2011 жылғы 2-4 маусым аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2011 жылғы 2-4 маусым аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

2011 жылғы 2-4 маусым аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

КІМЕТ

  • 2 Маусым 2011
  • 1334
Фото - Caravan.kz

1-2 маусымда Астанада Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде Қазақстан мен Македония арасында саяси консультациялар өтеді.

2011 жылы 3 маусымда «Дипломат» қонақүйінің конференц-залында «Болашақ» Консалтингтік тобы» және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасындағы нормашығармашылық: теория мен практиканың проблемалары» деп аталатын Республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізеді. Конференцияда ішкі және халықаралық құқық саласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары нормашығармашылық қызметінің өзекті мәселелері талқыланады.

Конференцияға әділет вице-министрі Д.Р. Құсдәулетов, ҚР Парламенті комитеттерінің төрағалары А.Қ. Бижанов, Н.Ч. Жолдасбаева, ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің және орталық атқарушы билік органдарының өкілдері қатысады.

Конференция қорытындысы бойынша нормашығармашылықтың отандық жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар әзірленеді және оған қатысушылардың баяндамалары мен сөйлеген сөздерінен жинақ шығарылатын болады.

ПАРЛАМЕНТ

2 маусымда Парламент Сенатының жалпы отырысы өтеді.

ҚОҒАМ

23 мамыр мен 2 маусым аралығында Төтенше жағдайлар министрлігі халықаралық құтқарушы бөлімшелердің 16-шы «Қазспас-2011» халықаралық семинар — жиынын ұйымдастырмақ.

4 маусымда Киевте ЕурАзЭҚ-тың дағдарысқа қарсы қоры отырыс өткізеді.

4 маусым күні Алматы, Астана қалалары мен барлық облыс және аудан орталықтарында республикалық «Волейбол фестивалі» болады.

СПОРТ

3 маусым күні Астанада футболдан 2012 жылдың Еуропа чемпионы додасына іріктеу ойындары аясында еліміздің ұлттық құрамасы Әзірбайжан ұжымымен кездесу өткізеді.

АСТАНА

2 маусымда «Қазіргі заманғы діни жағдай: проблемалары мен даму болашағы» тақырыбында дөңгелек үстал отырысы өтеді.

1-3 маусым күндері Астанада «Таңшолпан» атты VI республикалық байқау өтуде.

2 маусым күні ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында Б.Әсемқұлдың «Өнер әлемін игере отыра» жеке көрмесінде шеберлік сыныбы өтеді.

2 маусым Энергия тиімділігі мен энергиямен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған дөңгелек үстал отырысы өтеді.

3 маусымда ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында балалар шығармашылығының сайыс-фестивалі және «Түрлі-түсті мозаика» қалалық сайыс-фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді.

5 маусымда Астана қаласындағы «Қазақстан» Орталық концерт залында қайырымдылық концерт өтеді. Аталған концертті Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Болашақ» қауымдастығы бірлесіп ұйымдастыруда.

Концертке «Мұзарт» тобы, «Бәйтерек» тобы, «Дабл» тобы, Қыдырәлі Болманов, Қарақат, Маржан Арапбаева секілді қазақ эстрадасының жұлдыздары мен тағы басқа танымал әртістер қатысады. Кештің жүргізушілері — Тұрсынбек пен Ярослав («Қазақтар» КТК (КВН) командасы).

Жиналған қаржы Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі арқылы Жапонияның Қызыл крест қоғамына аударылатын болады.

АЛМАТЫ

2 маусымда Алматыда «Теориялық және клиникалық медицинаның қазіргі проблемалары» тақырыбында ТМД жас ғалым-медиктерінің ХІ Халықаралық конференциясы ашылады.

2 маусымда «Мавереннахрдағы Иран мәдениеті мен өркениеті» халықаралық конференциясы өтеді.

2 маусымда «Пивной дозор» акциясы өтеді.

2 маусымда «Гастроэнтерология-2011» халықаралық конгрессі өтеді.

2 маусымда Оралмандар мәселесіне арналған дөңгелек үстал отырысы өткізіледі.

28 мамыр мен 2 маусым аралығында Алматыда «Сыңғырлаған дауысты әнші — бұлбұл құс болып келеді» атты ХIII «Бозторғай» балалар шығармашылығының халықаралық байқауы өтуде

3 маусымда Алматы қаласында «Қылмыстық іс жүргізуді одан әрі реформалау мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылауға арналған «дөңгелек үстел» өтеді.

