тайыр Молдағалиұлы дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Астрахан облысында туған. Астрахан медицина институты жанындағы жұмысшы факультетін, Саратов заң институтының және Ленинград заң институтының аспирантураларын бітірген. 1938-1940 жылдары Қазақстандағы тұңғыш заң оқу орны Алматы мемлекеттік заң институты Қылмыстық құқық кафедрасының доценті, директоры. Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің лекторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясы құқық секторының тұңғыш меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Ол «Қазақтың ғұрыптық құқығы жөніндегі материалдар» атты тұңғыш жинақтың жарыққа шығуына ұйытқы болды. Оның «Қазақтардың қылмыстық ғұрыптық құқығы» атты монографиясы революцияға дейінгі Қазақстандағы мемлекет пен құқық тарихының қызықты да көкейтесті мәселелерін зерделеген одақ көлеміндегі елеулі еңбек ретінде заңгер-ғалымдардың назарын аударды. Тайыр Күлтелеевтің ғылыми еңбектері күні бүгінге дейін өз құндылығын жойған жоқ.

85 жыл бұрын (1926-2005) саяси қоғам қайраткері СӘДУАҚАСОВ Темеш дүниеге келді.

Жезқазған қаласында туған. Қазақ кен-металлургия институтын, КОКП Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1949-1957 жылдары — Жезқазған кен-металлургия комбинатының ауысым бастығы, бас инженері, шахта бастығы. 1957-1960 жылдары — Жезқазған қалалық партия комитетінің екінші хатшысы. 1958-1960 жылдары — Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. 1960-1962 жылдары — Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1962-1964 жылдары — Оңтүстік Қазақстан аймақтық партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1964-1965 жылдары — Шымкент облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1965-1972 жылдары — Қазақстан компартиясы Орталық комитеті ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі. 1972-1976 жылдары — Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1976-1987 жылдары — Қазақ КСР Түрлі-түсті металлургия министрінің орынбасары, партия бюросының хатшысы. 1987 жылдан зейнет демалысына шығып, «Балқаш» демалыс үйінің директоры болып қызмет атқарған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 7, 9-шы шақырылымдарының депутаты болған.

Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

55 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасының халық әртісі, доцент, профессор, қобызшы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, Узеир Ғаджибеков атындағы республикааралық байқаудың лауреаты МОЛДАКӘРІМОВА Ғалия Әбіләкімқызы дүниеге келді.

Алматы облысының Қапшағай қаласында туған. Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. 1982-1990 жылдары — Алматы қаласы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жеке орындаушысы. 1980-1982 жылдары — «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық музыка аспаптары оркестрінде қобызшылар тобын басқарған. 1986 жылдан — Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясы «Қобыз-баян» кафедрасының ұстазы.

Ол 30-дан астам елдерге концерттік сапармен шыққан (Америка Құрама Штаты, Индия, Сирия, Ливан, Швеция, Швецария, Шри Ланка, Югославия, Чехословакия, Ангола, Йемен, Финляндия, Қытай Халық Республикасы). 1990 жылдары — америкалық дирижердің шақыруы бойынша алғаш рет Индиана Полис штатының Колумб қаласында (Америка Құрама Штаты) американың симфониялық оркестрімен Сыдық Мухамеджановтың концертін орындаған. Оның репертуарында күй мен халықтық әндер, Қазақстан композиторларының шығармалары, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Сыдық Мұхамеджанов, Хабидолла Тастанов, Еркеғали Рахмадиев, Әділ Бестібаевтардың танымал шығармаларын бейнелейді, скрипка класының шынайылығымен де ерекшеленеді, сол сияқты Қазақстанның қазіргі заманғы музыкасын насихаттайды. Шығармашылық әріптестік нәтижесіндегі композиторлар Сыдық Мұхамеджанов және Аслан Жақсылықов концерттері оның алғашқы орындаушысы Ғалия Молдакәрімоваға арналған. Орындаушылық шеберлігі жайлы Қазақстан Республикасының алтын қорына кірген біраз күйтабақтар, деректі телефильмдер, радио және теледидарда хабарлар шығарылған. республикалық және халықаралық байқауларда бірнеше рет қазылар алқасының мүшесі және төрағасы болған. Оның орындаушылық редакциялауындағы шығармалар мектеп оқушылары мен студенттердің педагогикалық және концерттік тәжірибиелерінде қолданылады. «Қобыз үйрену мектебі», «Қобыз әуендері», «Қобызға арналған шығармалар» атты кітаптардың авторы. Консерваторияда қызмет атқарған уақытта қобыз класынан бітірген 50 түлек жоғарғы оқу орындарында, республикалық оркестрлерде қызмет атқарып, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы болған.

