19 мамыр күні Минскіде ТМД Үкімет басшылары кеңесі, Мемлекетаралық кеңес пен ЕурАзЭҚ отырыстары өтеді. Оған ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысады.
19 мамырда «Radisson SAS» қонақ үйінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Мәдениет министрлерінің кеңесі болады.
19 мамыр күні «Radisson SAS» қонақ үйінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің делегация басшылары бірге суретке түседі.
19 мамырда ЕурАзЭҚ Атқарушы комитеті жанындағы мәдениет жөніндегі кеңестің 2-ші отырысы өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
19 мамыр күні Мәжіліс үйінде көші-қон тақырыбына қатысты дөңгелек үстел өтеді.
19 мамырда ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстанның электроэнергетикасының қазіргі жағдайы мен даму болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.
ҚОҒАМ
26 сәуір мен 25 мамыр аралығында Ішкі істер министрлігі республикалық «Назар аударыңыз — бағдаршам!» айлығын өткізеді. Бұл акцияның мақсаты — балалар жол-көлік жарақатының алдын алу және жүргізушілердің назарын кәмелетке толмаған жаяу жүргіншілерге аудару.
6 мамырдан бастап, «Дегдар» гуманитарлық қоры, «JTI» компаниясының қолдауымен еліміздің бес қаласында — Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент және Қарағанды қалаларында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне классикалық музыкадан қайырымдылық концерттер ұйымдастырады.
23 мамыр мен 2 маусым аралығында Төтенше жағдайлар министрлігі халықаралық құтқарушы бөлімшелердің 16-шы «Қазспас-2011» халықаралық семинар — жиынын ұйымдастырмақ.
СПОРТ
19 мамыр күні Алматыда «Олимпиада күніне» орай қалалық жүгіруді дайындау мен өткізу мәселелері бойынша баспасөз мәслихаты өтеді.
АСТАНА
19 мамырда Еуропалық қайта құрастыру және даму банкі Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы отырысы аясында Қазақстанның инвестициялық форумы өтеді.
19 мамыр күні Еурпалық қайта құрастыру және даму банкісінің басшысы Томас Миров №25 мектепке барады.
19 мамырда «Қазақстан орталық концерт залында» ШЫҰ және ЕурАзЭҚ елдерінің өнер фестивалі болады.
19 мамыр күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында Еуропалық Комиссияның ұйымдастыруымен гендерлік теңдік тақырыбындағы дүниежүзілік конкурстың аясында балалардың сурет көрмесінің ашылу рәсімі өтеді.
19 мамыр күні «Көрме» көрме кешенінде энергияны тиімді пайдалану мәселесі бойынша конференция болады.
9 сәуірден 15 маусымға дейін Астананың Жеңіс және Иманов көшелерінде жол-құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
19 мамырда елордада ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің ән-би ансамблі концерт қояды.
19 мамырда Астанада БҰҰ Даму Бағдарламасының Администраторы Хелен Кларк ханым Қазақстанға ресми сапары барысында ҚР Мемлекеттік басқару академиясында өтетін «Қазіргі заманғы әлемдегі және Қазақстандағы әйел көш басшылар» атты дөңгелек столға қатысады.
19 мамырда елордадағы Тәуелсіздік сарайында Еурпалық даму және қайта құру банкі Басқарушы кеңесінің жыл сайынғы отырысы аясында Қазақстанның инвестициялық форумы өз жұмысын бастайды.
19-20 мамыр күндері Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында драматург Е.Жуасбектің «АНТИВИРУС» спектаклінің тұсауы кесіледі.
20 мамырда ҚР Президенттік мәдениет орталығында екі ғасырдың куәгері, Алатаудың бұлбұлы атанған қазақ халқының дүлдүл ақыны, жыршысы, күміс көмей әншісі әрі композиторы Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы түсірілген «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильмнің тұсауы кесіледі.
22-30 мамыр аралығында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының еліміздің бас қаласы- Астанада гастрольдік сапарлары өтеді.
25 мамырда Президенттік Мәдениет Орталығының залында «Қазақстан Камератасы» ғажайып бағдарламаны — қазақстандық композиторлардың қазіргі заманғы музыкасы орындалады.
АЛМАТЫ
19 мамыр күні Алматыда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ баспасөз мәслихаты өтеді.
19 мамырда Алматыда Қытай және Қазақстан кәсіпкерлерінің іскерлік кездесуі болады.
