2011 жылғы 23-28 мамыр аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі - kaz.caravan.kz
  • $ 470.46
  • 543.1
+15 °C
Алматы
2026 Жыл
4 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2011 жылғы 23-28 мамыр аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

2011 жылғы 23-28 мамыр аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

  • 23 Мамыр 2011
  • 1377
Фото - Caravan.kz

23 мамыр күні «Білім мен ғылымның дамуы» тақырыбында үкімет сағаты өтеді.

ҚОҒАМ

26 сәуір мен 25 мамыр аралығында Ішкі істер министрлігі республикалық «Назар аударыңыз — бағдаршам!» айлығын өткізеді. Бұл акцияның мақсаты — балалар жол-көлік жарақатының алдын алу және жүргізушілердің назарын кәмелетке толмаған жаяу жүргіншілерге аудару.

6 мамырдан бастап, «Дегдар» гуманитарлық қоры, «JTI» компаниясының қолдауымен еліміздің бес қаласында — Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент және Қарағанды қалаларында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне классикалық музыкадан қайырымдылық концерттер ұйымдастырады.

23 мамыр мен 2 маусым аралығында Төтенше жағдайлар министрлігі халықаралық құтқарушы бөлімшелердің 16-шы «Қазспас-2011» халықаралық семинар — жиынын ұйымдастырмақ.

АСТАНА

23 мамырда ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі С.Хасеновтың қатысуымен онлайн-конференция өтеді.

23 мамыр күні «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ баспасөз мәслихаты өтеді.

22-30 мамыр аралығында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының еліміздің бас қаласы — Астанада гастрольдік сапарлары өтеді.

25 мамырда Президенттік мәдениет орталығының залында «Қазақстан Камератасы» ғажайып бағдарлама — қазақстандық композиторлардың қазіргі заманғы музыкасы орындалады.

АЛМАТЫ

23 мамыр күні Алматыда «Қазспас-2011» халықаралық жиыны өтеді.

23 мамырда Алматыда «Эйр Астана» АҚ жаңа ұшақтары мен жаңа бағыттарының тұсаукесері өткізіледі.

23 мамыр күні Қазақстандағы АЭС-тердің құрылысының қажеттілігіне арналған қоғам өкілдерімен кездесу.

23 мамырда «Нестле» компаниясының 2010 жылғы қызмет нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтеді.

29 мамыр күні Алматыда автоәуесқойлар мерекесі өтеді.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

МАМЫРДЫҢ 23-І, ДҮЙСЕНБІ

Әзірбайжанның Экология және табиғи қорлар министрлігі қызметкерлерінің күні. Әзірбайжан Республикасы Президентінің Қаулысымен 2007 жылғы 16-шы мамырда жыл сайын атап өтіледі.

Ямайкада еңбек күні. Алғашқы рет 1939 жылы атап өтілген. Бұл күні Ямайка тұрғындары қоғам игілігі үшін тегін еңбек етуді дәстүрге айналдырған.

ОҚИҒАЛАР

75 жыл бұрын (1936) Мәскеу қаласында өткен қазақ өнері мен әдебиеті онкүндігінің қорытынды концертінде Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрі «Адай», «Серпер», «Көбік шашқан», «Қос алқа», «Қызыл бидай» күйлерін, ал Жамал Омарова «Қараторғай», «Ертіс» әндерін нақышына келтіре орындады.

15 жыл бұрын (1996) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Лев Гумилев атындағы Еуразия университеті туралы» Жарлығы шықты.

11 жыл бұрын (2000) Минскіде Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасы мемлекеттері басшыларының саммиті өтті, онда Кеден одағына қатысушы елдердің жетекшілері интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытудың өзекті бағыттарын белгіледі. Мемлекет басшылары «1996 жылғы 29 наурыздағы экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы Шартқа қатысушы мемлекеттердің 2000-2004 жылдардағы гуманитарлық саладағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы», «Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік және гуманитарлық салалардағы ұлттық заңнамаларын үйлестіру барысы» туралы құжаттарды бекітті.

10 жыл бұрын (2001) Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында Дина Нұрпейісованың туғанына 140 жыл толуына орай республикалық домбырашылар байқауы өтті.

5 жыл бұрын (2006) С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті шығарған жаңа кітап «Батыр аға» деп аталады. Жаңа туынды даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағановтың ерлігі мен өнегелі еңбек жолы туралы баяндайды. Басылым авторы — ұлағатты ұстаз Еркін Монуинов өз кітабын университет оқытушылары мен студенттеріне, қалалық мектептер мұғалімдеріне, ардагерлерге ұсынды.Кітап Қашыр ауданының Сұлуағаш ауылынан шыққан батырдың үлгісі арқылы патриотизм бастаулары, отанға қалтқысыз адалдық туралы сыр шертеді. Соғыстан кейін Қ.Сұрағанов балаларды оқытты, бейбіт өмірде де еңбегі жанып, ордендермен, медальдармен марапатталды. Батырдың туған күні ? мамырдың 25-інде павлодарлықтар Даңқ ескерткішіне келіп, батыр жерлестерінің мерейтойын бірге атап өтеді. Бүгінде жасы 85-ке толып, Алматыда тұрып жатқан майдангердің батырлығы мен еңбек үлгісін олар ешқашан ұмытпайды.

5 жыл бұрын (2006) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Әзербайжан Республикасы Үкіметі арасындағы 1997 жылғы шілденің 10-ындағы Еркін сауда жөніндегі келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі Хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

4 жыл бұрын (2007) Алматыда Азия және Тынық мұхит елдеріне арналған Экономикалық және Әлеуметтік комиссиясы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы және Еуразия экономикалық бірлестіктің ықпалдастық комитеті хашылығының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум Еуразия экономикалық бірлестіктің хатшылығымен және екі аймақтық комиссиясы аралығындағы ынтымақтастықты күшейтуге және Мыңжылдық даму мақсатына қолдау көрсетуге бағытталған.

3 жыл бұрын (2008) Беларуста Ұлы Отан соғысының қазақстандық ардагерлеріне ескерткіш ашылды. Монумент беларус өкіметінің қолдауымен қазақстандық қаражат есебінен орнатылды.