Узеир Ғаджибеков шығармаларын өте жақсы орындағаны үшін дипломмен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 2-СІ, СЕНБІ

Дипломатиялық қызмет күні. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылғы шілденің 1-індегі «1998 жылғы қаңтардың 20-сындағы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына сәйкес атап өтіледі.

Халықаралық кооперативтер күні. 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 1995 жылғы шілденің бірінші сенбісін — 700 миллионнан астам адамды біріктіретін Халықаралық кооперативтік альянстың жүзжылдығын тойлау мақсатында — Халықаралық кооперативтер күні (желтоқсанның 16-сындағы №47/90 қарары) деп жариялады.

1994 жылы Бас Ассамблея кооперативтердің әлеуметтік-экономикалық дамудың қажетті құралына айналғанын ескере отырып, жыл сайын осы күні атап өтуді ұсынды (желтоқсанның 23-індегі №49/155 қарары).

Халықаралық кооперативтер күнінің мақсаты — әлем қоғамдастығының назарын кооперативтерге аудару және халықаралық кооперативтік қозғалыс пен басқа да, үкіметтер мен барлық деңгейдегі үкіметтік емес ұйымдарды қоса есептегендегі, субъектілер арасындағы әріптестік байланыстарды кеңейте түсу.

Спорт журналистерінің халықаралық күні. Спорт журналистерінің халықаралық күні 1995 жылдан бастап Халықаралық спорт баспасөз қауымдастығының бастамасымен тойланады. 1924 жылы Парижде Халықаралық спорт баспасөз қауымдастығының құрылуына орай аталып өтілді.

Украинаның салық қызметі қызметкерлерінің күні. Салық қызметі Украин КСР Министрлер Кеңесінің 1990 жылы ақпанның 12-сіндегі «Украин КСР-інде мемлекеттік салық қызметін құру туралы» қаулысына сәйкес құрылған болатын. 2005 жылы қазанның 24-інде Украина президенті «Украинаның мемлекеттік салық қызметі қызметкерлерінің күні туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес жыл сайын шілденің 2-сінде Украинаның салықшылары кәсіби мерекелерін атап өтеді.

Норвегияның Мемлекеттік мейрамы — Король күні. Қазақстан мен Норвегия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы маусымның 6-сында орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

85 жыл бұрын (1926) Ташкенттегі халық ағарту институты Ташкент Қазақ педагогикалық институты болып қайта құрылды.

21 жыл бұрын (1990) Өскемен қаласында Салық комитеті құрылды.

17 жыл бұрын (1994) Петропавлда «Вместе» облыстық жастар газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылымда «Біздің университеттер», «Спортзал», «Андеграунд», «SOS» (өзің туралы сұра), «Сенің құқың», т.б. айдарлар бар.

17 жыл бұрын (1994) Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Баянтау» демалыс үйі ашылды. Демалыс үйі Баянауыл ұлттық паркіндегі Сабындыкөл өзенінің жағалауында орналасқан.

15 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар» туралы Заңы қабылданды.

13 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасының «Жемқорлықпен күрес туралы» Заңы қабылданды.

12 жыл бұрын (1999) Астрахан қаласынан бұрғылау баржасы суға түсірілді. Бұл шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ақын Фариза Оңғарсынова қатысып, бұрғылау баржасына «Сұңқар» есімін берді. Баржа ұзындығы — 85 метр, ені — 53 метр, бұрғылау мұнарасын қоса есептегендегі биіктігі 50 метр, салмағы 10000 тонна. «Сұңқардың» бірінші бұрғылау жұмыстары Шығыс Қашағаннан бастау алды.

8 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы Каспий теңізі түбін екі ел арасындағы межелеу туралы Келісімді және осы келісімге хаттаманы бекіту туралы» Заңға қол қойды.

4 жыл бұрын (2007) Астанада Есіл өзені арқылы өтетін М-2 автокөлік көпірі ашылды. Көпірдің салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Көпірдің ұзындығы — 362 метр, ені — 38,7 метр.

4 жыл бұрын (2007) Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының полицейлері өздерінің мұражайын ашты. Онда тарихи материалдар қойылған: аудан полициясының бұрынғы қызметкерлердің сақтап қоюға тапсырған құжаттары, фотосуреттері және альбомдары.

2 жыл бұрын (2009) Астанада өткен Экономика және өнеркәсіп салаларындағы ықпалдастық бойынша қазақстандық-испандық үкіметаралық аралас комиссиясының кезекті IV отырысында Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды. Қол қойылған құжаттар: Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасында Стратегиялық әріптестік туралы келісім шарт; Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі Үкіметтері арасында Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция; Испания мен Қазақстан арасында 2009-2011 жылдар кезеңіне арналған Білім, ғылым, мәдениет, жастар және спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы; Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Испания Корольдігінің Өнеркәсіп, туризм және сауда министрлігі арасында туризм саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

2 жыл бұрын (2009) Орал қаласындағы Достық даңғылы мен Сарайшық көшесінің қиылысында Журналистер аллеясы ашылды.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1936) Жұмат Шанин атындағы Қазақ драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Сайрам ауданының және Шымкент қаласының құрметті азаматы ҚАЛМЫРЗАЕВ Ақсақал дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған. Ташкент қаласындағы Орта Азиялық Александр Островский атындағы мемлекеттік театр өнері институтын (қазіргі Маннон Уйгур атындағы Ташкент мемлекеттік өнер иституты) бітірген. Қазіргі қызметінде 1957 жылдан бастап істейді.

Ол ұлттық және шетел, орыс драматургтерінің шығармаларында ойнаған. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласындағы» — Данияр, Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібегіндегі» — Төлеген, «Ақан сері — Ақтоқтысында» — Мұрат, Жалмұқан, Мылқау, Мұхтар Әуезовтің «Айман — Шолпанында» — Әлібек, Арыстанды, «Абайындағы» — Айдар, Сағыр Камаловтың «Ер Тарғынындағы» — Ер Тарғын, Загир Исмагиловтың «Құдашасындағы» — Жаппар, Ғаджибек Ғаджибековтың «Аршин мал аланындағы» — Әскер, Бейімбет Майлиннің «Жалбырындағы» — Сүгір, Бекен, «Шұғасындағы» — Әбіш, т.б. тұлғаларды сомдады. Ол осы секілді 200-ден астам образдарды сахна төрінде ойнаған.

«Парасат» орденімен, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1966) «Қазақстан Астық одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы ТІЛЕУБАЕВ Нұрлан Сақтапбергенұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1986-1992 жылдары — кеңшар механизаторы. 1992-1998 жылдары — «Алиби» Акционерлік қоғамының президенті қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 1998 жылдан бастап істейді. 2006-2008 жылдары — «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы саяси кеңесінің мүшесі. 2006 жылдан — Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі. 2008 жылдан — «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» Акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 3-І, ЖЕКСЕНБІ

Беларус Республикасының Мемлекеттік мейрамы — Тәуелсіздік күні (1990). 1996 жылдан бастап, Беларус Президенті Александр Лукашенко Тәуелсіздік күнін елді фашистік Германиядан азат еткендердің құрметіне орай шілденің 3-інде атап өтуге Жарлық шығарды. Беларус — Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Шығысында Ресеймен, оңтүстігінде Украинамен, солтүстігінде Латвиямен, батысында Польшамен және солтүстік-шығысында Литвамен шектеседі. Әкімшілік-аумақтық жағынан 6 облысқа және Минск, Брест, Витебск, Гомель, Гродно, Могилев орталықтарына бөлінеді. Астанасы — Минск қаласы. Ресми тілі — беларус тілі. Ақша бірлігі — рубль.