4 маусым күні Алматы маңындағы «Ақерке» демалыс аймағында блогшылардың екінші Республикалық слеті өтеді. Слет «YourVision» блог-тұғырнамасының үш жылдығына арналады.

АЙМАҚ

Алматы облысы

2 маусым — Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне орай Алматы облысында Қозғалыс жас инспекторларының (ҚЖИ) республикалық слеті өтіп жатыр. Слет 7 маусымға дейін жалғасады.

Оңтүстік Қазақстан облысы

Шымкентте «Тәуелсіздік — менің мақтанышым» атты байқау өтіп жатыр. Байқау 1 шілдеге дейін жалғасады.

Қостанай облысы

3-4 маусымда Қостанай қаласында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың қатысуымен «Менің Қазақстаным!» ІV патриоттар форумы өткізіледі.

Маңғыстау облысы

30 мамыр мен 3 маусым аралығында Ақтауда «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС базасында І Халықаралық инновациялық мектеп және «Энергия, химия және су» атты дөңгелек үстел өтеді

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

2011 ЖЫЛДЫҢ МАУСЫМ АЙЫНДА:

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

60 жыл бұрын (1951) Қазақ КСР Ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен республикада тұңғыш рет Абай шығармашылығы туралы айтыс өтті.

57 жыл бұрын (1954) Рудный қаласында Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі құрылды. 1957 жылы Соколов, 1960 жылы Сарыбай кенішінің бірінші кезеңі іске қосылды. Оның құрамына Сарыбай, Қашар, Қоржынкөл ашық темір кеніштері мен Соколов жерасты кеніші кіреді.

18 жыл бұрын (1993) Ақмолада Қазақстандағы екінші халықаралық телефон стансасының және 120 шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салу бойынша «Дойче БундесТелеком» фирмасымен Қазақстан-неміс кәсіпорнын құру туралы келісімшартқа қол қойылды.

16 жыл бұрын (1995) «АТФ банкі» акционерлік қоғамының негізі қаланды. Ол кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкіне «Алматы сауда-қаржы банкі» жабық акционерлік қоғамы деген атаумен тіркелген болатын. Қазіргі атауымен 2003 жылдан бастап қызмет істейді.

10 жыл бұрын (2001) Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) құрылды. Бұл ұйым «Шанхай бестігінен» (Қазақстан, Ресей, Кытай, Қырғызстан және Тәжікстан) құрылған. ШЫҰ-ның негізі — Шекара аумағында әскери саласында сенімді нығайту туралы Шанхай келісімі (1996 жылы) және Шекара аумағында қарулы күштердің өзара қысқартылуы туралы Мәскеу келісімі (1997 жылы) болып табылады. Аталған екі тарихи келісімнің біріншісіне қол қою үшін 1996 жылы Шанхай қаласында бес мемлекет басшысы кездесіп, ол «Шанхай бестігі» деген атауға негіз болды. Шанхайдағы, оған ілесе бір жылдан кейін Мәскеуде өткен саммиттер алты жылдан соң көп жақты ынтымақтастық ұйымына айналған құрылымның негізін қалады.

Қазақстан, Шанхай ынтымақтастық ұйымымен ықпалдасуды өзінің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қарастыра отырып, аталған Ұйымға ерекше мән береді. ШЫҰ осы өңірдегі мемлекеттердің қауіпсіздік және сенім шараларын нығайту мәселелерін бірлесіп шешу ұмтылысының нәтижесінде пайда болды. Ұйымның мүдделері саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларға таралды. Терроризм, экстремизм және тағы басқа сыртқы қауіптер аймақтағы мемлекеттерді ШЫҰ-ның құрамында бірігуге итермелейді. ШЫҰ — белгілі бір күштерге қарсы қимылдайтын әскери одақ немесе тұйық қоғамдастық емес. Ол — халықаралық ынтымақтастыққа ұмтылған ашық ұйым. ШЫҰ-ның қазіргі жағдайдағы мән беретін мәселелері — аймақтағы бейбітшілікті, тұрақтылықты және қауіпсіздікті сақтау, әсіресе, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуы.

2011 жылғы 25-28 қаңтарда Қазақстан Республикасының төрағалығымен Пекинде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің (ҰҮК ШЫҰ) кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында Ұйымға мүше мемлекеттер (Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстан) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ШЫҰ құрылуының он жылдығына арналған мерейтойлық саммитін 2011 жылғы 15 маусымда Астанада өткізу туралы ұсынысын бірауыздан қолдады. Осылайша, Астана саммиті «Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылған күні» өткізілетін болды.

8 жыл бұрын (2003) Тайландтың Чиагмай қаласында өткен Азиядағы ынтымақтастық диалогы Сыртқы істер министрлерінің 2-ші кеңесінде Қазақстан Республикасы Оман, Шри-Ланка және Кувейт мемлекеттерімен бірге аталған ұйымға мүше болып қабылданды.

ЕСІМДЕР

150 жыл бұрын (1861-1919) алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі АЙТБАҚИН Әміре Дұрманұлы дүниеге келді.

Бұрыңғы Семей облысы Павлодар уезі Ақбеттау болысында (қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы аймағы) туған. 1882 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын аяқтағаннан кейін осы қаладағы гимназияда сабақ берді. 1883-1889 жылдары Дала генерал-губернаторының, Семей облыстық әскери губернаторының тілмашы, Қарқаралы уезі бастығының көмекшісі, Семей облыстық әскери губернаторы кеңесінде айрықша тапсырмалар жөніндегі шенеунік болды. 1885 жылдың мамыр айында ол Шар өзені бойындағы Қарамолада 5 уездің билері мен ел жақсылары талқылаған «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережелерін» жазуға қатысты. 1889-1894 жылдары Томск университетінің медицина факультетін бітірді. Қарқаралы және Павлодар уездерінде дәрігер, 1898 жылдан бастап Өскемен уезі Большенарым кентінде учаскелік дәрігер болды. Қазан төңкерісіне дейін Өскемен уезінің Зайсан мен Қатынқарағай аралығындағы ауылдарда дәрігерлік қызмет атқарды. Төңкеріс жылдарында жергілікті кеңестің төрағасы, Өскемен уездік кеңесі атқару комитетінің мүшесі болды, уездік земство басқармасында қызмет етті.

МАУСЫМНЫҢ 2-СІ, БЕЙСЕНБІ

Байқоңыр қаласының және ғарыш айлағының күні. Осыдан 56 жыл бұрын 1955 жылғы маусымның 2-сінде КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының директивасымен «Байқоңыр» ғарыш айлағын ұйымдастыру-штаттық құрылымы бекітілген болатын. Міне, содан бері, маусымның 2-сі — Байқоңырдың туған күні және ғарыш айлағының күні тойланады.

Рағайып түні — Мұхаммед пайғамбардың ата-анасының үйленген күні (бейсенбіден жұмаға қараған түн) (2011 жылғы маусымның 2-сінен 3-іне қараған түн — 1432 хижра жылының 5-6-ы ережебі) — мұсылман мерекесі.

Италия Республикасының Ұлттық мейрамы — Республиканың құрылған күні (1946). Италия — Еуропаның оңтүстік бөлігінде, Жерорта теңізі жағалауындағы Апенин түбегінде, Сицилия, Сардиния және бірнеше ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 20 облысқа бөлінеді. Оның бесеуі Сицилия, Сардиния, Трентино-Альто-Адидже, Валле Д´Аоста, Фриули-Венеция-Джулия ерекше автономиялық мәртебеге ие. Сонымен қатар Италия аумағында тәуелсіз Ватикан және Сан-Марино мемлекеттері орналасқан. Астанасы — Рим қаласы. Ресми тілі — итальян тілі. Ақша бірлігі — еуро. Италия — парламенттік республика. 1948 жылы қабылданған Конституциясы бойынша елді Президент басқарады. Заң шығарушы органы екі палаталы парламент — Республика сенаты және Депутаттар палатасы. Атқарушы билік Министрлер Кеңесінің қолында.

Қазақстан Республикасы мен Италия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 12-де орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

81 жыл бұрын (1930) Қазақстан кәсіподақтарының I съезі болды.