Ұлы Отан соғысы жылдары майданға 1 миллион 700 мың қазақстандық аттанған болатын. Қазақстандық құрамалардың жорығы 1941 жылы Мәскеу түбінде басталып, 1945 жылдың соңында Берлинде аяқталды. Беларусты азат еткен алғашқы құрамалардың қатарындағы Орталық майдандағы 13-ші армияның 15-ші атқыштар корпусының 8-ші дивизиясы Қазақстанда жасақталған еді, бұл дивизияның 47 жауынгері мен командирі Кеңес Одағы Батырының алтын жұлдыздарын алған. Беларусь жерінде жерленген мыңдаған қарапайым жауынгерлермен бірге Кеңес Одағының Батырлары Абдолла Жанұзақов, Қазбек Нұржанов, Ыдырыс Үргеншібаев, Василий Чеботарев, Федор Озмитель, Сүндетқали Есқалиевтың мәйіттері жатыр.

3 жыл бұрын (2008) Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш кентіндегі көшелердің бірі «Астана» деп аталды.

Қазақстанның жаңа елордасы — Астананың 10 жылдығы құрметіне және көше атының өзгеруіне арналған салтанатқа ауылдың барлық дерлік тұрғындары жиналды.

2 жыл бұрын (2009) Алматыда бірінші мамандандырылған құзға өрмелейтін «Skala» орталығының тұсаукесер рәсімі өтті. Кешен қаланың әдемi және экологиялық таза аудандарының бiрі — Үлкен Алматы шатқалында салынған.

Үш қабатты ғимараттың астыңғы қабатындағы үлкен боулдринг залында екі түсіп тұратын сталактика және әр түрлі карниздер орналасқан. Осы жерде биіктігі 15 метрлік ғимараттың барлық қабаттарынан өтетін, өрмелеушілерді кешеннің кез келген қабатынан бақылауға болатын негізгі қабырға орналасқан.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1941) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, 1-санатты Төтенше және Өкілетті елші, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі АХМЕТОВ Әділ Құрманжанұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Алматы шетел тілдері педагогикалық институтын бітіріп, осы институттың оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, деканның орынбасары, деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, ректоры болған. Ал 1990-1992 жылдары АҚШ-тың Аризона штатындағы Тусон қаласында Алматы әкімшілігінің өкілі болды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім комитетінің төрағасы, Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама корольдігіндегі, Ирландиядағы, Норвегия, Швеция корольдіктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған. 2001-2004 жылдары — Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры. 2007 жылдың тамызынан — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, 2007 жылдың қыркүйегінен — Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік Комитетінің хатшысы. 2009 жылдың маусымынан — ЕҚЫҰ төрағасының мұсылмандарға қатысты төзімсіздік пен кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі жеке өкілі.

40-қа жуық ғылыми жұмыстың авторы.

«Құрмет» орденімен, екі медальмен марапатталған.

65 жыл бұрын (1946-2006) қолөнер шебері, этнограф-ғалым, Қазақстан Суретшілер одағының және Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты ШОҚПАРҰЛЫ Дәркембай дүниеге келді.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. 1972-1982 жылдары Республикалық қолөнер мұражайында, «Казреставрация» бірлестігінде бас суретші-реставратор қызметтерін атқарған. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, металл мен ағашты көркемдеп өңдеу кафедрасының меңгерушісі болған.

Жастарды қолөнерге баулитын «Асыл» атты шеберлік мектебін ашқан. Дәркембай Шоқпарұлы халық өнерін зерттеп, насихаттау мақсатымен республикалық мерзімді басылым беттерінде 200-ден аса ғылыми-танымдық еңбек, соның ішінде «Ер қанаты», «Өрім өру», «Домбыра жасау», «Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері», «Бесікке бөлеу — бабалар дәстүрі», т.б. кітаптар жазған. Шеберлік сыры жөнінде телехабарлар жүргізіп, бірнеше деректі және көркем фильмдерге түскен, әрі ғылыми кеңесші болған. Оның металдан, ағаштан, тастан жасаған туындылары бар. Сондай-ақ ол Мұхтар Әуезов, Құланаян Құлманбет, Мұстафа Шоқай, Абдолла Розыбақиев ескерткіштерінің авторы.

65 жыл бұрын (1946) педиатр, медицина ғылымының докторы ӘРІПОВА Айсұлу Абдоллақызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (қазіргі Санжар Аспандияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті), КСРО Медицина Ғылым Академиясының асирантурасын бітірген. 1974-1984 жылдары Қазақ педиатрия ғылыми-зерттеу институтының жаңа туған және мезгілінен бұрын туған балалар бөлімшесінің аға ғылыми қызметкері болған. 1985 жылдан бастап осы бөлімшенің меңгерушісі болып қызмет атқарды.

Ол мезгілінен бұрын туған балалардың миында оттегі жетіспеуі себептерін зерттеп, бұл дертті анықтау, емдеу әдістерін ұсынды.

60 жыл бұрын (1951) шахматтан дүниежүзінің 12-ші чемпионы, жастар арасындағы дүниежүзі чемпионы, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер, спортқа еңбегі сіңген шебер, шахматты шапшаң ойнаудан дүниежүзі және Еуропа чемпионы, шахматтан «Оскар» жүлдесінің тоғыз мәрте иегері КАРПОВ Анатолий Евгеньевич дүниеге келді.

Ресейдің Златоуст қаласында туған. Шахмат ойнауды 6 жасынан бастап, 10 жасында 1-ші разряд, 15 жасында КСРО спорт шебері нормасын орындаған. 10 жыл қатарынан чемпиондық атағын қорғап, тек 1985 жылы Гарри Каспаровтан жеңілген. Осыдан кейін екі мәрте қарымта матчын өткізгенімен, бұрынғы атағын қайтара алмаған.

МАМЫРДЫҢ 24-І, СЕЙСЕНБІ

Славян жазуы мен мәдениеті күні (Қасиеті Кирилл мен Мефодий күні). Бұл мейрам славян халқының алғашқы ұстаздарының қасиетті тең апостолы ағайындылар Кирилл мен Мефодий (ІХ ғ.) құрметіне арналған. Қазіргі ресей күнтізбесіндегі Екінші мемлекеттік-шіркеулік мейрамы (Рождестводан кейін). Мейрамның шығу тарихы шіркеу дәстүрлерінен тарайды, Х-ХІ ғасырларда Болгарияда болған. Қасиетті ағайындылар құрметіне арналған мейрамды атап өту, өткен заманда да барлық славян халықтарында өз орны болған, содан кейін тарихи және саяси жағдайлардың ықпалымен өзінің мағынасын жоғалтты. ХІХ ғасырдың басында славян халқының жаңғыртылуы мен славяндардың алғашқы ұстазының ойы да өзгерді. 1863 жылы мамырдың 11-і (мамырдың 24-і жаңа түрде) орыс жеріндегі қасиетті Кирилл мен Мефодийдің құрметіне арналған мейрамды тойлауға үкім шығарды.

Еуропалық саябақтар күні. Еуропалық ұлттық және табиғи саябақтар федерациясы жариялаған. Аталмыш еуропалық ұйым Еуропаның 36 еліндегі қорғалатын табиғи аймақты біріктіреді. Ең алғашқы рет 1999 жылы өткізілген бұл күн енді бүкіл Еуропада жыл сайын мамырдың 24-інде мерекеленеді.

1909 жылғы мамырдың 24-інде Швецияда тоғыз Еуропалық Ұлттық Саябақтың біріншісі құрылуына байланысты мереке күні таңдалды. Бүгін де Еуропалық саябақтар күні қоршалған жердің халықаралық ынтымақтастықтың символы. Мерекенің пайда болу себебі Еуропа қорықтарының жағдайын жақсарту және олардың жұмысына қоғам қолдаушылығын көтеру болды.

ОҚИҒАЛАР

16 жыл бұрын (1995) Елбасы Нұрсұлтан Назарбевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара жөніндегі мемлекеттік комитет құру туралы» Жарлығы баспасөзде жарық көрді.

15 жыл бұрын (1996) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығы құрылды.

6 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Сот сараптамасы туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы», «Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт Ұйымына мүше мемлекеттердiң аумақтарын жедел жабдықтау, әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп пайдалану туралы келiсiмдi бекiту туралы», «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың заңнамасы негіздерінің мәртебесі, оларды әзірлеу, қабылдау және іске асыру тәртібі туралы шартты бекіту туралы» Заңдар басылым беттерінде жарияланды.

4 жыл бұрын (2007) «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының орталық аппаратында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілінде басылып шыққан «Қазақстан жолы» атты кітабының таныстырылымы болып өтті.

4 жыл бұрын (2007) Profile books британ баспасы «В поиске Казахстана — земля, которая изчезла» атты кітабын сатуға шығарды.

Бұл Қазақстан туралы Батыстағы көлемі 320 беттік әдеби-әңгіме жанрында жазылған бірінші авторлық туынды.

Кiтаптың авторы — батыстағы танымал жазушы және журналист Кристофер Роббинс.

Ұлыбританиядан басқа, бұл кітап 2008 жылдың көктемінде белгілі американдық «Атлас Букс» баспасынан да жарық көрген болатын. Сонымен қатар, британдық баспа кітаптың арнайы веб-сайтын (www.insearchofkazakhstan.co.uk) ашып, ол жерден оқырмандар тапсырыс беріп және кітап пен оның авторы туралы ақпарат алатын мүмкіндіктер қарастырған.

4 жыл бұрын (2007) Градец Кралове қаласындағы Конгресс-орталықта Қазақстан Республикасының Чехиядағы Құрметті консулдығының ашылу рәсімі өтті. Консулдық округ Чех Республикасының Краловоградецк және Пардубицск өлкелерін қамтиды.

Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1933 жылдың 1 қаңтарында орнады.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар заңдарға қол қойды.

Елбасы «Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы келісімді бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ сыртқы барлау субъектілерінің мәртебесін, құзырын және жұмысын ұйымдастыруға бағытталған «Сыртқы барлау туралы» Заңға қол қойды.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Скипетр табыс етілді, ал Түркия Президенті Абдулла Гүл мырзаға Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрметті профессоры атағы берілді.

Оқу орнының мәдениет орталығының үлкен залында Түркия Президенті Абдулла Гүл мырзаға Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрметті профессоры атағының берілгені туралы диплом табыс етілді. Оқу орнының және Қазақстанның басшылығына алғысын білдірген Абдулла Гүл мырза, өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевқа биліктің ежелгі белгісін — аса таяқ (скипетр) табыс етті. «Сіз — Ұлы Ақсақалсыз. Мен мұны барша түрік елдерінің атынан, түркітілдес халықтардың көшбасшысы деп танудың белгісі ретінде айтып отырмын. Және бұл Скипетр ежелгі түріктердегідей, сіздердің егемен мемлекеттеріңіздің бірінші тұлғасының белгісі болсын», — деді А.Гүл өз сөзінде.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Қазақстан мен Түркияның бірлескен күш-жігерінің арқасында құрылған және ол бүгінде түркі тілдес мемлекеттердің арасында халықаралық мәртебеге ие алғашқы халықаралық жоғары оқу орны болып табылады. Университеттің ерекшелігі сол, онда замана талаптарына сай жоғары білікті кадрлар тәрбиеленуде.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1936) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі ӘДІЛОВ Қайыржан Нәукебайұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын, Мәскеу тау-кен институтының аспирантурасын бітірген. 1968-1983 және 1986-1987 жылдары — Қарағанды политехникалық институтының оқытушысы, доценті, профессоры. 1983-1986 жылдары — Кабул политехникалық институтының (Ауғанстан) оқытушысы. 1987-1994 жылдары — Қазақ ұлттық техникалық университетінің кафедра меңгерушісі. 1994 жылдан Қарағанды Жер қойнауын кешенді игеру институтының зертхана меңгерушісі.

Негізгі ғылыми еңбектері көмір кендерінің өндірістік технологиясын жетілдіруге арналған. Ол жер астынан кен өндірудің ағынды технологиясын жобалау теориясын жасап, кен өндіру үдерісі мен жүйелерінің беріктігін және қарқындылығын зерттеді. Шахталар мен кеніштерді күкіртті газдардан арылту технологиясының физикалық-химиялық өлшемдерін анықтап, жер асты кен жұмыстарының экологиялық қауіпсіздігін негіздеді.

55 жыл бұрын (1956) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Домалақ ана» атындағы жыр байқауының бас жүлдегері ТҰРЛЫБЕК Сабырбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған. Шымкент кооперативтік техникумын бітірген. «Уақыт», «Саяхат» газеттерінде қызмет істеген. 1995 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының Оңтүстік Қазақстан бөлімшесінде қызметкер болған.

Алғашқы «Жол азабы» атты туындысы 1967 жылы жарық көрген. Ақынның жырлары бірнеше ұжымдық жыр жинаққа енген. «Тайқазан» атты жеке жыр кітабы, «Көмеш бұлақ», «Елес жұмақ», «Белесті бақ» кітаптары бар.

50 жыл бұрын (1961) Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының әкімі ӘЛИЕВ Тұманбек Сүйінбайұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген. Шымкент нан комбинатында дәнекерші болып қызмет атқарған. 1985-1988 жылдары — «Ақсу» комбинатында аға шебер, бас механик, электромеханикалық газ шаруашылығы бас инженері болған. 1994-2007 жылдары — «Әли» ЖШС-інің директоры, «Жастар» АҚ-ының директоры, «ТОН-1» ЖШС-інің директоры. 2007-2009 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы Жаңаталап ауылдық аймағы әкімі, Ақсукент ауылдық аймағының әкімі. Қазіргі қызметінде 2009 жылдың тамызынан бастап істейді.

МАМЫРДЫҢ 25-І, СӘРСЕНБІ

Өзін-өзі басқармайтын аумақтар халықтарымен ынтымақтастық апталығы. 1999 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 1999 жылғы мамырдың 25-інен (желтоқсанның 6-сындағы 54/91 қарар) Деколонизация жөніндегі арнайы комитетке Өзін-өзі басқармайтын аумақтар халықтарымен ынтымақтастық апталығын атап өтуді ұсынды.

Африканың азаттық күні. 1963 жылы Эфиопия астанасы Аддис-Абебада болып өткен Африка елдері басшыларының І конференциясында Африка елдерінің бірлігі ұйымы құрылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен бұл күн Африканың азаттық күні деп жарияланды.

Иордания Корольдігінің Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні. Иордания — Батыс Азияда орналасқан мемлекет. Шекарасы Иракпен, Израилмен, Сауд Арабстанымен және Сириямен шектеседі. Әкімшілік жағынан 8 аймаққа бөлінеді. Астанасы — Амман қаласы. Ақша бірлігі — иордан динары. Ресми тілі — араб тілі. Иордания — Конституциялық монархия. Заң шығарушы органы екі палаталы ұлттық жиналыс.

Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимиттік Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы ақпанның 8-інде орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

80 жыл бұрын (1931) Алматы округінің аумағында Балқаш ауданы құрылды.

15 жыл бұрын (1996) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Малайзияға ресми сапары басталды. Осы сапар барысында екі ел арасында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

13 жыл бұрын (1998) Алматыда Әлібек Дінішев театры ұйымдастырған I Халықаралық әншілер байқауы өтті.

6 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының әзірбайжандық учаскесін тапсыру салтанаты рәсіміне қатысты. Сонымен қатар бұл шараға Түркияның Президенті Ахмет Неждет Сезер, Грузияның Президенті Михаил Саакашвили және Әзірбайжанның Президенті Ильхам Әлиев қатысты.

2 жыл бұрын (2009) Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Өнегелі адамдардың өмірі» сериясы бойынша «Абай» кітабының таныстырылымы өтті.

1 жыл бұрын (2010) Ақтөбеде облыстың жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы және аймақтық құрылыс индустриясының салалық кластеры аясында «Ситал-2» керамика бұйымдарын өндіретін зауыт іске қосылды.

Бұл — Ақтөбе облысындағы 24 инвестициялық жобаның бірі. «Ситал-2» зауытының құны 1.4 млрд. теңгені құрайды, қуаты жылына 30 млн. дана зат өндіру.

Зауыт директоры Анарбек Есетовтың айтуынша, өнімді шығарудағы басты үміт — оның бірегейлігі мен түр-түрінің молдығы. Аталмыш өнім елдің батыс аймағының бірде-бірінде жоқ. Кәсіпорын құрылыстың барлық түріне арналған кірпіштің 29 түрін шығармақ, сондай-ақ бетон тақтайшаларынан қарағанда бағасы арзан, дыбыс өткізбейтін қабатаралық құрылысқа да арналған кірпіш шығаруды жоспарлауда.

Шикізат ретінде Ақтөбе қаласының оңтүстік-батысынан 6 шақырым жерде орналасқан Сазды кірпіш сазының кен орны пайдаланады. Кәсіпорын Германия, Италия және Жапонияның заманауи құрылғыларымен жарақтанған.

1 жыл бұрын (2010) Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Түркітілдес елдердің сәулет өнері және қала құрылысы бойынша ІІІ-ші халықаралық құрылтайы мен «Қазақстан 2010 қала құрылысы форумы» барысында ТҮРКСОЙ ұйымы Қазақстан мен Түркия Президенттерін «Түркі әлеміне сіңірген ерекше еңбегі үшін» орденімен марапаттады.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1906-1971) Өзбекстанда тұратын қазақ диаспорасының музыкалық-поэтикалық мұрасын жинап насихаттаушы, орындаушылық дәстүрді жалғастырушы, әнші (баритон), ақын, композитор, шертпе күйдің шебері ДҮРБАЕВ Құтбай дүниеге келді.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Оның «Құтбайдың өзімен таныстыруы», «Құтбайдың Нартайға айтқаны» деген термелерін өнер зерттеуші Талиға Бекхожина жазып алып, «Қазына» атты этнографиялық жинағында жариялаған. «Кенжеқожаның термелері», «Кенжеқожаның ақындарға берген сыны», т.б. термелер Құтбайдың орындауында нотаға түскен. Оның репертуарындағы «Аю мен адамның достығы», «Мерт болған жолбарыс» термелері «Қазақтың 200 әні», «Қазақтың музыкалық фольклоры» жинақтарына енген. Оның түрікмен халқының аса көрнекті ақыны Мақтымқұлының сөзіне жазылған «Сұлу» («Қалқа») атты әні халыққа кеңінен танымал.

70 жыл бұрын (1941) қоғам қайраткері, Төтенше және Өкілетті Елші ТЕМІРБАЕВ Валерий Батайұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Жаркент қаласында туған. Павлодар индустралдық техникумын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1970-1976 жылдары — Павлодар трактор зауытының шебері, аға шебері, бюро бастығы, цех бастығының орынбасары, партия комитеті хатшысының орынбасары. 1976-1985 жылдары — Павлодар облыстық партия комитеті бөлім бастығының орынбасары, Екібастұз қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, қалалық атқару комитетінің төрағасы, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1985-1986 жылдары — Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы. 1986-1987 жылдары — КОКП ОК-нің инспекторы. 1987-1988 жылдары — Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1988-1990 жылдары — Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық кеңестің төрағасы. 1990-1991 жылдары — КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің тұрақты өкілі. 1991-1994 жылдары — Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Өкілетті өкілі. 1994-1996 жылдары — Қазақстан Республикасының Беларустағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, оған қоса ТМД жарғылық органдары жанындағы тұрақты өкілі. 1996-1999 жылдары — Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 1999-2003 жылдары — Қазақстан Республикасының ТМД Экономикалық кеңесі жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссиясының Өкілетті өкілі. 2004 жылдан — Мәскеу қаласының Солтүстік-Батыс округы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы кәсіпорындары қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары, 2006 жылдың желтоқсанынан — Мәскеу қаласында тұратын қазақстандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

65 жыл бұрын (1946) қоғам қайраткері ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ Көпбосын дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын бітірген. 1971-1974 жылдары Батыс Қазақстан облысы Жымпиты аудандық суару жүйесі басқармасын басқарған. 1974-1978 жылдары — Қапшағай суару жүйелері басқармасының бас инженері, бастығы. 1978-1981 жылдары — Алматы облыстық су шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары. 1981-1990 жылдары — Қазақ КСР Министрлер кеңесі істері басқармасының бас маманы, аға референті. 1991-1995 жылдары — Президент Аппараты және Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесінде, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Аппаратында аға референт. 1995-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы су ресурстары жөніндегі комитет төрағасының орынбасары. 1997-2000 жылдары — Балқаш-Алакөл бассейні су шаруашылығы бірлестігінің бастығы. 2002-2004 жылдары — Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 2004-2007 жылдары — «KEGOС» АҚ су-энергетика сауалдары жөніндегі бас кеңесші. 2007-2008 жылдары — «TSC-Энерго» холдингі жобалау-іздестіру бөлімінің бастығы. 2008-2009 жылдары — Еуразия экономикалық қауымдастығы хатшылығы кеңесшісі. Қазіргі қызметінде 2009 жылдың қыркүйегінен 2010 жылға дейін — Халықаралық Аралды құтқару қоры атқару комитеті хатшылығының бас маманы.

Қазақстан Республикасы Президенті алғыс хатымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

МАМЫРДЫҢ 26-Ы, БЕЙСЕНБІ

Грузияда тәуелсіздік күні. Грузияның демократиялық үкiметiнiң басшысы Жордания Ноэ 1918 жылдың 26 мамырда елдiң тәуелсiздiгiн жариялады.

Грузия Республикасы — Еуропа құрылығының оңтүстік-шығысында, Кавказ тауының оңтүстік бөлігінде орналасқан мемлекет. Астанасы — Тбилиси. Мемлекет басшысы — президент. Заң шығарушы органы — бір палаталы парламент. Ресми тілі — грузин тілі. Ақша бірлігі — лари.

Қазақстан Республикасы мен Грузия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 23 шілдесінде бекітілген.

Гайана Кооперативтік Республикасының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1966). Гайана Оңтүстік Американың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Венесуэламен, оңтүстік-батыс және оңтүстігінде Бразилиямен, шығысында Суринаммен, солтүстік-шығысы Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы — Джоржтаун қаласы. Ресми тілі — ағылшын тілі, сонымен қатар үндіс және жергілікті халықтардың да тілдері қолданылады. Ақша бірлігі — гайан доллары. Әкімшілік жағынан 10 окургке бөлінеді. Елді 5 жылға сайланған Президент басқарады. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы — Ұлттық ассамблея. Жоғарғы атқарушы органы — Министрлер Кабинеті. Негізгі сауда серіктестері — Канада, АҚШ және Ұлыбритания.

Ресей кәсіпкерлерінің күні. Ресей Федерациясы Президентінің 2007 жылғы 18 қазандағы Жарлығымен бекітілген.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1993) Түркияның Ыстамбұл, Бурса және Балыкесер қалаларында қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың (1893-1938) туғанына 100 жыл толуына байланысты поэзия күндері болып өтті.

16 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ жеріндегі атом қаруының жойылғаны жөніндегі үндеуі баспасөз бетінде жарық көрді. Семей полигонының аумағында соңғы ядролық заряд жойылды. Ұзақ жылдар бойы көп қасірет шеккен Қазақстан халқы халықаралық атом зардабының бүкіл ауыртпалығын көтеріп келді. 45 жыл бойына дерлік Семей даласында 459 ядролық жарылыс, соның ішінде ауада 113 жарылыс жасалды. Радиоактивтік сәуле алған жарты миллионнан астам қазақстандықтардың денсаулығы ядролық жанталаса қаруланудың құрбандығына шалынды.

11 жыл бұрын (2000) Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғимараты алдына Мұхтар Әуезовтің (1897-1961) ескерткіші орнатылды.

6 жыл бұрын (2005) Елордада Түркия Премьер-министрі Реджеп Эрдоғанның ресми сапары барысында Түрік Республикасы Елшілігінің жаңа ғимараты құрылысының іргетасын қалау рәсімі болып өтті.

3 жыл бұрын (2008) Алматыда «Қазақтың халық ертегілері» аудиожинақ кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жоба авторы Шоқан Оразаев, жобаны ұйымдастырушы Қазыбек Шейх, «Қазақмыс» компаниясының жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Нұрлан Махмұдов қатысты. «Тышқан мен жылан», «Суайт тазша — Қырық өтірік», «Бозінген» сынды халық ертегілері енген жинақ 2000 данамен шығарылған.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1921-2010) ақын, прозаик, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, суретші және сәулетші ГРУНИН Юрий Васильевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Ресей Федерациясының Ульяновск қаласында туған. Қазан көркемсурет училищесін бітірген. 1936 жылдан өлең жаза бастаған. 1955 жылдан Жезқазған қаласында тұрады, сәулетші ретінде қала құрылысына белсене қатысты. Өз шығармаларын айшықтау мен ағаштан жасалған мүсіндердің авторы.

Ақынның өлеңдері «Новый мир», «Простор», «Нива» журналдарында, «Следопыт Средней Азии», «День поэзии 1989» альманахтарында жарияланған.

«Пелена плена», «Моя планида» кітаптарының, «Спина земли», «По стропам строк», «Предсмертие», «Фантасмагория бытия» повестерінің, «Предсмертие» өлеңдер мен поэмалар жинағының, «Живая собака» автобиографиялық романының авторы.

70 жыл бұрын (1941) Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, музыкатанушы, өнертану докторы ӘЛИБАҚИЕВА Тамара Мәшүрқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Мәскеу қаласындағы Гнесиндер атындағы музыка-педагогикалық институтын, Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. 1966 жылдан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында педагогикалық қызметпен айналысқан.

Ол негізінен ұйғыр халық ән шығармашылығын, оның жанрлық жағын жіктелімдеу әрі ұлттық әуен ерекшеліктерін зерттеумен шұғылданды. Оның ұйғыр халық музыкасы жайында жазған зерттеу мақалалары Қазақстан, Ресей және Өзбекстанда жарық көрген жинақтарда жарияланды. Халықаралық музыкатану конференцияларына, симпозиумдарына, концерттерге қатыса отырып, Тамара Мәшүрқызы 40 жылдан астам уақыт бойы ұйғыр өнерін халықаралық аренада насихаттап жүр. Ол АҚШ, Канада, Еуропа мен Азия елдеріне кеңінен танымал.

45 жыл бұрын (1966) каратэ-додан халықаралық санаттағы спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері САНАУОВ Жасталап Әбдіқанұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген. 1976 жылы бапкері А.Гендриксон басшылығымен каратэмен шұғылданған. 1981-1983, 1989-1993 жылдары — Қазақстан, ал 1990-1992 жылдары КСРО чемпионы атанған. 1991 жылы Тегеранда өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері, 1992 жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатының жеңімпазы, сондай-ақ 2000 жылы Лас-Вегаста Әлем чемпионы атанған. 1994 жылдан Қазақстан Республикасы Каратэ Федерациясының президенті болып табылады.

1994 жылы Жапон академиясының филиалы — Жауынгерлік өнер академиясын ашқан. Бұл академияда 1000-ға жуық жасөспірім каратэ, таеквондо, қылыштасымен айналысады. Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Көкшетау, Семей, Арқалық қалаларында филиалдары ашылған.

МАМЫРДЫҢ 27-І, ЖҰМА

Бүкілресейлік кітапханалар күні (Кітапханашылар күні). Бұл кәсіби мереке 1995 жылдың 27 мамырында «Жалпыресейлік кітапханалар күнін бекіту туралы» Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен бекітілген.

Қырғызстанда кітапханалар күні. Қырғыз Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1902 жылдың 27 мамырдағы Қырғызстандағы бірінші жалпыға бірдей кітапхананың ашылуына арналып 2008 жылдың 17 маусымында бекітілген.

ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1992) Жамбыл облысы Шу ауданы Балуан Шолақ атындағы ауылда ақын, композитор Балуан Шолақтың (1864-1916) ескерткіші ашылды.

Баймырзаұлы Балуан Шолақ — атақты қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны. Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған, әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты — Нұрмағанбет, шыққан тегі — Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құғында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы: жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың далалық цирк өнерінің іргетасын қалағандығын айғақтайды. Көкшетау қаласындағы үлкен жиындарда 51 пұт (830кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 жылы Орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Балуан Шолақ 35-те еді. Мұның үстіне Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болады. Бертін келе, жігіт шағында Балуан Шолақ осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Балуан Шолақ ел аралап, салдық құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды. Топ құрып, «ансамбль» болып сауық құру Балуан Шолақтың дәстүріне айналған. Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі насихатшысы болады. Белгілі музыка зерттеушісі А.Затаевич ел арасынан Балуан Шолақтың бірнеше әндерін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізеді.

6 жыл бұрын (2005) Ақмола облысы Степногорск қаласындағы Мәдениет үйінің атауы Достық және шығармашылық үйі болып өзгертілді. Осыған сәйкес қала орталығында орналасқан көркем ғимараттың қызмет бағыты да өзгертілді.

3 жыл бұрын (2008) Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Мыңарал ауылында цемент өндіретін Орталық Азиядағы ең ірі бірлескен кәсіпорын құрылысының тұаукесер рәсімі өтті. «Jambyl Cement» кәсіпорны — халықаралық экологиялық стандарттарға сай заманауи технологиялар орнатылған алғашқы бірлескен қазақстан-француз зауыты. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты — 1,1 миллион тонна.

Цементті ХІХ ғасырда француз инженері Луи Вика ойлап тапқан. Осынау атақты өнертапқыштың отбасы мүшелері Жамбылдағы жаңа зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Цемент өндірісі бойынша әлемге танылған көшбасшылардың бірі болып табылатын «Vicat group» компаниясы француз тарабынан аталмыш жобаға инвестор болып отыр.

2 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қарағанды облысындағы 500 кВ-тық «Ағадыр» қосалқы стансасында «Ағадыр-ОҚМАЭС» учаскесі іске қосылды.

Қазақстанда алғаш рет 500 кВ-тық «Ағадыр» қосалқы стансасында басқармалы шунттаушы реакторлар орнатылды. Инновациялық жабдықтың қолданылуы транзиттегі электр тораптарының жұмыс қалпын тұрақтандырады, сонымен қатар жабдықтардың тозуы қарқынын төмендетеді.

2 жыл бұрын (2009) саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жазушы Қайым Мұхамедхановтың «Тағдыр және Карлаг» атты туындысы оқырмандар назарына ұсынылды. Шара «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» бастамасымен және Қазақстан-Британ техникалық университеттің қолдауымен өткізілді.

Қайым Мұхамедханов (1916-2004) — Мұхтар Әуезовтың ғылыми тұжырымдамаларының шәкірті және сенімді жалғастырушысы, өз өмірінің барлығын Абай өнерін зерттеуге арнаған, ұлы ойшылдың ақындық мектебін оқуды тереңдеткен. Ол қатал кезеңдерде де ұлттық мәдениет өкілдері — Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтардың өнерлерін батыл насихаттаған.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, ақын, аудармашы Сұлтанбек Қожановтың шығармалары жинағының тұсаукесері өтті.

Оны Ұлттық кітапхана мен С. Қожанов атындағы қайырымдылық қоры саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырды. Жинақ «Алаш мұрасы» сериясымен «Арыс» баспасынан жарық көрген. Кітаптың құрастырушысы филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп.

Сұлтанбек Қожанов Түркістан қазақтарының Қазақ Автономиясына қосылуына мол еңбек сіңірген. Әсіресе қазақ зиялыларының бірлігі үшін көп тер төккен. Тарихи тұлғаның жазбаша мұрасы осы кітапта тұңғыш рет топтастырылып отыр. Осындай ақтаңдақтарымызды ұлағаттап отыру елдігіміз үшін өте маңызды» — деді жиынға қатысушы филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев.

Сұлтанбек Қожанов — 1917 жылғы революцияларда жарқырай көрінген Орта Азия мен Қазақстан тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі. Түркістан Республикасы мен Қазақ Республикасының жоғары басшылығында ұлт мүддесі үшін белсенді атсалысқан. Партия-кеңес жұмыстарында жауапты қызметтер атқарып, Қазақ өлкелік Комитетінің хатшысы болды. Математикадан қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтардың авторы. Сталиндік қуғынға ұшырап, 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына кесілді. Кейін 1957 жылы ақталды.

1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заң отандық кинематографты, кітапхана ісін қолдауға және дамытуға, мәдени құндылықтарды қалыптастыруға және сақтауға бағытталған.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Белгілерді халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне Хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

1 жыл бұрын (2010) Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында «Сапалы өнімдер» ЖШС-нің бройлерлік құс фабрикасының алғашқы кірпіші қаланды.

Жылына 5 мың тонна бройлер еті өнімдерін шығаруға жоспарланған құс фабрикасы құрылысының құны 1,6 млрд. теңге, қаржыландырушысы — «ҚазАгроҚаржы».

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1941) фольклортанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі СЕЙІТЖАНҰЛЫ Зұфар дүниеге келді.

Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) бітірген. 1965-1975 жылдары — Шығыс Қазақстан облысы Таскескен ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте мұғалім. 1975-1991 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым Академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс береді.

«Рауан», «Таңшолпан», «Тау самал» өлең кітаптары және фольклорлық желі негізінде жазылған «Эпостық батырлар», «Салт-дәстүр» атты балаларға арналған кітаптары бар. Сонымен қатар «Тарихи эпос», «Шетелдегі қазақ әдебиеті», «Шыңжаң қазақ әдебиеті», «Ақыт ақын», «Эпостағы өмір өрнектері» монографиялары мен оқу құралдары жарық көрген.

65 жыл бұрын (1946) сыншы, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар Академиясының және Халықаралық Айтматов Академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Сүлейман Демирел атындағы университеттің проректоры ЫСҚАҚҰЛЫ Дандай дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданы Қоғам ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақ КСР Ғылым Академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітіріп, осы институттың кіші ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы, доценті, филология факультетінің доценті қызметтерін атқарған. 2000-2004 жылдары Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор қызметін атқарған. Қазір Сүлейман Демирел атындағы университеттің проректоры қызметін атқаруда.

Ғалымның қазақ әдеби сынының тарихы, теориясы, мәселелеріне арналған «Стиль сыры», «Дәстүр және жаңашылдық», «Әдеби-көркем сын», «Сәбит Мұқановтың тағлымы», «Қансонар», «Әдебиет өрнектері», «Жанр», «Мұхтар Әуезов әлемі», «Сын шын болсын», «Мұхтар Әуезов: Талант пен тағдыр», «Парасат пайымдары», «Сын сымбаты», «Сынталқы», «Әдебиет айдынында» атты еңбектері жарық көрді.

Дандай Ысқақұлы ғылыми, әдеби, мәдени жұмыстарға белсене араласып келеді. Ол қазір Сүлейман Демирел атындағы университеттің ғылыми журналы «СДУ хабаршысының» бас редакторы, «Қазақ және әлем әдебиеті», «Тұрмағамбет» журналдарының алқа мүшесі, «DA» халықаралық қоғамдық қозғалысының мүшесі, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдарының докторы дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңестің мүшесі. Ғалымның жетекшілігімен он шақты кандидаттық диссертация қорғалды. Белгілі әдебиеттанушы ғалым, профессор Дандай Ысқақұлы жайлы ғылыми һәм танымдық «Белес»(2010) атты кітап жарық көрген.

МАМЫРДЫҢ 28-І, СЕНБІ

Әзірбайжанда Республика күні. 1918 жылғы мамырдың 28-де Демократиялық Әзірбайжан Республикасы шығыстағы мұсылман елдер арасындағы 1920 жылдың сәуіріне дейін болып келген алғашқы парламенттік республика болып жарияланды.

Әзірбайжан Республикасы Кавказ тауының оңтүстік-шығысында орналасқан. Солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстік-батысында Армениямен және Түркиямен, оңтүстігінде Иранмен шекараласып жатыр. Шығысы Каспий теңізімен қоршалған. Астанасы — Баку. Мемлекет басшысы — президент. Жоғарғы заң шығарушы органы — парламент (мәжіліс). Ресми тілі — әзірбайжан. Ақша бірлігі — манат.

Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 27 тамызында орнатылған.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» Жарлығы басылым бетінде жарияланды.

12 жыл бұрын (1999) Алматыда қазақстандық қаржыгерлердің бірінші конгресі болды.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда Жеңістің 60-жылдық мерекесіне орай «Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстаг дауылы» деректі фильмінің таныстырылымы болып өтті.

Режиссері — Әділ Медетбаев. 40-минуттық фильм Халықаралық мәдени құндылықтарды сақтайтын және қолдау көрсететін қордың көмегімен «Amanat studio» студиясында түсірілген.

4 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Азия Олимпиялық Кеңесінің (АОК) орденімен марапатталды. Кеңестің жоғарғы наградасын Нұрсұлтан Назарбаевқа Азия Олимпиялық Кеңесінің президенті, Кувейт мемлекетінің ұлттық қауіпсіздік министрі Шейх Ахмад әл-Фахад ас-Сабах табыс етті.

2 жыл бұрын (2009) Румынияның Яссы уезіндегі Струнга коммунасының Братулешть ауылында 1944 жылы Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандық жауынгер Шернияз Аяғановқа арналған ескерткіштің ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті.

Қатардағы Шернияз Аяғанов Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келдi және соғысқа Семей облысының Аягөз әскери комиссариатынан шақырылды. Мотоатқыштар батальонының 56-бригадасының 23-танк корпусының құрамында қызмет етті.

Бұл шара Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссиясы мен Румынияның батырларды еске алу ұлттық агентствосы және «Ромпетрол» серіктестік тобының бірлескен көмегімен ұйымдастырылды.

2 жыл бұрын (2009) «БТА банкінің» «Столичное» бөлімшесінде автоматтандырылған сейфтік депозитарий жүйесі ашылды. Орталық Азия аймағында ол алғаш рет ашылып отыр.

460 адамға лайықталып жасалған жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі, банк клиенттері депозитарий қызметін тәулік бойы және банк қызметкерінің көмегінсіз пайдалана алады.

Аталмыш жобаның құны 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Банк клиенттері осы жүйе негізінде қаржы, құжат, құнды бұйымдар немесе өзге де дүниелерін сақтау үшін арнайы дайындалған кәртішке мен ПИН-кодты пайдаланады.

1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Васильков кен байыту комбинатының алтын өндіру фабрикасын іске қосу рәсімінде карьердегі қопару жұмыстарына белгі берген нүктені басып, өндірістің жұмысын бастап берді.

Фабрика жылына 8 миллион тонна кен өңдеу және 13-14,5 тонна алтын өндіру қуатына ие. Мамандардың айтуынша, ТМД кеңістігінде мұншалықты көлемде кен өңдейтін фабрика жоқ. Карьерді игерудің жұмыс бағдарламасы 17 жылды құрайды. 2025 жылға дейін бұл жерде өндіретін кеннің жалпы көлемі 122 миллионнан астам тоннаны шамалайтын болады.

1 жыл бұрын (2010) Алматыда қазақтың көне жыры «Мұңлық-Зарлыққа» атты анимациялық фильмнің тұсаукесері өтті.

Халық ауыз әдебиетінің жауһарына айналған «Мұңлық-Зарлық» аңызын отандық «Сақ» киностудиясы түсірген. Мультфильмнің көлемі 20 минут. Режиссері мәдениет қайраткері — Батырхан Дәуренбеков. Бірінші мультипликациялық фильмді балалар үйінде тәрбиеленуші бүлдіршіндер мен жасөспірімдер тамашалады.

«Мұңлық-Зарлыққа» арналып Арыс қаласында монумент қойылды, ол бүгінде қаланың рәмізіне айналды.

Мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбековтың айтуынша, мультфильм Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Мультфильм барлық жасқа арналған. Кезінде Пушкин «Салтан патша туралы жыр» атты ертегі жазған, бұл мульфильм сол ертегінің мазмұнына ұқсайды. Бүгінде теледидар, оның ішінде мынау мөлтек фильмдер өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен идеологиялық күшті қару болып отыр. Біз сондықтан осындай мультфильм арқылы өзіміздің салт-дәстүрімізді дәріптеп, тарихымызды танытып, балаларды отансүйгіштікке, елінің патриот азаматы болуына шақырғымыз келеді, деп атап өтті ол.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстан пен Ресей үкіметтерінің басшылары Кәрім Мәсімов пен Владимир Путин Санкт-Петерборда Кеден одағын қалыптастыру аясында халықаралық келісімдерді қолдану туралы шартқа қол қойды.

ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын (1901-1980) суретші, плакатшы ЧЕКАЛИН Борис Алексеевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Ресейдің Самара қаласында туған. Соғысқа дейінгі жылдары Куйбышев, Воронеж, Магнитагорск қалалары газеттерінің редакциясында істеген. 1937 жылы Алматыға келіп қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті редакциясының суретшісі болған. Ол Жамбыл Жабаевтың суретін бірнеше мәрте салып, 200-ден астам суретін жасаған. Соғыс жылдары майдан газеттерінде еңбек еткен.

Екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдармен марапатталған.

105 жыл бұрын (1906-1964) қоғам қайраткері ШЕРЕНГИН Иван Григорьевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Ресейдің Ростов облысында туған. Михаил Фрунзе атындағы Әскери академия жанындағы атқыштар дивизиясы командирлері курсын бітірген. 1938-1941 жылдары — Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің және Петропавл қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ өнеркәсіп кеңесінің басқарма төрағасының орынбасары болған. Ұлты Отан соғысы майданынан келгеннен кейін түрлі лауазымды қызметтер атқарып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші шақырылымына депутат болып сайланған.

Үш мәрте Қызыл Ту, Ленин, Қызыл Жұлдыз, 1-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.

75 жыл бұрын (1936-2003) Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт шебері, профессор ЖӘРКЕШЕВ Заңғар Асанханұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ тау-кен институтын, Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген.

Ойыншы, воллейболдан шеберлер командасының капитаны болды. 1965 жылы негізгі шығармашылығымен қатар жаттықтырушы жұмысын да қоса алып жүрді. 1966 жылдың мамырынан — «Буревестник» ерікті спорт қоғамының жаттықтырушысы. Ол басшылық еткен команда 1966 жылы тұңғыш рет Бүкілкеңестік универсиадада, ал 1969 жылы КСРО кәсіподақтары спартакиадасында жеңімпаз атанды. 1970 жылы КСРО мен Еуропаның үздік клуб жаттықтырушысы болып танылды. 1977-1987 жылдары Қазақ спорт комитеті төрағасының орынбасары, басқарма бастығы.

Бірнеше оқ құралдың авторы болып табылады. Заңғар Жәркешевке Қазақ спорт және туризм академиясында ескерткіш ашылған, ойын залы жұмыс істеп тұр.

65 жыл бұрын (1946) ветеринария ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі ТҰРСЫНҚҰЛОВ Шахайдар Жорабекұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Алматы зооветеринарлық институтын бітіріп, осы институттың студенттер қалашығының директоры, кіші ғылыми қызметкері, аспиранты, аға ғылыми қызметкері, зертхана жетекшісі болған. 1984-1990 жылдары — Алматы қалалық ветеринарлық қызметінің бастығы. 1990-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бас ветеринарлық дәрігері, бөлім бастығы, Ветеринария басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, Мемлекеттік ветеринарлық инспекцияның бастығы. 1997-1999 жылдары — Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринария комитетінің төрағасы, Ветеринарлық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары. 1999-2002 жылдары — Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринария департаментінің директоры. 2002 жылдың сәуірінен — Республикалық ветеринарлық зертхананың директоры, Ұлттық мониторинг орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариядағы зертханалық диагностика және методология директоры болып қызметтер атқарған. 2009 жылдан бастап зейнеткерлік демалыста.

60 жыл бұрын (1951) Санжар Аспандияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Валеология академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері АҚАНОВ Айқан дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында туған. Алматы мемлекеттк медицина институтын (қазіргі Санжар Аспандияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті), Алматы шет тілдері педагогикалық институтын бітірген. 1978-1994 жылдары — Кардиология ғылыми-зерттеу институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, бөлім бастығы болып жұмыс істеген. 1994-1995 жылдары — Денсаулық сақтаудың медициналық және экономикалық мәселелері жөніндегі ғылыми орталығы директорының орынбасары. 1995-1996 жылдары — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі басқарма бастығы. 1996-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Үкіметі аппараты Әлеуметтік-мәдени даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1997 жылы — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі. 1997-1999 жылдары — Қазақстан Республикасы Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары. 1997-2000 жылдары — Салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлттық орталығының бас директоры. 2001 жылы — Қазақстан Республикасы Премьер-министр кеңсесі денсаулық сақтау секторының меңгерушісі. 2001-2004 жылдары — Салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлттық орталығының бас директоры. 2004-2006 жылдары — Қазақстан Республикасы бірінші вице-министрі, денсаулық сақтау вице-министрі. 2007-2008 жылдары — Қоғамдық денсаулық сақтау Институтының директоры, Нагасаки университетінің профессоры. 2008 жылдың наурызынан — Санжар Аспандияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ректорының міндетін атқарушы. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың сәуірінен бастап істейді.

250 ғылыми жарияланымның авторы.