19 мамыр күні «Intercontinental» қонақ үйінде Алматы-Мәскеу бейнеконференциясы өтеді, конференция барысында Қазақстанның балалар дәрігерлері Мәскеудің профессорларымен бейнеконференция арқылы тәжірибе алмасады.
29 мамыр күні Алматыда автоәуесқойлар мерекесі өтеді.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
МАМЫРДЫҢ 19-Ы, БЕЙСЕНБІ
Түркияда жастар және спорт күнi. Бұл күн Түркияның ұлттық мерекесі болып саналады. Мереке бастапқысында жастармен де, спортпен де ешқандай байланыспаған. Қара теңiздің Самсун Портында Түрiк республикасының бiрiншi президенті Мұстафа Кемаль Ататүрік 1919 жылдың 19 мамырында шетелдiк интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Сол кезде Түркия мен Грекия соғысып жатқан болатын. Тәуелсіздік үшін ұлттық қозғалыстың негізін жастар құрады. Ататүрік республиканың болашағын құруды жастардың қолына бере отырып жаңа мемлекеттің маңызды элементін жасауды көздеді.
ОҚИҒАЛАР
16 жыл бұрын (1995) Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен банкноттық фабрикасы ашылды.
Банкноттық фабрика жалған ақша белгілерінен қорғайтын, көркем және полиграфиялық өнімді жоғары деңгейде орындайтын бірегейлі жабдықтардан құрылған. Оның меншiктi базасынан номиналы 100, 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттар шығарылған. Қазiр фабрикада банкноталардан басқа төлқұжат, куәлiк, диплом, аттестат, куәлiк қағаз, акциз маркалары сияқты құжаттардың жүзден астам түрлерi шығарылады.
6 жыл бұрын (2005) Астанада Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшілігі ашылды. Елшіліктің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларус Президенті Александр Лукашенко қатысты.
Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 16 қыркүйегінде орнаған.
6 жыл бұрын (2005) қарағандылық Василий Кузнецов «ТМД елдерінің еңбек сіңірген энергетигі» белгісімен марапатталды. Марапаттау құжатына ТМД-дағы электрэнергетикалық кеңесiнiң президентi Анатолий Чубайс қол қойды.
Василий Павлович Кузнецовтың бүкіл еңбек жолы энергетика саласымен байланысты. Ол Қарағандыға Мәскеуден көшіп келген. Орталық диспетчерлік қызметінде жұмыс істеп, кейін сол орталықты басқарды. Теміртаудағы КарГРЭС-1, Жезқазғандағы ТЭЦ-ті орнатуға және тұрба генераторларды іске қосуға өзінің үлесін қосты. Энергетикалық кәсiпорындарға пайдалануға арналған нұсқауларды жасап шығарған. Бірнеше рет ордендермен және медальдермен марапатталған.
5 жыл бұрын (2006) Павлодарда белгілі ақын Виктор Семерьяновтың талантты публицист, тарихшы және философ Мәшһүр Жүсіп Көпейдің шығармашылығы мен тағдырына арналған «Мәшһүр шыңы» кітабы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. В.Семерьяновтың жаңа туындысына алғысөзді Мәшһүр Жүсіп атындағы Павлодар Орталық мешітінің бас имамы Жұмабай қажы Ықылас жазған. Жаңа туындыға жоғары баға беріп өткен Жұмабай қажы: «Мәшһүр шыңы» менің көзқарасымша, қазіргі орыс поэзиясындағы жаңа құбылыс болып табылады», — деп атап көрсетеді. Кітап фотосуретші Александр Пархоменконың Мәшһүр Жүсіптің отаны — Баянауылда жасалған табиғат суреттерімен көркемделген.
5 жыл бұрын (2006) Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде әлемге танылған қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтың мерейтойына орай, ақын атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім мен тәрбие беру орталығы ашылды. Университет ректоры, профессор Тілектес Есболовтың айтуынша, ауыл шаруашылығына білікті мамандар даярлаумен айналысатын жетекші жоғары оқу орны қабырғасында бұндай орталықтың ашылуы ? жастардың бойына азаматтық, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруде үлкен рөл атқарады. Тәрбие жұмыстары барысында ақынның өмірі мен шығармашылық жолы жастарға үлгі болып, болашақта олардан да Олжас аталарындай арыстар шығарына сенімдімін, дейді ректор. «Қазақстанның болашағы білімді жастардың қолында», деп атап өткен ақын университет ұжымына алғыс білдіріп, университетті тәмамдаған студенттердің болашақта ауыл өмірін көтереріне сенім білдірді. Сондай-ақ, бүгін оқу орны қабырғасындағы Октябрь Жарылқапов атындағы воллейбол залында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Чех мемлекеттерінің командаларының қатысуымен О.Сүлейменов атындағы воллейболдан халыққаралық турнир ашылады.
5 жыл бұрын (2006) елордадағы Президенттік мәдениет орталығында қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 75 жыл толуына арналған шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кешке Мұқағали талантын құрметттейтін ақындар, жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Кеше жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын ақын сөзіне жазылған «Сәби болғым келеді», «Анама», «Қайран, Қарасазым-ай!» және басқа да әндер шырқалды, оның жырлары қалықтады. 1931 жылы Алматы облысы Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында өмірге келген Мұқағали Мақатаевтың алғашқы өлеңі 1948 жылы аудандық «Советтік шекара» газетінде жарық көрген болатын. Ал тұңғыш жыр жинағы 1964 жылы «Ильич» деген атпен басылды. Кейін — «Армысыңдар, достарым» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Дариға-жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975) деген және басқа да кітаптары бірінен кейін бірі оқырман жүрегінен жол тапты. 1976 жылы 45 жасында шығармашылық жағынан кемеліне келіп, толысқан кезінде көз жұмған Мұқағали Мақатаев есімімен 1978 жылдан бері Қазақстан жазушылар одағы ең үздік ақынға арнайы сыйлық тағайындап келе жатыр. М.Мақатаев атындағы сыйлықтың алғашқы иегерлері — Несіпбек Айтов, Жүрсін Ерманов, Ерік Асқаров. М.Мақатаев сонымен қатар А.Дантенің, У.Шекспирдің, Р.Бернстің, А.Блоктың, А.Пушкиннің, Н.Некрасовтың, Е.Евтушенконың, Н.Тихоновтың, А.Исакянның А.Акопянның шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Оның көптеген өлеңдері әнге айналып, ел аузында жүр. 2000 жылы ақынның «Аманат» атты таңдамалы жинағына ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
1 жыл бұрын (2010) Алматыда «Қазақстан және қазіргі заманғы жаһандық қауіп-қатерлер» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфернция аясында «Президент Нұрсұлтан Назарбаев және қазіргі заманғы Қазақстан» деп аталатын 3 томдық жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.
Кітаптың 1-ші томы «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы», 2-ші томы «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның саяси реформалар стратегиясы», 3-ші томы «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның ішкі саясаты» деп аталады. Жинақ «Астана — кешенді әлеуметтік зерттеулер институты» қоғамдық қорының қаржыландыруымен жарық көріп отыр. Жинаққа Елбасының республикалық жиындарда, мемлекетаралық саммитер мен халықаралық форумдарда және басқа да түрлі басқосуларда сөйлеген сөздері, дәрістері, мақалалары, сұхбаттары топтастырылған.
1 жыл бұрын (2010) Прагада Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі мен Чехия Республикасының Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Келіссөздер қорытындылары бойынша Қазақстан ТЖМ мен Чехия ІІМ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, оған сәйкес тараптар өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білікті маман кадрларды дарлау және қайта даярлау, жаңа технологияларды енгізу, атап айтқанда, Қазақстан аумағында алдын ала дабыл беру жүйесін құру, конференциялар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды ескерту жөніндегі ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, бірлескен жаттығулар өткізу саласы бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниетті.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1946) әнші, Қазақстаның халық әртісі БЕКБОСЫНОВ Қажыбек Құдайбергенұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Ақсу ауданында туған. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын бітірген. 1967-1996 жылдары «Қазақконцерт» әншісі болған. 1996 жылдан Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әншісі. Репертуарында Мұхит, Ақан сері, Біржан, Әсет, Жаяу Мұса, Кенен, Естай әндері бар. Ол орындаушылық шеберлігімен қазақ әншілік өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында дәріс береді.
60 жыл бұрын (1951) Маңғыстау облысы сот актілерін орындау бойынша департаментінің бастығы, Қазақстан Республикасы Прокуратура органдарының құрметті қызметкері КЕМЕЛХАНОВ Жаңабай Шандыбайұлы дүниеге келді. Маңғыстау облысында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1974-1980 жылдары — Маңғыстау аудандық прокуратурасының тергеушісі, Шевченко қалалық прокуратурасының аға тергеушісі. 1980-1988 жылдары — Мұнайлы ауданының прокуроры. 1989-1991 жылдары — Гурьев қаласының прокуроры. 1991-1992 жылдары — Актау қаласының прокуроры. 1992-1995 жылдары — Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары. 1995-1997 жылдары — Маңғыстау облысы бойынша Мемелекеттік тергеу комитеті бастығының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мемелекеттік тергеу комитеті Экономикалық және лауазымды қылмыстарды тергеу департаменті бастығының орынбасары. 1997-1998 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Бас тергеу басқармасы алдын ала тергеу басқармасының бастығы. 1999-2001 жылдары — Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Маңғыстау облысы бойынша тергеу департаментінің басқарма бастығы, Сот актілерін орындау комитетінің департамент бастығы. 2001-2004 жылдары — Маңғыстау облысы соттар әкімшісінің орынбасары. 2004-2010 жылдары — Маңғыстау облысы соттар әкімшісі қызметтерін атқарған. 2010 жылдың қазан айынан бастап — қазіргі қызметінде
«Үздік еңбегің үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» « Астанаға 10 жыл»», «Сот жүйесінің құрметті қызметкері» медальдарымен марапатталған.
55 жыл бұрын (1956) «Сапаржай-Астана» мемлекеттік қазынашылық кәсіпорнының диекторы БАЙЖАХАНОВ Бағдат Ілиясұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын (Қарағанды техникалық университеті) бітірген. Еңбек жолын кеңшарда автомеханик болып бастаған. 1981-1983 жылдары — Қарағанды жүк көліктері басқармасының инженері, аға инженері. 1983-1987 жылдары — «Қарағандытрансагентство» көлік транспорты кәсіпорнының автоколонна бастығы. 1987-1996 жылдары — Қарағанды облыстық атқару комитетінің бас маманы. 1989-1996 жылдары — «Қарағандытрансагентство» көлік транспорты кәсіпорнының бастығы. 1996-1998 жылдары — Қарағанды қаласы әкімінің бірінші орынбасарының кеңесшісі. 1998-1999 жылдары — Қарағанды облыстық «Жолаушылар транспортын басқару қызметі» кәсіпорнының директоры, Астана қаласы Транспорт департаменті директорының орынбасары. 1999-2000 жылдары — президент ОАО «Ақмолақалалықэлектротранс» ашық акционерлік қоғамының президенті. 2000-2003 жылдары — Астана қалалық транспорт және коммуникация басқармасының бастығы. 2003-2005 жылдары — Астана қалалық транспорта және байланыс басқармасының бастығы 2005-2006 жылдары — Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің директоры, Астана қаласындағы « №1 Автобус паркі» ашық акционерлік қоғамының басқарма бастығы города Астаны. 2006-2007 жылдары — Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.
МАМЫРДЫҢ 20-Ы, ЖҰМА
Дүниежүзілік метрология күні. Бұл күн өркениетті елдердің бәрінде арнайы түрде аталып өтіледі. Атап айтқанда түрлі кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер түрінде көрініс тауып, әр ел өздерінің метрология саласында жүргізген жұмыстарының қорытындысын шығарады. Сондай-ақ өзара тәжірибелерімен бөлісіп, маңызды деген мәселелер талқыға түсіп отырады.
Метрология (грек тілінде metron — өлшем және logos — сөз, ілім) — өлшеу туралы өлшеудің бірлігі мен қажетті дәлдікке жету тәсілдері туралы ғылым. Метрологияның негізгі мәселелеріне: өлшеудің жалпы теориясы, физикалық шамалардың және оның жүйелерінің бірліктерін ұйымдастыру, өлшеудің әдістері мен құралдары, өлшеудің дәлдігін анықтау әдістері (өлшеудің қателіктер теориясы), өлшеу бірлігін және өлшеу құралдарының метрология жарамдылығын қамтамассыз ету (заңды метрология) эталондар мен өлшеу құралдарының үлгілерін жасау, эталондарды бірлік өлешемдерін тарату әдістері жатады. Метрология алғашқыда өлшеудің әр түрлі тегін (сызықты, сыйымдылық, салмақ, уақыт) жазумен сонымен қатар бірнеше мемлекеттерде қолданылған ақша және олардың ара қатынасын табумен айналысты. Метрологияның күрт дамуына 1975 жылы Метрикалық конвенциясының (құрамында 17 мемлекет бар) қорытындысы (Өлшеу мен таразылар және өлшеудің метрикалық эталонын жасаудың халықаралық мекемесі) себепші болды. Қазіргі кездегі метрология физика, химия т.б. жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін пайдаланып, физикалық тәжірибенің жоғарғы дәлдігіне сүйенеді. Қазақстанда алғашқы метрологиялық мекеме 1923 жылы Семей қаласында ұйымдастырылды. Ол 1925 жылы Семей және Жетісу губернияларындағы таразыларды, ұзындық пен көлем өлшемдерін тексеруді жүзеге асыратын өз алдына жеке палата болды. Оның бөлімдері Петропавл, Ақтөбе, Алматы қалаларында жұмыс істеді. 1930 жылы палата Алматыға көшірілді. 1974 жылы Алматы қаласында арнайы эталондар сақтайтын ғимарат салынды.
