2011 жылғы 27 маусым мен 3 шілденің аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2011 жылғы 27 маусым мен 3 шілденің аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

2011 жылғы 27 маусым мен 3 шілденің аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

  • 27 Маусым 2011
  • 1014
Фото - Caravan.kz

26-27 маусым күндері ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтің Франция мемлекетіне ресми сапары күтілуде.

ПАРЛАМЕНТ

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың 2011 жылғы 20 маусымдағы №50 өкімімен ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы 30 маусымға шақырылды.

ҚОҒАМ

Режиссер Ғазиз Насыровтың «Гәкку» фильмі Қазақстан атынан 23-29 маусым аралығында өтетін Халықаралық Мәскеу кинофестиваліне қатысады.

28 маусым мен 3 шілде аралығында Мәскеу қаласындағы Бүкілресейлік көрме орталығында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің Мемлекетаралық көрмесі өтеді.

1 шілдеден «Жеке мақсатта пайдалану үшін жеке тұлғалардың жеңіл автокөліктерді тасымалдау мәселелері туралы» ҚР Үкіметі қаулысының мерзімі аяқталады.

1 шілдеден бастап елімізде «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы жүзеге аса бастайды.

СПОРТ

29 шілде күні Бейбіт Шүменов АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегаста Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының жартылай ауыр салмақта Әлем чемпионы атағын қорғайды. Оның қарсыласы американдық Дэнни Сантьяго.

АСТАНА

27 маусымда Президенттік мәдениет орталығында «Мұсылман киімі — ұлттық айшықта» атты ұлттық нақыштағы мұсылман киімдерінің байқауы өтеді. Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалық етуінің қарсаңында өткізіліп отырған бұл байқаудың мақсаты -Қазақстан мұсылман әйелдерінің киім үлгісінде ұлттық стиль мен нақышты жандандыру болып табылады.Байқауға Қазақстан, таяу және шалғай шет елдерінен 15-тен астам модельер мен кутюрьелер сайысқа түседі.

27 маусымда Кедендік бақылау комитетінде БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтеді.

27 маусымда Империал хит-клубында Астана күніне арналған Патриоттық әндердің караоке-конкурсы өтеді.

Астанада 28-30 маусым аралығында Ислам конференциясы ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы өтеді.

АЛМАТЫ

Алматыдағы Орталық көрмеде 25 мамыр — 2 шілде аралығында «Kazakhstan Art Week» қазақстандық өнер апталығы өтуде.

27 маусымда «Астана» қонақүйінде Интернет-қауымдастығының ұйымдастыруымен «дөңгелек үстел» отырысы болады.

27 маусымда Қазақстан баспасөз клубында «Activ идеяларының жастар банкі» жобасының екіжылдық жұмыс қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты болады.

27 маусымда Ұлттық баспасөз клубында Қазақтың Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында режиссерлердің, операторлар мен сценаристердің жоғары курстарының ашылу жобасына арналған баспасөз мәслихаты болады.

30 маусым күні Алматыда бильярдтың «Еркін пирамида» түрінен Азия чемпионаты өтеді.

АЙМАҚ

АҚТӨБЕ

1 шілдеден бастап Ақтөбеде қоғамдық көлікте жол жүру құны 10 теңгеге қымбаттап, автобус ақысы — 45 теңге, шағын автобустар мен маршурттарда жол жүру ақысы 55 теңге болады.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

МАУСЫМНЫҢ 27-СІ, ДҮЙСЕНБІ

Джибути Республикасының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1977). Джибути — Африканың солтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Шекарасы Эфиопиямен, Сомалимен және шығысында Аден шығанағымен шектеседі. Әкімшілік жағынан 5 округке бөлінеді. Астанасы — Джибути қаласы. Ресми тілдері — француз және араб тілдері. Ақша бірлігі — джибути франкі. Елді Президент басқарады. Заң шығарушы органы бір палаталы парламент — Депутаттар палатасы.

Дүниежүзілік балықшылар күні. 1984 жылдың шілде айынан бастап Римде өткен Балық аулауды бақылау және дамыту жөніндегі халықаралық конференцияның шешімі бойынша жыл сайын атап өтіледі.

Тәжікстанның ұлттық бірлігі күні. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы 7-ші қаңтарда орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

6 жыл бұрын (2005) Бүкіләлемдік кеден ұйымының Кеден ынтымақтастығы кеңесінің 105-ші және 106-шы сессиясында Қазақстан Бүкіләлемдік кеден ұйымы Саяси комиссиясының мүшесі болып сайланды.

Бүкіләлемдік кеден ұйымы Саяси комиссиясы 1978 жылы құрылды. Оның құрамына 17-ден аса Бүкіләлемдік кеден ұйымы белсенді мүше-мемлекеттер аймақтық негіз ретінде екі жылдық мерзімге сайланады. Бұл ұйым бүкіләлемдік кеден жүйесінің қызметі мен даму сұрақтарын қарайды: халықаралық конвенцияларды жаңарту және енгізу, кеден ісі саласындағы басқа да құқықтық құралдарын өңдейді.

5 жыл бұрын (2006) Малайзияда Елбасының «Сындарлы 10 жыл» кітабының малай тіліндегі аудармасының таныстырылымы болды.

5 жыл бұрын (2006) Алматыда Қазақстан мен Ресей Президенттерінің ұйымдастыруымен құрылған Еуропа даму банкі өз жұмысын бастады.

4 жыл бұрын (2007) Алматыда «Домбыра» деп аталатын жаңа журнал жарық көрді. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығады. Музыка саласында қазақ тілінде алғаш рет шығып отырған бұл журнал ұлттық музыка өнерін, әдебиеті мен тарихын, философиясы мен психологиясын, педагогикасын насихаттаумен қатар, олардың рухани астарлары осы бір киелі аспап үнімен байланысты екенін айтуды көздейді. Басылымның бас редакторы — жас домбырашы, сазгер Жасарал Еңсепов.

2 жыл бұрын (2009) Парижде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы және Францияның Ұлттық әкімшілік мектебі арасында меморандумға қол қойылды.

Меморандумның мақсаты өзара ынтымақтастықта тәжiрибе алмасу, қайта даярлау және мемлекеттiк билiк, мемлекеттiк басқару және жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың органдарға арналған кадрларының бiлiктiлiгiн жоғарылатуларымен шұғылданатын оқу орындардың оқу, әдiстемелiк, ғылыми және кадрлық қамтамасыз ету саласын қайта жаңғырту болып табылады.

ЕСІМДЕР

50 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы ШЕЛПЕКОВ Балабай Ақбердіұлы дүниеге келді.

Түркменстанда туған. И.Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын бітірген. «Өзенмұнай» мұнай-газ өндірісі басқармасында қызмет істеген. 1988-1989 жылдары — Жаңаөзен қалалық партия комитетінің нұсқаушысы. 2002-2005 жылдары — «Қазақстан Халық банкі» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары. 2005-2006 жылдары — Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Канцеляриясының бас сарапшысы. 2006-2008 жылдары — Маңғыстау облысы Түкқараған ауданының әкімі. 2007-2008 жылдары — «Тобол Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді.

40 жыл бұрын (1971) Павлодар облысы Қашыр ауданының әкімі БАҚАУОВ Болат Жұмабекұлы дүниеге келді.

Павлодар облысының Железин ауданында туған. Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын, Халықаралық бизнес академиясын бітірген. 1993-1996 жылдары — «Әділет» шағын кәсіпорнының директоры. 1996-1998 жылдары — «Бақауов» ұжымдық шаруашылығының басшысы. 1998-2007 жылдары кәсіпкерлікпен шұғылданған. 2007-2008 жылдары — «Толымбек» ұжымдық шаруашылығының директоры қызметтерін атқарған. 2003-2008 жылдары Павлодар облыстық маслихатына депутат болып сайланған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың желтоқсанынан бастап істейді.

Медальмен марапатталған.

МАУСЫМНЫҢ 28-І, СЕЙСЕНБІ

Украинаның Конституция күні. 1996 жылы тәуелсіз Украина мемлекетінің Жоғарғы Радасы елдің бірінші жаңа Конституциясын қабылдады. Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 22-де орнатылды.

Мұсылмандар күнтізбесі бойынша — Миғраж түні. Пайғамбар жеті көкке көтерілген түн (сейсенбіден сәрсенбіге қараған түн) (2011 жылғы маусымның 28-нен 29-ына қараған түн — 1432 хижра жылының 26- 27-ші ережебі) — мұсылман мерекесі.

Һижраттан бір жарым жыл бұрын ережеп айының жиырма жетінші түнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) — миғраж мұғжизасы берілді. Алла тағаланың құдыретімен, қалауымен ғана болатын кереметтерді, аянды мұғжиза деп атайды. Адамзатқа екі дүниеде шапағатшы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) теңдесі жоқ ірі-ірі ғажайып мұғжизалар берілді. Оның бастысы — Құран. Одан кейінгісі — миғраж мұғжизасы. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) миғражда үш үлкен сыйлық берілді: біріншісі — бес уақыт намаз. Екіншісі — Аллаға шерік қоспаған жанның жәннатқа кіретіні жайындағы сүйінші хабар. Үшіншісі — Бақара сүресінің соңғы екі аяты (Амәна-расулу). Исра және Миғраж оқиғасы миләди 621 жылы ережеп айының 26-сынан 27-сіне өтер түнде, дүйсенбіде, Меккеден Мединеге һижрат етуден 18 ай бұрын болып еді. Кейінірек жыл сайын бұл түнді шын иман-ықылас және қосымша нәпіл ғибадаттармен атап өткізу мұсылмандар үшін дәстүрге айналды. Миғраж түнінде пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам меші­тінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады. (Түнгі сапар арабтарда «исра» деп аталады). Одан миғражға — жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі — аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді. Миғраж пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза — Алланың құдіретімен жүзеге асатын, адамдардан тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Алла тағала жеті пайғамбарды миғражбен сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Жүніс, Иса және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлар. Әрқайсысының миғражы әртүрлі болған. Соның ішінде біздің пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) миғражы ерекше өткен. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

77 жыл бұрын (1934) Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тұқымдық инспекция құрылды.

16 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мұнай туралы» Заң күші бар Жарлығы шықты.

16 жыл бұрын (1995) Алматыдағы Чапаев көшесі Манас көшесі болып өзгертілді.

9 жыл бұрын (2002) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының Лениногорск қаласының атауын Риддер деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды.

6 жыл бұрын (2005) «Хабар» агенттігі, «Дегдар» қайырымдылық қоры мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару жоғары мектебі түлектерінің бастамашы тобы қазақстандық жоғары оқу орындарындағы журналистика факультеті студенттері арасында «Хабардың» бас директоры болған, марқұм Жанар Әбділдинаны еске алуға арналған байқау жариялау туралы шешім қабылдады.

Байқаудың мақсаты болашақ жас журналистерге қолдау көрсету, олардың белсенділігін арттыру болмақ.

Жанар Әбділдина (1969-2005) Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс институтын және мемлекеттік басқару жоғары мектебін бітіргеніне қарамастан 500-ден астам адам қызмет ететін, басым көпшілігін журналистер құрайтын шығармашылық ұжымды шебер басқарды және оның қызметін жаңа деңгейге көтерді.

6 жыл бұрын (2005) Өскеменде «АгромашХолдинг» АҚ сервистік орталығының тұсау кесер рәсімі өтті.

«АгромашХолдинг» АҚ сервистік орталығы комбайндарді, тракторларды, жаткаларды, запас бөлшектерді, пестицидтерді тікелей және лизинг арқылы сатады, техниканы кепілдіктен кейін кешенді және кепілдік қызмет көрсету, механизаторларды оқыту және қайта мамандандыруды іске асырады. Сервис орталығы қызметінің басты идеясы әрқашан кез-келген техниканы шығарушы-зауыттың бағасымен алуға болатын «Агромаркет» желісін құру.

«АгромашХолдинг» АҚ-ның 9 сервистік орталығы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында орналасқан. Олардың орналасқан жері Қазақстанның ең ірі егінді алқаптары болып табылады.

4 жыл бұрын (2007) Алматыда қазақстандық «The Choice» серіктестігі Қазақстан Республикасында іскер әдебиетінің бірінші баспаханасының ашылуын жариялады. Жоба «Манн, Иванов және Фербер» ресейлік баспаханасымен бірге жұмыс істей бастады. Қазақстандық баспахана шығарған бірінші кітап тайм-менеджмент саласындағы танымал ресейлік консультант Глеб Архангельскийдің «Тайм-драйв: как успеть жить и работать» атты жұмысы болды.

1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1926-1994) гидротехника мамандығын меңгерген алғашқы қазақ әйелдерінің бірі, техника ғылымының кандидаты ЖАМАНМҰРЫНОВА Бибі Телқызы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында туған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының гидромелиорация факультетін Сталиндік стипендиямен үздік бітірген. Сол институттың су энергетикасы мен гидравликасы кафедрасында ассистент, Шымкент ауыл шаруашылығы техникумында, Шымкент технологиялық институтында оқытушы болған. 1960-1967 жылдары Алматыдағы Қазақ энергетикалық ғылыми-зерттеу институтында қызмет еткен. 1968-1981 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында оқытушы, гидротехникалық құрылыстар кафедрасының доценті, кәсіпті жетілдіру жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған.

Ғалым Амудария өзеніндегі аса ірі Қызылаяқ гидроторабын жобалауға қатысқан. Ондаған ғылыми жұмыстың авторы.

55 жыл бұрын (1956) философия ғылымының кандидаты, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі КАН Георгий Васильевич дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. 1980-1988 жылдары осы институттың оқытушысы, аға оқытушысы болған. 1988-1991 жылдары — Алматы жоғары партия мектебінің доценті. 1991-1998 жылдары Қазақ КСР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеті басқармасының бастығы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, аға ғылыми қызметкері, тарих факультетінің деканы, шығыстану кафедрасының меңгерушісі, профессоры. 1998 жылдан — «Әділет» жоғары құқық мектебінің саясаттану және экономика пәні кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан тарихы, философия және әлеуметтану пәні кафедрасының меңгерушісі, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі. Қазақстан корейлері ассоциациясының вице-президенті, сондай-ақ Қазақстан халықтары ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшесі болып табылады.

Ол 100-ден астам ғылыми еңбектің және «Қазақстан корейлері: тарихи очерктер», «Қазақстандағы корейлердің тарихи» және «Қазақстан тарихы» кітаптарының авторы. Медальдармен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

МАУСЫМНЫҢ 29-Ы, СӘРСЕНБІ

Сейшель аралдары Республикасының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1976). Сейшель аралдары мемлекеті Мадагаскар аралының солтүстік-шығысында, Үнді мұхитындағы 115 аралда орналасқан. Әкімшілік-аумақтық жағынан 23 округке бөлінеді. Астанасы — Виктория қаласы. Ресми тілі — креоль, ағылшын және француз тілдері. Ұлттық ақша бірлігі — сейшель рупийі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

79 жыл бұрын (1932) КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының алқасы «Балқаш маңы мыс қорыту комбинатының құрылысы туралы» қаулы қабылдады.

47 жыл бұрын (1964) Мақат-Ақтау темір жолының құрылысы аяқталды.

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Люксембург Ұлы герцогтығының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

13 жыл бұрын (1998) Тараз мемлекеттік университетінде XVI ғасырда өмір сүрген белгілі тарихшы, әдебиетші, философ, «Тарихи Рашидидің» авторы М.Х.Дулатиге мүсінтас қойылды.

10 жыл бұрын (2001) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана — жаңа қала» арнайы экономикалық аймақ құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

6 жыл бұрын (2005) Мемлекет басшысы «Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

6 жыл бұрын (2005) Оралда Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішіндегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Батыс Қазақстан облысы әкімшілігі және Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. компаниясы арасында өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

6 жыл бұрын (2005) Семейде Қазақстан ғалымы, абайтанушы, профессор, жазушы, драматург, Абай атындағы сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедхановтың (1916-2004) шығармалар жинағының бірінші томы жарық көрді.

Шығармалардың бірінші томына «Абайдың әдебиет мектебі», «Абай шығармаларының текстологиясы» еңбектері және танымал адамдар туралы мақалалары енді. Саяси қуғын-сүргін жылдары бұл зерттеулерге тыйым салынған, ал авторды «халық жауы» деп айыптап 25 жылға түрмеге қамаған.

Жинаққа кірген Қайым Мұхамедхановтың хаттары мен суреттері ғалымның отбасылық мұрағатынан алынған.

2 жыл бұрын (2009) Астанада өткен Қала құрылысын салушылардың «Қазақстан-2009» VIII форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Қала құрылысын салушылар одағының Алтын медалімен марапатталды.

2 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың болашақ собор мешіті құрылысының орнына ескерткіш капсуласын орналастырды және оны «Хазрет Сұлтан» деп атады.

Мешіттің сәулет жобасының бәйгесіне 26 жұмыс түскен. Соның ең үздігі болып «KAZGOR» жобалау академиясы таңдалған.

Орталық бас мешiттiң намаз оқитын залы 12 бұрыштан тұрады. 12 бұрыш негізінің төбесі 40 метрлік күмбезбен орналасады. Мешітте бір мезгілде 5000 адам мінажат ете алады.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1941) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі сыйлығының және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері ПІРӘЛИЕВ Қалдыбай Жайлауұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1965-1994 жылдары — Қазақстан Ғылым Академиясының Бектұров атындағы Химия ғылымы институтының аға зертханашысы, инженері, кіші, аға, жетекші, ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1994-2005 жылдары — Қазақстан Ғылым Академиясының Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты директорының орынбасары. 1994 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясынының Бектұров атындағы химия ғылымдары институты дәрі-дәрмек химиясы зертханасының меңгерушісі, Алматы үздіксіз білім университетінің ректоры қызметтерін атқарып келеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармакопеялық комитетінің мүшесі, Диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары, Республикалық іргелі зерттеулер кеңесінің мүшесі болып табылады. Сондай-ақ «AAPS» Америка фармацевтика ғалымдары Ассоциациясының мүшесі, Қазақ КСР Министрлер Кеңсінің мемлекеттік ғылыми стипендиясының жеңімпазы. Соңғы жылдары Америка азаматтық зерттеулер және даму қорының (CRDF) 3 гранты, АҚШ-тың Оклахома және Нью-Йорк университеті, INTAS гранты бойынша Бельгияның Гент университетінің ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыстар жүргізуде. Жаңа дәуірлік заттарды іздестіру және өндіріске енгізу жолындағы жетістіктері үшін Америка фармацевтика ғалымдарының Ассоциациясына мүшелікке қабылданған.

Республикада тұңғыш рет депрессияға қарсы жатрылай синтетикалық дәрілік зат — цефедрин өндіру мен медицинада қолдануды іске асырған.

Ғалымның 700-ге жуық ғылыми еңбегі, 200-дей патенті бар. 26 химия ғылымы кандидатын, 4 докторын даярлаған.

«КСРО өнертапқышы» белгісімен, медальдармен марапатталған.

40 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, халықаралық экономикалық даму бойынша магистр ОРЫНБАЕВ Ербол Тұрмаханұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының тұрғыны. Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Дьюк университетін (АҚШ, Солтүстік Каролина, Дарем қаласы) бітірген. Еңбек жолын «Ақ бастау» Шымкент банкінің маманы болып бастаған. 1993-1995 жылдары — Мәскеу қаласы «Фьючер» банкінің басқарма төрағасының орынбасары. 1995-1996 жылдары — Шымкент қаласындағы «Weikfield Inspection Services Ltd.» Ливерпульдік сертификатталған мақта компаниясы бас директоры. 1996-1997 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 1997-1998 жылдары — Қазақстан Республикасы Көшіқон және демография жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары міндетін атқарушы. 1998 жылы — Қазақстан Республикасы стратегиялық жоспарлау және реформа жөніндегі агенттігі бюджеттік бағдарламалау басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсңсінің бас эксперті. 1998-1999 жылдарым- Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің әлеуметтік экономикалық реформалар мәселелері жөніндегі бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1999-2000 жылдары — Қазақстан Республикасы мемлекеттік істер жөніндегі агенттігі мемлекеттік қызметті құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры. 2002 жылы — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік істер жөніндегі агенттігі төрағасының көмекшісі. 2002-2003 жылдары — Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау вицеминистрі. 2003-2004 жылдары — «Маркетингтік сараптамалық зерттеулер орталығы» АҚ басқармасының төрағасы. 2004-2005 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары- экономикалық саясат басқармасының бастығы. 2005-2006 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі Әлеуметтікэкономикалық қабылдау бөлімінің меңгерушісі. 2006-2007 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі бьасшысының орынбасары. 2007-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы Премьер-министрі канцеляриясының бастығы. 2008 жылы — Қазақстан Республикасы Премьер-министрдің орынбасары. Қазіргі қызметінде 2011 жылдың сәуірінен бастап істейді.

2009 жылдың қазанынан бастап Астана жаңа университеті АҚ (2010 жылдың маусымынан «Назарбаев Университеті» АҚ), директорлар кеңесінің мүшесі, «СК-Фармация»м ЖШС қадағалау кеңесінің төрағасы болып табылады.

40 жыл бұрын (1971) заң ғылымының докторы, Лейден (Нидерандия) университетінің заң факультеті шығаратын «Review of Central and East European Law» ғылыми журналының редакциялық кеңесінің мүшесі, Каспий қоғамдық университетінің профессоры ҚАРАҒҰСОВ Фархад Сергейұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын бітірген. Британдық кеңес бағдарламасы шеңберінде Ален&Овери халықаралық заңгерлік фирмасының Лондондағы офисінде сынақ мерзімінен өткен. 1993-1996 жылдары — Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Мемлекет және құқық институтының ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушысы. 1996-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің заңнама бөлімі секторының аға сарапшысы, меңгерушісі. 1997-1998 жылдары — «Қаржы нарықтары институты» қоғамдық қорының президенті. 1998-2000 жылдары — «Кудер Брозерс» халықаралық заң фирмасының Алматыдағы офисінің заңгері. 2000-2006 жылдары — «Қазақстан халық банкі» АҚ басқармасы төрағасының кеңесшісі, заң департаментінің директоры, басқарушы директоры. 2006-2007 жылдары — «Бэйкер және Макензи» компаниясының кеңесшісі. 2007-2009 жылдары — «Қазақстан халық банкі» АҚ бас заң кеңесшісі. 2008 жылдан — Каспий қоғамдық университетінің профессоры, 2010 жылдың шілдесінен — «Sky Bridge Capital» ЖШС-нің құқық жөніндегі басқарушы директоры.

«Қазақстан Республикасындағы құнды қағаздардың құқықтық тәртібі», «Инвестициялық қорлар: сауалдар мен жауаптар», т.б. кітаптарының және Қазақстанда, таяу және алыс шетелдерде қазақ, ағылшын тілдерінде жарияланған еңбек қатынасына, валюта және банкі заңнамаларына, азаматтық құқық мәселелеріне арналған 80 ғылыми мақаланың авторы. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Азаматтық құқық жөніндегі оқу құралын дайындаған авторлық ұжымның құрамында болған.

«Құрмет» орденімен, медальмен марапатталған.

МАУСЫМНЫҢ 30-Ы, БЕЙСЕНБІ

Конго Демократиялық Республикасының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні. Конго Орталық Африкада орналасқан. Батысында және солтүстік-батысында Конго Республикасымен, солтүстігінде Орталық Африка Республикасымен, солтүстік-шығысында Суданмен, шығысында Уганда, Руанда, Бурунди, Танзаниямен, оңтүстігінде Замбиямен, оңтүстік-батысында Анголамен шектеседі. Әкімшілік жағынан 11 провинцияға бөлінеді. Елде 200-ден астам этникалық топтардың өкілдері тұрады. Астанасы — Киншаса қаласы. Ресми тілі — француз тілі. Ақша бірлігі — конго франкі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

92 жыл бұрын (1919) Өскемен түрмесіндегі саяси тұтқындар колчак әскерлеріне қарсы көтеріліс ұйымдастырды.

28 жыл бұрын (1983) Қазақ КСР-нің Тұрғын үй кодексі қабылданды.

6 жыл бұрын (2005) Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Социологиялық зерттеу орталығы құрылды.

Орталық халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа технологияларын және атаулы әлеуметтік көмек жүйесін жақсарту ұсыныстарын құрастырады.

4 жыл бұрын (2007) Астанада Бейбітшілік және келісім сарайының алдында Халықтар достығы монументі ашылды. Монументтің салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен елімізге қысқа мерзімді жұмыс сапарымен келген Испания Королі Хуан Карлос І және Королева София қатысты.

Аталған ескерткіштің авторлары — суретші Төлеуғазы Байғалиев, сәулетші Саматбек Тәженұлы, мүсінші Асқар Нартов.

Ескерткіштің биіктігі 21 метр. Оның жоғарғы жағында еліміздегі саны 100 мыңнан асатын қазақ, орыс, неміс және кәріс ұлты қыздарының шаңырақты көтеріп тұрған мүсіні бейнеленген. Ескерткіштің ортасында Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың санына сәйкес керегелер мен масақ орналасқан.

2 жыл бұрын (2009) Астанадағы Тәуелсіз сарайы және «Қазақ елі» монументі орналасқан Манас көшесінің аты Тәуелсіздік даңғылы деп өзгертілді.

2 жыл бұрын (2009) Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмола ауылындағы «Ақмола-Феникс» АҚ кеңсесінде Социалистік Еңбек Ері Иван Шарфты мәңгі есте сақтау мақсатымен мемориалды тақта ашылды.

Иван Иванович Шарф (1930-2008) Қарағанды педагогикалық институтынан кейін ұстаздық етіп, соңынан Целиноград зооветеринарлық техникумында, Целиноград ауыл шаруашылығы институтында білімін жалғастырған. Еңбек жолын мектепте мұғалімдіктен бастап, талай жылдар қоғамдық, партия ұйымында, шаруашылық басшысы қызметтерінде жоғары бағаға ие болған. 1975 жылы Целиноград құс өсіру жөніндегі өндірістік бірлестіктің бас директоры қызметіне тағайындалған. Ол 1993 жылы «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамы болып қайта құрылған болатын. 1986 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды, кейіннен «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы» ордендеріне ие болды.

«Ақмола-Феникс» — елорданы құс етімен, жұмыртқамен, ұн және нан өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етіп келе жатқан өндіріс орталығы.

1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерін «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Кодекске сәйкес келтіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын (1901-1991) геолог, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Лениндік сыйлықтың лауреаты МЕДОЕВ Георгий Цараевич дүниеге келді.

Солтүстік Осетия Республикасының Дигора қаласында туған. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) кен институтын бітірген. Қазақ геология тресінде, Семей геологиялық-барлау техникумында еңбек еткен. 1936 жылдан өмірінің соңына дейін қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде және Қазақстан Ғылым Академиясының Геология институтында қызметтер атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанның геологиясы мен геоморфологиясын, тектоникасын, вулканизмдерді, соның ішінде, Қарағанды көмір алабының геологиялық құрылысын зерттеу мәселелеріне арналған. Сондай-ақ ол Орталық Қазақстанның металлогения картасын жасауға қатысқан.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1941) жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ЮСУП Кеңес Сіләмханұлы (Түсіп Рахметуллин) дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Семейдегі өзен шаруашылығы училищесін тәмамдап, Жоғары Ертіс кеме шаруашылығында еңбек етті. Кейін Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірді. 1968-1996 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат»), «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 1997 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінің бас сарапшысы қызметін атқарған.

Жазушының «Ақиқат сапар», «Қарашадағы көктем», «Охапка полевых цветов» повестері мен әңгімелер жинағы, «Желқайық» кітабы жарық көрген. Сонымен қатар оның терминоология, қазақ тілінде іс жүргізу мәселелеріне арналған «Құжат тілі» кітабы 2001 жылы Павлодар облыстық «Алтын тіл» бағдарламасы шеңберінде жарық көріп, «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екінші жүлдесін жеңіп алған. Сондай-ақ «Анықтама сөздігі», «Екі тілде іс жүргізу» атты кітаптары шыққан. Габриель Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын, болгар жазушыларының «Гүлжазира» әңгімелер мен повестер жинағын қазақ тіліне аударған.

Бірнеше медальмен марапатталған.

60 жыл бұрын (1951) «Мұғалжар нефтестрой» ЖШС-інің директоры ИЛЮБАЕВ Қуаныш Далабайұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Мұғаджар ауданында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қарағанды Жоғары мектебін бітірген. Кеңшар экономисті, Ақтөбе облыстық қаржы бөлімінің аға бақылаушысы болған. 1984-2001 жылдары — Ақтөбе облысы Ішкі істер басқармасы социалистік жеке меншікті талан-таражға салумен күрес жөніндегі бөлімнің аға жедел уәкілі, Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасы қаржы шаруашылық саласындағы қылмыстармен күрес жөніндегі ауданаралық бөлімінің бастығы, экономикалық қылмыспен күрес жөніндегі басқарманың бастығы, Мемлекеттік тергеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары. 2001-2002 жылдары — Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі. 2004 жылы — Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары. 2004-2005 жылдары — Ақтөбе облысы бойынша Тәртіптік кеңес төрағасы. 2005-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент директоры. 2008-2009 жылдары — «Титан Ақтөбе» коммерциялық фирмасы» ЖСС-інің директоры. Қазіргі қызметінде 2009 жылдан бастап істейді. 2010 жылдың наурызынан — Ақтөбе облыстық маслихатының депутаты.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

40 жыл бұрын (1971) шахматтан халықаралық дәрежедегі шебер БАЛАБАЕВ Тимур Фаритұлы дүниеге келді. Алғашқы жаттықтырушысы — әкесі, Балабаев Фарит Ғазизұлы.

Қазақ мемлекеттік университетінің механика және қолданбалы математика факультетін бітірген (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті). Сібір, Орталық Азия және Қиыр Шығыс студенттер спартакиадасының ҚазМУ командасы құрамындағы жеңімпазы (Алматы, 1992). Новокузнецк қаласында өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы (2002, Чехия).

Соңғы жаңалықтар