2011 жылғы 13-17 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2011 жылғы 13-17 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

2011 жылғы 13-17 шілде аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

  • 13 Шiлде 2011
  • 779
Фото - Caravan.kz

14 шілдеде BNews.kz порталында Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі «NADLoC» ұлттық агенттігі» АҚ басқармасының төрағасы Жандарбек Кәкішевтің қатысуымен онлайн-конференция болады. Конференция «Қазақстандық қамтуды дамыту» тақырыбына арналады.

15 шілде күні сағат 12.00-де Zakon.kz сайтында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен бейне-онлайн конференция болады.

ҚОҒАМ

«Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялады. Конкурстың мақсаты -баршаға ортақ іс — Қазақстан Республикасының «электрондық үкіметінің» құрылуына өздерінің мақалаларымен үлес қосып жүрген ең үздік мақала авторларын анықтап, марапаттау. Конкурстық іріктеу «Үздік телевизиялық материал», «Үздік баспасөз материалы», «Үздік желілік материал» аталымдары бойынша жүргізіледі.

16 шілдеде айқоңырдан «Қазсат-2» серігін ұшыру жоспарланып отыр. Қазақстандық серіктің ұшырылу сапары «Twitter»-де трансляцияланбақ.

ӘЛЕМ

13 шілде күні Брюссельде кеңестің атқарушы комитетінің жетекшісі Махмуд Джибрил бастаған Ливия оппозициялық Өтпелі ұлттық кеңесінің делегациясы Солтүстікатлантикалық альянс басшылығымен кездесу өткізеді.

СПОРТ

11-16 шілде күндері Ұлыбританияның Кетеринг қаласында отырып ойнайтын волейболдан Құрлықаралық кубок сарапқа салынады. Онда бірінші дивизионда 11 елдің құрамасы бақ сынайды. Қазақстан оған жолдаманы 2-дивизионның жеңімпазы ретінде 2010 жылы иеленген болатын.

11-17 шілде күндері Мәскеуде жағажай волейболынан «Үлкен дулыға» сериясындағы «SWATCH FIVB» әлемдік кезеңі өтеді. Оған әлемнің үздік 128 командасы қатыспақ. Оның ішінде Қазақстан командасы да бар.

16-24 шілде аралығында Рио-де-Жанейро қаласында (Бразилия Федеративтік Республикасында) әскери қызметшілер арасында 5-інші жазғы Бүкілдүниежүзілік армияшылардың ойыны өткізіледі. Ойынға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің кұрама командасы қатысады.

АСТАНА

13 шілде «Думан» қонақүйінде Ислам ынтымақтастығы ұйымының Су тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі консультативтік топтың екікүндік семинары ашылады.

13 шілдеде «Іскер» бизнес-орталығында «Еуропалық стандарттарды пайдалана отырып мектеп медиациясын енгізу тәжірибесі» тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтеді.

13 шілдеде «Қазгидромет» орталығында «Жасыл кқпір» бағдарламасына әзірлік» тақырыбына арналған семинар өтеді.

13 шілдеде «Транспорт Тауэр» ғимаратында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жанындағы Экспортташылар кеңесінің ІІІ мәжілісі болады.

АЛМАТЫ

11-15 шілде аралығында «Бөбек» ҰҒТ БСО-ның «Кескіндеме» шығармашылық студиясы жұмыс істемек. 9-15 жас аралығындағы балалар қатысатын бұл студия әлеуметтік ахуалы нашар отбасынан шыққан дарынды балаларға тұлға болып қалыптасуына қолдау көрсету және балалар шығармашылығына қоғам назарын аудару мақсатында ұйымдастырылып отыр.

13-22 шілде аралығында Орталық көрме залында Ысқақ Оразаевтың туындыларының жеке көрмесі өтеді.

13 шілдеде «Интерфакс -Қазақстан» баспасөз орталығында «Еуразиялық банк» АҚ-ның 2011 жылдың І жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты боладыү

13 шілде күні Қазақстан Жазушылар одағында «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» атты үкіметтік және оған балама «Мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейтудiң, оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» атты қоғамдық нұсқаларын талқылауға арналған жиын өтеді.