Қазақстан мен Беларус арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 16-сында орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

108 жыл бұрын (1903) Қазақстандағы алғашқы арнаулы орта оқу орындарының бірі — Семей мұғалімдер семинариясы ашылды. Үш негізгі және бір даярлық оқу орны бар болатын. Оның дайындық класына алғаш Семей, Кереку, Өскемен, Қарқаралы, Ақмола уездерінен 24 бала қабылданды. Кейіннен Тобыл, Барнауыл, Жетісу аймақтарынан да жастар тартыла бастады. 1967 жылы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. 1992 жылы мамырдың 22-сінде педагогикалық колледжге айналды.

101 жыл бұрын (1910) мемлекет қайраткері Әліби Жангелдин Мәскеу қаласынан дүниежүзін жаяу аралау сапарына аттанды. Ол 1913 жылдың қантарына дейін Польша, Австро-Венгрия, Югославия, Болгария, Түркия, Сирия, Палестина, Мысыр, Месопотамия, Персия, Үнді, Сиам, Қытай және Жапония елдерінде болды.

Жангелдин Әліби Тоқжанұлы (1884-1953) — мемлекет және партия қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату және нығайту жолындағы күресті ұйымдастырудағы көрнекті басшылардың бірі. Қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген. Торғайдағы кәсіптік училищесін, Қостанай орыс-қазақ және Орынбор діни училищесін бітірген. Қазандағы мұғалімдер семинариясында оқыған. Ол туралы көптеген көркем шығармалар жазылып, кинофильм түсірілген. Қостанай облысының бір ауданына, көптеген елді мекендер мен көшелерге, мектептерге Әліби Жангелдиннің есімі беріліп, Ақтөбе, Алматы, Торғай қалаларында ескерткіш орнатылған.

51 жыл бұрын (1960) Қарағандыдағы металлургия комбинатында тұңғыш домна пеші іске қосылды және сол күні Қазақстанның тұңғыш шойыны алынды. Бұл күн Қазақстан Магниткасының дүниеге келген күні болып саналады.

16 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануын мәңгі есте қалдыру, қоғамды топтастыру, гуманизм, ұлтаралық татулық, қазақстандық патриотизм тәрбиелеу идеяларын көркем бейнелеу мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты.

15 жыл бұрын (1996) Венгрия Парламентінде тұңғыш рет Қазақстан мен Венгрия арасындағы ынтымақтастыққа арналған «дөңгелек үстел» өтті.

12 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласында «Алпамыс батыр» эпосының 1000 жылдығы аталып өтілді.

5 жыл бұрын (2006) Астанада Меценаттар клубы құрылды.

4 жыл бұрын (2007) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Үкімет мүшелерінің қатысуымен «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» Мемлекеттік бағдарламасына кірген жобалардың жалпыұлттық тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге 9 өңір қатысты. Негізгі 7 бағыт бойынша 900 миллиардқа жуық теңгені құрайтын барлығы 20 серпінді жобалар таныстырылды. Аталмыш тұсаукесер Мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуының шын мәніндегі бастамасы болып, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруге негіз болмақ.

4 жыл бұрын (2007) Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылында салынатын цемент зауыты құрылысының іргетасына Елбасының болашақ ұрпаққа жолдауы мәтіні бар капсуласы салынды. Зауыт жылына 1,8 миллион тонна цемент өндіреді. Бұл зауыт бүкіл батыс облыстардың сұраныстарын қамтамасыз етеді.

2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы төбесі жабық 30 мың орындық «Астана-Арена» стадионының ашылу салтанатына қатысты.

Жабық стадион спортшыларға қысы-жазы жаттығуларына мүмкіндік береді, ол Еуропа футбол одағы қауымдастығының (УЕФА) барлық стандарттарына сай салынған. Жасанды газон жамылғысы төселген футбол алаңы Футбол қауымдастықтарының халықаралық федерациясы (ФИФА) мен Еуропа футбол одағы қауымдастығының (УЕФА) стандарттарына толық сәйкес жасалған. Бұл стадионда футбол ойынынан бөлек спорттың күрес, бокс, спорттық гимнастика, дзюдо, каратэ сынды түрлерінен жарыстар өткізуге болады. Жаңа футбол стадионының ерекшелігі — 20 минуттың ішінде ашылып-жабылатын шатыры бар. Спутниктің және эфирлік антенналары бар теледидар желісімен, радиохабар эфирімен, отырыс залдары, баспасөз конференция залдары дыбыс күшейткіш және синхронды аудармасымен, таблосымен, телерадиокомментаторымен жабдықталған.

Көрермендердiң ыңғайы және сыйымдылығы үшін, мiнбе екi деңгейде орналасқан: 16 мың көрермен — астыңғысында, 14 мың — үстіңгісінде, стадионның батысында VIP-орындар орналасқан.

Стадион сахнасында 2009-2010 жылдары футболдан Қазақстан Кубогының финалдары өтіп, 2010-2011 жылдарыы футболдан Қазақстан Суперкубогы сарапқа салынған болатын. Сондай-ақ «Астана-Арена» стадионында 2011 жылғы қаңтарда 7-ші қысқы Азиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы индустриялдық парктің аумағында локомотив құрастыратын жаңа зауытты ашты.

Аталмыш локомотивтің техникалық сипаты қазіргі қолданылып жүрген машиналардан бірнеше есе жоғары. Зауыттың өнімі Қазақстанның тепловозға деген сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, болашақта таяу және алыс шетелдерге шығарылатын болады.

2 жыл бұрын (2009) Жамбыл облыстық соты өзінің Интернеттегі веб-сайтын — www.oblsot.zhambyl.kz ашты.

Сайтта әдеттегідей «Кері байланыс» және «Сұрақ-жауап» сілтемелерінен басқа сот шешімдерінің банкі, азаматтарды қабылдаудың кестесі мен уақыты және қаралатын істер орналастырылған.

ЕСІМДЕР

45 жыл бұрын (1966) суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы жастар одағы сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының, мемлекеттік степендиясының, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, халықаралық «Жігер» жас суретшілер фестивалінің, республикалық «Шабыт» жас суретшілер шығармашылығы фестивалінің, республикалық «Астана-Бәйтерек» байқауының лауреаты ӘЖІБЕКҰЛЫ Қазыбек дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Николай Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, Алматы театр-көркемсурет институтын (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген.

Ол республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысқан. 1995 жылы — Біріккен Ұлттар Ұйымының 50-жылыдығына арналған суретшілер шығармалары көрмелерінің дипломанты. 1996 жылы — Халықаралық «Арт-Еуразия» жас суретшілер шығармашылығы көрмесінің дипломанты. 1999 жылы — 2-ші Республикалық «Шабыт Милениюум» жас суретшілер шығармашылығы фестивалінің дипломанты, Әбілхан Қастеев атындағы сыйлықтың иегері. 2007 жылы — «Астана дамиды, өнер өркендейді» Халықаралық суретшілер симпозиумының қатысушысы. 2003-2005 жылдары — Бурабайда және Қарқаралыда өткен республикалық суретшілер симпозиумын ұйымдастырушылардың бірі. Қазыбек Әжібекұлының шығармашылығы жөнінде «Степная пастораль», «Сары дала», «Мечты о прошлом» фильмдері түсірілген.

Соңғы жаңалықтар