Республиканың метрологиялық қызметінде тексеру жұмыстарын жүргізу үшін 20 жұмыс эталоны (қысым, температура, масса, ұзындық, электрлік сыйымдылық, электрлік кедергі, түзу, түзу сызық, т.б.) қолданылады. 2000 жылы Қазақстанда мемлекеттік уақыт және жиілік эталоны пайдалануға енгізілді.
Куба Республикасының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні. 1902 жылдан бастап атап өтіледі. Испан отарынан құтқарған американдықтардың әскери үкіметі Куба жерін 10 жыл басқарып, 1902 жылы бар билікті Куба президенті Эстраде Пальмеге ұсынды. Куба — Америкадағы, Вест-Индиядағы мемлекет. Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлықтары аралығында Куба, Хувентуд және олардың жанындағы Үлкен Антиль аралдар тобында орналасқан. Аралдардың жапы саны 1600-ге жуық. Олардың көпшілігінде адамдар қоныстанбаған. Астанасы — Гавана қаласы. Ресми тілі — испан тілі. Ақша бірлігі — Куба песосы. 1976 жылғы қабылданған Конституция бойынша мемлекет билігі халықтық өкіметтің қолында. Ол өз депутаттары арасынан Мемлекеттік Кеңес сайлайды және Министрлер Кеңесінің мүшелерін бекітеді. Осы екі Кеңестің төрағасы мемлекет басшысы болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы мен Куба арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.
Сауд Арабстаны Корольдігінің Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні. Сауд Арабстаны Оңтүстік-Батыс Азияның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Араб түбегінде және Қызыл теңіздегі, парсы шығанағындағы аралдарда орналасқан. Солтүстігінде Иорданиямен, Иракпен, Куәйтпен, оңтүстік және оңтүстік-батысында Йеменмен, Оманмен, Біріккен Араб Әмірілігімен, Катармен шектеседі. Әкімшілік жағынан 13 ауданға бөлінеді. Астанасы — Ар-Рияд қаласы. Ресми тілі — араб тілі. Ақша бірлігі — реал. Сауд Арабстаны — абсолюттік манархия. Мемлекет басшысы — Король. Жоғары заң шығарушы органы — Король және Консультативтік кеңес. Жоғары атқарушы органы — Министрлер Кеңесі.
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабстаны арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы сәуірдің 30-ында орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
71 жыл бұрын (1940) Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыс сақинасы» жол құрылысы басталды.
11 жыл бұрын (2000) «Алпамыс батыр» жырының 1000 жылдығы республика көлемінде аталып өтті.
6 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың заңнамасы негіздерінің мәртебесі, оларды әзірлеу, қабылдау және іске асыру тәртібі туралы шартты бекіту туралы» Заңға қол қойды.
3 жыл бұрын (2008) НАТО киберқауіптерден қорғанудың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін жүргізетін жаңа орталығын ашты.
Орталық киберқауіптерден қорғану саласында тәжірибелер және дайындықтар жүргізетін болады. Орталықта қызметшілерінің саны — 30 адам болады, олардың тең жартысы — альянс қызметіне қолдау көрсетуші елдер: Германия, Испания, Италия, Латвия, Литва, Словакия және Эстония елдерінің мамандары болмақ. «Орталықты құрудағы мақсат — киберқауіптерден қорғану жөніндегі тәжірибелерді жүзеге асыру және дайындық жүргізу болып отыр. Мұндай орталық НАТО-ға бұл саладағы қауіптерге бой бермеуге және оларға қарсы табанды күресуіне мүмкіндік беретін болады», деді құжатқа қол қою рәсімінде НАТО-ның трансформациялау жөніндегі жоғарғы бас қолбасшысы генерал Джеймс Маттис.
3 жыл бұрын (2008) Астрахан қаласының теңіз айлағында «Жайық» гидрогеографиялық кемесінде Қазақстан Республикасы Туының салтанатты көтерілу ресімі болды. Кемені Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша «Астрахан кеме зауыты» ресейлік кәсіпорны жасаған.
Салтанатты рәсімде Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы контр-адмирал Р. Комратов, Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Ж. Жанұзақов, «Жайық» гидрогеографиялық кемесінің капитаны, Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің аға лейтенанты А. Тудаков, Астрахан қаласындағы Қазақстан Республикасы Консулдығының қызметкерлері болды. Ресей тарапынан РФ Қорғаныс министрлігі Каспий флотилиясы қолбасшысының бірінші орынбасары О. Журавлев, РФ шекара және кеден қызметтерінің өкілдері қатысты.
1 жыл бұрын (2010) Мәскеуде ИТАР-ТАСС агенттігінің кеңсесінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен ағылшын жазушысы Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан жасампаздығы» кітабының орысша аудармасы таныстырылды.
Өз сөзінде К.Мәсімов кітап авторына, басылымды ұйымдастырғаны үшін ИТАР-ТАСС агенттігіне және ресейлік «Көркем әдебиет» баспасына алғысын білдіріп, бұл еңбекте шынайы көзқарас және алдын ала екшелмеген дұрыс пікір көрініс тапқанын атап өтті.
Шараға қатысқан кітап авторы Дж.Айткеннің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын батыста алғашқы болып қолға алу арқылы Қазақстанның да, Ресейдің де қызықты тарихына, саясатына және мәдениеті әлеміне бойлаған. «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірін, әрине, эпикалық саяси баяндау деп айтуға болады, сонымен қатар жылы адами қатынастар сәттері көп», — деп атап көрсетті жазушы.
ЕСІМДЕР
165 жыл бұрын (1846-1902) орыс шығыстанушысы, ағартушы, миссионер КАТАРИНСКИЙ Василий Владимирович дүниеге келді.
Ресейдің Орынбор қаласында туған. Қазан қаласындағы діни семинарияны, кейін діни академияны бітірген. 1975 жылдан бастап Орынбор округінде татар, башқұрт және қазақ мектептері жөніндгі окургтік инспектор болып тағайындалып, осы жұмысты ұзақ жылдар атқарған. Сонымен бірге діни мектептердегі оқу-тәрбие жұмысының барысын бақылап отыру тапсырылған. Ол Алтынсариннің оқу ісі саласындағы идеяларын қолдап, оның іске асуына тікелей көмек берген. Торғайда облыстық және ауылдық училищелер мен мектептердің ашылып, қалыптасуына көп еңбек сіңірген. Ырғыздағы қыздар училищесіне және Орскідегі қазақ оқытушыларын даярлайтын мектепке қамқоршы болған. Сондай-ақ Орынбор окургіне қатысты оқу-ағарту істерімен байланысты құжаттар даярлап, олардың жүзеге асуына ерекше көңіл бөлген. Оның қазақ мектептері үшін орыс тілінде «Қырғыздарға арналған әліппе», «Қырғыздарға арналған орыс тілінің бастапқы оқулығы» атты оқу құралдарын жазып, қазақ тілінің грамматикасын, сөздігін жасауға қатысқан.
105 жыл бұрын (1906-1944) Кеңес Одағының батыры ИШАНОВ Естай дүниеге келді.
Қостанай облысының Жітіқара ауданында туған. Ұлы Отан соғысы майданында 60-шы армияның 3-ші гвардия Бахмач жеңіл артиллерия бригадасының 206-ші полкі құрамында ұрысқа қатысқан. Гвардия кіші сержанты Ишанов Днепрдің батыс жағалауындағы Медвин ауданында болған ұрыста дұшпанның 3 танкісін, қару-жарақ тиеген 7 автокөлігін, батальонға жуық жаяу әскерін жойған. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ол Висла өзенінен өту кезіндегі ұрыста ерлікпен қаза тапқан.
2-ші дәрежелі Отан соғысы, 3-ші дәрежелі Даңқ, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. Батырдың туған жері Жетіқара қаласында ескерткіш орнатылған.
75 жыл бұрын (1936-1995) филология ғылымының кандидаты, профессор АРЫНОВ Мұхтар Ғалиұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Алматы мемлекеттік шет тілдер институтын бітіргеннен кейін осы оқу орнының оқытушысы, кафедра меңгерушісі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының проректоры, Білім министрлігінің бөлім меңгерушісі болған. 1983 жылдан өмірінің соңына дейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің ректоры болды. Оның «Неміс тілінің қысқаша грамматикасы», «Неміс тілі грамматикасы» оқулықтары тіл білімі ғылымындағы елеулі табыс ретінде бағаланады. Ол 1989 жылы халыаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына ұйытқы болып, Ақтөбе облысындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде қазақ тілінде оқытатын мектептердің ашылуына көп күш-жігерін жұмсады. Арыновтың ұйымдастыруымен «Ақтөбе өңіріндегі білім беру жүйесінің дамуы» мұражайы, Абай мұражайы ашылды. Оның ұлттық философиялық, дидактикалық, этнографиялық және этнолингвистиклық деректер негізінде жазылған «Бес анық» кітабы қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымын зерделеуге арналған алғашқы еңбектердің бірі, сонымен қатар ұлттық рухтың ерекшелігін көрсететін тіл, дін, салт-дәстүр, тарих, атамекен туралы ой-толғамдары халықтық педагогика пәнінің қалыптасуына негіз болып қаланды. Ол Есет, Көтібар батырлардың, күйші Қазанғаптың тарихи-сәулет кешендерінің бой көтеруіне ұйытқы болды. Әйтеке бидің, кердері Әбубәкірдің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге елеулі үлес қосты. Ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының «Тілдер туралы», «Жоғары білім туралы» заңдарының қабылдау мен талдау жұмысына қатысқан.
65 жыл бұрын (1946-2002) тарихшы-мұрағатшы, тарих ғылымының кандидаты ХАСАНАЕВ Марат Жақсыбайұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Мәскеу тарих-мұрағат институтын бітірген. 1975-1979 жылдары — Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Бас мұрағат басқармасының инспекторы, аға инспекторы. 1979-1994 жылдары — — Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының директоры. 1994-1996 жылдары — — Қазақстан Республикасы Бас мұрағат және іс қағаздары басқармасының бастығы. 1996-2000 жылдары — «Сорос-Қазақстан» қорының сарапшысы. 2000-2002 жылдары — Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының директоры болды.
100-ден астам ғылыми еңбектердің және «Архивное строительство в Казахстане (1920-1980)» атты кітаптың авторы.
МАМЫРДЫҢ 21-І, СЕНБІ
Дүниежүзілік қарым-қатынас пен даму мақсатындағы мәдени әралуандылық күні. 2002 жылғы желтоқсанның 20-сында «Мәдениет және даму» қарарымен мамырдың 21-ін Дүниежүзілік қарым-қатынас пен даму мақсатында мәдени әралуандылық күні деп жариялауға қаулы қабылдады.
Қазақстан Бүкіләлемдік табиғи және мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияға 1994 жылғы сәуірдің 29-ында қосылды.
Есте қалар күннің мақсаты — қоғам мәдениетінің әртүрлі құндылығы мен маңыздылығына ақпарат беруі және әртүрлі мерекелік шаралар өткізуіне көмектесу. Бұл күн мәдениет құндылығын терең тануға әлем халықтарының ынтымақтастығының дамуына мүмкіндік береді.
Жұмыссыздықтан қорғау күні. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша жұмыссыздардың саны миллиард адамға жетеді. Бұл ғаламшардағы жұмыс күшінің үштен біріне тең.
ОҚИҒАЛАР
12 жыл бұрын (1999) ақын Мұхтар Шахановқа халықаралық «Руханият» сыйлығы берілді.
12 жыл бұрын (1999) Батыс Қазақстаннан Қара теңіз жағалауына дейін созылатын Каспий мұнай құбырын төсеу басталды.
7 жыл бұрын (2004) Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында бірінші рет Халықаралық органдық музыкалар фестивалі өтті.
6 жыл бұрын (2005) басылым беттерінде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөлім) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы жарық көрді.
4 жыл бұрын (2007) Павлодар облысындағы Успен ауданының орталығында Кеңес Одағының Батыры Максим Милевскийге ескерткіш орнатылды.
Максим Милевский (1923-2005) Успен ауданының Павловка ауылында дүниеге келген, соғыс басталғанда майданға өз еркімен аттанған. Соғыста Сталинградтан Берлинге дейінгі жорық жолдарынан өтіп, Қырым, Литва және Латвияны азат етуге қатысқан. Қазақстандық жауынгер ұрыстардағы ерлігі үшін Қызыл жұлдыз, 3-дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. Кенигсберг түбіндегі шайқаста ержүрек командирге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
2004 жылы Максим Милевский республика алдында сіңірген еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.
3 жыл бұрын (2008) Қазақстанда Ұлттық аэроғарыштық қауымдастық құрылды.
Құрамында аэроғарыштық мекемелердің басшылары, аэроғарыш саласының мамандары, қоғам өкілдері бар ынталы топ Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, ғарышкер Талғат Мұсабеавты қолдап, елімізде кәсіби аэроғарыштық бірлестік — Ұлттық Аэроғарыштық қауымдастық құру қажеттігі жайында мәлімдеме жасады.
Мұндай ұйым елімізді әлемдік аэроғарыштық нарықтың толыққанды мүшесіне айналдыру жоспарын жүзеге асуыруға мұрындық болмақ. Ынталы топ өкілдерінің пікірінше, Қазақстанның әлемдік аэроғарыштық елге айналуға мүмкіндігі жеткілікті. «Байқоңыр айлағы, сынақ алаңдары, кәсіби аэродромдар, дамыған аэронавигациялық жүйе, халықаралық деңгейдегі әуе компаниялары — осыған дәлел. Сондай-ақ елімізде ғарышты бағындыруға арналған алғашқы қадамдар жасалуда» — дейді мамандар. Ұлттық аэроғарыш қауымдастығын құру арқылы оның мүшелері «Байқоңыр» ғарыш айлағының проблемаларын да шешуге ықпал жасамақ.
2 жыл бұрын (2009) «Жеті жарғы» баспасынан екі тілде жазылған «Кеден ісі бойынша сұрақтар мен жауаптар» — «Вопросы и ответы по таможенному делу» атты кітап жарық көрді. Авторы — кеден қызметінің полковнигі Бекен Нұрахметов.
Кітапта оқырмандардың үш жүздей сұрақтарына жауаптар берілген. Онда Қазақстанның заң шеңберiндегі кеден iсi туралы ғана емес, сонымен бірге бiздің елде бекiтiлген халықаралық конвенциялар, басқа да мәлiметтер жинақталған.
1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы «Сәйкестігі міндетті бағалануға (расталуға) жататын өнімнің Кеден одағының кедендік аумағындағы айналысы туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
ЕСІМДЕР
115 жыл бұрын (1896-1983) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЗАХАРОВ Вадим Павлович дүниеге келді.
Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. Мәскеу электртехника институтын бітірген. 1944-1978 жылдары Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, ғылыми кеңесшісі болды. 1978 жылдан өмірінің соңына дейін Орта Азия ирригация ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді.
Ол кешенді су торабына арнап су шаруашылығы мен су энергетикасы салаларындағы жұмыстарды экономикалық тұрғыдан есептеу әдістерін ұсынды. Орта Азия республикалары мен Қазақстанда электрлендіру ісі және су энергетикасын дамыту жөнінде бағалы ұсыныстар жасады.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
65 жыл бұрын (1946) Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Алтын бесік» журналының бас редакторы, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері БАЛҒАБАЕВ Сұлтанәлі дүниеге келді.
Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітіріп, «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде»), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), журналдарында, «Жалын» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. Он жылға жуық Ғабит Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған.
1978 жылы «Жалын» баспасынан «Жұлдызың жансын» атты қазақ спортшылары туралы деректі повестері мен әңгімелері шыққан. Содан бергі уақытта оның «Алтын сағым», «Құм мен қызғалдақ», «Дала мен дария», «Қазақтың қызыл кітабы» атты повестері мен әңгімелері, мақалалар жинақтары жарық көріп, «Қыз жиырмаға толғанда», «Біз де ғашық болғанбыз», «Қазақша күрес», «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек», «Ең әдемі келіншек», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Жымбала, Мико және қасқыр» атты пьесалары сахнаға қойылған.
55 жыл бұрын (1956) әскери қайраткер, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Қытай Халық Республикасындағы әскери атташесі, генерал-майор ОРАЗОВ Еділ Лұқпанұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Ақ Жайық ауданында туған. Энгельс әскери зениттік-зымырандық қолбасшылық училищесін, Георгий Жуков атындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс академиясын бітірген. 1979-1993 жылдары — Энгельс әскери зениттік-зымырандық қолбасшылық училищесінің взвод командирі, батарея курсанттарының командирі, оқытушысы. 1993-1998 жылдары — Шыңғырлау аудандық әскери комиссары, Батыс Қазақстан облысы әскери комиссарының орынбасары. 1998-2002 жылдары — Маңғыстау облысының және Ақтау қаласының әскери комиссары. 2002-2005 жылдары — Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Ұлттық университетінің бастығы. 2005-2006 жылдары — «Батыс» өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының орынбасары. 2006 жылы — Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінде әскери атташе. 2007 жылы — Маңғыстау облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы. 2007-2010 жылдары — Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери институтының бастығы. Қазіргі қызметінде 2010 жылдан бастап істейді.
Медальмен марапатталған.