56 жыл бұрын (1955) КСРО Қорғаныс министрлігінің ғылыми-зерттеу сынақ полигоны, қазіргі «Байқоңыр» ғарыш айлағының іргетасы қаланды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы 6 млн. 227 мың гектар аумақты қамтиды. Қызылорда облысының Қармақшы және Қазалы аудандары жер көлемін және зымыран тасымалдағыштан бөлінген бөлшектердің түсу аймақтарын қоса есептегенде ғарыш айлағы 4 млн. гектардан астам жерді алып жатыр. Бүгінде ғарыш айлағында 15 ұшыру қондырғысы, 9 бастама жинағы, 11 құрастыру-сынау тұрқы бар. Байқоңырдан ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр. Байқоңыр ғарыш алаңы 1991 жылы Қазақстан Республикасының иелігіне өтіп, 1993 жылы Ресей Федерациясына 20 жылға жалға берілді. 2004 жылдан Қазақстанның ғарыш қызметіне қатысуының жаңа кезеңі басталды. Қазақстан мен Ресей президенттері қол қойған келісімде «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мерзімін ұзартумен қатар Ресей ғарыш саласының қолдауымен Қазақстанның ғарыш жобаларын жүзеге асыру қарастырылған.

23 жыл бұрын (1988) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы ақпанның 7-сіндегі Жарлығымен аталған комитет Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі болып қайта құрылды.

2010 жылғы 12 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі болып қайта құрылды және оған Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің азаматтардың діни сенім бостандығын қамтасыз ету және діни бірлестіктерімен өзара әрекеттесу саласындағы қызметтері өкілеттілігі берілді.

18 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы туралы» қаулысы қабылданды.

13 жыл бұрын (1998) Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы ашылды. Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры — Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, әлем әртісі Айман Мұсақожаева. 2010 жылғы ақпан айынан Қазақ ұлттық музыка академиясы Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта құрылды.

13 жыл бұрын (1998) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының жаңа астанасының тұсаукесер құрметіне орай «Астана» медалі белгіленді.

12 жыл бұрын (1999) Астанадағы көшелердің біріне алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист Қошке Кемеңгерұлының (1896-1937) есімі берілді.

Кемеңгеров Қошмұхамбет (Қошке) Дүйсебайұлы (1896-1937) — алаш қайраткері, ғалым, жазушы, драматург, журналист.

1896 жылы 15 шілдеде сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Ақмола облысы, Омбы уезінің Қаржас ауылында дүниеге келді. Омбы ауыл шаруашылығы училищесін бітірген. 1916-1918 жылдары «Балапан» қолжазба журналының редакторы болады. Ол 1915 жылдан бастап 1930 жылға дейін үзіліссіз ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосты. Осы уақыт аралығында Қошке өз қатарластарымен бірге отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күреске қатысты. Оның сан салалы ізденіске толы ұлтты дамыту жолындағы қызметін 30-жылдары басталған Кеңес өкіметінің репрессия науқаны үзді.

1917 жылы сәуірде Омбыдағы Ақмола облыстық қазақ атқару комитетінің тапсырмасымен Д.Әділов екеуі Ақмолаға келеді, мұнда Сәкен Сейфуллинмен бірлесіп, «Қазақ» комитетін, «Жас қазақ» ұйымын құруға ат салысады.

Қошке Кемеңгеров шығармашылығы «Айқап» журналында 1915 жылы жарияланған «Жазғытұры», «Бақ іздеген», «Солған гүл» өлеңдері мен «Пайғамбар», «Сәскелік көлдің жағасында» секілді аудармаларынан басталады. Прозадағы алғашқы туындыларының бірі — «Тұтқынның ойы» әңгімесі. Осы және «Отаршылдың ұсқындары», «Қанды толқын» әңгімелерінде қазақ қауымының күрделі әлеуметтік жай-күйі шебер суреттеледі.

Қаламгер құрметіне Баянауылда мектеп, Астанада көше аты берілді.

6 жыл бұрын (2005) Лондонның байырғы Southwark Cathedral кафедралық соборында белгілі қазақстандық скрипкашы Марат Бисенғалиевтің басқаруындағы Батыс Қазақстан филармониясының оркестрі концерт қойды. Концертте британдық өнер сүйер қауымға қазіргі замандағы классикалық композитор Карл Дженкинстің жаңа туындысы — «Реквием» ресми таныстырылды. Карл Дженкинстің «Реквиемі» қазақстандық классикалық оркестрдің Лондонда әлемдегі беделді «EMI» компаниясымен бірлесіп жазылған алғашқы альбомы. Бұл жобаны жүзеге асыруға британ-қазақ қоғамы, Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігі және «Эйр-Астана» ұлттық әуе компаниясы қолдау көрсетті.

5 жыл бұрын (2006) Мойнақ су электр стансасының құрылысы араға 14 жыл салып қайта қолға алынды. Құрылысы 1985 жылы басталып, Одақ тарағаннан кейін тоқтап қалған су электр стансасын іске қосу, жалпы қуаттылығы 300 МВт болатын Мойнақ СЭС-інің жұмыс істеуі еліміздегі электр энергиясына деген тапшылықтың орнын толтырмақ.

5 жыл бұрын (2006) Алматы қалалық әкімдігінде мультимедиялық жабдықтармен жасақталған «Қазақ тілі» оқу залының таныстырылымы болды. Электронды бағдарламалар арқылы жеделдете оқыту бойынша арнайы курстан өткен қызметкерлердің алған білімдері тексеріліп, тиісті дәрежедегі сертификаттар тапсырылады. Бүгіндері мемлекеттік тілді қызметкерлерге оқытудың бір ізді жүйесі жоқ екенін ескерсек, мұндай залдар ондай мәселелерді шешуге үлкен көмек болатыны анық.

4 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке Ресей халықтар достығы университетінің құрметті докторы атағы берілді. Дипломнан басқа Кәрім Мәсімовке құрметті доктордың мантиясы, бас киімі және естелік медалі табысталды.

4 жыл бұрын (2007) Павлодарда «Ақ отау» неке қию сарайы ашылды. Сарай ғимараты қала орталығындағы Ертістің жағасында киіз үйге ұқсастырылып салынған. Жас отау иелерін тіркеу кең, әдемі безендірілген залда өтеді.

2 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы құрлықаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшыру қондырғыларын, апатты жағдайлардың салдарын жоюға және ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты Келісімге Түзетулерді бекіту туралы» Заңға қол қойды.

2 жыл бұрын (2009) Алматы облысының Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласында ауыл шаруашылығы саласына арналған «Арлан» атты қазақстандық трактор құрастыратын зауыттың салтанатты ашылу рәсімі болды.

Зауыттың ашылу рәсіміне Ауыл шаруашылық министрлігінің, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ының, Алматы облысы әкімдігінің, Қытайдың «YTO Group» компаниясының өкілдері қатысты.

Мұнда құрастырылатын 20-дан 180-ге дейін ат күші бар «Арлан» атты шағын көлемді тракторлар Қазақстан нарығында теңдесі жоқ, ал құны бойынша шағын және орта фермерлік қожалықтарына қолжетімді.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1956) «ЮрАзия Энерджи Холдингс ЛТД» компаниясының бас директоры, автоматтандыру инженері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі НИЕТБАЕВ Марат Әбенұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. 1973-1991 жылдары — Шымкент қорғасын зауытында балқытушы, шебер, аға шебер, бастықтың орынбасары, цех басшысы, аға металлург, өндірістік бөлімнің бастығы. 1991-1992 жылдары — Шымкент қорғасын зауыты директоры. 1992-1997 жылдары — «Шымкент қорғасын зауыты» АҚ-ының бас директоры. 1997-1998 жылдары — «Тың тау-кен химиялық комбинаты» АҚ-ының оңалту басқарушысы. 1998-2004 жылдары — «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-ының тау-кен рудасы департаменті директоры. 2004-2006 жылдары — «Тау-кен рудасы компаниясы» ЖШС-інің бас инженері. 2005-2007 жылдары — «Волковгеология» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. 2006-2007 жылдары — «Кең дала» АҚ-ының бас директоры. 2007-2010 жылдары — «Тау-кен рудасы компаниясы» ЖШС-інің бас директоры қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап істейді.

50 жыл бұрын (1961) «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының персоналды басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті АКЧУРИН Асхат Харисұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Фурманов ауданының (қазіргі Қазталов ауданы) Талдықұдық кентінде туған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы интситутын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. 1983-1996 жылдары — техниканың мүжілуіне қарсы бас мамандандырылған құрылымдық бюроның инженер-құрылымдаушысы, жүргізуші инженері, сектор меңгерушісі, бас инженер, бас құрастырушысы — бастығы. 1996-1998 жылдары — техниканың мүжілуіне қарсы бас мамандандырылған құрылымдық бюроның және «Целинсельмаш» АҚ мамандандырылған құрылымдық бюро бірлестігінің бас құрылымдаушысы, Астана қаласы әкімі аппараты Нарықтық экономика бөлімінің меңгерушісі. 1998-2002 жылдары — Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің бірінші орынбасары, орынбасары. 2002-2004 жылдары — Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі. 2004-2006 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінде, Ұйымдастыру-бақылау жұмыстары және кадр саясаты басқармасы Мемлекеттік инспекциясының мемлекеттік инспекторы. 2006-2008 жылдары — Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2008-2009 жылдары — «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының аппарат басшысы қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2009 жылдың қаңтар айынан бастап істейді.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ҚОНАРБАЙ Болат Қайроллаұлы дүниеге келді.

Атырау облысының Құлсары қаласында туған. Воронеж техникалық училищесін, Орал орман-техникалық институтын (қазіргі Орал мемлекеттік орман-техникалық университеті), Волгоград ауыл шаруашылығы академиясын (қазіргі Волгоград мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясы) бітірген. 1989-1991 жылдары — БЛКЖО Ембі аудандық комитеті жанындағы Жастар бастамасы қорының төрағасы. 1991-1996 жылдары — «Жұлдыз» шағын кәсіпорны директорының орынбасары, директоры. 1997-1998 жылдары — «Болсан» ЖШС-інің директоры. 1998-1999 жылдары — «Жылыой нан» Ашық акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы. 1999-2007 жылдары — «Жаңа-жол-1» ЖШС-інің бас директоры. 2006-2007 жылдары — Атырау облыстық өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы. 2005-2007 жылдары — «Атамекен» Одағы үйлестіру кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі. 2007-2008 жылдары — «Нұр Отан» ХДП Атырау облыстық филиалының төрағасы. 2007 жылдан — «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

МАУСЫМНЫҢ 3-І, ЖҰМА

Ережеп айының 1-ші жұлдызы (қасиетті үш айдың басталуы) — мұсылман мерекесі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

86 жыл бұрын (1925) қырғыз елімен арадағы шекараны межелеуге байланысты Шу болысы «уезд құқығындағы аудан» (орталығы — Георгиевка селосы) мәртебесін алды.

23 жыл бұрын (1988) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Жарлығымен Халыққа білім беру министрлігі құрылды. Аталған министрлік Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы мамырдың 8-індегі Жарлығымен және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы негізінде Білім министрлігі болып қайта құрылды.

16 жыл бұрын (1995) ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың (1845-1904) 150-жылдығына арналған мәдени күндер басталды.

12 жыл бұрын (1999) Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ішіндегі Кіші Ақсарайға қазақ халқының хандары мен билерінің мүрделері қайта жерленді.

12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ана тілінің айбары» белгісі тапсырылды.

12 жыл бұрын (1999) Халықаралық «Алматы инвестициялық саммиті» өз жұмысын бастады. Оған 22 елден 160 компанияның 300-ден астам басшылары мен өкілдері қатысты.

9 жыл бұрын (2002) Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған Азиядағы Өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің алғашқы басқосуы өтті. Оған 16 қатысушы елдің, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ), Араб мемлекеттері лигасының және 8 бақылаушы елдің өкілетті делегациялары қатысты. Кездесу барысында тарихи құжаттар — АӨІСШК Алматы актісі мен Лаңкестікті аластау мен өркениеттер арасындағы үн қатысуға жәрдемдесу туралы Декларациясы қабылданды. Бүгінгі таңда АӨІСШК-ға мүше мемлекеттердің саны 17-ге жетсе, бақылаушы мемлекеттердің қатары Индонезия, Вьетнам, Малайзия, Украина, АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапониямен толықты.

2 жыл бұрын (2009) Астанада белгілі қазақстандық мұнайшы, Қазақстан Республикасы өнеркәсібіне еңбек сіңірген қызметкер Балтабек Қуандықовтың «Каспий қайраңының кілттері» («Ключи каспийского шельфа») атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кітапқа деректі мәліметтер, бейнефильмдер, басылымдарда жарық көрген мақалалар мен Каспий теңізін игеру ісіне тікелей қатысқан адамдардың алғашқы еңбектері енгізілген.

2 жыл бұрын (2009) Ашхабадта «Нұрбанк» АҚ және Инвестициялар мен экспорттық несиелерді сақтандыратын Ислам корпорациясы (ICIEC) арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.

«Нұрбанк» АҚ қазақстандық банктердің ішінде өз пайдаланушыларына ICIEC қатысушы-елдермен инвестициялық келісімшартты сақтандыруға және АҚШ-тың 150 млн. долларына дейінгі сомада экспорттық несие беру қызметтерін ұсынды.

Келісімге қол қою шарасы Ислам даму банкінің басқарушы топтарының 34-ші жыл сайынғы кеңестің мәжілісі шеңбері аясында өтті.

1 жыл бұрын (2010) Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Әлия Бөпежанованың кітаптары мен кітап жобаларының» тұсаукесері өтті.

Әлия Бөпежанованың Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бағдарламасы бойынша «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген шығармалары 2 кітаптан тұрады. Онда автор өнердің тәрбиелік міндетін қоғамның рухани-эстетикалық дамуымен тығыз байланыста қарастырады. «Өнер — жеке тәжірибе» деп аталатын бірінші кітабында көрнекті суреткерлер, замандас жазушылар мен режиссерлердің шығармашылықтарын сөз етеді. Ал, «Мәдениет — жасампаз сана» атты екінші кітабында сыншының Асқар Сүлейменов, Дж.Сорос, Әзірбайжан Мәмбетов секілді бірқатар тұлғалармен сұхбаттары және көркем аудармалары топтастырылған. Сарапшы Әлия Бөпежанова оқырмандарына кітап жобалары ретінде «Парасат падишасы», «Кек», «Болмыспен бетпе-бет» және «Кинорежиссер, жазушы Сатыбалды Нарымбетов» сынды альбом кітабын ұсынған. «Бүгінгі күні әдеби сын деңгейі төмендеп, теперіш көруде. Туындыларды талдау мардымсыз. Соған сай рухани әлеміміз де қатты құлазып тұр. Осы тұрғыдан алғанда, біздің Әлия қай жанрда болмасын, талмай қалам тербеп, өз бағытынан таймай, бір қалыппен келеді», — деді жиында сөз сөйлеген белгілі сахна сыншысы Әшірбек Сығай. Сыншы, мәдениеттанушы, аудармашы, журналист, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі Әлия Бөпежанова туындылары әдебиет пен мәдениетті, өнерді насихаттауға бағытталған.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1911-1970) ақын АНИСИМОВ Семен Михайлович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында туған. Өскемен, Семей педагогикалық техникумдарын, Ленинград журналистика институтын бітірген. Соғысқа дейін және соғыстан кейін өмірінің соңына дейін Семей облыстық «Прииртышская правда» газетінде жемісті еңбек еткен. Шығармашылық жолын өлеңмен бастаған ол прозада да қалам тартқан.

Ақынның «Замандас», «Қыркүйек», «Ақ қайнар», «Таңдамалылар» атты жыр жинақтары, «Парамон Крутихинаның құпиясы», «Жез қалып», «Көкек» атты прозалық шығармалары бар.

Қызыл Жұлдыз орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

50 жыл бұрын (1961) «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ ішкі аудит қызметінің басшысы, қаржы қызметінің үздігі АСҚАРОВА Айгүл Ермағамбетқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), Орталық Азия университетін бітірген. 1984-1998 жылдары — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ақпараттық-есептеу орталығының (АЕО) инженер-бағдарламашысы, аға экономисі, жобаның бас, жүргізуші инженері, бөлім меңгерушісі, басқарма бастығының орынбасары. 1998-2004 жылдары — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазына комитеті басқармасы бастығының орынбасары, бастығы. 2004-2006 жылдары — Астана қаласы Қаржы департаментінің басшысы. 2005-2006 жылдары — «Астана-Қаржы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. 2006-2007 жылдары — Астана қаласы бойынша Қазына департаменті бастығының орынбасары, Шымкент қаласы Қаржы бөлімінің меңгерушісі. 2007-2009 жылдары — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазына комитеті төрағасының орынбасары. 2009-2010 жылдары — «ҚазАгроГарант» АҚ-ының басқарма төрағасы. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың қараша айынан бастап істейді.

«Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар