2011 жылғы 15-19 маусым аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2011 жылғы 15-19 маусым аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

2011 жылғы 15-19 маусым аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ПАРЛАМЕНТ

  • 15 Маусым 2011
  • 669
Фото - Caravan.kz

15 маусымда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтеді.

15 маусымда Сенаттың Аграрлық мәселелер мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысы өтеді.

ҚОҒАМ

13-26 маусым аралығында республика аумағында ҚР ІІМ «Танысуға рұқсат етіңіз» акциясын өткізуде.

15 маусымда Астанада ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің мерейтойлық саммиті өтеді.

15 маусымда «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді.

16 маусымда Бельгияның Ипр қаласында ядролық сынақтардың құрбандарына арналған қазақстандық ескерткіштің ашылу салтанаты өтеді.

16-17 маусым аралығында Испания Корольдігінің Үкімет басшысы Хосе Луис Родригес Сапатеро Қазақстанға ресми іс-сапармен келеді

АСТАНА

Астанада 2-17 маусым аралығында сағат 10.00-ден 18.00.-ге дейінгі уақытта №26 орта мектепте (Конституция көшесі, 26) қаланың мектепке дейінгі мекемелеріндегі балалардың қатарын толықтыру жұмыстары жүргізіледі.

Астанада 13-19 маусым күндері Халықаралық теннис қауымдастығының сериясындағы әйелдер арасындағы кәсіпқой теннисшілердің «Astana Womens» турнирі өтеді

14 — 16 маусым аралығында Астана қаласы Жеңіс даңғылы, 33 мекен-жайындағы «Орган залында» «Кадрларды даярлау және академиялық ұтқырлық: тәжірибе алмасу, проблемалары мен келешегі» тақырыбында Қазақстан-француз жоғары оқу орындарының екінші халықаралық форумы өтеді.

15 маусымда ҚР БҒМ мен Қытайдың ұлттық мұнайгаз корпорациясы арасында білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылады.

15 маусымда «Мемлекеттік комиссияның жұмысын жетілдіру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтеді.

15-16 маусымда Астанада «Думан» қонақ үй кешенінің «Парламент» залында радиологтардың «Диагностическая и интервенционная радиология на современном этапе» тақырыбындағы ІҮ Еуразиялық форумы өтеді.

15 маусымда «Тәуелсіздік» сарайында ҚХР СІМ көмекшісінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.

15-17 маусым күндері Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде көркем гимнастикадан ересектер арасында 5-ші, ал жасөспрімдер арасында 12-ші Азия чемпионаты өтеді.

17 маусымда ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында Павлодар облысы мұражайларының қорларынан ұйымдастырылған «Ұлы даланың сазы» атты көрме ашылады

17 маусымда Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының көрме залында суретші Таңсық Мәжитованың «Адам. Уақыт. Дәуір» атты жеке көрмесі ашылады.

АЛМАТЫ

Алматыда 13-15 маусым күндері «Ер Төстік» деп аталатын анимациялық фильмдердің І қазақстандық фестивалі өтеді. Оны Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы ұйымдастырып отыр.

15 маусым күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық мұражайында «Жапон қуыршақтары» атты жылжымалы көрме өтеді.

15 маусымда «Балалардың оқуы — рухани құндылық іспетті» республикалық конференция өтеді.

15 маусымда «Табиғи газда жұмыс жасайтын техника» форумы өтеді.

15 маусымда Қазақстанға йодттауда жеткізген табыстары үшін сертификат тапсыруға арналған конференция өтеді.

15 маусымда «TQM KAZ-2011» сапа менеджерлерінің 6-ыншы Халықаралық форумы өтеді.

15 маусымда «Жастардың көкейкесті проблемалары және оларды шешу жолдары» қоғамдық тыңдаулары өтеді.

15 маусымда «Сбербанк» АҚ-ның дөңгелек үстелі өтеді.

15 маусымда «Қазақстандағы гендерлік теңдік стратегиясы және оны Алматыда жүзеге асыру» дөңгелек үстел отырысы өтеді.

15 маусымда Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ауғанстандағы соғыстың ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестігі Үйлестіру кеңесінің баспасөз мәслихаты өтеді.

16-18 маусымда Алматы қаласында Кеден одағының кеден қызметтері басшыларының кезекті кездесуі жоспарланып отыр.

17 маусым күні Алматыдағы А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтында айтулы қазақ ғалымы, тіл зерттеуші Ғұбайдолла Айдаровтың 90 жылдығына арналған «дөңгелек» үстел өтеді.

Алматыда 17-18 маусымда бизнес иелері мен жетекшілері үшін «Бизнесті қалай табысты құруға болады?» деген тақырыпта VIII WISE конференциясы өтеді.

АЙМАҚ

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ

Атырау облысында 13-26 маусым аралығында «Танысуға рұқсат етіңіз» акциясы өтеді.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

МАУСЫМНЫҢ 15-І, СӘРСЕНБІ

Әзірбайжан Республикасының Ұлттық мейрамы — Ұлттық Құтқару күні. Гейдар Әлиевтің билік басына қайта келуі құрметіне орай, ел Парламентінің 1997 жылғы маусымның 27-дегі шешімі бойынша жыл сайын атап өтіледі. Әзірбайжан — Кавказдың оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстік-батысында Армения, Түркиямен, оңтүстігінде Иранмен, шығысында Каспий теңізі арқылы Қазақстанмен шектеседі. Астанасы — Баку қаласы. Ресми тілі — әзірбайжан тілі. Ақша бірлігі — манат. Мемлекет басшысы — Президент. Жоғары атқарушы органы — Үкімет. Жоғары заң шығарушы органы — Тұрақты парламент.

Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 27-сінде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

68 жыл бұрын (1943) Петропавл 1-ші жылу энергия орталығы алғашқы киловатт электр энергиясын берді.

18 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Үндістан Республикасында Қазақстан Елшілігі ашылды.

15 жыл бұрын (1996) Абай шығармаларының жинағы Иранда парсы тілінде басылып шықты.

11 жыл бұрын (2000) Қостанай облысы Рудный қаласында «Өндірістік мекемелердегі жастармен жұмыс істеу тәртібі» туралы республикалық мәслихат ашылды. Мәслихаттың өткізілуіне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымын жүзеге асыру мақсатында Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі ұйытқы болды. Қатысушылар Соколов-Сарыбай кенішіндегі жастар саясаты бөлімінің тәжірибесімен танысты.

11 жыл бұрын (2000) жазушы Сәбит Мұқановтың (1900-1973) туған жері Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Сәбит ауылында жаңа мектеп ашылды.

10 жыл бұрын (2001) «Шанхай бестігі» Өзбекстанмен толығып, «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» құрылды.

2 жыл бұрын (2009) Ақтау қаласында қан орталығы құрылысының бірінші тасы салтанатты түрде қаланды. Жоба республикалық бюджеттен қаржыланады. Орталық жылына 7000 литр қан қабылдай алатын болады.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1941), заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Ғылыми-консультативтік кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты, Алматы облысы Жамбыл ауданының құрметті азаматы АҒЫБАЕВ Арықбай Нүсіпәліұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым Академиясы Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын бітірген. 1967-1970 жылдары — Қазақ КСР Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының ғылыми қызметкері. 1973-1977 жылдары — Алматы облыстық сотының мүшесі. 1978-1981 жылдары — Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы. 1981-1990 жылдары — Қазақ мемлекеттік қыздар педагогиклық институтының доценті. 1991-1999 жылдары — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің доценті, профессоры. Қазіргі қызметінде 1999-2008 жылдары — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университеті Қылмыстық құқық және криминология кафедрасының меңгерушісі, профессоры, доценті қызметтерін атқарған. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің мүшесі, университет жанындағы заң ғылымдары докторлық Диссертациялық кеңесінің ғылыми хатшысы, университеттің «Заң сериясы хабаршысы», «Заң», «Тура би» журналдарының редакциялық алқасының мүшесі. Ғалымның 300-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 6-ы оқулығы, 7-і монографиясы және Қарасай батыр, Сүйінбай, Жамбыл, Сұраншы батыр туралы бірнеше тарихи очерктері жарық көрген. Арықбай Ағыбаевтың жетекшілігімен 15 ізденуші заң ғылымының кандидаты, 2 ізденуші заң ғылымының докторы диссертацияларын қорғаған.

65 жыл бұрын (1946-1999) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері, генерал-майор ДРУЖИНИН Анатолий Михайлович дүниеге келді.

Литваның Клайпеда қаласында туған. Павлодар индустральдық институтын, КСРО МҚК Жоғары курсын бітірген. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жоғары курсын бітіргеннен кейін Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Талдықорған облыстарында түрлі қызметтер атқарған. 1991-1995 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша, 1995-1998 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасының бастығы болған. 1998-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

55 жыл бұрын (1956) Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары ЧЖЕН Александр Моисеевич дүниеге келді.

Көкшетау(қазіргі Ақмола) облысы Келлеров ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Еңбек жолын Қарағанды қаласы «Карагандажилстрой» тресінің ҮСК конвейер учаскесінің шебері болып бастады. 1980-1989 жылдары — Көкшетау қаласында өндірістік-техникалық ұйымдарында басшылық қызметте жұмыс істеді. 1989-1992 жылдары — Көкшетау облыстық атқару комитетінің Күрделі құрылыс басқармасының бастығы. 1992-2004 жылдары — Көкшетау қаласындағы «АГВА» агрофирмасы ЖШС бас директоры. 2004-2005 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының әкімі, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Экономикалық дамыту департаменті бастығының орынбасары. 2005-2008 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың қазан айынан бастап істейді.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

МАУСЫМНЫҢ 16-СЫ, БЕЙСЕНБІ

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

48 жыл бұрын (1963 жылғы маусымның 16-сы мен 19-ы аралығы) әлем тарихында алғаш рет ғарыш кеңістігіне әйел адам көтерілді. Ол «Восток-6» ғарыш кемесімен орбитаға көтерілген Валентина Терешкова болатын.

18 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президенті жанынан Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты құрылды. Аталмыш институт Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшылығымен жұмыс істейді.

18 жыл бұрын (1993) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үндістан Республикасында Қазақстан Республикасының Елшілігін ашу туралы» және «Қазақстан Республикасы Мүгедектерінің күнін бекіту туралы» Жарлықтары жарық көрді.

16 жыл бұрын (1995) Мәскеу және Бүкіл Русь патриархы II Алексий (1929-2008) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Қазақстан Республикасына сапары болып өтті.

11 жыл бұрын (2000) Астанаға «Қалалар — бейбітшілік үшін» ЮНЕСКО сыйлығының сертификаты табыс етілді.

5 жыл бұрын (2006) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматыдағы резиденциясында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті қабылдады. Екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейһан жүйесі бойынша Каспий теңізі мен Әзербайжан арқылы халықаралық рынокқа тасымалдауға көмектесу және қолдау туралы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы келісімге қол қойды. Келісуші екі жақ та қол қойылған мемлекетаралық келісімнің бұл елдер арасындағы жоғары деңгейдегі қарым-қатынастың дәлелі екендігін атап өтті.

5 жыл бұрын (2006) Алматыдағы «Рух-дария» баспасынан Мұхтар Шахановтың «Тілсіздендіру анатомиясы» атты жаңа кітабы жарық көрді. Бұл жинаққа ақынның поэмалары, өлеңдері, балладалары мен әндері енген. «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» аталған, ондаған халықаралық сыйлықтардың иегері, бірнеше шетел академиясының мүшесі, Қазақстанның халық жазушысы, Қырғызстанның халық ақыны, белгілі қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың бұл кітабында соңғы жылдары дүниеге әкелген шоқтығы биік шығармалары көрініс тапқан, ғаламдық маңызға ие жырлар топтастырылған. Сонымен бірге кітапта ақын Мұхтар Шахановтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, 1996 жылы Қытай Халық Республикасының төрағасы Цзян Цземинмен және заманымыздың ұлы қаламгерлері Ғабит Мүсіреповпен, Шыңғыс Айтматовпен, Расұл Ғамзатовпен, басқа да шетелдік қоғам қайраткерлерімен бірге түскен фотосуреттері берілген. Жинақтың соңғы бөлігінде халқымызға кеңінен таралып кеткен ақынның әндері жарияланған. Кітап 5 мың данамен жарық көрді.

2 жыл бұрын (2009) Қазақстанның танымал жазушысы, публицист және аудармашы Герольд Бельгердің қазіргі қоғамның көкейтесті мәселелерін көтеретін «Қазақ сөзі: таңдаулы» («Казахское слово: избранное») атты жаңа кітабы жарық көрді.

Герольд Белгердің қолынан көптеген мақалалар және 30-дан астам кітаптар жазылған. Жазушы қазақ, неміс және орыс мәдениеттерінің саласында қызмет атқарып, қазақ тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлейді. Президенттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденімен марапатталған. Автор өзінің шығармаларында қазiргi Қазақстан өмiрiнiң көкейкестi сұрақтарын көтерген.

Кiтапқа «Тұйық су», «Разлад» деген екi романы және «Вольные строки» деген үш эссесі енген.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстанда тұңғыш технологиялық әдебиеттер баспасы ашылды. Аталмыш баспа елімізге кеңінен танымал «Арыс» баспасымен бірігіп жасалған жоба болып табылады. Бұл жайында «Тәуелсіз басылым редакторларының қауымдастығы» ҚБ-нің президенті, «Жан» баспасының директоры Жангелді Есенбаев мәлім етті. Ж.Есенбаев соңғы деректер бойынша елімізде 800-ден аса баспа ұйымы мен 700-ге жуық полиграфиялық мекеме жұмыс істейтіндігін айтады. «Олардың 80 пайызы көркем әдебиет шығарса, қалғандары түрлі сала бойынша кітап өндіруде. Дегенмен біздің кітап нарығымызды ресейлік басылымдардың өнімдері жаулап алғаны айдан анық», дейді қауымдастық президенті. Сондай-ақ ол қазақ басылымдарының бағыты мен жүйесі жоқтығын айтады. «Біздің баспаның басты бағыты — адам жанының құпиясын зерттеу, қазақи аудиторияны оккультты ғылымен кеңірек таныстыру және шығыс ғалымдарының еңбектері мен қазақы нанымдарды дәріптеу», — дейді Жангелді Есенбаев.

ЕСІМДЕР

125 жыл бұрын (1886-1973) ғалым-гельминтолог, биология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ШУЛЬЦ Рихард Соломонович дүниеге келді.

Ресейдің Саратов қаласында туған. Саратов университетін бітірген. 1923-1924 жылдары — Паразиттік ауруларды зерттеу жөніндегі Бұқар экспедициясының қызметкері. 1924-1929 жылдары — Бүкілодақтық эксперименттік малдәрігерлік институты гельминтология бөлімінің ассистенті. 1929-1941 жылдары — Бүкілодақтық Гельминтология институты директорының орынбасары. 1947 жылдан бастап Қазақ малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, ғылыми консультанты болған.

Негізгі ғылыми еңбектері гельминттер морфологиясы мен биологиясына, филогенезі мен систематикасына, сондай-ақ мал гельминтоздары иммунологиясы мен патогенезіне, оларды анықтау, емдеу, олардан сақтану мәселелеріне арналған. Ол шошқа аскаридозы мен өкпе гельминтоздары, мал эхинококы кездерінде мал денесіндегі құрттарды айдап шығу әдісін ұсынды. Ішек цестодоздарынан сақтану негіздерін салып, қой өсіретін шаруашылықтарды эхинококтан, тағы да басқа гельминтоздардан арылту жолдарын белгіліп берді.

75 жыл бұрын (1936-1997) әнші, Қазақстанның халық әртісі ЕШЕКЕЕВ Мәдениет Сейітжанұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданында туған. Семей облыстық концерттік-эстрадалық бюросында, «Қазақконцертте» өнер көрсетіп, 1975 жылдан өмірінің соңына дейін Семей облыстық филармониясының әншісі болды. Ол дәстүрлі халық әндерін өз ерекшелігімен аса шебер орындаушы, Жүсіпбек Елебековтің алғашқы шәкірттерінің бірі. Оның репертуарында қазақ халық әндерімен бірге Біржан салдың, Ақан серінің, Абайдың, Жаяу Мұсаның, Балуан Шолақтың, басқа да халық композиторларының әндері кеңінен орын алған. Әсіресе, Мәдениет Ешекеевтің өзіне ғана тән әншілік мәнерін айқын танытатын, оның ерекше нақыш-бояумен орындайтын әндері қатарына Кенен Әзірбаевтың «Бозторғай», Әсеттің «Інжу-Маржан», Балуан Шолақтың «Ғалия», Манарбек Ержановтың «Паравоз», Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ», халық әндері «Сұржекей» мен «Аққұм» жатады. Оның орындауындағы бірқатар әндер Қазақ радиосының алтын қорына жазылып алынған.

МАУСЫМНЫҢ 17-СІ, ЖҰМА

Дүниежүзілік шөлейттену мен қуаңшылыққа қарсы күрес күні. 1995 жылғы қаңтардың 30-ында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1994 жылғы маусымның 17-сіндегі Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясының қабылдануына байланысты маусымның 17-сін Дүниежүзілік шөлейттену мен қуаңшылыққа қарсы күрес күні деп жариялады.

Шөлейттену — қоршаған ортаның әлем бойынша аса қауіпті күйреу үдерістерінің бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта бойынша бағдарламасы мәліметтеріне сай, планетамыздағы құрлықтың төрттен бірі шөл далаға айналу қаупінде екен.

Қуаңшылық шөлейттенуге ұрындыруы мүмкін, бірақ басты кінә, әдетте, адамның іс-әрекеті болып шығады — егістік жерлерді шектен тыс өңдеу, малды бей-берекет жая беру, ормандарды кесіп құрту мен нәтижесіз суландыру.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының қарары барлық мемлекеттерге Дүниежүзілік шөлейттену мен қуаңшылыққа қарсы күрес күнін шөлейттенумен және қуаңшылықтың зардаптарымен күрестегі халықаралық ынтымақтастыққа қатысты конференциялардың, «дөңгелек үстел» мәжілістерінің, семинарлар мен көрмелердің құжаттық материалдары мен ұйымдастыру мәселелерін жариялау және тарату арқылы қоғамның хабардарлығын арттыруға арнауды ұсынады.

Исландия Республикасының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1944). Солтүстік Еуропада Атлант мұхитындағы Исланд аралдарында орналасқан мемлекет. Ел аумағы әкімшілік жағынан 8 аймаққа, 23 ауданға бөлінеді. Астанасы — Рейкьявик қаласы. Ресми тілі — исланд тілі. Ұлттық ақша бірлігі — исланд кронасы. Исландия парламенттік республика. 1944 жылы қабылданған Конституциясы бойынша мемлекет басшысы Президент 4 жылға ашық сайлау арқылы сайланады. Заң шығару билігін Президент пен бір палаталы парламент Альтинг жүзеге асырады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1992) «Ана тілі» баспасы Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл тағлымы» атты кітабын жарыққа шығарды.

19 жыл бұрын (1992) Қостанай облысы Комсомол ауданының атауы Қарабалық болып өзгертілді.

18 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институты құрылды.

13 жыл бұрын (1998) Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясы үйі алдында композитор, Қазақстанның халық әртісі, Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының құрметті азаматы Шәмші Қалдаяқов ескерткішінің ашылу салтанаты болды.

8 жыл бұрын (2003) Астанада «Думан» ойын-сауық орталығының ашылу салтанаты өтті.

Орталық тропикалық балықтары бар мұхитаралдан, 5М-кинотеатрдан, Үлкен күмбезді кеңістіктен және тамақтандыру кәсіпорындары мен сауда жүйелерінен, «Джунгли» аттракционынан тұрады.

«Думан» ойын-сауық орталығының мұхитаралы — ТМД-дағы тұңғыш дүниеге келген бірден-бір нысан. Бұл әлемдегі көк мұхиттан 3000 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан жалғыз мұхитарал, мұндағы су қоры 3 миллион литрді құрайды. Оны әзірлеуде 120 тонна теңіз тұзы пайдаланылған. Мұнда Жердің әр түкпірінен әкелінген 2000-ға жуық теңіз жәндіктері тіршілік етуде.

Мұхитарал түбінде жылжымалы жолмен жарақталған, қалыңдығы 7 сантиметрлік акрил шынысынан жасалған 70 метрлік дәлізі бар және әр түрлі көлемдегі 11 аквариумды екі үлкен көрме аймағынан тұрады. Бір күн ішінде мұхитаралды шамамен 3000-ға жуық адам тамашалайды.

2 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінде кореялық халықаралық ынтымақтастық жөніндегі «KOICA» агенттігі Қазақстанда туристік кластерді дамыту жобасын таныстырды.

Жобада Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында ғарыштық туризмді дамыту, Қамбаш көлінде курорттық аймақ салу, Қорқыт Ата мемориалдық кешенінде этнокурорт салу, сондай-ақ Атырау облысында «Сарайшық» керуен сарайы — туристік орталығын қалыптастыру көзделген. Жоба 2011-2020 жылдарға есептелген.

2 жыл бұрын (2009) Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетi және Болгарияның Пловдив қаласының Аграрлық университетi аралығында студент халықаралық айырбастау туралы келiсiмге қол қойды.

МАУСЫМНЫҢ 18-І, СЕНБІ

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1992) КСРО Түркістан әскери округі таратылды.

4 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» сапалы мемлекеттік қызмет ұсынуды қамтамасыз етуге бағытталған Заңға қол қойды.

2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Жарлыққа қол қойды.

2 жыл бұрын (2009) Оралда б.э.д. VІ-ІІ ғасырлардағы археологиялық қазбалар табылды. Табылған тұрмыс тіршілік заттары және әшекей бұйымдарды бағалау үшін Ресейдің және Германияның ғалымдары шақыртылған. Ғалымдар бұл қазбалардың тарихи маңыздылығы зор екенін бағалап, оларды халықаралық тізімге енетінін хабарлады.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1911-1943) Кеңес Одағының Батыры ЛИТВИНОВ Петр Дмитриевич дүниеге келді.

Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола облысы) Володар ауданында туған. Днепр өзені жағалауында болған ұрыстарда асқан ерлік көрсетіп, жау шабуылына бірнеше мәрте тойтарыс берген. 1943 жылы қазанның 18-і күнгі соғыс барысында қаза тапқан. Днепропетровск облысының Верхнеднепровск ауданы Правобережное ауылында Батырға ескерткіш орнатылса, Володар ауданындағы бір мектеп Петр Литвинов есімімен аталады.

Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

90 жыл бұрын (1921-2001) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері АЙДАРОВ Ғұбайдолла дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Қазіргі Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Тельман ауылында дүниеге келген. Шымкент оқытушылар институтын, Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1944-1959 жылдары — мұғалім, орта мектеп директорының орынбасары, директоры. 1959 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясы Тіл білімі институтында кіші, аға ғылыми қызметкері.

250-ден астам ғылыми-зерттеу еңбек, оның ішінде 10 монография мен жоғары оқу орындарына арналған оқулық жазған.

Ғұбайдолла Айдаров ғылыми еңбектерінде көне түркі ескерткіштерінің мәтіндерін қазіргі графика бойынша транскрипциялап, олардың тілін лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты талдаған, ескерткіштер тілінің қазіргі қазақ тіліне жақындығын зерттеп, дәлелдеген.

70 жыл бұрын (1941-1999) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдікті қорғау комитетін ұйымдастырушы әрі тұңғыш төрағасы, «Өсімдікті қорғау» журналының негізін қалаушы әрі алғашқы бас редакторы ҚАСЫМХАНОВ Рахымбек Қасымханұлы дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1965-1970 жылдары — Қазақ КСР-і Астық өнімдері министрлігінің жетекші, бас маманы. 1970-1977 жылдары — Қазақ КСР-і Дайындау министрлігі Республикалық астық өнімдерін қорғау жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары, бастығы. 1977-1979 жылдары — Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасарының көмекшісі. 1979-1994 жылдары — «Қазауылшаруашылықхимия» РҒӨБ төрағасының бірінші орынбасары. 1994-1996 жылдары — «Құнарлылық» Мемлекеттік акционерлік компаниясынің бірінші вице-президенті. 1996-1999 жылдары — Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекеттік химия комиссиясының, Өсімдікті қорғау комитетінің төрағасы болған.

55 жыл бұрын (1956-2006) заңгер, заң ғылымының кандидаты, полиция генерал-майоры ЕСІМОВ Серік Аяшұлы дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. КСРО Ішкі істер министрлігі Қарағанды жоғары мектебін бітірген. 1979-1986 жылдары — Батыс Қазақстан Көліктегі ішкі істер басқармасының инспекторы, аға инспекторы, аға жедел уәкілі, тергеушісі. 1986-1994 жылдары — Ақтөбе стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімі Социалистік мүлікті талан-таражға салумен күрес бөлімінің бастығы, Қандыағаш стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімінің бастығы, Батыс Қазақстан Көліктегі ішкі істер басқармасының бөлім бастығы, Ақтөбе стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімінің бастығы, Батыс Қазақстан Көліктегі ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары. 1994-1995 жылдары — Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігі Академиясының тыңдаушысы. 1995-1997 жылдары — Батыс Қазақстан Көліктегі ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары, бастығы. 1997-2002 жылдары — Ақтөбе облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы. 2002-2003 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік күзет қызметі департаменті бастығының бірінші орынбасары. 2003-2006 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі аса ауыр қылмыстармен күресті үйлестіру орталығының Батыс аймақтық ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы.

«Криминологическая характеристика краж грузов на на железодорожном транспорте» атты кітабы жарық көрген.

МАУСЫМНЫҢ 19-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Медицина қызметкері күні. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Кувейт мемлекетінің Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1961). Куәйт Батыс Азияда, Арабия түбегінің солтүстік-шығысы мен Парсы шығанағының 9 аралында орналасқан. Астанасы — Әл-Куәйт. Ресми тілі — араб тілі. Діні — исламның сүннит және шиит тармақтары. Ақша бірлігі — Куәйт динары. Куәйт — Конституциялы монархия. 1962 жылғы қараша айында қабылданған Конституция бойынша мемлекет басшысы Куәйт әмірі. Заң шығарушы органы — Ұлттық жиналыс (бір палаталы парламент) 4 жылға сайланған 50 депутаттан және әмір тағайындаған үкіметтің 25 мүшесінен тұрады. Қазақстан Республикасы мен Куәйт мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы қаңтардың 1-інде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

16 жыл бұрын (1995) Бейжің қаласында маусымның 19-26 аралығында Абай күндері өтті.

14 жыл бұрын (1997) «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

10 жыл бұрын (2001) Қазақстанда 184,5 шақырымдық Ақсу-Дегелең темір жолы іске қосылды.

5 жыл бұрын (2006) Қазақстан инвестициялық қорының «Investfunds.kz» деп аталатын жаңа сайты іске қосылды. Сайтта өндіріс нарығындағы жаңалықтармен қатар, сараптамалық материалдар, тиісті заң жобалары және инвестициялық жобалар туралы анықтамалар жүйелі түрде беріліп отырады.

5 жыл бұрын (2006) Қызылордадағы қалалық мәдениет және демалыс саябағының кіре берісінде «Сыр бойының батырлары» атты қаладағы ең үлкен ескерткіш-монументтің ашылу салтанаты болды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс, қала басшылары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жалпы қала жұртшылығы қатысты. Мыстан жасалған батырлар жиынтығының монументальды ескерткіші өзінің күрделілігімен, мүсінші шешімінің тосындығы және ойлылығымен, салтанатты айбарлылығымен көрген адамды қуантады. Ескерткіш авторы — Сыр еліне белгілі мүсінші Жәркен Исмайылов.

4 жыл бұрын (2007) Алматыда тұңғыш рет қарт адамдарға арналған «Үшінші ұрпақ мектебі» ашылды. Жоба қалалық әкімшіліктің ішкі саясат департаментінің қолдауымен жұмыс істей бастады.

Мектеп зейнеткерлерге арналған экология және әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы, заңға сүйенген сауаттылықты жоғарлату, өздерінің денсаулығы туралы жаңа білімдерді алуға көмектесетін тегін курстарды өткізеді.

«Үшінші ұрпақ мектебінің» ашылуы қарт адамдардың мәселелерін көтеріп ғана қоймай, оларды шешуге бағытталған мемлекет тарапынан қаржыландырылған алғашқы іс-әрекет.

4 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Алматыда Достық үйінде «Достық үйі — Этносаралық қатынастардың мәселелерін зерттейтін орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны құрылды.

Орталықтың басты мақсаты ұлтаралық қатынастар саласындағы негiзгi мәселелердi анықтау, жұртшылық пiкiрiнiң жүйелi барлауын өткiзу болып табылады.

4 жыл бұрын (2007) қалалық мәслихат шешімімен Семипалатинск қаласы ресми түрде Семей болып өзгертілді.

2 жыл бұрын (2009) Өскеменнің Аблакетка тауында Қазақстанның мемлекеттік туы орнатылды. Еліміздің басты мемлекеттік рәміздерінің бірі — көлемі 6-да 12 метрлік ту теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте орнатылған. Оның қасына үлкен әріптермен жазылған «Қазақстан» орын алған.

1 жыл бұрын (2010) Астанада қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткішінің ашылу рәсімі өтті.

Шараға Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы — Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысып, ұлы ақын ескерткішінін алдына гүл дестесін қойды. Осыдан кейін Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ұлтымыздың рухани ағартушысы, халқына мәңгі өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде мойындатқан, майталман классигіміз Абайға тағзым ету біз үшін аса жоғары мәртебе екендігін баса айтты.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне арнайы келген ұлы ақынның жиені, Абай қорының директоры Балтабек Ерсәлімов, «Абай қазақ халқының көсемі, қазақ халқының бет-бейнесі, қазақ халқының төлқұжаты. Бүгінгі егемен еліміздің бүкіл идеологиясы Абайдың өсиетімен, ақылымен, арманымен жүруі керек», деген пікірін алға тартты. Сонымен қатар ол ескерткіш көңілінен шыққандығын айтып, «нағыз Абай атамды өзінің халқыменен бірге келе жатқанын көргендей әсер де болдым», дейді.

Абай мен Бейбітшілік көшелерінде бой көтерген ұлы ақынның еңселі ескерткіші стилобат, постамент және мүсіннен тұрады. Монументтің жалпы биіктігі — 17,750 метр, ал Абай мүсінінің биіктігі — 7,550 метр. Мүсіндік композицияның барлық элементтері бір қалыпта әзірленіп, таза қоладан құйылған. Салмағы — 10 тонна. Ескерткіш авторы — алматылық мүсінші Болат Досжанов.

Астана әкімдігінің таратқан ақпаратқа сәйкес, ақынның туған күніне орай жыл сайын ұйымдастырылатын Абай оқулары енді осы жерде өтетін болады.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саясат жөніндегі консультативтік кеңес төрағасының орынбасары, шығыстанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Әлеуметтану ғылымы академиясмының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Саясаттану ғылымы академиясының академигі және вице-президенті СЫРОЕЖКИН Константин Львович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Африка және Азия елдері институтын, КСРО Ғылым академиясы Қиыр Шығыс институтының аспирантурасын бітірген. 1986-1991 жылдары — Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Ұйғыртану институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1991-1996 жылдары — Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Шығыстану институты Қытай бөлімінің меңгерушісі. 1996-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері. 1997-1998 жылдары -«Kazakhstan» ақпараттық-талдау орталығыының бағдарламалар жетекшісі. 1998-2000 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары. 2000-2005 жылдары — «Континент» журналы ақпараттық-талдау бөлімінің жетекшісі, «РR және саяси талдау орталығы» ЖШС-інің президенті, Тиімді инвестицияларды зерттеу агенттігі Сараптама орталығының басшысы, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2006 жылдан бастап істейді.

400-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

45 жыл бұрын (1966) Лев Гумилев атындағы ұлттық Еуразия университетінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, Лев Гумилев атындағы ұлттық Еуразия университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының Сұлтанбек Қожанұлы атындағы сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының иегері ҚАМЗАБЕКҰЛЫ Дихан дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті) бітірген. 1990-1996 жылдары — Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1996-2000 жылдары — Лев Гумилев атындағы Еуразия университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. 2000-2001 жылдары — Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінің аға ғылыми қызметкері. 2001-2004 жылдары — Қазақ ұлттық Музыка академиясы Тіл және әдебиет кафедрасының меңгерушісі. 2004-2005 жылдары — Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық институтының директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді.

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның мүшесі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның мүшесі, Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның мүшесі, Республикалық Ономастика комиссиясының мүшесі, Астана қаласы Ономастика комиссиясының мүшесі, Қазақстан халқы Кіші ассамблеясының мүшесі, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Хабаршысының» (гуманитарлық серия) жауапты редакторы, «Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары» ғылыми анықтамалығының жауапты редакторы. «Смағұл Сәдуақасұлы», «Руханият», «Алаш және әдебиет», «Пайым» атты монографиялардың, «Ағартушылық және әдебиет» оқу құралының, Жүсіпбек Аймауытовтың 5 томдығын, Смағұл Сәдуақасұлының 2 томдығын, Қошке Кемеңгерұлы таңдамалы шығармаларының, Қошке Кемеңгерұлының 3 томдығының авторы.

«Қазақтың Қошкесі», «Астана туралы бата», «Көздің қарашығындай» деректі фильмдері сценарийінің авторы. 450-ге жуық журнал мен газет мақалаларының, 150-ден астам теле-радио материалдарының авторы.

«Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгісімен марапатталған.

35 жыл бұрын (1976) «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президентінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты БОҚАШ Ғалым Қабдулұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Пәкістанда, Үндістанда, Жапонияда еңбек өтілінен өткен. 1999-2001 жылдары — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің хинди және урду тілдерінің оқытушысы. 2000-2001 жылдары — «Қазақ әдебиеті» газетінің халықаралық шолушысы, «Хабар» агенттігі» ЖАҚ-ының Пәкістандағы арнаулы тілшісі. 2001-2005 жылдары — «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ қоғамдық-саяси бағдарлама редакциясының жетекшісі, Ақпараттық-талдау бағдарламасының директоры және «Мезгіл» сараптамалық бағдарламаларының жүргізушісі, басқарма төрағасының орынбасары. 2005-2006 жылдары — Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 2009-2010 жылдары — Ирандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі болған. 2010 жылдың сәуір айынан бастап Прагадағы (Чехия) «Свободная Европа-Радио Свобода» Радиосының Қазақ редакциясында қызмет атқарады.

«Хроника утраченного света» деректі фильмі сценарийінің авторы.

Соңғы жаңалықтар