АЙМАҚ

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

Павлодарда 12-17 шілде аралығында велоспорттан Қазақстан Республикасының чемпионаты — «Ертіс жағалауы-2011» дәстүрлі веложарысы өтеді. Оған Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының және Астананың спортшылары қатысады. Командалық және жеке біріншілік үшін 58 велошабандоз күш сынасады.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

ШІЛДЕНІҢ 13-І, СӘРСЕНБІ

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің күні. 1992 жылы дәл осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

89 жыл бұрын (1922) Қазақ атқару комитетінің III сессиясында Прокурорлық қадағалау және адвокатура туралы ережелер қабылданып, РСФСР Қылмыстық кодексінің қалың малға, мал ұрлығына тыйым салуға, адам етін жеуді аяусыз жазалауға қатысты IX бөліміне толықтырылулар енгізілді.

16 жыл бұрын (1995) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы жарық көріп, сәулетші Шота Уәлиханов басқаратын авторлар тобы әзірлеген жоба мақұлданды.

Қазақтың қолданбалы өнерінен тамыр тартқан Тәуелсіздік монументінің негізгі орталық композициясы ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тастан құралып, биіктігі 28 метрге жетеді. Көк аспанға қарай шаншыла бой көтерген орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген әрі оған Қазақстанның елтаңбасы ойып түсірілген. Оның үстіңгі жағындағы қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде алтынмен көмкерілген жас сарбаздың тұлғасы сомдалған.

10 жыл бұрын (2001) Алматыда Орта Азиядағы Penal Reform International (Халықаралық түрме реформасы) өкілдігі тіркелді.

6 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бурабай демалыс аймағындағы «Көкшетау» саябақ-қонақ үйінің ашылу рәсіміне қатысты.

Қонақ үй кешені Жеке Батыр тауының етігінде, Шортан көлінің оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан. 4 қабатты ғимаратта 33 жайлы нөмір бар. Мұнда отбасымен демалуға, сондай-ақ кеңестер, семинарлар және мәслихаттар ұйымдастыруға болады. Қонақ үйде 20 метрлік бассейн, тренажер залы, бильярд клубы, сондай-ақ, заманаға сай жабдықталған кинозал бар.

4 жыл бұрын (2007) Қарағандының бұрынғы Наркомхоз ғимаратына Қазақ КСР еңбек сіңірген шахтері, мемлекет қайраткері Файзулла Серғазинге арналған мемориалды тақта орнатылды.

Файзулла Серғазин (1910-1971) Мәскеу тау-кен институтын, Көмір өнеркәсіп академиясын бітірген соң, көп жылдар бойы Қарағандының көмір бассейнінде қызмет атқарды. Өндірісте қызмет атқарып, ғылыми жұмыспен айналысты және өзінің техникалық білімін насихаттады. Мемлекет алдындағы еңбегі үшін КСРО-ның екі орденімен, бес медалімен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің бес Құрмет грамотасымен, ІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталған.

4 жыл бұрын (2007) Тараздың облыстық ұлттық қауіпсіздік органдарының тарихи мұражайы ашылды.

Көрмеге Кеңес өкіметі құрылған кезден осы күнге дейінгі Ұлттық Қауіпсіздік органының тарихын баяндайтын фотоматериалдар, мұрағаттық құжаттар, жеке заттар қойылды. 1936 жылы Жамбыл облысы ашылды және нақ сол жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанында Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті Жамбыл облысы бойынша бөлімі алғаш құрылды. 1978 жылы бөлім Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті Жамбыл облысы бойынша басқармасы деп өзгертілді. Қазақстан егемендігін жариялағаннан кейін 1992 жылғы шілденің 13-інде Қазақстанның Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті деп өзгертілді. 1996 жылы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті басқармасының базасында Жамбыл облыстық департаменті құрылды. Экспозицияның орталық бөлігі еліміздің ұлттық қауіпсіздік органдарын құруда үлкен еңбек сіңірген, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналды. Осы жерде еліміздің мемлекеттік нышандары — Елтаңба, Ту және Қазақстан Республикасы Әнұранының мәтіні, сондай-ақ Ата заң — еліміздің Конституциясы, Жолдаулар және Қазақстан Республикасы Президентінің кітаптары, заңнамалық актілер қойылған.

2 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық экономикалық қоғамдастық мүше-мемлекеттерінде инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру туралы келісімді бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1956) Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы, КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі АЛТЫБАЕВА Алма Қуандыққызы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Алматы есеп-несие техникумын, Алматы ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті) бітірген. 1976-1987 жылдары — Мемлекеттік банктің Алматы облыстық кеңсесінде есепші, аға есепші, инспектор болып қызмет атқарған. 1987-1990 жылдары — Агроөндіріс банкінің Әуезов бөлімінде аға инспектор, бас есепшінің орынбасары. 1990-1996 жылдары — Мемлкеттік банктің Алматы облыстық басқармасында бас Есептеу-кассалық орталығының бастығы, бөлім бастығы, бас есепшісі. 1996-1998 жылдары — Республикалық бюджеттік банк төрағасының орынбасары. 1998-2003 жылдары — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары, Қазынашылық департаменті директорының орынбасары, Астана қаласы бойынша Қазынашылық басқармасының бастығы, «Қазақстан халық банкі» АҚ-ының аймақтық менеджері. 2003-2007 жылдары — «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ Қаржы департаментінің Қазынашылық басқармасы бастығының орынбасары, бөлім бастығы. 2007-2008 жылдары — Астана қаласы Қаржы департаменті директорының орынбасары, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры. 2008 жылдың наурызынан — қазіргі қызметінде.

Медальдармен марапатталған.

50 жыл бұрын(1961) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері ТОҚСАНБАЕВ Ысқақ Ботайұлы дүниеге келді.

Қазіргі Ақмола облысында туған. КСРО Ішкі істер министрлігінің Брянск арнайы орта милиция мектебін бітірген. 1988-1997 жылдары — Көкшетау қалалық ішкі істер бөлімінің арнайы комендатурасының жедел өкілі, Ленин аудандық ішкі істер бөлімінің Көкшетау облыстық ішкі істер бөлімінің кезекші инспекторы. 1998-2002 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жанындағы мемлекеттік күзет қызметі департаментінің бас маманы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Күзет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, бөлім бастығы. 2002-2003 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Мамандандырылған күзет қызметі бас басқармасы бастығының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Солтүстік Қазақстан облыстық Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы. 2003-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары. 2008-2010 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Павлодар облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2010 жылдың желтоқсан айынан зейнеткерлікке шыққан.

«Қоғамдық тәртіпті күзетудегі үздік қызметі үшін» медалімен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 14-І, БЕЙСЕНБІ

Франция Республикасының Ұлттық мейрамы — Бастилияны басып алу күні. 1789 жылы париждіктер көтеріліске шығып, Бастилия түрме-қамалын басып алды. Бұл оқиға Ұлы француз революциясының бастамасы болып есептеледі. Бастилияны басып алу — адамзат тарихындағы ұлы оқиғалардың бірі, «Бастилия» сөзінің өзін саяси бостандықтың белгісіне айналдырған оқиға болды. Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 25-інде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

14 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының «Натариат туралы» Заңы қабылданды.

14 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы құрылды.

6 жыл бұрын (2005) Бішкекте Қазақстан мен Қырғызстан Президенттерінің қатысуымен Қырғызстандағы қазақ елшілігінің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда Орталық Азиядағы адам құқығын қорғайтын Мұсылман комитетінің бас кеңсесі ашылды.

Комитет мүшелері болып заңгерлер, теологтар және діни қауым өкілдері тіркелді. Ұйымның мақсаты азаматтардың ұлтына, дініне және саяси тиістілігіне қарамастан құқығын қорғау болып табылады.

2 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы қатынастарды реттеуге арналған және құрылыс салушылардың қаржылық тұрақтылығына талапты арттыруды қарастыратын және үлескерлердің құқығына кепілдікті күшейтуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

2 жыл бұрын (2009) Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің археологтар экспедициясы Нұра өзенінің ортаңғы ағымының тұсынан сақ дәуірінің жәдігерлерін тапты.

Самарқанд және Тегісжол ауылдарының арасындағы Темірқаш шатқалында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде темір қорамсақ, жебенің ұшы, жас сарбаз белбеуінің айылбасы сияқты заттар табылған. Археологтар бұл жәдігерлерге 2 мың жылдан асады деп пайымдау жасады.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1911-1991) белгілі жазушы, аудармашы БРАГИН Алексей Иванович дүниеге келді.

Ресей Федерациясында туған. Солтүстік Кавказ мемлекеттік университетін бітірген. «Комсомольская правда», «Правда Южного Казахстана», «Казахстанская правда» газеттерінде, «Простор» журналы редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби қызметкерден бастап, әр түрлі лауазымды қызметтер атқарған. «Близкое и далекое», «Казахстанские самоцветы», «Две судьбы», «У истока реки», «Предгорья», «Озеро тысячи родников», «Прадеды и внуки», «Сокровища медного купола» (Қаныш Сәтбаевтың балалық шағы туралы), «Дневник века моего», «Третье рождение» атты повесть-әңгімелері, өлеңдері жарық көрген. Жамбыл Жабаевтың өлеңдері мен поэмаларын, Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» (ІІ,ІІІ томдарын), «Мөлдір махаббат», «Сөнбес сәуле» романдарын, «Сәкен Сейфуллин» атты пьессасын, тағы басқа қазақ жазушыларының еңбектерін орыс тіліне тәржімалаған.

«Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

50 жыл бұрын (1961) «Сағадат» Өндірістік корпорациясы» Акционерлік қоғамының президенті ДРОЗДИН Сергей Петрович дүниеге келді.

Алматы облысы Іле ауданында туған. Фрунзе қаласындағы Азаматтық авиация әуе-техникалық училищесін, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. 1982-1992 жылдары — Фрунзе қаласындағы Азаматтық авиация әуе-техникалық училищесінің зертхана меңгерушісі, инженер-құрастырушысы, комсомол комитетінің хатшысы, Алматы автожөндеу бірлестігінің бөлім бастығы, «Южшахтстрой» компаниясы бас директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 1992 жылдан бастап — қазіргі қызметінде.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 15-І, ЖҰМА

Күнәдан тазару түні — Бараат түні (жұмадан сенбіге қараған түн) (2011 жылғы шілденің 15-нен 16-сына қараған түн — 1432 хижра жылының 14-15-ші шағбаны) — мұсылман мерекесі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

70 жыл бұрын (1941) Петропавл қаласында 314-ші атқыштар дивизиясы жасақталып, Солтүстік-Батыс майданына жіберілді. Аталмыш дивизия сонымен қатар Ленинград түбіндегі шайқастарға да қатысты. 1941 жылы қыркүйектің 7-сінде дивизия жауынгерлері Свирь өзенінің бойында жаудың бетін тойтарды. Дивизия Балтық жағалауын, Польшаны және Чехославакияны азат ету ұрыстарына қатысып, асқан ерлік көрсетті. Соғыс жылдары дивизияның 12000-нан астам жауынгерлері мен офицерлері орден, медальдармен марапатталса, үшеуі Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың біреуі солтүстік қазақстандық — Павел Гончар. Петропавл қаласының орталығына 314-ші атқыштар дивизиясына ескерткіш орнатылған.

57 жыл бұрын (1954) Қытайдың Циң хай өлкесінде Алтыншоқы қазақ автономиялық ауданы құрылды.

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Румыния арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

14 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Заңы қабылданды.

12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының Талғар қаласын аудандық маңыздағы қалалар санатына енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.

12 жыл бұрын (1999) Третьяков галереясында (Мәскеу) қазақстандық суретші, Сальвадор Дали атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Ерболат Төлепбаевтың жеке көрмесі болып өтті.

9 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңы қабылданды.

6 жыл бұрын (2005) Семейдегі Қазақ қаржы-экономикалық институтының ғимаратында Қабанбай батырдың мұражайы ашылды.

2 жыл бұрын (2009) Астанадағы «Дипломат» қонақ үйінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

2 жыл бұрын (2009) Алматыда Қазақстан Халық банкінде ірі автоматтандырылған сейфтік депозитарий ашылды. Салтанатты рәсіміне Нидерланды Королдігі елшілігінің, голландиялық Gunnebo компаниясының өкілдері және «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның басшылығы қатысты.

Автоматтандырылған қоймаға ұқсас бұл сейфтің 417 ұяшығы мен жоғары деңгейдегі 7 сыныпқа сәйкес келетін қорғаныс жүйесі бар.

1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы «Жеке тұлғалардың жеке пайдалану үшін тауарлардың кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу және оларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1906-1973) Кеңес Одағының Батыры ЫСҚАҚОВ Қапай дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында туған. 1941 жылы маусымда Қызыл Армия қатарына шақырылып, Богдан Хмельницкий орденді 294-ші Черкасск атқыштар дивизиясының полкі құрамында болған. Батыс, Сталинград, екінші Украин майдандарында ұрысқа қатысып, ерен ерлік көрсеткен. Соғыстағы ерлігі үшін 1944 жылғы қыркүйектің 13-інде Батыр атағын алған. Соғыстан кейінгі жылдары туған ауылында тұрып, еңбек еткен.

Ленин орденімен, медальдармен марапатталған. Туған ауылы Георгиевкада Батырға ескерткіш орнатылып, бір көшеге есімі берілген.

60 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Рамаз Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, тарихшы-шығыстанушы, тарих ғылымының докторы ӘБУСЕЙІТОВА Меруерт Қуатқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), КСРО Ғылым Академиясы Шығыстану институты Ленинградтық бөлімінің аспирантурасын бітірген. Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының Шығыстану бөлімінің кіші, аға ғылыми қызметкері. 1992-1996 жылдары — Қазақстан Ғылым Академиясы Шығыстану орталығында бөлім бастығы — директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 1996 жылдан — Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Шығыстану институты директорының орынбасары, 1998 жылдан осы институттың директоры болып жұмыс істеп келеді.

«Парасат» орденімен марапатталған.

100-ден аса ғылыми жарияланымның авторы.

ШІЛДЕНІҢ 16-СЫ, СЕНБІ

Франциядағы Виши режимінің нәсілшілдік және антисемиттік бой көрсетулері құрбандарын еске алу күні. Алғаш рет 1993 жылы атап өтілген осы атаулы күн 2000 жылғы ақпанның 29-ында Ұлттық жиналыстың шешімімен ресми бекітілген. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында Францияда құрылған Виши нәсілшілдік режимінің полициясы 1942 жылы дәл осы күні 13 мыңға жуық шыққан тегі еврей француздықтарды Париж велодромына айдап шығып, оларды гитлершілердің қолдарына табыс еткен. Осы тұтқындардың көпшілігі «өлім лагерлерінде» қаза тапқан.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1994) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік экспорт-импорт банкі (Эксимбанкі) құрылды.

17 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мемлекеттік билік органдарының құрылымын дамыту және оларға шығатын шығынды қысқарту туралы» Жарлығы жарияланды.

12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңы қабылданды.

12 жыл бұрын (1999) Боливияның астанасы Ла-Пас қаласында ЮНЕСКО-ның бас хатшысы Федерико Майор Астана қаласына «Әлем қаласы үшін» халықаралық конкурсы жеңімпазының медалі мен сертификатын табыс етті. Осы күннен бастап Астана «Әлем қаласы» атағына ие.

10 жыл бұрын (2001) Еуразия ұлттық университеті кітапханасы негізінде «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы құрылды.

8 жыл бұрын (2003) Астана қаласы әкімі мен Халықаралық сәулет академиясы арасында Меморандумға қол қойылды.

6 жыл бұрын (2005) Ақтөбедегі Абай атындағы гүлзарда «Темірқазық» рәміздік белгісінің ашылу рәсімі болып өтті.

Темірқазық жұлдызы ерте кезде жолаушыларға, қазақ даласымен жүрген керуендерге жол көрсететін белгі болған. Жаңа «Темірқазықта» жаһанның төрт бұрышы, Ақтөбенің географиялық мәліметтері, қаланың әлемнің ірі қалаларымен ара қашықтығы көрсетілген.

4 жыл бұрын (2007) «G4 City» ЖШС Алматы-Қапшағай күре жолына салынғалы отырған қанаттас қалалардың қызметін жетілдіру үшін www.g4city.kz деп аталатын сайтын іске қосты. Сайтта сондай-ақ, түрлі электрондық БАҚ-тар мен мерзімді баспасөз беттерінде қанаттас қалаларға қатысты жариялаған материалдар жүйелі түрде беріліп отырылады. Құрылған компанияның негізгі мақсаты — Үкіметтің қолдауымен салынғалы отырған қалалардың толыққанды дамуына атсалысу.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1911-1996) металлург, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Фрайберг тау-кен академиясының құрметті докторы (ГДР), РКФСР-дің еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Социалистік Еңбек Ері ПОЛУХИН Петр Иванович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Мәскеу болат институтын және аспирантурасын бітіріп, осы институтта ассистент, доцент, факультет деканының орынбасары болған. Сібір металлургия институтының директоры, КСРО Жоғары және орта білім министрлігінің бөлім бастығы, Бас басқармасының бастығы, министр орынбасары, Мәскеу болат және қорытпалар институтының ректоры, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Металлургия және кен байыту институтының ғылыми жетекшісі болған.

Негізгі ғылыми еңбектері металлургия мәселелеріне арналған. Ол арнайы қорытпалар мен конструкциялық металдар теориясын тұжырымдап, сол материалдардың пішінін пластикалық жолмен өзгерту технологиясын ұсынды. Қара және түсті металдардың күрделі түрде легирленген қорытпаларынан дайындалған металл прокаттарының тиімді технологиясын жасап, өндіріске енгізді, осыған лайық қандай жабдық жасау қажет екенін анықтады. Металл құбырларын ыстықтай прокаттау технологиясы мен винт тәрізді стандарды өндіріске енгізді, алюминий, титан, т.б. түсті металл қорытпаларының, болат пен алюминийден дәл прокат жасау жөнінде кешенді зертттеулер жүргізді. Ғалымның 100 авторлық куәлігі, 12 патенті бар.

Ленин, Қазан революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен, сондай-ақ ГДР-дің «Отан алдындағы еңбегі үшін» орденімен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 17-СІ, ЖЕКСЕНБІ

Металлург күні. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Финляндиядағы демократия күні. 1919 жылы шілденің 17-сінде Финляндия регенті (монарх орнында мемлекетті уақытша басқарушы) Карл Маннергейм Финляндияны республика деп жариялау туралы Сейм шешіміне қол қойды. Алғаш 1992 жылы аталып өтілді.

Ирак Республикасының Ұлттық мейрамы — Ұлттық Республика және Тәуелсіздік күні (1958). Ирак — Оңтүстік-Батыс Азияда, Тигр және Евфрат өзендері бойында орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 18 уәлаятқа бөлінеді. Астанасы — Бағдат қаласы. Ресми тілі — араб тілі. Ақша бірлігі — ирак динары. 1970 жылы қабылданған Конституциясы бойынша Революциялық кеңестің төрағасы елдің Президенті және Жоғарғы Бас қолбасшы қызметтерін қатар атқарады. Заң шығарушы органы — Ұлттық кеңес.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

13 жыл бұрын (1998) Қазақстан мен Қырғызстан Республикалары арасындағы мемлекеттік шекараны анықтау (делимитациялау) туралы меморандумға қол қойылды.

12 жыл бұрын (1999) «Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексін (Негізгі бөлім) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

8 жыл бұрын (2003 жылғы 17-ші шілде мен 7-ші тамыз аралығы) екінші «Хан-Тәңірі-2003» фестивалінің шеңберінде Хан-Тәңірі шыңының баурайында құтқарушылардың бірінші халықаралық слеті өтті.

5 жыл бұрын (2006) Қазақстанда алғаш рет зейнеткерлерге несие беру жөніндегі жоба іске қосылды.

5 жыл бұрын (2006) Қазақстанның Ұлттық банкі «Қазақстан петроглифтері» сериясы бойынша «Күйме» деген атаумен коллекциялық күміс шақаны сатылымға шығарды. Шақаның дизайнында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықтың екінші жартысынан бізге жеткен «Күйме» петроглифінің деталі қолданылған. Номиналы 500 теңгелік шақа 3 мың данамен шығарылған, олардың әрқайсысының бағасы — 3 мың теңге. Бұл монета — «Қазақстан петроглифтері» сериясы бойынша шығарылып отырған 7-ші шақа. Оның салмағы — 24 грамм, диаметрі — 37 мм. Шақа сапа сертификатына ие.

4 жыл бұрын (2007) Алматыда «Алпысбай Қазығұлов. Кескіндеме» альбомының таныстырылымы өтті. Алпысбай Қазығұлов — Қазақстанның танымал суретшісі, ол абстракционизм және сюрреализм жанрында жұмыс істейді, Алматыда тұрады және қызмет атақарады.

Суретші Қызылорда облысының Аралында 1958 жылы дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының сурет-графика факультетін бітірген. Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі, Бельгия, Нидерланды, Жапония, Ресей сәулет өнерінің кәсіпкер шеберлердің көрмесіне қатысушы. 2003 жылы әлем өнеріне қосқан үлесі үшін Еуропалық өнер унициясының Масарик атындағы құрмет сыйлығының иегері.

2 жыл бұрын (2009) Павлодар облысының Май ауданында тұрғызылған асфальт-бетон зауыты іске қосылды.

Сағатына 100 тоннадай жол төсемін өндіретін жаңа зауытты «Дорремстрой ПВ» ЖШС салып отыр. Кәсіпорын Қазақстанның ядролық орталығын дамыту үшін маңызы зор Ақсу-Курчатов республикалық трассасында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жолшыларды заманауи материалмен толық қамтамасыз ете алады.

2 жыл бұрын (2009) Алматыда Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген жетістіктеріне арналған «Қазақстан: Ғасырлар асуында» ғылыми-публицистикалық монографиясы жарық көрді.

Кітап авторы — Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Сағындық Сатыбалдин. Жұмыс үш тараудан тұрады. «Қазақстан кеше» деп аталатын бірінші тарауда 1965-2006 жылдар аралығы қамтылса, «Қазақстан бүгін» тарауында — 2007-2008 жылдар, ал «Қазақстан ертең» деп аталатын тарауында 2009 жылдан бастап алдағы жылдар қамтылады.

Кітапта КСРО-ның ыдырау себептері, өз одағын құру туралы үш славян мемлекетінің (Ресей, Беларус, Украина) шешімдеріне қатысты оқиғалар баяндалады.

Кітаптың бастапқы тиражы — 1000 дана. Фотосуреттермен безендірілген 477 беттік басылым.

ЕСІМДЕР

120 жыл бұрын (1891-1957) биология ғылымының докторы, профессор, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЗАВАДОВСКИЙ Михаил Михайлович дүниеге келді.

Украинаның Кировоград облысында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1941-1945 жылдары КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы өсіп-өну зертханасының меңгерушісі болған.

Негізгі ғылыми еңбектері биологияда өзі қалыптастырған жаңа ғылыми бағыт — даму динамикасына арналған. Ол даму процестерінің реттелуі, дене мүшелерінің өзара әрекеттесуі биологиялық тұрғыдан бір принципке бағынатынын, гормондық әдіспен малды егіз, үш-төрттен төлдетуге болатынын теориялық тұрғыдан да, іс жүзінде де дәлелдеді. Қой мен ірі қара басын көбейту мақсатымен СЖК препаратын жасап, өндіріске ұсынды.

105 жыл бұрын (1906-1983) композитор, педагог, Қазақ КСР-інің халық әртісі, КСРО Композиторлар одағының мүшесі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ халық музыкасын жинаушы ХАМИДИ Латиф Абдулхайұлы дүниеге келді.

Ташкент халық ағарту институтын, Мәскеудің бірінші музыкалық техникумын, Мәскеу консерваториясы жанындағы татар опера студиясын бітірген. Қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері болып, Қазақтың Петр Чайковский атындағы музыкалық училищесінде, Қазақ консерваториясында ұстаздық еткен. Композитордың Ұлы Отан соғысы жылдары жазған «Аттаныңдар майданға», «8-гвардия дивизиясының әні», «Батыр қыз», «Нүркен» әндері тыңдарманын қаһармандық сезімге бөледі. Ол қазақ музыкасына тұңғыш вальс жанрын енгізіп, «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндерін шығарған. Сондай-ақ оның әсем әуенімен ерекшеленетін вальстері, хорлары, симфониялық оркестр, халық аспаптар оркестрі үшін камералық-аспаптық шығармалары, қойылымдар мен кинофильмдерге арналған музыкалары бар.

Композитор қазақтың опера өнерін өркендетуге де үлкен үлес қосып, «Абай», «Төлеген Тоқтаров», «Жамбыл» операларын, «Жамбыл мен Айкүміс» музыкалық пьесасын, «Балбұлақ» опереттасын жазды. Сонымен қатар «Домбыра үйрену мектебі» (Б.Ғизатовпен бірге), «Дирижерлік етудің негіздері» (Х.Тастановпен бірге), т.б. зерттеу еңбектері бар.

3 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар